Білім беру бағдарламасына арналған Zhка 1210 «жануарлар және қҰстар анатомиясы»



бет369/502
Дата16.04.2022
өлшемі0,97 Mb.
#139616
түріБілім беру бағдарламасы
1   ...   365   366   367   368   369   370   371   372   ...   502
Байланысты:
umkd vm anatomiya kaz 21-22

Дәрістің тақырыбы: Лимфа айналым жүйесінің анатомиясы
Дәрістің мақсаты: Студенттерді лимфа жүйесімен және оның дамуымен, лимфа тамырларының түрлерімен және олардың құрылысымен, лимфа түйіндері және гемолимфалық түйіндердің топографиясымен және құрылысымен таныстыру.
Түйінді сөздер: лимфа, лимфа тамырлары, лимфа түйіндері, гемолимфалық түйіндер.
Иллюстрация – тамырлар жүйесі, лимфа түйіндерінің топографиясы, лимфа түйінінің құрылысы (таблицалар, слайдтар).
Дәрісте қамтылатын негізгі сұрақтар:
1. Лимфа айналым жүйесінің жалпы сипаттамасы және оның дамуы.
2. Лимфа тамырлары, олардың түрлері, топографиясы және құрылысы.
3. Лимфа түйіндерінің, гемолимфалық түйіндер мен лимфо-эпителиальды құрылымдардың топографиясы және құрылысы.
4. Жануарлар организміндегі лимфа орталықтары.


Дәрістің қысқаша мазмұны:
1-сұрақ. Лимфа айналым жүйесі – құрылысы мен қызметі жағынан қан айналым жүйесі мүшелерімен тығыз морфологиялық байланыста болады. Бұл жүйе қан айналым жүйесі мүшелерінен зат алмасу процесі барысында қан тамырларының қабырғалары арқылы қаннан қоршаған ұлпаларға сүзіліп шыққан ұлпа сұйығынан басталып, жеке жүйе ретінде қызмет атқарып, соңында жануарлар денесінен лимфаны жинайтын екі ірі лимфа өзектерінің (оң лимфа бағаны, көкірек өзегі) краниальды қуыс венаға құйылуымен аяқталады. Лимфа айналым жүйесі – лимфа тамырларынан, лимфа түйіндерінен, гемолимфалық түйіндерден, лимфа өзектерінен және олардың қуыстарымен үздіксіз қозғалыста болатын сұйық ұлпалардан: ұлпа сұйығынан және лимфадан тұрады.
Ұлпа сұйығы – зат алмасу барысында микроайналым арнасының қан тамырлары қабырғалары арқылы қоршаған ұлпаларға қаннан бөлінген сұйық. Ұлпа сұйығы – деп, ұлпалардан лимфа капиллярларымен, әкелгіш лимфа тамырларымен лимфа түйіндеріне дейін ағатын сұйықты атайды.
Лимфа – тірі сұйық ұлпа. Ол жануарлар организмінің сұйық ішкі орта ұлпасы ретінде - ұлпа сұйығынан (лимфа плазмасы) және лимфа жасушаларынан (лимфобласттар, лимфоциттер, макрофагтар, плазмоциттер) тұрады. Сондықтан, ұлпа сұйығы лимфа түйіндерінен ағып шыққаннан кейін ғана лимфа – деп аталады.
Лимфа жүйесінің негізгі қызметтері:
1) организмдегі ұлпааралық кеңістіктердегі қалыпты мөлшерден артық ұлпа сұйығын лимфа тамырларына сорып сіңіріп, қан айналым жүйесіне өткізу арқылы дренаждық қызмет атқарады;
2) қан капиллярларының қабырғалары арқылы өте алмай, қанға сорыла алмайтын ірі молекулалы белоктық заттар (гормондар) ішекте қорытылған липидтердің мономерлері (май қышқылдары, глицерин) тікелей лимфаға сорылады;
3) лимфа айналым жүйесіне (түрлі мүшелердегі ұлпа сұйығына) сыртқы қоршаған ортадан организмге түскен бөгде заттар мен түрлі микроорганизмдер механикалық және биологиялық тазалаулардан өтіп залалсызданғаннан кейін ғана, лимфа ретінде қанға құйылады (қорғаныс қызметі);
4) лимфа түйіндерінде жасушалық және гуморальдық иммунитеттерге жауапты лимфоциттер (Т-, В-) және антиденелер түзіледі.
Лимфа айналым жүйесінің дамуы. Филогенез. 1. Омыртқасыз жануарлар мен төменгі сатыдағы хордалы жануарларда (қандауырша) - бұл жүйенің қызметін вена қан айналым жүйесі атқарады.
2. Балықтарда, қосмекенділерде, бауырымен жорғалаушыларда - лимфа айналым жүйесі қарапайым лимфа қойнаулары (тері астында, ішкі мүшелерде) түрінде жетілген.
3. Құстарда лимфа қойнауларының орнында жіңішке келген түтікше лимфа тамырлары жетіледі. Бұлар тек жүрек бағытына қарай ашылып, кері бағытта жабылатын қақпақшалармен (клапандармен) жабдықталған. Бірақ қақпақшалар құстарда сирек орналасады. Лимфа түйіндері мен лимфоидты құрлымдар тек жылы қанды жануарларда (құстар мен сүтқоректілер) жақсы жетілген. Құстарда мұндай құрылымдар жұтқыншақ пен өңеште, бүйенде кездеседі.
4. Сүтқоректі жануарларда – лимфа түйіндері жоғары деңгейде жетілген.
Онтогенез. Лимфа айналым жүйесі қан айналым жүйесімен бірге мезенхимадан дамып жетіледі.
2 – сұрақ. Лимфа айналым жүйесі – лимфа саңлауларынан (эпителиоциттер аралықтарында, БДҰ - да), лимфа кеңістіктерінен (периваскулалы, периневральды), лимфа қойнауларынан (қарын, ішек кілегейлі қабықтарындағы ұлпа сұйығына толған тұйық түтікшелер), лимфа қуыстарынан (ми, жұлын қабықтары арасындағы кеңістіктер, жұлынның орталық өзегі, ми қарыншалары, көз алмасының қуысы, буын қуыстары,синовиальды қапшықтар мен қынаптар, сірлі қуыстар,ішкі құлақ қуысы) ұлпа сұйығы ретінде бастау алып, пішіні саусақ тәрізді тым жұқа қабырғалы, томпайып тұйық басталатын лимфа капиллярларына өтеді.
Лимфа капиллярларының қабырғалары екі қабаттан: жұқа жалаң қабат эндотелиоциттерден және оның сыртындағы БДҰ – нан тұрады. Бұларда қан капиллярлары қабырғаларындағыдай эндотелий мен БДҰ – сы аралығында негіздік жарғақ (базальды мембрана) болмайды. Сондықтан, лимфа капиллярларының арнасы қан капиллярларының арнасына қарағанда кең де, созылмалы (диаметрі 5 – 100 мкм дейін өзгеріп отырады) болып келеді. Эндотелиоциттердің аралықтарында ірі молекулалы заттар, жасушалар мен олардың ірі бөліктері өтетін тесіктер бар. Эндотелиоциттердің цитоплазмасында лимфа капиллярлары қабырғаларының өткізгіштігін реттеп отыратын актинді микрофиламенттердің болатындығы анықталды. Лимфа капиллярлары - өздері орналасқан ұлпалар мен мүшелердің құрылысы мен олардағы зат алмасу ерекшеліктеріне байланысты тарілмекті және кеңілмекті торлар түзеді. Лимфа капиллярлары мида, жұлында, сүйектерде, гиалин шеміршегінде, көкбауыр паренхимасында, тері эпидермисінде,бауырда, көздің қасаң қабығы мен көз бұршағында болмайды.
Лимфа тамырлары (ЛТ) – орналасу орындарына байланысты беткей ЛТ және терең ЛТ болып екі топқа бөлінеді. Беткей ЛТ - тері астында, ал терең ЛТ - тамыр-жүйке будаларының құрамына кіреді. ЛТ-ы дененің белгілі аймақтарының шеткі жақтарынан ұлпа сұйығын жинап , осы аймақ орталығында орналасқан лимфа түйіндеріне радиальды бағытта алып келеді. Бұндай лимфа түйіндерін аймақтық лимфа түйіндері немесе региондық лимфа түйіндері – деп аталады. Бір региондық лимфа түйіні мен оған жан-жақтан радиальды бағытта ұлпа сұйғын алып келетін ЛТ-ының сыртқы көрінісі бір ағаш діңгегінен тараған ағаш тамырларына ұқсас болып келетіндіктен, лимфа түйінінің түбірі – деп аталады. ЛТ-ы арнасының диаметріне байланысты: майда, орташа және ірі ЛТ-ы болып үш топқа бөлінеді. Майда ЛТ – ы қабырғаларының құрылысы лимфа капиллярлары қабырғаларының құрлысына (эндотелий, БДҰ) ұқсас. Олар өзара анастомоздар арқылы жалғасып жатады. Орташа, әсіресе, ірі ЛТ-ы (өрлеме ЛТ-ы) қабырғаларының құрылысы етті вена қабырғасына ұқсас, яғни үш қабықтан: интима (эндотелий, БДҰ), медиа (ішкі сақинаша,сыртқы қиғаш - миоциттер), адвентиция (БДҰ) қабықтарынан құралған. Лимфа түйіндеріне ұлпа сұйығын немесе лимфаны алып келетін ЛТ-ын әкелгіш ЛТ-ы, ал лимфаны лимфа түйіндерінен алып шығатын ЛТ-ын әкеткіш ЛТ-ы – деп аталады. ЛТ-ының ішкі интима қабығында жүрекке қарай ашылып, кері бағытта жабылатын қақпақшалар болады. Организмдегі лимфа түйіндерінен лимфаны алып шығатын әкеткіш ЛТ-ы бір-бірімен қосылып бірігіп, лимфаның қан айналым арнасына құйылуын қамтамасыз ететін ірі тамырларды негізгі лимфа тамырлары дейді. Бұларға: бел цистернасы, көкірек өзегі, оң лимфа бағаны, бел, ішек және кеңірдек өзектері жатады. Денеден жиналатын лимфа ең соңында оң лимфа бағаны (бас, мойын, көкірек керегесі аумақтарының оң жағынан, оң алдыңғы аяқтан жинайды) мен көкірек өзегі (дененің қалған бөлігінен жинайды) арқылы краниальды қуыс венаға құйылады. Бұлардың адвентиция қабықтарында өзектердің ұзын бойын бойлай орналасатын, бір-бірінен БДҰ-лық аралықтармен бөлінген миоциттер будалары болады.
3 – сұрақ. Лимфа түйіндері (ЛТн) – жануарлар денесінің белгілі бір аймақтарында, әкелгіш ЛТ – лары бойында орналасып, сол аймақтардан немесе мүшелерден лимфаны (ұлпа сұйығын) жинап алып шығатын, құрылысы паренхималы мүше. Пішіні лобия немесе дөңгелекше келген сұр немесе сары-сұр түсті ЛТн-дерінің мөлшері жануарлардың түрлеріне байланысты (0,2 см – 20 см) болады. Жылқы ЛТн – майда болып келеді. Олар кейде бір жерде 40 дейін топтасып жатады. Жалпы саны 8000. Сиыр ЛТн ірілеу болып келеді, жалпы саны 300, қой мен ешкіде 300-600, шошқада 200, итте – 60 шақты. ЛТн-дері жануарлар денесіндегі орналасу орындарына қарай: беткей және терең ЛТн-і деп бөлінеді. Беткей ЛТн-і тері астында орналасады. Оларды сипап зерттеу және тексеру арқылы жануарларда болатын түрлі ауруларға алдынала мән беріп, оларды анықтауға болады.
ЛТн – дері – шеткі қан жасау және иммундық қорғаныс мүшелері. Олардың қызметтері:
1. ұлпа сұйығына түскен организмге жат түрлі бөгде заттар, істен шыққан жасушалар қалдықтары, микроорганизмдер мен олардың токсиндері (улары) ЛТн-інінің негізін құрайтын ретикулалы ұлпа арқылы механикалық және биологиялық сүзгіден өтеді;
2. лимфоциттер және макрофагтардың қатысуымен ұлпа сұйығы құрамындағы бөгде заттар, жасушалар қалдықтары, микроорганизмдер мен олардың улары фагоцитоз жолымен жойылып, залалсыздандырылып отырады;
3. қан жасау қызметін атқарады (Т-, В- лимфоциттер түзіледі);
4. қорғаныс қызметін атқарады (антиденелер түзіледі).
Әкелгіш ЛТ ЛТн-дерінің дөңес жағынан (шошқада керісінше ЛТн қақпасы жағынан) енеді, ал әкеткіш ЛТ ЛТн-нің ойыс жағындағы ЛТн қақпасы лимфаны алып шығады.
ЛТн нің гистологиялық құрылысы. ЛТн - паренхималы мүше ретінде паренхимадан (ретикулалы ұлпада орналасқан лимфоидты ұлпа – лимфобласттар, лимфоциттер, макрофагтар) және стромадан (сыртқы тығыз ДҰ – лық қапшық, одан түйін ішіне торлана таралатын – перделіктер -трабекулалар) тұрады. ЛТн – шеткі тығыз келген қыртысты заттан (қапшық пен перделіктердің аралықтарында орналасқан, бір-бірімен тығыз жатқан лимфа түйіншелері, шеткі қойнау), аралық - қыртысмаңы аймақтан (перделіктер, жұмсақ баулар, аралық қойнаулар), орталық ақшыл келген бозғылт заттан (бозғылтша баулар, орталық қойнаулар) тұрады. Лимфа түйіншелері мен бозғылтша бауларда В-лимфоциттер көбейіп жетіліп, әсерлі (эффекторлы) жасушаларға айналады. Сондықтан, ЛТн –нің қыртысты және бозғылт заттары В аймақтар – деп аталады. Қыртысмаңы аймағында Т-лимфоциттер көбейіп жетіледі. Қыртысмаңы аймағын Т аймақ – деп атайды. Лимфа түйіншелерінің ақшыл келген орталық бөлігін түйіншенің көбею (герминативті) орталығы (лимфобласттар) – деп атайды. Бұл орталықтың макрофагтары түрлі әсер етуші факторларға жедел жауап береді. Осыған байланысты көбею орталығын реактивті орталық деп те атайды. Лимфа түйіншелерінің шеткі жағында эффекторлы кіші В- лимфоциттер тәж тәрізді қаптап жатады. Бұлар лимфа түйіншелерінен бозғылтша бауларға өтіп, антиденелер түзетін плазмоциттерге айналады.
Қыртысмаңы аймағы – тимусқа тәуелді аймақ. Тимустан келіп қоныстанған Т-лимфоциттердің көбейіп, жетіліп мамандануына қолайлы микроортаны ретикулалы ұлпамен қатар, фагоцитоз үдерісіне қатыспайтын саусақша өсінділі макрофагтар да жасайды. Олар антигендерді плазмолемм маңында жинақтап, Т-лимфоциттердің аталмыш антигендерге сәйкес жетіліп, эффекторлы Т-лимфоциттерге айналуын қамтамасыз ететін гликопротеидтерді бөледі.
Бозғылт зат ретикулалы ұлпасында орналасқан бозғылтша баулар В-лимфоциттерден, олардан жетілген плазмоциттерден (иммуноциттерден – G-иммундыглобулиндерді түзеді) және макрофагтардан құралған. ЛТн- дер паренхимасын құрайтын лимфоидты ұлпаны (лимфа түйіншелері, жұмсақ баулар, бозғылтша баулар) шеткі, аралық, орталық қойнаулардан (қойнаулардың негізін ретикулалы ұлпа құрайды) және строманы құрайтын ЛТн қапшығы мен перделіктерден ретикуло-эндотелиоциттер оқшаулап тұрады. Бұл жасушалардың аралықтарында лимфоциттер мен ірі иммундыглобулиндер молекулалары лимфаға қарай өтетін саңлаулар болады.
Гемолимфалық түйіндер – көкірек және құрсақ қолқалары, бүйрек артериялары бойында орналасқан қызыл түсті майда түйіндер. Құрылысы ЛТн-не ұқсас, тек олардың паренхимасын миелоидты ұлпа құрайды. Бұл түйіндерде негізінен аз мөлшерде эритроциттер мен гранулоциттер дамып жетіледі.
Лимфо-эпителиальды құрылымдар (ЛЭҚ) – негізінен лимфа түйіншелері (құрылысы ЛТн-і қыртысты затындағы лимфа түйншелеріне ұқсас) түрінде азық қорыту мүшелерінің кілегейлі қабығы өзіндік тақташаларында, олардың эпителий қабатымен жанаса жеке немесе топтасып орналасады. Олардың пішіні мен мөлшері әр түрлі болып келеді. Ірі құрылымдар ауыз қуысы мен жұтқыншақ шекарасында орналасып, бадамшалар (миндалиналар) – деп аталады. Жануарларда тіл, жұтқыншақ, шошқада көмекеймаңы бадамшалары болады. Мықын ішек, бүйен, тоқ ішек кілегейлі қабықтарында жекеленген немесе топтасып жатқан лимфа түйіншелері болады. Топтасып жатқан түйіншелерді пейер түймешелері (бляшкалары) – деп атайды. ЛЭҚ – шеткі қан жасау және иммундық қорғаныс мүшелеріне жатады. Бұларда жетілетін эффекторлы Т-, В- лимфоциттер азық қорыту мүшелеріне азықпен келіп түскен микроорганизмдер мен бөгде антигендерді фагоцитоз арқылы жояды. ЛЭҚ В- лимфоциттерінен туындаған плазмоциттер А-иммундыглобулиндерді түзеді.
4 – сұрақ. Жануарлар организмдері дене аймақтарындағы ЛТн- дері орналасу орындарын байланысты топтасып, лимфа орталықтарын (ЛО) жасайды. Организмде барлығы 19 ЛО болады. Бас ЛТн-і (1.Шықшыт ЛО, 2.Төменгі жақ ЛО, 3.Жұтқыншақарты ЛО); мойын ЛТн-і (1.Беткей мойын ЛО, 2.Терең мойынЛО); алдыңғы аяқ ЛТн-і (1. Қолтық ЛО,); артқы аяқ ЛТн-і (1.Тобықасты ЛО, Тобықүсті ЛО, 3.Шаптың беткей ЛО, 4.Шаптың терең ЛО); көкірек қабырғасы мен көкірек қуысы мүшелерінің ЛТн-дері (1.Дорсальды көкірек ЛО, 2.Көкірек ортасының ЛО, 3.Вентральды көкірекЛО, 4.Бронхтық ЛО); құрсақ және жамбас қабырғаларының ЛТн- дері (1.Белдің қолқалық ЛО, 2.Мықын-құйымшақ ЛО); құрсақ және жамбас қуыстар мүшелерінің ЛТн-дері (1.Бел ЛО, 2.ІШ ЛО, 3.Краниальды шажырқай ЛО, 4.Каудальды шажырқайЛО).




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   365   366   367   368   369   370   371   372   ...   502




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет