Ертегіден тыс прозалық жанрлар (аңыздық проза)
Аңыз әңгімелер. Қиял мен шындықтың көрінісі.
Оқиғасын реалистік болмыстан, шындық өмірден алып ауызша шығарған қазақ халқының көркем шығармаларының елеулі бір саласы-аңыз-әнгімелер. Аңыз-әңгімелердің алғашқы үлгілері халық үшін қызмет еткен және тарихта болған адамдардың ісін, өмірін әңгімелеу негізінде туған. Сондықтан да әуел басында тарихи шындыққа, нақтылы деректерге негізделіп туған әңгімелер кейіннен халықтың ауызша айтатын аңыздарына айналған. Бұл әңгімелер бертін келе әр түрлі қоғамдық жағдайларға, халық тілегіне сәйкес өзгеріп, жаңара берген, оған бергі заманның өмір шындығынан туған жаңа оқиғалар, көзқарастар қосылған. Солардың бәрінде жаңағы адамдардың аттарын айнытпай сақтай отырып , соңғы кездің тілектерін көрсететін аңыздар да туған. Мысалға, Алдар Көсе жайындағы қазақ аңыздарын алсақ, оларда әр заманның ізі жатқанын байқаймыз. Онда хандар билеген заманның да, бертінде байлар мен саудагерлер әкімдік еткен дәуірдің де елестері бар. Бұдан, бір жағынан, Алдар Көсеге байланысты аңыздардың ерте заманда туғандығын аңғарсақ; екіншіден, бергі кездің де жай-жапсары суреттелгенін көреміз. Ел қиялы ертедегі Алдар Көсені бергі заманға алып келгенде, бұрыңғы аңыздардың кейіпкерлері арқылы соңғы кездің суретін беруді мақсат еткен деуге болады.
Аңыздардың әңгімесі тарихта болып өткен адамдар жайынан алынады дегенді біз шартты түрде айтамыз. Өйткені қазақтың аңыздарында аталатын Алдар Көсе, Асан қайғы, Жиренше туралы тарихи деректерден гөрі аңыз-әңгімелер көп. Олардың қай ғасырда жасағанын да дәлелдеп айту қиын. Бірақ солардай адамдар тарихта болуы мүмкін. Ерте кезде жазу-сызуы болмаған халық жаңағы адамдар жайында тек аңыздар қалдырған, онда тарихи адамдарды ауыз әдебиетінің кейіпкері етіп жіберген.
Халықтың әңгіме-аңыздарының сүйікті кейіпкері болған Алдар Көсе топас ханды, сараң байды, елді жегідей жеп жүрген саудагерді, әр түрлі діндар адамдарды мазақтап, күлкі етеді, олардың жағымсыз қылықтарын жұрт алдында жиренішті ғып көрсетеді. Осыған сәйкес аңыз-әңгімелерде халықтық тұрғыдан оның жағымды образы жасалады; Алдар Көсені қалың көпшілік ортасынан шыққан және сол көпшіліктің мүддесі үшін күрескен адам ретінде бейнелейді.
Достарыңызбен бөлісу: |