Білім беру бағдарламасы 6В01713 Қазақ тілі мен әдебиеті



бет12/40
Дата08.02.2022
өлшемі1,62 Mb.
#122214
түріБілім беру бағдарламасы
1   ...   8   9   10   11   12   13   14   15   ...   40
Байланысты:
umkd 20 gas r bas ndag kazak adebieti.

Бекет Өтетілеуов (1883 - 1949) - ХХ ғасыр басында демократтық – ағартушылық дамыған қазақ әдебиетіне өз тарапынан бірқатар үлес қосқан ақындардың бірі. Бекет Өтетілеуов 1883 жылы қазіргі Қостанай облысының Обаған ауданына қарасты М.Ю. Лермонтов атындағы совхозда туған. Ата – анасының соншалықты артық дәулеті болмағанмен, өз күндерін көрерлік орталау шаруасы болған. Бекет жасында ауыл мұғалімдерінен сабақ ала бастайды. Сонан 1897 жылы ауылдағы үш жылдық орыс мектебінде оқиды. Мұны бітірген соң 1901 жылы Боровойдағы екі кластық мектепке, онан Қостанайдағы екі кластық қазақ – орыс мектебіне ауысады. 1905 жылы сондағы оқытушылар даярлайтын мектепке түсіп, оны бітіріп шыққаннан кейін Бекет 1908 жылдан бастап Қостанай уезіне қарасты мектептерде мұғалім болып істейді.
Бекет Ұлы Октябрь социалистік революциясының жеңістеін, Совет өкіметінің орнауын қуанышпен қарсы алады. Енді ол ауыл мәдениетін өркендету ісіне де ат салысады. 1923 жылы Губерниялық оқу бөлімінің ұсынысы бойынша Қостанайдағы Қазкоммуна мектебінде мұғалім болады. 1925 – 1927 жылдары ағарту одағының округтық бөлімінің басшылық қызметте болады. 1925 жылы партия мүшелігіне кандидат болып қабылданады. 1928 – 1929 жылдарда Қостанайдың округтық партия комитетінде қызмет істейді. 1929 жылдың күзінде Бекет денсаулығының төмендеуіне байланысты мұғалімдік қызметке ауысады. Ол 1949 жылғы июнь күні қайтыс болады.
Бекет Өтетілеуов - өзінің бар саналы өмірін педагогикалық – ағартушылық қызметке берген адам. Бірақ ол – тек мектептерде бала оқытып, сабақ берумен ғана шектеліп қалмай, әдебиет саласында да бірқатар еңбек еткен адам. Бекет бұл салада роман, повесть, поэма тәрізді көлемді шығарма жазбағанмен, аз – аздап өлеңдер жазған. Бірақ Бекеттің әдебиет саласындағы еңбегінің басым жағы орыс әдебиетінің көрнекті шығармаларын қазақшаға аудару болып табылады.
Бекет өзінің мұғалімдік қызметін атқара жүріп орыс әдебиетін мол оқиды. Ыбырай, Спандияр тәрізді көрнекті педагогтар үлгісімен орыс әдебиетінің бірқатар шығармаларын қазақ тіліне аударып, оқушыларға ұсынып отырады. Сөйтіп, Бекет арқылы А. С. Пушкин, М. Ю. Лермонтов, И. А. Крылов, В. А. Жуковский, А. Н. Плещеевтердің шығармалары да қазақ арасына бұрынғыдан да кең тарай бастайды. Атап айтқанда, Бекет А. С. Пушкиннің «Евгений Онегин» романынан үзінді, « Брожу ли я вдоль улиц шумных» шығармасын М. Ю. Лермонтовтың «Три пальмы», В. А. Жуковскийдің «Певец во стане русских воинов», А. Н. Плеевтің «Нищие» өлеңдерін, И. А. Крыловтың «Котенок и скворец», «Вороненок», «Орел и паук», «Сочинитель и разбойник», «Мирон», «Соловьи», «Откупщик и сапожник», «Лев», «мешок», «Лисица и виноград», «Слон и моська», «Кукушка и Горлинка», «Крестьяне и река» т.б. мысалдарын аударады.
Бекет революцияға дейінгі дәуірде осы сияқты аудармаларын және өзі жазған бірқатар өлеңдерін екі жинақ етіп бастырады. Олары «Дүние ісі арқыретке кетпес» (Қазан, 1912 ж.), «Жиған - терген» (Орынбор, 1914 ж.) деп аталады.
Бекет орыс ақындарының шығармаларын қазақ тіліне аударғанда оларға өте талғампаздықпен қарағанын аңғарамыз.Өйткені Бекет аудармаларының қайсысы болса да қазақ өмірімен, қазақ тұрмысындп бар көріністермен ұштасып жатады. Сондықтан мұндай шығармаларды аударғанда Бекет алдына халықтық тұрғыдан айқын мақсат қойып, бұл мәселеге үлкен жауапкершілікпен қараған деп білеміз. Мысалы, «Қайыршылар» деп аталған шығармада аш, жалаңаштықтан тұрмыс азабын тартып жүрген жетім балаға бір байдың алаңғасар қызметшісі зәбір көрсеткенде, оған аяушылық білдіріп, қол ұшын беріп жәрдемдесетін адам – тұрмыс азабын көрген жоқ – жігіттердің бірі.
Бірқатар мысалдарында өзі еңбек етпей, біреудің еңбегімен ғана күн көретін байлар мазақ етілсе («Бүркіт пен өрмекші»), енді біреулерінде өзінің қолынан келмейтін, шамасынан тыс іске ұмтылып көпке күлкі болатын дңқойларды («Балапан қарға») әжуалайды. Бекет аудармалары туралы айтқанда, тағы бір ескерте кететін нәрсе - аудармашы мысал өлеңдерінің соңында өзінің қорытындыларын қоса ұсынып отыратындығы. Мұндай қорытындылар аударманың идеялық мазмұнын, автордың негізгі мақсатын оқушының бірден – бір дұрыс түсінуіне жөн сілтейді. Мысалы, И. Крыловтың «Мужиктер мен өзен» («Крестьяне и река») деп аталатын мысалында өзен шектен тыс қатты тасып, сай – саланың бәрін су алып кетеді де мужиктердің шаруасы бүлінеді. Тиірмендер бұзылады, егіндер суға кетеді, не керек, мужиктердің еңбегімен істелген нәрселердің бәрі де тасыған судың әлегімен қирайды. Мұны көрген мужиктер өзенге барып арыз айтып, шағым жасамақ болып келіседі. Өйткені өзеннен аққан еститін – ді. Сонымен, олар өз ара кеңесіп, келісім бойынша өзенге келсе, қираған, суға кеткен мүліктерінің қатары тасыған өзеннің үстінде жүргенін көріп, енді өзеннен де қатты түңіліп кейін қайтады. Осы мысалда әңгіме болып отырған әділетсіздік замана мен оның озбыр әкімдерін сынап отырған И. А. Крылов заманадан, замана басшыларынан қатты түңілген мужиктердің аузына мынадай сөздер салады:
Байғұстар мүлікке қарап тұрып – тұырп –
Айтады қайтейін деп бетін бұрып:
«Жалғыз – ақ сайлар екен деп ойласқан,
Мұны да жүр екен ғой құдай ұрып»
Деседі: «Барып болмас мұны көріп,
Көп болса мүлік шығар қалған өліп.
Кішіден теңдік алу қиын болар,
Алған соң үлкені де олжа бөліп»
Қазақ еліндегі өмір шындығының бірқатарын, халықты талап, тонап отырған үлкенді – кішілі патшалық ұлықтар мен қазақ әкімдерінің ар – ұяттан безіп, момын еңбек адамына істейтін осындай озбырлықтарын күнбе – күн отырған Бекет бұл мысалды қазақ барынша жақындатып жарасымды аудара келе мынандай өз қорытындыларымен аяқтайды:
Сайларды ұқсатайық ауылнайға,
Қанайтын қара халықты жүрмей жайға.
Ұлыққа шағайын деп бара қалса:
Жоғарғы өзендей ғой волостной да.
Бекеттің аудармаларынан басқа тікелей өзі шығарған өлеңдерінен бізге жеткені өте аз. Оның шығармалары 1961 жылы жинақ болып басылып шыққан кітабында түгелдей жарияланды деуге болады. Ақынның өзі жазған шығармаларынан да («Қазақтың надан байлары мен нашар көршілері және ғалымдық пен надандық», «Данышпан қазы», Болғанмен сыртың бүтін, ішін жалын) оның педагогикалық – ағартушылық идеясын, адамгершілікке негізделген ой парасатын анық аңғарамыз. Ақын «Қазақтың надан байлары мен нашар көршілері және ғалымдық пен надандық» деп аталатын өлеңінде өздері еңбек етпей, қарапайым еңбекшінің есебін байып отырған надан байлардың қалған қараңғылығын барынша сынайды. Сондай – ақ, ақын оқу – білімінің, парасатты ғылымның қымбат бағалы, терең қазына екендігін ізденіп еңбектенген адам ғана меңгере алатын сарқылмас мол қызана, надандардың қолы жетпес шың бәйтерек деп жоғары бағалайды.
Мысалы, ғылым деген бір гауһар тас,
Берсе де дүние малын алып болмас.
Жалғыз – ақ өткір малын алып болмас.
Табатын еңбектеніп іздеген жас.
Ақын халық тұрмысын өзгертіп, надандықтан құтылу үшін оқу қажет, оқу білім алмай, еңбектеніп өнер үйренбей ескілік тұрмысынан құтылуға болмайды деп түйсінеді. Ал байлар мен ұлықтардың халықты езіп, қанауы, кедей – момынның еңбегін еркін пайдалануы – бәрі де ел мәдениетінің, халық санасының төмендігінен деп біледі. Байлар да, ұлықтар да елді қанағанда, оларға озбырлық істегенде елдегі осындай мәдениетсіздікті, оқымаған қараңғылықты қатты пайдаланады дейді ақын.
Болған соң халық надан пайдаланып,
Надан бай сорып жатыр нәрін алып.
Не қылсаң, «Киіз кітап» көтеріңкі,
Шын ғылым баға жетпес жерде қалып.
Ақын ғылымның, өнер – білімінің аса қымбат орнын тағы да айтып көпті еңбекке, оқуға, өнерге шақырады.
Сол үшін ғылым артық шамаламаймын,
Малдан да өнерді артық бағалаймын.
Заманның осы күнгі қалпын аңдап,
Адамды малға сенген табалмаймын.
Сондай – ақ, Шығыс халықтарының ертегілерінің сюжеті негізінде жазған, «Данышпан қазы» деп аталған шығармасында әділетті, адалдықты, үлкен адамгершілікке тән парасаттылықты мадақтайды. Патшаның үш баласы әкесінің өлер алдында айтқан өсиеті бойынша, оның көміп кеткен алтынын алып бөліспекші болып, алтынды қанша іздесе де таба алмайды. Ақырында, атағы әйгілі болған әділетті қазыға барып, әкесінің өсиетін, өздерінің жай – жапсарын, шаруасын айтады. Сонда бұлардың әңгімесін тыңдаған қазы бен күйеу жігіт және әлгі қызға ғашық болған бөгле жігіт пен ұры арасында болған қызық оқиғаны әңгімелеп айтып береді. Сонда біріне – бірі адамгершілік жасаған осы төртеуінің жомарттығын жеке – жеке сынатқанда патшаның үлкен баласы күйеу жігіттің жомарттығын мақтаса, ортаншысы бөгде жігітті қостайды. Ал үшіншісі, кіші ұлы ұрыны қостайды. Осыдан данышпан қазы кіші ұлдың ағаларынан алтынды ұрлап тығып қойғанын анықтайды да, әділ төрелік айтады. Мұнда да Бекет оқушыларды адалдыққа шақырып, әділет пен шынайы адамгершілік парасаттылығын насихаттайды.
Сөйтіп, Бекет орыс әдебиетінен қазақшаға аударған аудармалары да, өзі жазған шығармалары да оның демократтық – ағартушылық идеясын айқындай түседі. Демек, Бекет Өтетілеуов, бір жағынан, өзінің педагогикалық қызметі арқылы да, екінші жағынан, орыс әдебиетінен аудару, халықтық қажетті тақырыптарға шығарма жазу арқылы да Қазақстандағы оқу – ағарту ісіне ат салысқан, ХХ ғасыр басындағы демократтық – ағартушылық бағытта дамыған әдебиетімізде өзіндік орны бар ақын.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   8   9   10   11   12   13   14   15   ...   40




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет