5-бап. Білім беру саласындағы уәкілетті органның құзыреті Білім беру саласындағы уәкілетті орган мынадай функцияларды орындайды:
1) азаматтардың білім беру саласындағы конституциялық құқықтары мен бостандықтарын сақтауды қамтамасыз етеді;
2) білім беру саласындағы бірыңғай мемлекеттік саясатты іске асырады, салааралық үйлестіруді жүзеге асырады, білім беру және ғылым саласындағы мақсатты және халықаралық бағдарламаларды әзірлейді және іске асырады;
3) білім беруді дамытудың жай-күйі туралы жыл сайын баяндама әзірлеу және жариялау арқылы қоғам мен мемлекетті білім беру жүйесінің жай-күйі және оның қызметінің тиімділігі туралы нақты ақпаратпен қамтамасыз етеді;
4) білім беруді басқару жүйесінің білім беру мониторингін және оны ақпараттық қамтамасыз етуді жүзеге асырады, білім берудің бірыңғай ақпараттық жүйесін ұйымдастыру және оның жұмыс істеу ережелерін бекітеді;
5) білім беру сапасын басқаруды, білім беру ұйымдары ұсынатын білім беру қызметін әдістемелік және әдіснамалық қамтамасыз етуді жүзеге асырады;
6) білім берудің тиісті деңгейлерінің мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру (медициналық және фармацевтік білім беруден басқа) стандарттарын әзірлеуді ұйымдастырады және бекітеді, білім берудің барлық деңгейінің үлгілік білім беретін оқу бағдарламаларын және үлгілік оқу жоспарларын бекітеді;
7) конкурстық іріктеу тәртібі мен критерийлерін бекітеді және инновациялық білім беру бағдарламаларын енгізетін университеттердің конкурсын өткізеді;
8) білім беру қызметін жүзеге асыру құқығына лицензияны және (немесе) қосымшаларды:
жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім берудің кәсіптік оқу бағдарламаларын іске асыратын заңды тұлғаларға;
білім беретін оқу бағдарламаларын іске асыратын және республикалық бюджет қаражаты есебінен қаржыландырылатын заңды тұлғаларға;
рухани білім беретін оқу бағдарламаларын іске асыратын заңды тұлғаларға (діни оқу орындары);
Қазақстан Республикасының аумағында қызметін жүзеге асыратын және білім беретін оқу бағдарламаларын іске асыратын халықаралық және шетелдік заңды тұлғаларға береді;
9) меншік нысандары мен ведомстволық бағыныстылығына қарамастан, жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім берудің кәсіптік оқу бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарын (медициналық және фармацевтік білім беруді қоспағанда), сондай-ақ республикалық бюджеттен қаржыландырылатын білім беру ұйымдарын мемлекеттік аттестаттаудан өткізеді;
10) жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім берудің кәсіптік оқу бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарын аккредиттеуді ұйымдастырады;
11) бастауыш, негізгі орта, жалпы орта білім берудің жалпы білім беретін оқу бағдарламаларын, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім берудің кәсіптік оқу бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарына оқуға қабылдаудың үлгілік ережелерін бекітеді.
12) ұлттық бірыңғай тестілеуді, сондай-ақ кешенді тестілеуді өткізу технологиясын әзірлейді және бекітеді;
13) мүдделі министрліктермен, өзге де орталық атқарушы органдармен, жұмыс берушілермен және басқа да әлеуметтік әріптестермен өзара іс-қимыл жасай отырып, кәсіптік оқу бағдарламаларының деңгейі бойынша кадрлар даярлау үшін кәсіптер мен мамандықтар тізбесін айқындайды және кәсіптер мен мамандықтардың сыныптауыштарын бекітеді;
14) меншік нысандарына және ведомостволық бағыныстылығына қарамастан, білім беру ұйымдарында оқу жылының басталу және аяқталу уақытын айқындайды;
15) сырттай, кешкі нысандарда және экстернат нысанында білім алуға жол берілмейтін кәсіптер мен мамандықтардың тізбесін белгілейді және жоғары білім беретін білім беру ұйымдарында экстернат нысанында оқытуға рұқсат береді;
16) білім алушыларды білім беру ұйымдарының үлгісі бойынша ауыстырудың және қайта қабылдаудың ережелерін бекітеді;
17) білім беру ұйымдарында білім алушыларға академиялық демалыстар берудің тәртібін бекітеді;
18) мемлекеттік аралық бақылауды жүргізу ережелерін және санының асып кетуі кезектен тыс мемлекеттік аттестаттауға әкеп соғатын мемлекеттік аралық бақылаудан өтпеген білім беру ұйымдарында білім алушылардың шекті санын бекітеді;
19) білім алушылардың үлгеріміне ағымдық бақылау, аралық және қорытынды аттестаттау өткізудің үлгілік ережелерін бекітеді;
20) кәсіптік даярлық деңгейін растаудың және техникалық және қызмет көрсететін еңбек кәсіптері (мамандықтар) бойынша біліктілікті берудің тәртібін әзірлейді және бекітеді;
21) білім туралы құжаттарды тану және нострификациялау тәртібін белгілейді;
22) білім және (немесе) біліктілік туралы мемлекеттік үлгідегі құжаттардың бланкілеріне тапсырыс беруді және олармен жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім берудің кәсіптік оқу бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарын, ведомстволық бағыныстағы білім беру ұйымдарын қамтамасыз етуді ұйымдастырады және олардың пайдаланылуына бақылауды жүзеге асырады;
23) білім беру ұйымдары білім беру қызметінде пайдаланатын қатаң есептіліктегі құжаттардың нысанын әзірлейді және бекітеді, білім туралы құжаттарды ресімдеуге қойылатын талаптарды айқындайды; білім алуды аяқтамаған адамдарға берілетін анықтама нысанын бекітеді;
24) білім беру қызметтерін көрсетудің үлгілік шартының және кәсіптік практикадан өткізуге арналған үлгілік шарт нысандарын бекітеді.
25) оқу-әдістемелік жұмысқа басшылықты жүзеге асырады және жүргізуді үйлестіреді, оқу-әдістемелік жұмысты ұйымдастырудың және жүзеге асырудың ережелерін, оқытудың кредиттік технологиясы және қашықтықтан білім беру технологиялары бойынша оқу процесін ұйымдастырудың ережелерін бекітеді;
26) республикалық орта білім беру ұйымдарын, сондай-ақ халықаралық келісімдерге сәйкес шетелдік мектептерде оқитын отандастарды оқулықтармен және оқу-әдістемелік кешендермен қамтамасыз етеді;
27) оқулықтарды, оқу-әдістемелік кешендері мен оқу-әдістемелік құралдарын әзірлеу, сараптама жасау және басып шығару жөніндегі жұмысты ұйымдастыру ережелерін бекітеді және осы жұмысты ұйымдастырады; білім беру ұйымдарына арналған оқулықтарды, оқу құралдары мен басқа да әдебиеттерді, оның ішінде электрондық жеткізгіштегілерін пайдалануға рұқсат етеді;
28) республикалық маңызы бар мектептен тыс іс-шаралар өткізуді ұйымдастырады;
29) жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық олимпиадалар мен ғылыми жарыстарды, орындаушылар мен кәсіби шеберліктің республикалық конкурстарын ұйымдастыру ережелерін бекітеді және өткізуді ұйымдастырады;
30) ведомостволық бағынысты ұйымдарды белгіленген тәртіппен бюджет қаражаты есебінен қаржыландыруды жүзеге асырады;
31) ведомстволық бағыныстағы білім беру мекемелерінің жарғыларын бекітеді;
32) білім беру ұйымдарында меншік нысандарына және ведомстволық бағыныстылығына қарамастан, Қазақстан Республикасының білім беру саласындағы заңнамасының және нормативтік құқықтық актілерінің, мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандарттарының, сондай-ақ ведомстволық бағыныстағы ұйымдардағы бюджеттік және қаржылық тәртіптің Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес орындалуына мемлекеттік бақылау жасауды жүзеге асырады;
33) Қазақстан Республикасының Президенті лауазымға тағайындайтын және лауазымнан босататын жекелеген мемлекеттік жоғары оқу орындарының басшыларын қоспағанда, ведомстволық бағыныстағы білім беру ұйымдарының бірінші басшыларын лауазымға тағайындайды және лауазымнан босатады. Білім беретін ведомстволық бағыныстағы ұйым басшысының орынбасарларын және бас бухгалтерін тағайындауға келісім береді;
34) педагог қызметкерлер мен оларға теңестірілген адамдар лауазымдарының үлгілік біліктілік сипаттамаларын әзірлейді және бекітеді;
35) мемлекеттік мекеме ұйымдық-құқықтық нысанындағы мемлекеттік орта білім беретін ұйымдардың басшыларын конкурстық тағайындау ережелерін бекітеді;
36) жоғары оқу орындарының профессор-оқытушылар құрамы мен ғылыми қызметкерлерін лауазымдарға конкурстық тағайындау ережелерін бекітеді;
37) педагог қызметкерлерді аттестаттау ережелерін бекітеді;
38) педагог кадрларды қайта даярлау мен олардың біліктілігін арттыруды ұйымдастырады;
39) салалық көтермелеу жүйесін әзірлейді және бекітеді;
40) шетелдік әріптестермен келіссөздер жүргізеді және өз құзыреті шегінде білім беру саласында, сондай-ақ ғылыми қызметте халықаралық шарттарға (келісімдерге) және бағдарламаларға қол қояды; білім беру ұйымдары жүзеге асыратын халықаралық ынтымақтастық ұйымдарының ережелерін белгілейді және осы жұмысты үйлестіреді;
41) шетелге оқытуға жіберу тәртібін белгілейді;
42) білім беру ұйымдарын мемлекеттік аттестаттауды және аккредиттеуді ұйымдастыру және оларды жүргізу жөніндегі нормативтік құқықтық актілерді бекітеді.
43) жоғары оқу орнынан кейінгі білімі бар, сондай-ақ республикалық бюджеттен қаржыландырылатын білім беру ұйымдарында техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білімі бар мамандарды даярлауға мемлекеттік білім беру тапсырысын орналастырады;
44) Қазақстан Республикасының білім беру саласындағы заңнамасының анықталған бұзушылықтарын нұсқамада белгіленген мерзімде жою туралы орындалуы міндетті жазбаша нұсқамалар береді.