Білім берудің тиісті деңгейлерінің мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандарттарын бекіту туралы


Білім беру мазмұнына қойылатын талаптар



бет9/19
Дата25.12.2016
өлшемі3,08 Mb.
#5019
1   ...   5   6   7   8   9   10   11   12   ...   19

3. Білім беру мазмұнына қойылатын талаптар

      27. Жоғары білімнің мақсаты белгілі бір мамандық бойынша дербес жұмыс жасау үшін жоғары білімі бар мамандардың сапасына қойылатын заманауи талаптарға сай келетін білікті, бәсекеге қабілетті кадрлар даярлауды қамтамасыз ету болып табылады.



      28. Кәсіби құзыреттер ӘАОО-ны қоспағанда, жоғары білімнің әрбір мамандығы бойынша кәсіптік стандарттар негізінде жұмыс берушілердің талаптары мен қоғамның әлеуметтік сұранысын ескере отырып әзірленеді.



      29. Жоғары білім беру мазмұнында айқындалған негізгі құндылықтар:



      1) қазақстандық патриотизм мен азаматтық жауапкершілік;



      2) құрмет;



      3) ынтымақтастық;



      4) ашықтық.



      30. Жалпы білімділікке қойылатын талаптар:



      1) ойлау мәдениеті жоғары және дүниетанымы кең жоғары білімді тұлғаның қалыптасуына ықпал ететін жаратылыстану ғылымдары (әлеуметтік, гуманитарлық, экономикалық) пәндері саласында базалық білімінің болуы;



      2) заманауи техниканы қолдану дағдысының болуы, кәсіби қызмет саласында ақпараттық технологияларды қолдана білуі;



      3) күнделікті кәсіптік қызметке және магистратурада білім алуды жалғастыруға қажетті жаңа білімді меңгеру дағдысының болуы.



      31. Әлеуметтік-этикалық құзыреттерге қойылатын талаптар:



      1) қоғамдық пікірге, дәстүрге, салтқа, қоғамдық нормаларға негізделетін әлеуметтік-этикалық құндылықтарды білу және өзінің кәсіптік қызметінде оларға сүйену;



      2) іскерлік этика нормаларын сақтау, мінез-құлықтың этикалық және құқықтық нормаларын игеру;



      3) Қазақстан халқының дәстүрі мен мәдениетін білу;



      4) әлемнің басқа халықтарының дәстүрі мен мәдениетіне толерантты болу;



      5) Қазақстанның құқықтық жүйесі мен заңнамасының негіздерін білу;



      6) ғылым және ғылыми ойлау туралы жалпы түсінігінің болуы;



      7) қоғамның әлеуметтік даму үрдістерін білу;



      8) түрлі әлеуметтік жағдайларда саналы түрде дұрыс бағыт ұстана білу;



      9) командада жұмыс істеуге қабілетті болу, өзінің көзқарасын әдеппен дәлелдей алу, жаңа шешімдер ұсына білу;



      10) ортақ келісімге келе білу, өз пікірін ұжым пікірімен ұштастыра білу;



      11) кәсіби және тұлғалық тұрғыдан өсуге ұмтылу.



      32. Экономикалық және ұйымдастыру-басқару құзыреттеріне қойылатын талаптар:



      1) экономикалық білім негіздерін меңгеру, менеджмент, маркетинг, қаржы және т.с.с. жөнінде ғылыми түсінігінің болуы;



      2) экономиканы мемлекеттік реттеу мақсаттары мен әдістерін, экономикадағы мемлекеттік сектордың рөлін білу және түсіну.



      33. Өзгерістер мен белгісіздіктер серпінінің өсуі жағдайында әлеуметтік, экономикалық, кәсіби рөлдердің ауысуына, географиялық және әлеуметтік ұтқырлыққа байланысты дайындыққа қойылатын талаптар:



      1) заманауи ақпараттық ағынды бағдарлай білу және әлемдік экономикадағы серпінді түрде өзгеріп отыратын құбылыстар мен процестерге бейімделе білу;



      2) кәсіптік қызметке байланысты түрлі жағдайларда икемді және ұтқыр болу;



      3) белгісіздіктер мен қауіп-қатер жағдайында экономикалық және ұйымдастыру сипатында шешімдер қабылдау дағдыларының болуы.



      34. Жоғары білім мамандықтары шеңберінде жоғары оқу орны Ұлттық біліктілік шеңберіне, кәсіптік стандарттарға сәйкес және Дублин дескрипторларымен және Еуропалық біліктілік шеңберімен келісілген әртүрлі білім беру бағдарламаларын өз бетінше әзірлейді.



      Білім беру бағдарламалары оқытудың нәтижесіне бағдарлануы тиіс.



      35. Білім беру мазмұнының құрылымы білім берудің есептеу-өлшем құралдары: оқу жоспарлары мен бағдарламаларына, оқу жүктемесінің көлеміне, академиялық кезеңдердің ұзақтығына, академиялық сабақ түрлеріне, оқу материалының көлеміне қойылатын талаптарға сәйкес айқындалады.



      36. Білім беру қызметін жоспарлау мен ұйымдастыру оқу жоспарларының негізінде жүзеге асырылады.



      Оқу жоспарлары үлгілік (ҮОЖ), жеке (ЖОЖ) және жұмыстық (ОЖЖ) болып бөлінеді.



      ӘАОО-да оқу жоспарлары үлгілік (ҮОЖ) және жұмыс (ЖОЖ) болып бөлінеді.



      37. ҮОЖ осы стандарт негізінде жоғары білімнің нақты мамандықтары бойынша әзірленеді және оны білім беру саласындағы уәкілетті орган бекітеді.



      ҮОЖ-да міндетті компоненттің әрбір оқу пәнінің еңбекті қажетсінуін және әрбір оқу қызметінің түрі (практика, мемлекеттік емтихандар, дипломдық жұмысты жазу және қорғау) кредитпен айқындалады, ал оқу пәндерінің әр циклі бойынша таңдау компоненті кредиттердің жалпы санымен көрсетіледі.



      ӘАОО-да ҮОЖ-ны білім беру саласындағы уәкілетті органмен келісу бойынша тиісті мемлекеттік органның басшысы бекітеді. ҮОЖ-да міндетті компоненттің әрбір оқу пәнінің еңбекті қажетсінуі және оқу қызметінің әрбір түрі (практикалар, мемлекеттік емтихандар, диплом жұмысын жазу және қорғау) кредитпен айқындалады, ал оқу пәнінің әрбір циклі бойынша жоғары оқу орны компоненті кредиттердің жалпы санымен көрсетіледі.



      38. ӘАОО-ны қоспағанда,ҮОЖ-ға қосымша жыл сайын жоғары оқу орны таңдау компонентіндегі барлық пәндердің жүйеленген, аннотацияланған тізбесі болып табылатын элективті пәндер каталогын (ЭПК) әзірлейді.



      ЭПК-де әр оқу пәнінің пререквизиттері мен постреквизиттері көрсетіледі. ЭПК студенттерге элективті оқу пәндерін баламалы таңдау мүмкіндігін қамтамасыз етуі тиіс.



      39. Мамандық бойынша ҮОЖ мен ЭПК негізінде студент эдвайзердің көмегімен ЖОЖ құрады. ӘАОО-ларды қоспағанда, ЖОЖ әрбір студенттің жеке білім алу траекториясын айқындайды.



      ЖОЖ-ға ҮОЖ-дан міндетті компонент пәндері және оқу қызметінің түрлері (практикалар, мемлекеттік емтихан, дипломдық жұмысты (жобаны) жазу және қорғау) және ЭПК-дан таңдау компоненті пәндері кіреді.



      40. ӘАОО-ны қоспағанда,ОЖЖ оқу жылына мамандықтардың ҮОЖ-ы мен студенттердің ЖОЖ-ы негізінде әзірленеді және оны ғылыми кеңестің шешімі негізінде білім беру ұйымының басшысы бекітеді.



      ӘАОО-ларда ЖОЖ оқу жылына мамандықтардың ҮОЖ-ы негізінде әзірленеді.



      ОЖЖ-да оқу жылында оқытылатын пәндер тізбесі және олардың кредитпен санағандағы еңбекті қажетсінуі, оқытылу реті, оқу сабақтарының түрлері мен бақылау нысандары, сондай-ақ оқу қызметінің басқа да түрлері (практикалар, мемлекеттік емтихандар, дипломдық жұмысты (жобаны) жазу және қорғау) айқындалады.



      41. ЭПК, ЖОЖ және ОЖЖ-ның нысанын, құрылымын, әзірлеу және бекіту тәртібін жоғары оқу орны өзі айқындайды.



      ӘАОО-ларда ОЖЖ әзірлеу және бекіту нысанын, құрылымын, тәртібін ӘАОО белгілейді.



      42. Барлық оқу пәндерінің мазмұны үлгілік және оқу жұмыс бағдарламаларымен (силлабус) айқындалады.



      43. Үлгілік оқу бағдарламалары (ҮОБ) міндетті компонент пәндері бойынша әзірленеді және оларды білім беру саласындағы уәкілетті орган бекітеді.



      ӘАОО-ларда ҮОЖ-ны тиісті мемлекеттік органдардың басшылары бекітеді.



      44. Оқу жұмыс бағдарламалары (силлабустар) оқу жоспарының барлық пәндері бойынша әзірленеді және оларды жоғары оқу орны дербес бекітеді. Бұл ретте оларды міндетті компонент пәндері бойынша әзірлеу ҮОБ негізінде жүзеге асырылады. Оқу жұмыс бағдарламаларының (силлабустардың) нысанын, құрылымын, әзірлеу және бекіту тәртібін жоғары оқу орны өзі айқындайды.



      45. Міндетті минимум мен жоғары оқу орны ұсынатын оқу жүктемесінің көлемі шеңберінде алынған білім деңгейі бақылаудың әртүрлі түрлері арқылы қамтамасыз етіледі.



      46. Студенттердің оқу жетістіктерін бақылауды және олардың оқу пәндері немесе модульдер бойынша білімін бағалауды оқу процесінің межелік кезеңдерінде (әр академиялық кезең мен оқу жылы аяқталған кезде) Тіркеу (бөлім, сектор) кеңсесі ұйымдастырады және бақылау мен бағалау оқытудың қорытынды нәтижесіне бағытталуы тиіс.



      47. Тіркеу кеңсесі білім алушылардың оқу жетістіктерінің тарихын есепке алады, ол студенттердің белгіленген үлгідегі транскриптінде көрсетіледі.



      Транскрипт білім алушыға білім алудың кез келген кезеңінде оның жазбаша өтініші негізінде беріледі.



      48. Бітірушілердің білімін, іскерлігін, дағдысын және құзыреттерін бақылау оларды қорытынды аттестаттау кезінде жүзеге асырылады.



      49. Жоғары оқу орны бітірушілерін қорытынды аттестаттау академиялық күнтізбеде және мамандықтардың оқу жоспарларында көзделген мерзімде өткізіледі.



      50. Қорытынды аттестаттаудың мақсаты бітірушінің теориялық деңгейін, қалыптасқан кәсіби құзыреттерін, кәсіптік мәселелерді шешуге дайындығын және оның дайындығының білім беру бағдарламасы мен кәсіптік стандарттардың талаптарына сәйкестігін бағалау болып табылады.



      51. Қорытынды аттестаттау мамандық бойынша мемлекеттік емтихан тапсыру және дипломдық жұмысты (жобаны) қорғау түрінде немесе мамандық бойынша және қосымша екі бейіндеуші пән бойынша мемлекеттік емтихан тапсыру түрінде жүзеге асырылады.



      Дипломдық жұмысты (жобаны) қорғау дипломдық жұмысты (жобаны) жазудан және қорғау рәсімінен тұрады. Бұл ретте дипломдық жұмыс (жоба) бітірушінің талдау және зерттеу қабілеттерін анықтау және бағалау мақсатын көздейді.



      ӘАОО-ларда қорытынды аттестаттау мамандық бойынша кешенді мемлекеттік емтихан тапсыру және дипломдық жұмысты (жобаны) қорғау түрінде немесе мамандық бойынша және қосымша екі базалық және/немесе бейіндеуші пәндер бойынша мемлекеттік емтихан тапсыру түрінде жүргізіледі.



      Дипломдық жұмысты (жобаны) қорғау дипломдық жұмысты (жобаны) жазудан және қорғау рәсімінен тұрады. Бұл ретте дипломдық жұмыстың (жобаның) мақсаты – бітірушінің талдау және зерттеу қабілеттіліктерін анықтау және бағалау.



      52. Жоғары оқу орны білім алушылардың теориялық дайындығының, оқу жетістіктерінің деңгейін, оқу нәтижелерін және зерттеу-талдау қабілеттерін ескере отырып, олардың қорытынды аттестаттау нысанын дербес айқындайды: мамандық бойынша мемлекеттік емтихан тапсыру және дипломдық жұмысты (жобаны) қорғау немесе мамандық бойынша және қосымша екі бейіндеуші пән бойынша мемлекеттік емтихан тапсыру.



      ӘАОО білім алушылардың мамандықтарын, теориялық дайындық деңгейлерін, оқу жетістіктерін, оқыту нәтижелерін және зерттеу-талдау қабілеттерін ескере отырып, олардың қорытынды аттестаттау нысанын дербес айқындайды: мамандық бойынша мемлекеттік емтихан тапсыру және диплом жұмысын қорғау немесе мамандық бойынша және қосымша екі базалық және/немесе бейіндеуші пәндер бойынша мемлекеттік емтихан тапсыру.



      53. Білім беру мазмұнын жоспарлауды, оқу процесін ұйымдастыру және жүргізу тәсілін жоғары оқу орны кредиттік оқыту технологиясы негізінде өз бетінше жүзеге асырады.



      ӘАОО оқыту технологиясы тиісті уәкілетті мемлекеттік орган бекіткен Әскери, арнаулы оқу орындарында оқу процесiн, оқу-әдістемелік және ғылыми-әдістемелік қызметті ұйымдастыру және жүзеге асыру қағидаларымен және Әскери, арнаулы оқу орындарында білім беру технологияларын қолдана отырып оқу процесін ұйымдастыру қағидаларымен айқындалады.



      54. Оқу процесін жоспарлау кезінде жоғары оқу орны осы стандартқа 3-қосымшаға (бакалавриат үшін) және 4-қосымшаға (жоғары арнаулы білім үшін), ӘАОО – 5-қосымшаға сәйкес бакалавриаттың білім беру бағдарламасының компоненттерін бөлу нормаларын басшылыққа алады.



      55. Білім беру бағдарламаларының құрылымы білім беру мазмұнын айқындайтын оқу жұмыстарының түрлерінен қалыптастырылады.



      56. Бакалавриаттың білім беру бағдарламасы:



      1) жалпы білім беретін, базалық және бейіндеуші пәндер циклдерін меңгеруден тұратын теориялық оқытуды;



      2) оқытудың қосымша түрлері – кәсіптік практиканың түрлерін, дене шынықтыруды, әскери дайындықты және т.б.;



      3) аралық және қорытынды аттестаттауды қамтиды.



      Бұл ретте бакалавриаттың білім беру бағдарламалары модульді оқыту қағидаты бойынша құрылады.



      57. Оқу жұмысының еңбекті қажетсінуін есепке алу оқытылатын материалдың көлемі бойынша жүзеге асырылады және оқытудың нақты нәтижелеріне қол жеткізуге қажетті студенттер мен оқытушылардың еңбек шығынының өлшем бірлігі болып табылатын кредиттермен өлшенеді.



      Кредиттер білім беру бағдарламасының жекелеген пәндерінің және/немесе модульдерінің (элементтерінің) шартты «бағасын» көрсетеді. Жалпы еңбекті қажетсіну ұғымына лекциялық, практикалық (семинарлық), зертханалық, студиялық сабақтар, студенттердің өзіндік жұмысы, курстық, есептік-графикалық жұмыстар (жобалар), кәсіптік практиканың, тағылымдамалардың барлық түрлері, қорытынды аттестаттауға дайындық және одан өту кіреді.



      58. Теориялық оқытудың жалпы еңбекті қажетсінуі оқытылатын оқу пәндерінің тізбесімен анықталады.



      59. Оқу процесін кредиттік оқыту технологиясы бойынша ұйымдастыру кезінде әр оқу пәнінің көлемі кредиттің бүтін санын құрауы тиіс. Бұл ретте пән, әдетте, кемінде 3 кредит көлемімен бағаланады.



      Ерекше жағдайда пәнді 2 кредитпен бағалауға жол беріледі.



      ӘАОО-ларда әрбір пән көлемі кредиттердің тұтас санын құрайды және пәндерді 1 кредитке бағалауға жол беріледі.



      60. Дене шынықтыруды, тілдік пәндерді қоспағанда, әрбір оқу пәні қайталанбайтын бір атауға ие болуы тиіс.



      ӘАОО-ларда пәндерді бірнеше академиялық кезеңдер ішінде меңгеруге жол беріледі.



      61. Білім алушылар әрбір оқу пәнін бір академиялық кезеңде меңгеріп, оны аяқтаған соң емтихан нысанындағы қорытынды бақылауды тапсырады. Кәсіби практиканың барлық түрлері, курстық жұмыстар (жобалар) бойынша қорытынды бақылау білім алушылардың оқу жұмысының аталған түрлерін қорғау түрінде өткізіліп, белгіленген бағалар шкаласы бойынша бағаланады.



      ӘАОО-ларда курсанттар әрбір пәнді оқуды аяқтағаннан кейін емтихан нысанында қорытынды бақылау тапсырады. Егер пән екі және одан да көп академиялық кезеңнен тұрса, әрбір академиялық кезең аяқталғаннан кейін емтихан нысанында аралық бақылау өткізіледі. Кәсіби практикалардың, курстық жұмыстардың (жобалардың), әскери тағылымдамалардың барлық түрлері қорғау арқылы бағаланады.



      62. Оқу жоспарларының барлық нысандарында оқу жоспарындағы әрбір пәнге тиісті әріптік және сандық таңбалар түрінде кодтың берілуін қарастыратын пәндерді кодтаудың бірыңғай жүйесі қолданылады.



      63. Жоғары оқу орындарының білім беру бағдарламалары мен оқу жоспарларына қолданыстағы заңнаманың нормаларын іске асыратын пәндер міндетті түрде кіреді.



      64. Бакалавриатта білімді меңгерудің нормативтік мерзімі 4 жылды, жоғары арнаулы білім беруде (мамандық) – 5 жылды құрайды.



      ӘАОО-ларда жоғары білімді меңгерудің нормативтік мерзімі кемінде 4 жылды құрайды.



      65. Жоғары білімнің білім беру бағдарламасын меңгерген және қорытынды аттестаттаудан табысты өткен тұлғаларға осы стандартқа  6-қосымшаға сәйкес тиісті мамандық бойынша «бакалавр» дәрежесі немесе біліктілік және қосымшасы (транскрипт) бар мемлекеттік үлгідегі диплом беріледі.



      Жоғары оқу орны бітірушіге дипломға жалпыеуропалық қосымша (Diploma Supplement) бере алады.



      ӘАОО-ларда жоғары білімнің білім беру бағдарламасы бойынша оқуды бітірген адамдарға «бакалавр» дәрежесі және/немесе біліктілік және қосымшасы (транскрипт) бар мемлекеттік үлгідегі диплом беріледі.



      ӘАОО бітірушіге дипломға жалпыеуропалық қосымша (Diploma Supplement) бере алады.

4. Оқу жүктемесінің ең жоғары көлеміне қойылатын талаптар

      66. Студенттің оқу жүктемесінің көлемі оның оқу жылы ішінде әрбір оқу пәні немесе оқу жұмысының түрі бойынша меңгеретін кредит санымен өлшенеді.



      ӘАОО-ларда курсанттың өзіндік жұмысы оқытушының жетекшілігімен, оның ішінде аудиториялық сабақтар түрінде жүргізіледі.



      67. ОПҚ-ның оқу жүктемесін жоспарлау кредитпен немесе аудиториялық оқу сабақтарының кестесі бойынша немесе оқу жұмысының басқа түрлері үшін жеке бекітілген график бойынша оқытушының студентпен байланыс жұмысының уақытын білдіретін академиялық сағаттармен жүзеге асырылады.



      68. Аудиториялық жұмыстың бір академиялық сағаты 50 минутқа тең. Студиялық, зертханалық, сондай-ақ дене шынықтыру сабақтары бұдан өзгеше, онда бір академиялық сағат тиісінше студиялық сабақтар үшін – 75 минутқа немесе зертханалық сабақтар мен дене тәрбиесі сабақтары үшін 100 минутқа тең.



      Практиканың, студенттерді қорытынды аттестаттаудың барлық түрлері үшін бір академиялық сағат 50 минутқа тең.



      ӘАОО-ларда барлық оқу сабақтарының түрлеріне, практикалардың және қорытынды аттестаттаулардың барлық түрлеріне қатысты бір академиялық сағат кемінде 40 минутты құрайды.



      69. Оқу жұмысының көлемін жоспарлау кезінде бір кредит:



      1) семестр түріндегі академиялық кезең бойында студенттің аудиториялық жұмысының;



      2) кәсіптік практика кезеңіндегі студенттің оқытушымен жұмысының;



      3) студенттің дипломдық жұмысты (жобаны) жазу және қорғау бойынша жұмысының;



      4) студенттің мамандық бойынша мемлекеттік емтиханға дайындық пен оны тапсыру бойынша жұмысының 15 академиялық сағатына тең екенін ескеру қажет.



      70. Студенттің оқу жүктемесі академиялық сағаттардың ұзақтығымен және оқу жұмыстарының түрлері үшін академиялық сағатпен ілесе жүретін оқу сағаттарының көлемдерімен (50 минуттық байланыс сағаттары) анықталады.



      Аудиториялық жұмыстың бір академиялық сағаты 40, 50, 75 немесе



100 минутқа тең болуы мүмкін. Студенттің аудиториялық жұмысының академиялық сағаттары тиісті СӨЖ сағаттарының санымен толығады, осылайша бір кредитке студенттің семестр түріндегі академиялық кезеңінің бір аптасындағы жиынтық оқу жүктемесі 3 сағатқа тең болады.


      Дәрістермен практикалық (семинар) сабақтар кезіндегі студенттің оқытушымен жұмысының байланыс сағаттары жиынтығында әр байланыс сағаты 2 сағат СӨЖ-бен қамтамасыз етіледі.



      Дене шынықтыру сабақтары қосымша СӨЖ сағаттарымен қамтылмайды.



      Практиканың әрбір академиялық сағаты (оқу практикасынан басқа) студенттің қосымша жұмысының тиісті оқу сағаттарымен толықтырылады: педагогикалық практика үшін – 1 сағат, өндірістік практика үшін – 4 сағат.


      Қорытынды аттестаттаудың әр академиялық сағаты дипломдық жұмысты (жобаны) жазу және қорғау бойынша студенттің оқытушымен байланыс жұмысының немесе мемлекеттік емтиханға дайындық және оны тапсыру бойынша студенттің оқытушымен жұмысының бір сағаты (50 минут) болып табылады. Студентті қорытынды аттестаттаудың әрбір академиялық сағаты 6 сағаттық СӨЖ-бен қамтамасыз етіледі.



      71. Оқу жылы академиялық кезеңдерден, аралық аттестаттау кезеңінен, практикалардан, тағылымдамалармен каникулдан тұрады. Соңғы курста оқу жылына қорытынды аттестаттау кезеңі қосылады.



      72. Оқу жылының жалпы ұзақтығы 36 аптадан кем болмауы тиіс.



      73. ӘАОО-ны қоспағанда, академиялық кезең ұзақтығы 15 апта болатын семестрден, немесе ұзақтығы 10 апта болатын триместрден, немесе ұзақтығы 7-8 апта болатын тоқсаннан тұрады.



      Жоғары оқу орны академиялық кезеңнің нысанын және оған қоса оны ұйымдастырудың біріктірілген нысанын да дербес анықтайды.



      74. Әрбір академиялық кезең ұзақтығы 1 аптадан кем болмайтын студенттерді аралық аттестаттау кезеңімен аяқталады.



      75. Аралық аттестаттау кезеңінде барлық оқытылған пәндер бойынша қорытынды бақылау жүргізіліп, ағымдағы үлгерім бағалары (ағымдағы және межелік бақылаулар нәтижелері бойынша орташа арифметикалық бағалар) ескеріле отырып, пәндер бойынша қорытынды бағалар шығарылады.



      Пән бойынша қорытынды бағада ағымдағы үлгерім бағасының үлесі 60 %-дан, ал қорытынды бақылау бағасының үлесі 30 %-дан кем болмауы тиіс.



      ӘАОО-ларда пән бойынша қорытынды бағада ағымдағы үлгерімді бағалау үлесі кемінде 60 %-ды, ал қорытынды бақылауды бағалау үлесі кемінде 40 %-ды құрауы тиіс.



      76. Бітіруші курсты қоспағанда, студенттерге оқу жылы ішінде кемінде екі рет жалпы ұзақтығы кемінде 7 аптаны құрайтын каникул беріледі.



      ӘАОО-ларда курсанттарға каникулдар бітіруші курсты қоспағанда, оқу жылының ішінде кемінде 2 рет беріледі, оның жалпы ұзақтығы кемінде 6 аптаны құрауы тиіс.



      77. Кәсіптік практика жоғары білім берудің кәсіптік оқу бағдарламасының міндетті компоненті болып табылады. Ол оқу, педагогикалық, өндірістік, дипломалды және т.б. болып бөлінеді.



      Практикалардың ұзақтығы студенттің практика кезіндегі 30 сағатқа тең апта бойғы (5 күндік жұмыс аптасы кезінде күніне 6 сағат) нормативті жұмысын есепке ала отырып, аптамен анықталады. Апта санын шығару үшін практиканың кредитпен есептелген көлемі тиісті практика түрінің оқу сағатымен есептелген еңбек қажетсінуіне көбейтіледі және студенттің апта бойғы жұмысының ұзақтығына, яғни 30 сағатқа бөлінеді.



      Практиканың 1 кредитінің еңбекті қажетсінуі оқу практикасы үшін 15 сағатты (50 минуттан), педагогикалық практика үшін 30 сағатты (50 минуттан), өндірістік практика үшін 75 сағатты (50 минуттан) құрайды. 1 кредитке келетін практиканың ұзақтығы аптамен есептегенде оқу практикасы үшін 0,5 аптаны, педагогикалық практика үшін 1 аптаны, өндірістік практика, тағылымдамалар үшін 2,5 аптаны құрайды.



      78. Студенттерді қорытынды аттестаттауды аптамен жоспарлау 54 сағатқа тең студенттің апта бойғы жұмысының нормативті уақытына (6 күндік жұмыс аптасы кезінде СӨЖ-ді қоса есептегенде күніне 9 сағат) қарай анықталады.



      Қорытынды аттестаттаудың 1 кредиті 105 (15х7) сағатқа тең, яғни 2 апта. Олардың ішінде 15 сағаты студент пен оқытушының байланыстағы жұмысына, ал 90 сағаты СӨЖ-ге арналады.



      Мамандық бойынша мемлекеттік емтиханға дайындалуға және оны тапсыруға 1 кредит, яғни 2 апта бөлінеді.



      Дипломдық жұмысты (жобаны) жазуға және қорғауға 2 кредит, яғни тиісінше 4 апта бөлінеді. Бұл ретте 2 кредитке дипломдық жұмысты (жобаны) ресімдеу мен қорғау кіреді. Дипломдық жұмысты (жобаны) орындау процесінің өзі алдын ала кәсіптік практика барысында және теориялық оқытудың соңғы кезеңінде жүзеге асырылады.



      79. Білім алушылардың (бітіруші курсты қоспағанда) қосымша оқу қажеттіліктерін қанағаттандыру үшін, оқу жоспарларындағы академиялық қарызды немесе айырмашылықты жою үшін, игерген кредиттерін өз жоғары оқу орнында міндетті түрде қайта тапсыра отырып басқа жоғары оқу орнында оқу пәндерін оқып-үйрену, үлгерімнің орташа балын (GPA) көтеру үшін, екі дипломды білім беру шеңберінде аралас мамандықты меңгеру үшін ұзақтығы кемінде 6 апта жазғы семестр енгізілуі мүмкін.



      Бұл ретте академиялық қарызды немесе оқу жоспарларындағы айырмашылықты жою және қосымша оқу ақылы негізде жүзеге асырылады.



      ӘАОО-ларда (бітіруші курсты қоспағанда) курсанттардың қосымша оқуға қажеттіліктерін қанағаттандыру, академиялық қарыздарын немесе оқу жоспарларындағы айырмашылықтарды жою, оқу пәндерін басқа жоғары оқу орнында оқу, үлгерімнің орташа балын жоғарылату үшін ұзақтығы кемінде 4 апта жазғы семестр енгізілуі мүмкін.



      80. Бакалавриат бағдарламалары бойынша оқудың аяқталуының негізгі өлшемшарты білім алушының теориялық оқу бойынша кемінде 129 кредитін, сондай-ақ практиканың кемінде 6 кредитін игеруі болып табылады.



      Жекелеген мамандықтардың ерекшеліктеріне қарай (жоғары арнаулы білім беру бағдарламаларын қоса алғанда) білім беру процесінің аяқталғандығының негізгі өлшемшарты ретінде студенттің:



      1) «Өнер» тобы бойынша – теориялық оқудың 160-180 кредитіне дейін;



      2) «Әскери іс және қауіпсіздік» тобы бойынша – теориялық оқудың 170-190 кредитіне дейін;



      3) «Ветеринария» тобы бойынша – теориялық оқудың 160 кредитіне дейін;



      4) «Денсаулық сақтау және әлеуметтік қамсыздандыру (медицина)» тобы бойынша – теориялық оқудың 190-224 кредитіне дейін игеруі болып табылады.



      Бұл ретте жоғары оқу орны іске асырылатын білім беру бағдарламаларының ерекшеліктеріне қарай игеруге қажетті кредиттер көлемін арттыра алады.



      Бакалавриаттың білім беру бағдарламасын мерзімінен бұрын меңгеріп, оған қойылатын талаптарды орындаған жағдайда, студентке оқу мерзіміне қарамастан «бакалавр» дәрежесі беріледі.



      81. Техникалық және кәсіптік немесе орта білімнен кейінгі немесе жоғары білім негізінде жылдамдатылған оқу мерзіміндегі қысқартылған білім беру бағдарламалары бойынша оқуға түскен білім алушылар үшін кредиттер саны мен білім беру бағдарламасының қажетті көлемін жоғары оқу орны білім туралы құжат иегерінің алдыңғы білім деңгейінің бейінін, негізгі және кәсіби құзыреттерін ескере отырып дербес анықтайды.



      82. Техникалық және кәсіптік немесе орта білімнен кейінгі немесе жоғары білім базасында жылдамдатылған оқу мерзіміндегі қысқартылған білім беру бағдарламалары бойынша білім алушы:



      1) жоғары оқу орны есептеп, транскриптіне міндетті түрде енгізетін алдыңғы білімде меңгерген пререквизиттеріне қарай өзінің жеке оқу жоспарын құрастырады;



      2) тиісті мамандық бойынша, бірақ алдыңғы білім деңгейін ескере отырып, қолданыстағы білім беру бағдарламасы негізінде жоғары оқу орны дербес анықтайтын жеке оқу мерзіміне және білім беру бағдарламасының көлеміне ие болады.



      83. Семестр түрінде ұйымдастырылған бір академиялық кезең ішінде күндізгі оқыту нысанында білім алушы 18-21 кредитті меңгереді. Сырттай немесе кешкі оқыту нысанының білім алушысына жоғары оқу орны ең аз кредит көлемін белгілейді, бұл ретте тиісінше оның оқу мерзімі көбейеді. Сырттай оқу нысаны техникалық, кәсіптік, орта білімнен кейінгі және жоғары білім беру негізінде ғана жүзеге асырылады.



      ӘАОО-ларда семестр түрінде ұйымдастырылған бір академиялық кезең ішінде күндізгі оқу нысанының курсанты бітіруші курсты қоспағанда, кемінде 18 кредитті меңгереді. Кешкі немесе сырттай оқу нысанындағы білім алушыға ӘАОО кредиттердің аз санын белгілейді, бұл ретте оның оқу мерзімі тиісінше көбейеді.



      84. Жоғары оқу орны білім беру қызметін тиісті материалдық-техникалық базамен, білікті профессорлық-оқытушылық құраммен, кітапхана қорымен, Интернетке және басқа да ақпараттық ресурстарға қол жеткізумен, қаладан тыс жерлерден келген студенттерді жатақханамен және студенттерді қолдаудың басқа да қызметтерімен қамтамасыз етеді.



      85. Жоғары оқу орнының материалдық-техникалық базасы қолданыстағы санитариялық қағидаларға сәйкес болуы тиіс.



      86. Жоғары оқу орны әрбір студентті мамандығының бейініне сәйкес кәсіптік практикалар базасымен қамтамасыз етеді.



      87. Жоғары оқу орнының кадрлық құрамына қойылатын талаптар білім беру қызметін лицензиялау кезінде қойылатын біліктілік талаптарымен айқындалған.



      Жоғары оқу орнының оқытушысы оқу жоспарлары мен оқу бағдарламаларының талаптарын сақтай отырып, оқу сабақтарын ұйымдастыру мен өткізудің тәсілдері мен нысандарын еркін таңдауға құқылы.



      88. Ақпараттық және оқу-әдістемелік қамтамасыз етуге қойылатын талаптар:



      Жоғары білімнің білім беру бағдарламаларын іске асыру әрбір студенттің ақпараттық ресурстар мен кітапхана қорына еркін қол жеткізуі, барлық модульдер, пәндер, оқу жұмысының барлық түрлері – практикумдар, курстық және дипломдық жобалау, кәсіптік практика, студенттің өзіндік жұмысы бойынша әдістемелік құралдар мен ұсынымдардың, сондай-ақ көрнекі құралдар мен аудио- және бейнематериалдардың болуы арқылы қамтамасыз етіледі.



      Жоғары оқу орны студенттердің электронды кітапханаларда орналастырылған халықаралық дереккөздерін қоса алғанда оқу, ғылыми, ақпараттық базаларға қол жеткізуін қамтамасыз етеді.



      89. Білім алушылардың зерттеу қызметіне қойылатын талаптар.



      Студенттердің зерттеу жұмыстары оқу процесінің жалғасы және тереңдетілуі болып табылады және тікелей кафедраларда, зертханаларда, ғылыми, конструкторлық және жоғары оқу орындарының жобалық бөлімшелерінде, студенттердің ғылыми-техникалық бірлестіктерінде (конструкторлық және өзге де бюролар, орталықтар, ғылыми-зерттеу институттары және т.б.) ұйымдастырылады.

Жоғары білім берудің мемлекеттік



жалпыға міндетті стандартына  


1-қосымша            



Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   5   6   7   8   9   10   11   12   ...   19




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет