Байланысты: УМКД ҚР Қылмыстық құқығы (Жалпы бөлімі) Телибеков Б.А. 2
1.1 КУРСТЫҢ ҚЫСҚАША СИПАТТАМАСЫ «Қазақстан Республикасының Қылмыстық құқығы (Жалпы және Ерекше бөліктері)» Қазақстан Республикасында «Құқықтану» мамандығы бойынша маман дайындауды жүргізетін жоғары оқу орындарында оқытылатын міндетті компонент пәндері болып табылады. Бұл оқу пәндері демократиялық құқықтық мемлекет мұқтаждықтарына қарай ұдайы өзгеріп отыратын қылмыстық құқық ғылымының теориялық ережелерін ғана емес, сонымен бірге қылмыстық заңнама мен оны қолдану тәжірибесін де игеруді көздейді.Сондықтан олардың мазмұны қолданыстағы қылмыстық заңнаманың концептуалды мазмұнына және мемлекеттің жалпы құқықтық саясатының маңызды буыны болып табылатын қылмыстық саясатына толық негізделген.
Қазіргі таңда Қазақстан Республикасында қос векторлы қылмыстық саясат іске асырылуда: а) онша ауыр емес және ауырлығы орташа қылмыстарды алғаш рет жасаған, сондай-ақ халықтың әлеуметтік әлсіз топтары - жүкті және асырауында кәмелетке толмаған балалары бар жалғызбасты әйелдерге, кәмелетке толмағандарға, жасы ұлғайған адамдарға қатысты ізгілендіру; б) ауыр және аса ауыр қылмыстар жасауға кінәлі, қылмыстық қуғындаудан жасырынып жүрген адамдарға қатысты, сондай-ақ қылмыстар кінәлігі кезінде қатал қылмыстық саясат.
Заманауи Қазақстанның қылмыстық заңнамасының дамуына тұрақтылық пен динамизмнің қақтығысы тән. 2014 жылы жаңа кодификацияланған қылмыстық заңның қабылдануы қылмыстық заңнаманың тұрақтылығына, концептуалды құрылымы мен ішкі бірлігін сақтауға ұмтылыстың нәтижесі болды. Ал одан кейінгі кезеңде біз, бір жағынан, қылмыстық іс-қимылдардың қауіпті көріністеріне қарсы іс-қимылдардың объективті қажеттілігінен туындаған, екінші жағынан, қылмыстық және әкімшілік-деликттік құқық арасында нақты аражіктің болмауының салдары болып табылатын динамизм көріністерін қайта байқап отырмыз.
Ұлттық құқығын жаңғырту барысында Қазақстан әр алуан құқықтық жүйелердің конвергенциялану үрдістеріне бауланған ел ретінде өзінің өміршеңдігін көрсеткен құқықтық институттарды енгізуде белсенділік танытады. Осындай институттардың бірі – Батыстың көптеген елдерінде қабылданған қылмыстық жазаланушы әрекеттерді қылмыс пен қылмыстық теріс қылыққа ажырату. Жазалар жүйесін бас бостандығынан айыруға балама жазаларды кеңейту бағытында қайта қарау да үздік шетелдік тәжірибені ескере отырып іске асырылған.
Назар аудару керек болатын тағы да бір жағдай – қылмыстық заңнама мен оны қолдану тәжірибесін айтарлықтай деидеологизациялау.Құқықтық болмыс аясында орын алып отырған жоғарыда аталған үрдістер, сол сияқты жоғары заңгерлік білімі бар мамандарды дайындауға қойылатын талаптардың өсуі «Қазақстан Республикасы Қылмыстық құқығы (Жалпы бөлігі)» оқу пәнінің мазмұнында көрініс табуы керек.«Қазақстан Республикасы Қылмыстық құқығы (Жалпы бөлігі)» оқу пәнінің затын қылмыстық заңнама және қылмыстық құқық ғылымы құрайды. Қылмыстық құқықтың Жалпы бөлігі жалпы принциптер, институттар мен категориялар көзделетін, қылмыстық жауаптылықтың негіздері мен шектерін және жаза мен өзге де қылмыстық құқықтық ықпал ету шараларын қолданудың, қылмыстық жауаптылық пен жазадан босатудың тәртібі мен жағдайларын анықтайтын негізгі ережелер бекітілетін нормалардан тұрады. Жалпы бөлік нормаларында қылмыстық құқықтың негізгі ұғымдары – қылмыстық заң, қылмыстық құқық бұзушылық пен жазаға қатысты неғұрлым маңызды сұрақтар реттеледі.
Осы оқу пәнін игеруде студенттер қылмыстық құқықтың Жалпы және Ерекше бөліктерінің нормалары бір-бірімен ажырамас байланыста болатынын, тек біртұтастылығында ғана дербес құқық саласы – Қазақстан Республикасының қылмыстық құқығын құрайтынын ескеру керек.Студенттердің Қазақстан Республикасы қылмыстық құқығының Жалпы бөлігі бойынша терең теориялық білім алуы және осы негізде олардың сот пен құқық қорғау органдарына жүктелген міндеттерді табысты атқаруына қажет болатын дағдылар мен қабілеттіліктерді иемденуі осы оқу пәнінің мақсаты болып табылады.
«Қазақстан Республикасының Қылмыстық құқығы (Жалпы бөлігі)» оқу пәнінің міндеттері: қылмыстық құқық ғылымының принциптері, категориялары мен ережелері туралы жүйелендірілген теориялық білім алу; қолданыстағы қылмыстық заңнамада бағыт-бағдар таба білу; қылмыстық заң нормасын қолдану және талқылау қабілеттіліктерін дамыту; қылмыстылыққа қарсы іс- қимылдың және адам құқықтары мен бостандықтарын, қоғам мен мемлекеттің мүдделерін қылмыстық құқықтық қорғаудың тиімді құралы ретінде қылмыстық заңға деген құрметпен қарауды қалыптастыру.
Қылмыстық құқықты оқыту қылмыстық заңның әлеуметтік - саяси және зандық мағынасын, оны құрайтын нормалар мен институтгардың өзара байланысын ашуды, оларды ғылыми талдау әдістерін меңгеруді болжайды.Қылмыстық құқықты оқу процесінде студеттер құқықтық жүйенің мазмұны мен даму тенденциялары жөніндегі білімін, құқықтың қоғамның әлеуметтік-экономикалық жаңалықтарды жүзеге асырудағы рөлі туралы, сондай-ақ қылмыстылықпен қылмыстық - құқықтық күрестің мүмкіндігі мен шегі туралы білімін тереңдетеді.