Қарым-қатынастың коммуникативті жағы туралы жалпы түсінік.
Қарым-қатынаста адамдар өзара идеялар, қызығулар, көңіл-күйімен, сезімдерімен, т.б. бөліседі. Мұның бәрін әр түрлі мәлімет ретінде қарастыруға болады.
Адамдар арасындағы коммуникативті процестер техникалық қондырғылар арасындағы алмасудан өзгеше болады, оның мазмұны және формасы бойынша өзіне тән ерекше, маңызды қасиеттері бар. Олардың ерекшелігі – кері байланыс процесі, коммуникативті барьер, коммуникативтік әсер және мәлімет берудің әр түрлі деңгейі (вербальды-сөз жүзіндегі, вербальды емес-сөз жүзіндегі емес) сияқты процестермен байланысты. Әрқайсысын бөлек-бөлек талдап көрейік: тұлғааралық қарым-қатынастағы кері байланыс. Ең алдымен мәлімет бір жақты болмайды, екі жақты пікір алмасу түрінде өтеді. Мәліметті беруші – коммуникатор, оны қабылдаушы – реципиент деп аталады.
Сондықтан да негізгі мәліметті беруден екінші адамға беру ғана емес, қарым-қатынас барысында ортақ көзқарас, пікір, ортақ мәнге келу маңызды.
Бұл міндетті орындауда ерекше механизм – кері байланыс іске қосылады, ол реципиентің коммуникатордың іс-әрекетін қалай қабылдап, бағалауына байланысты. Сонымен, кері байланыс дегеніміз – коммуникатордың әрекетіне деген реакциясын көрсететін мәлімет. Кері байланыстың берілуі әр түрлі жолдармен іске асырылады. Ең алдымен тура және жанама. Тура кері байланыста реципиент пікірі ашық түрде беріледі. Мысалы: «сенің пікірің маған ұнамайды», «не айтып тұрғаның маған түсініксіз», т.б. және де әр түрлі қимыл-қозғалыс (жест), ренжу, қуану, т.с.с. бұл түрде тиімді болады.
Жанама кері байланыс – психологиялық мәліметті берудің астыртын түрі. Бұл жағдайда әр түрлі сұрақтар, кекету, күтпеген эмоциялық реакциялар болуы мүмкін. Мұндай жағдайда коммуникатор партнердің не айтқысы келетінін өзітүсінуі қажет. Әрине бұлай түсіну әрқашан дұрыс болмауы мүмкін, сондықтан түсінісу қиынырақ болады.
Коммуникация процесінде тек мәлімет алмасу ғана емес, оны партнерлердің бірдей тура түсінуі қажет. Яғни коммуникация процесінде келіп түскен мәліметті дұрыс түсіну (интерпретация) проблемасы туындайды. Біріншіден, мәліметтің формасы мен мазмұны коммуникатордың жеке даралық ерекшелігі, реципиент туралы көзқарасы, ол туралы өзінің пікірі және қарым-қатынас процесіндегі жағдайларға байланысты. Екіншіден, оның жіберген мәліметі реципиенттің жеке-дара психологиялық ерекшеліктеріне, көзқарасы, пікірлеріне, жағдайға байланысты өзгеріске түседі. Мәселен, бастығы мен өзінің ұлынан естіген бір мәлімет екі түрлі психологиялық реакцияға әкеледі. (Бастықтың айтқанын зейінмен тыңдаса, баласыныкіне ашулануы мүмкін). Мәліметті әр түрлі қабылдау бірнеше себептерге байланысты. Солардың ішінде маңыздысы – коммуникативтік барьердің болуы (түсініспеушілікке әкелетін тосқауыл), ол – коммуникативтік процестің екінші ерекшелігі. Түсініспеушілік барьері, әлеуметтік-мәдени барьер, қарым-қатынас барьерлері болуы мүмкін.
Түсініспеушілік барьерлерінің бірнеше түрлері болады:
фонетикалық барьер жатады. Әр түрлі тілде, диалектіде сөйлеу, тілдегі кемістік (немесе дикция), тілдің граматикалық құрылымының өзгеруі. Өте тез сөйлеу, сөзді анық айтпау, қосымша дыбыстардың болуы да осыған себеп болады.
семантикалық барьер сөз мәнінің ерекшеліктері (тезаурус) әр түрлі жаргондар, слэнгтер. Әр түрлі ортаның өзіне тән «мини-тілі» болады. Өздерінің қалжыңдары, тілінің оралымдары, т.с.с. Мұндай барьерлерден аттай білу мұғалімдер, дәрігерлер, басшылар үшін өте қажет.
стилистикалық барьер – коммуникатор тілінің стилі жағдайға сәйкес келмегенде немесе реципиенттің психологиялық көңіл-күйіне сәйкес болмағанда көрінеді.
Мысалы, балаларға берілген мәлімет қызықты, түсінікті тілде емес, қиын ғылыми тілде айтылса, осындай құбылыс байқалады. Сондықтан коммуникатор өзінің реципиенттерінің көңіл-күйі, жағдайларын сезіне білуі керек, қарым- қатынас жағдайларының өзгерістерін тез сезінеп, соған байланысты өзгерістер енгізуі қажет.
логикалық барьер коммуникатордың ұсынған логикалық тұжырымдары өте күрделі болғанда туындайды. «Ерлер логикасы», «әйелдер логикасы»,
«балалар логикасы», т.б. логикалар туралы айтуға болады.
Қарым-қатынастағы әлеуметтік-мәдени ерекшеліктерге саяси, діни, кәсіби ерекшеліктерді жатқызуға болады. Қарым-қатынас процесіндегі мәлімет алмасу деңгейлері екі түрде іске асырылады: вербалды, вербалды емес.
Вербалды (сөз арқылы) деңгейінде (негізгі) – тіл пайдаланыады. Сонымен қатар вербалды емес жүйелер де пайдаланылады: оларға оптикалық- кинестезиялық және акустикалық жүйелер жатады. Оптикалық-кинестезиялық жүйеге адамның сыртқы түрі және әсерлі қимыл-қозғалыстары, ым ишараттары, мимикасы, отырыс-тұрысы, жүрісі, т.б. жатады. Бұл жүйенің маңызды түріне көздік контакт жатады. Адамның сезімдері негізінен осылар арқылы беріледі. Партнердің сөзіне сенбегенде осыларға көңіл аударамыз. Акустикалық жүйеге сонымен бірге коммуникатордың дауысының сапасын (тембрі, биіктігі, қаттылығы), интонация, сөйлеу темпі, дауыс екпіні және әр түрлі сөз арасындағы үзілістер (пауза), жөтелістер, күлкілері, т.б. жатқызады.
Және де коммуникативті процестің кеңістікте, уақытта уайымдастырылуы да маңызды. Қарама-қарсы отыру – дұрыс контакт, сыртынан айқайлау, керісінше бұрыс контакт болып есептелінеді.
Сонымен бірге тиімді тыңдай білу техникасы да маңызды. «Есту» және
«тыңдау» күрделі еріктік процесс, зейін қойып, өз проблемасын ұмытып, өзгенің проблемасына тереңдей білу әрқашанда бола бермейді.
Тиімді тыңдаудың екі түрі бар: зейін қойып үндемей тыңдау – басын изеу, мимикалық реакциялар, көз контактысы, зейінін бөлудің әр түрлі фазалары. Кейде «Иә-иә» деген сөздерді айту немесе соңғы сөздерді қайталау да қолданылады. Екінші түрі рефлексивті тыңдау, әр түрлі сұрақтар арқылы, сөйлесушінің сөздерін басқаша айту, бір ойды басқа сөздермен жеткізу (парафраз), қорытындылау, аралық қорытындыларды айтып беру.
Достарыңызбен бөлісу: |