1.1.3 Гипермедиа (гиперорта) ұғымы
Көптеген шет елдiк зерттеушiлер мультимедиа және гипермедиа ұғымдарын бiр мағынада қарастырады. Мұнымен қатар, кейбiр ғалымдар мультимедиа ұғымын гипермедиа ұғымының құрамына кiргiзедi. Мысалы, И.Браун „гипермедиа - мультимедианың сызықты емес түрде ұсынылған жиынтығы” деген пiкiр айтады. Бiздiң пiкiрiмiзше, мультимедиа - пайдаланушыға әртүрлi типтi ақпараттарды бiрiктiрiп ұсыну технологиясы болса, гипермедиа - пайдаланушының түрлiше типтi ақпараттардың бiрiнен екiншiсiне оңай ауысуын жүзеге асыру технологиясы.
Мультимедиалық ақпарат түрлерiн (мәтiн, графика, анимация, дыбыс, бейнеақпарат т.б.) өзара байланыстыру нәтижесiнде гипермедиа
технологиясы пайда болды.
Оқу материалын дәстүрлi, яғни, сызықтық түрде ұсынуға қарағанда, гипермәтiндi немесе гипермедиалы түрде ұсыну тақырыпты ауқымды қамтуды жүзеге асырады.
Осыған байланысты, гиперсілтеме, гипермәтін түсініктеріне де тоқталайық.
Гиперсілтеме – компьютердегі пайдаланушының бір орындағы ақпараттан екінші орындағы ақпаратқа ауысуы үшін жасалатын сілтеме.
Гипермәтiн - әртүрлi мәтiндiк ақпараттардың бiрiнен кез келгенiне сызықтық емес формада ауысу технологиясы. Гипермәтiн ұғымын 1965 жылы американдық ғалым Т.Нельсон енгiзген. Оның айтуынша “гипермәтiн – сызықтық емес түрде байланысқан жазбалар”.
Гипермедиа (гиперорта) – компьютер экранына текстографиялық тораптарды ғана емес, анимация, графика, дыбыс, бейнеөнiмдердi де гипермәтiндiк жүйе ретiнде ұсынатын технология.
Гипермедиа белгiлi бiр тақырыптық ақпаратты бiр мезгiлде мәтiн, график, сурет, дыбыс, бейнеөнiм түрiнде байланыстыра алады. Гипермедиадағы басты ерекшелiк әртүрлi арналармен жүретiн ақпарат келiсiлген болуы керек, яғни, бiр арнадан қабылданған ақпарат басқа арнадағы ақпаратты қабылдау мүмкiндiгiн шектемей, керiсiнше, ұлғайту керек.
Бақылау сұрақтары:
1. Гипермедиа, гиперсілтеме, гипермәтін түсініктерін талдап беріңіз.
2. Гипермедианың мультимедиадан айырмашылығы қандай?
3. Гипермедиа ұғымын басқаша қалай атауға болады?
Достарыңызбен бөлісу: |