4. Білім алушылардың дайындық деңгейіне қойылатын талаптар
42. Білім алушылардың дайындық деңгейі үш аспект бойынша бағаланады:
1) тұлғалық нәтижелер;
2) жүйелік-әрекеттік нәтижелер;
3) пәндік нәтижелер.
43. Тұлғалық нәтижелер:
1) Қазақстан Республикасы Конституциясына, тәртіп сақтау ережелері мен заңдарына құрмет көрсетуінен;
2) белсенді азаматтық ұстанымын, жоғары патриоттық сезімін көрсете білуінен, өз Отанына қызмет етуге және оның мүддесін қорғауға дайын болуынан;
3) мемлекеттік тілді және өз ана тілін білуінен, қазақ халқының және Қазақстан аумағында өмір сүріп жатқан басқа да ұлыстардың тарихына, мәдениетіне, салт-дәстүріне және басқа құндылықтарына құрметпен қарауынан;
4) өз елінің, туған өлкесінің табиғатын сақтауға және көркейтуге ұмтылуынан, қоршаған ортаны қорғауда белсенділік танытуынан;
5) салауатты өмір салтын ұстануынан, өз қауіпсіздігі мен айналасындағы адамдардың қауіпсіздігін сақтауға үйренуінен;
6) адамдармен қарым-қатынаста жоғары мәдениеттілік танытуынан, этикалық нормаларды сақтай білуінен;
7) өздігінен білім алуға, өмірден өз орнын табуға және жасампаз еңбекке ынта-ықыласы мен қабілеттілігінен;
8) үлкендерге құрметпен, кішілерге қамқорлықпен қарап, айналасына мейірімді, кішіпейілді бола білуінен;
9) әлеуметтік ортаның ерекшеліктерін дұрыс бағалай алуынан, қоғамға жат құбылыстарға, идеологиялық, діни ағымдарға және заңды бұзушылық әрекетке қарсы тұра білуінен көрініс табады.
44. Тұлғалық нәтижелер білім алушының тәрбиелілігі, әлеуметтенуі, рухани-адамгершілік, шығармашылық және дене дамуы деңгейінің психологиялық-педагогикалық мониторингісі түрінде бағаланып, оның портфолиосына жинақталады.
45. Жүйелік-әрекеттік нәтижелер:
1) адамзат қоғамының өркендеуі үшін ғылыми жетістіктерді пайдалану аясы мен ғылым негіздері бойынша жүйелі білімін меңгеруінен;
2) ғылыми ақпаратты талдай, өңдей, жинақтай және қолдана білуінен;
3) таным, жобалау, құрастыру, зерттеу және шығармашылықпен қолдану әдістерін меңгеруінен;
4) заманауи ақпараттық-коммуникациялық технологияларды меңгеруінен;
5) жоғары деңгейдегі коммуникативтік қабілеттілігі мен көптілді мәдениеттілігінен көрініс табады.
46. Жүйелік-әрекеттік нәтижелер білім алушының пәндік олимпиадалар, таңдау курстары, шығармашылық оқу жобалары, сондай-ақ зерттеу жұмыстарының басқа да түрлері бойынша қол жеткізген жетістіктерімен анықталады, оның портфолиосына жинақталады.
47. Пәндік нәтижелер білім алушылардың білімнің базалық мазмұнын меңгеруі барысында білімдік және іс-әрекеттік дайындығынан көрінеді.
РҚАО-ның ескертпесі!
48-тармақ жаңа редакцияда көзделген - ҚР Үкіметінің 13.05.2016 № 292 (01.09.2017 бастап қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.
48. Пәндік нәтижелер 2-4-сыныптарда базалық деңгейде, кейінгі сыныптарда үш деңгейде: базалық (міндетті) деңгейде, жетік мүмкіндік деңгейінде 5-11-сыныптарда (белгілі бір пәнді таңдау кезінде 1 сағат көлемінде вариативтік компонентті игеру үшін) және жетік бейіналды деңгейде 8-9-сыныптарда/жетік бейіндік деңгейде 10-11-сыныптарда (жалпы орта білім беретін ұйымдар таңдаған пәндерді тереңдетіп оқуға арналған үлгілік оқу жоспарларының нұсқаларын игеру үшін) белгіленеді.
Ескерту. 48-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 25.04.2015 № 327 (01.09.2016 бастап қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.
49. Білім алушылардың оқу пәндерін игеруінің базалық деңгейі білімнің міндетті төменгі шекті көлемі мен олардың шеберлігі мен дағдыларын қамтиды.
РҚАО-ның ескертпесі!
50-тармақ жаңа редакцияда көзделген - ҚР Үкіметінің 13.05.2016 № 292 (01.09.2017 бастап қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.
50. Оқу пәндерін меңгертудің жетік (жетік мүмкіндік және жетік бейіналды/жетік бейіндік) деңгейлері білім алушылардың білімінің кеңейтілген және тереңдетілген көлемін, олардың шеберлігі мен дағдыларын қамтиды. Оқу пәндерін меңгертудің мүмкін деңгейі 5-11 сыныптар үшін вариативтік оқу бағдарламасы негізінде жалпы білім беретін ұйымдардың таңдауы бойынша жүзеге асырылады. Оқу пәндерін меңгертудің жетік бейіналды (8-9 сыныптар) және бейіндік (10-11 сыныптар) деңгейлері тереңдетіп оқытуға арналған үлгілік оқу бағдарламалары негізінде жүзеге асырылады.
51. Орта білім берудің барлық деңгейлерінде білім алушылардың базалық (міндетті) деңгейді меңгеруін және оқу жүктемесінің көлемін білім саласындағы уәкілетті орган бақылайды.
52. Жалпы орта білім беретін ұйым ұсынатын білім мазмұнын (тереңдетілген, кеңейтілген) меңгеруін жергілікті білім беру органдары бақылайды.
53. Орта білім мазмұнын меңгерудің пәндік нәтижелері бес балдық бағалау жүйесімен бағаланады.
54. Бақылау нысандары ауызша, жазбаша және шығармашылық емтихандар, тест тапсырмаларының ашық және жабық нысандары, бақылау жұмыстары, ауызша сұрақ-жауап, әңгімелесу түрінде болуы мүмкін.
5. Білім беру процесін ұйымдастыру жағдайларына қойылатын талаптар
55. Жалпы орта білім беретін ұйымдарды қаржылық қамтамасыз ету:
1) жалпыға қолжетімді кепілді ақысыз орта білім беру үшін;
2) жалпы орта білім беретін ұйымдарда қажетті материалдық-техникалық база құру үшін;
3) білім алушылардың өмірінің қауіпсіздігі мен денсаулығын сақтауды қамтамасыз етуге жағдай жасау үшін жеткілікті болуы тиіс.
56. Білім алушылардың денсаулығын нығайту және олардың қозғалыс белсенділігін жетілдіру мақсатында сыныптан тыс жұмыс нысанындағы спорт секцияларының сабақтарын ұйымдастыруды жергілікті атқарушы органдар қамтамасыз етеді.
57. Мемлекеттік білім беру ұйымдарында қызмет ететін қызметкерлерге еңбекақы "Білім туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 52-бабында белгіленген тәртіп бойынша төленеді.
58. Денсаулығына байланысты ұзақ уақыт бойы жалпы орта білім беретін ұйымда оқи алмайтын оқушылар үшін үйінде немесе емделу орындарында ақысыз жеке оқыту қамтамасыз етіледі.
59. Даму мүмкіндігі шектеулі білім алушылардың білім алуы, даму бұзушылықтарының түзетілуі және әлеуметтік бейімделуі үшін жағдай жасалады.
60. Жалпы орта білім беретін ұйымдар санитарлық-гигиеналық ережелер мен нормаларға сай келетін материалдық-техникалық базамен қамтамасыз етілуі тиіс.
61. Жалпы орта білім беретін ұйымдардың материалдық-техникалық базасына:
1) сабақ өткізуге, сыныптан тыс іс-шараларға, демалуға, тамақтануға, медициналық қызмет көрсетуге, спортпен шұғылдануға, мәдени-көпшілік іс-шаралар ұйымдастыруға және оқушылардың шығармашылық қабілеттерін дамытуға қауіпсіз және жайлы жағдайды қамтамасыз ететін және санитарлық-эпидемиологиялық талаптарға сай келетін тиісті инфрақұрылымы бар ғимарат;
2) заманауи құралдармен жабдықталған (байланыс және коммуникация құралдары, желілік өзара байланыс, кеңжолақты интернет, мультимедиялық кабинеттер, интерактивті тақта, аудио-бейне техникалар, цехтар, шеберханалар) оқыту пән кабинеттері;
3) оқу бөлмелеріндегі қажетті жарық және жылу жабдықтары, киім шешетін орындар, санитарлық-гигиеналық талаптарға сай жасалған тазалық бөлмелері;
4) мүмкіндіктері шектеулі білім алушылар үшін ғимарат ішінде арнайы жасақталған жағдайлар;
5) мектеп-интернат жағдайында білім алушылардың тұруы, тамақтануы және демалуы үшін салынған ғимарат, мектеп жанындағы телім енеді.
62. Жергілікті атқарушы органдар және жалпы білім беретін ұйымдар білім алушылардың өмір қауіпсіздігі мен денсаулығын сақтау үшін:
1) салауатты өмір салтын насихаттау;
2) әлеуметтік және психологиялық қызметті күшейту;
3) ғимаратты күзетуді қамтамасыз ету;
4) жергілікті тұрғындар мен ата-аналар қауымдастығы арасында тығыз байланыс орнату;
5) білім алушылардың бейресми ортасын зерделеу;
6) алдын алу іс-шараларын (әлеуметтік сұрақ-жауап, психологиялық қолдау, құқық қорғау және медицина мекемелері қызметкерлерімен кездесулер) өткізу;
7) профилактикалық медициналық тексеруді уақытылы ұйымдастыру;
8) техника қауіпсіздігін, өрттің алдын алу ережелерін сақтау;
9) үй-жайларындағы жарық пен әуелік жылу режимін сақтау;
10) компьютерлік техникамен жұмыс істеу тәртібін сақтау;
11) жолда жүру қауіпсіздігі ережелерін сақтауды насихаттау;
12) балаларды тасымалдауда техника қауіпсіздігін сақтау жолдары арқылы жағдай жасайды.
63. Жалпы орта білім беретін, оның ішінде жеке меншік ұйымдарда білім беру процесі ҮОЖ негізінде дайындалатын оқу жұмыс жоспары аясында жүзеге асырылады және білім саласындағы жергілікті атқарушы органдармен келісіліп, жалпы орта білім беретін ұйымдардың өзінде бекітіледі.
64. Жалпы орта білім беретін республикалық мамандандырылған мектеп-интернаттардың білім беру процесі ҮОЖ негізінде дайындалатын оқу жұмыс жоспары шеңберінде жүзеге асырылады және Қазақстан Республикасының білім саласындағы уәкілетті органымен бекітіледі.
РҚАО-ның ескертпесі!
65-тармақ жаңа редакцияда көзделген - ҚР Үкіметінің 13.05.2016 № 292 (01.09.2017 бастап қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.
65. Сыныпты екі топқа бөлу қалалық жалпы орта білім беретін ұйымдарда сыныптарда білім алушылар 24-ке немесе одан артық, ауылдық жерлерде білім алушылар 20-ға немесе одан артық, шағын жинақты мектептерде кемінде 10-ға толған жағдайда:
1) оқыту қазақ тілінде жүргізілмейтін 2-11-сыныптарда қазақ тілі бойынша;
2) оқыту қазақ тілінде жүргізілмейтін 5-11-сыныптарда қазақ әдебиеті бойынша;
3) оқыту қазақ, ұйғыр, тәжік және өзбек тілдерінде жүргізілетін 3-11-сыныптарда орыс тілі бойынша;
4) 2-11-сыныптарда шетел тілі бойынша;
5) 5-11-сыныптарда информатика бойынша;
6) бейінді пәндер бойынша;
7) 5-11-сыныптарда технология бойынша (сынып толымдылығына қарамастан ұлдар мен қыздар топтары);
8) 5-11-сыныптарда дене шынықтыру бойынша сабақтарды жүргізу кезінде жүзеге асырылады.
Ескерту. 65-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 25.04.2015 № 327 (01.09.2016 бастап қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.
66. Сыныпта мүмкіндігі шектеулі балалар болған жағдайда сыныпты топтарға бөлу осындай әр балаға барлық оқушының санын үшке кеміту есебінен жүзеге асырылады.
67. Үлгілік оқу жоспарының оқушы компонентіндегі оқу жүктемесі көлемінде қоғамдық пайдалы еңбекті ұйымдастыру, еңбек тәжірибесін өткізу қамқоршылық кеңестің немесе ата-аналар комитетінің қатысуымен жүзеге асырылады.
|
Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2012 жылғы 23 тамыздағы
№ 1080 қаулысымен
бекітілген
|
Бастауыш білім берудің мемлекеттік жалпыға міндетті стандарты
Ескерту. Қаулы қосымшамен толықтырылды - ҚР Үкіметінің 25.04.2015 № 327 (01.09.2016 бастап қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.
1. Жалпы ережелер
1. Осы Бастауыш білім берудің мемлекеттік жалпыға міндетті стандарты (бұдан әрі – Стандарт) "Білім туралы" 2007 жылғы 27 шілдедегі Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі – Заң) 56-бабына сәйкес әзірленді және білім алушылардың дайындық деңгейіне, бастауыш білім беру мазмұнына, оқу жүктемесінің ең жоғарғы көлеміне қойылатын талаптарды айқындайды.
2. Бастауыш білім берудің жалпы білім беретін бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдары (бұдан әрі – білім беру ұйымдары) меншік нысандары мен ведомстволық бағыныстылығына, сондай-ақ оқыту тіліне қарамастан білім беру қызметін:
1) осы Стандартқа;
2) оқу бағдарламалары мен үлгілік оқу жоспарларына;
3) Қазақстан Республикасының білім беру саласындағы уәкілетті органы белгіленген тәртіппен бекіткен басқа да нормативтік құқықтық және құқықтық актілерге сәйкес жүзеге асырады.
3. Стандартты қолдану:
1) оқытудың күтілетін нәтижелері түрінде көрсетілген бастауыш білім берудің мақсаттары жүйесіне қол жеткізу есебінен оқыту мен тәрбиелеудің сапасын арттыруға;
2) мемлекеттік, орыс және ағылшын тілдерінде білім беру процесін ұйымдастыру үшін қажетті жағдайлар жасау арқылы үштілді білім беру саясатын іске асыруға;
3) қолданбалы сипаттағы міндеттерді шешу үшін білім алушылардың теориялық білім негіздерін меңгеруі мен алған білімдерін қолдана білуін дамытуды көздейтін бастауыш білім берудің академиялық және практикалық бағыттылығының үйлесімділігіне;
4) білім алушылардың жас ерекшеліктерін ескере отырып, оқу пәндері мазмұнының тереңдігі мен күрделілігін қамтамасыз ететін пәндік білім мен дағдыларды кезең-кезеңмен толықтырып отыруға;
5) күнделікті білім беру процесінің мазмұндық негізін айқындайтын білім берудің құндылықтары мен оқытудан күтілетін нәтижелер жүйесінің өзара байланыстылығы мен өзара шарттылығына негізделген оқыту мен тәрбиелеудің бірлігі қағидатын іске асыруға;
6) балалардың денсаулығын сақтауды қамтамасыз етуге, сондай-ақ білім алушылардың ерекше білімге деген қажеттіліктері мен қосымша білім беру қызметтерін алу қажеттіліктерін қанағаттандыруға қолайлы жағдайлар жасауға;
7) орта білім беру ұйымдарының типтері мен түрлерінің әртүрлілігі жағдайында бастауыш білім берудің баламалылығын қамтамасыз етуге;
8) білім беру ұйымдарындағы инновациялық практиканы қолдау мен дамытуға;
9) білім сапасын қамтамасыз ету бойынша білім беру ұйымдарының қызметін объективті бағалауды ұйымдастыруға бағытталған.
4. Стандарт:
1) білім беру ұйымдарының әртүрлі типтері мен түрлері үшін бастауыш білім берудің үлгілік оқу жоспарын;
2) бастауыш білім берудің пәндері бойынша оқу бағдарламаларын;
3) пәндер бойынша оқулықтар мен оқу-әдістемелік кешендерді;
4) пәндер бойынша білім алушылардың оқу жетістіктерін бағалау критерийлерін;
5) білім беру ұйымдарында оқыту мен тәрбиелеуден күтілетін нәтижелерге қол жеткізуді қамтамасыз ететін басқару жүйесін;
6) білім беру ұйымдарының білім беру процесін мониторингтеу жүйесін;
7) білім беру ұйымдарының білім беру процесін материалдық-техникалық, ақпараттық қамтамасыз етуге қойылатын бірыңғай талаптарды;
8) білім сапасын қамтамасыз ету бойынша білім беру ұйымдарының қызметін бағалау параметрлерін әзірлеу үшін негіз болып табылады.
5. Білім беру ұйымдары тәрбиелеудің, оқыту мен дамытудың әртүрлі әдістерін, нысандарын және педагогикалық технологияларын қолдану арқылы білім алушылардың Стандартта айқындалған оқытудан күтілетін нәтижелерге қол жеткізуі үшін денсаулық сақтайтын ортаны қамтамасыз етеді.
6. Стандартта Заңға сәйкес терминдер мен анықтамалар қолданылады. Оларға қосымша мынадай терминдер мен олардың анықтамалары енгізілді:
1) бастауыш білім берудің базалық мазмұны – типіне, түріне және меншік нысанына, сондай-ақ оқыту тіліне қарамастан білім беру ұйымдарында оқып білуге міндетті бастауыш білім беру мазмұнының құрамы, құрылымы мен көлемі;
2) оқу жүктемесінің вариативтік компоненті – білім алушылардың білімге деген қажеттіліктеріне сәйкес білім беру ұйымы айқындайтын үлгілік оқу жоспарының құраушы компоненті;
3) сабақтан тыс іс-әрекет – білім беру ұйымындағы біртұтас оқу-тәрбие процесінің құраушы бөлігі, үлгілік оқу жоспарында айқындалған оқу жүктемесінен тыс іске асырылатын білім алушылардың бос уақытын ұйымдастыру нысандарының бірі;
4) сыртқы жиынтық бағалау – негізгі орта және жалпы орта білім беру аяқталғаннан кейін меңгерген білім мен қалыптасқан дағдылар деңгейін айқындау;
5) ішкі жиынтық бағалау – оқу тоқсанының соңында оқу бағдарламасының бөлімдерін оқып аяқтағаннан кейін білім алушылардың меңгерген білімі мен қалыптасқан дағдылары деңгейін айқындайтын бағалау;
6) білім беру саласы – мәндес оқу пәндерінің жиынтығын қамтитын бастауыш білім берудің базалық мазмұнының құраушы бөлігі;
7) ерекше білім беру қажеттіліктері (мұқтаждықтар) – дене бітімінде және ақыл-есінде кемістігі бар балаларды қоса алғанда, білім алуда қандай да бір себептермен тұрақты немесе уақытша қиындықтарға тап болатын балалардың қажеттіліктері;
8) оқу жүктемесінің инвариантты компоненті – білім беру ұйымдарында типіне, түріне және меншік нысанына, сондай-ақ оқыту тіліне қарамастан барлық білім алушылардың оқып білу үшін міндетті оқу пәндерін айқындайтын үлгілік оқу жоспарының құраушы компоненті;
9) инклюзивті білім беру – білім беру бағдарламаларына сәйкес басқа да санаттардағы білім алушылардың тең қолжетімділігін көздейтін даму мүмкіндіктері шектеулі адамдарды бірге оқыту мен тәрбиелеу, арнайы жағдайларды қамтамасыз ету арқылы түзету-педагогикалық және әлеуметтік қолдау;
10) бағалау критерийлері – мұғалім мен оқушыға формативті бағалау кезінде оқытудың мақсатына қол жеткізгенін тануға мүмкіндік беретін тұжырым (табыс критерийі) және ішкі жиынтық бағалау кезінде білім алушының жұмысты қаншалықты орындағанын бағалауға мүмкіндік беретін тұжырымдар (балдарды қою критерийлері);
11) білім беру процесін мониторингтеу – білім беру ұйымдарында білім беру процесін жүзеге асырудың нәтижелері мен жағдайларындағы өзгерістердің динамикасын жүйелі бақылау, диагностикалау, талдау, бағалау және жай-күйін болжау;
12) үлгілік оқу жоспары – оқу пәндерінің (сабақ) тізбесін регламенттейтін және тиісті білім беру деңгейінің оқу жүктемесінің инварианттық және вариативтік компоненттерінің көлемін айқындайтын құжат;
13) формативті бағалау – сабақта және/немесе үйдегі күнделікті жұмыс барысында білім алушылардың меңгерген білімдері мен қалыптасқан дағдыларының ағымдағы деңгейін айқындайтын және ол оқыту барысында білім алушылар мен мұғалім арасындағы жедел өзара байланысты жүзеге асыратын, білім алушыларға жаңа материалды меңгеру кезеңінде тапсырманы қаншалықты дұрыс орындағанын және оқыту мақсаттарына қол жеткізгенін түсінуге мүмкіндік беретін бағалау.
7. "Білім алушылардың дайындық деңгейіне қойылатын талаптар" деген бөлімде бастауыш білім берудің белгілі бір білім беру саласына енетін пәндер бойынша ұзақ мерзімді сипаттағы мақсаттар жүйесі түріндегі оқытудан күтілетін нәтижелер көрсетілген.
8. "Бастауыш білім беру мазмұнына қойылатын талаптар" деген бөлімде типіне, түріне және меншік нысанына, сондай-ақ оқыту тіліне қарамастан білім беру ұйымдарында оқып білуге міндетті бастауыш білім беру мазмұнының құрамы, құрылымы мен көлемі көрсетілген.
9. "Білім алушылардың оқу жүктемесінің ең жоғары көлеміне қойылатын талаптар" деген бөлімде апталық оқу жүктемесі, оқу жылының ұзақтығы, бастауыш білім берудің жалпы білім беретін оқу бағдарламаларын меңгеру мерзімі, топтарға бөлу үшін сыныптардың толымдылығы көрсетілген.
10. Стандарт кезеңмен-кезеңмен:
1) 2016 жылғы 1 қыркүйектен бастап 1-сыныптарда;
2)
РҚАО-ның ескертпесі!
2) тармақша 01.09.2017 бастап қолданысқа енгізіледі - ҚР Үкіметінің 25.04.2015 № 327 қаулысымен.
3)
РҚАО-ның ескертпесі!
3) тармақша 01.09.2018 бастап қолданысқа енгізіледі - ҚР Үкіметінің 25.04.2015 № 327 қаулысымен.
4)
РҚАО-ның ескертпесі!
4) тармақша 01.09.2019 бастап қолданысқа енгізіледі - ҚР Үкіметінің 25.04.2015 № 327 қаулысымен.
Достарыңызбен бөлісу: |