Бір атаның балалары хикаят



Pdf көрінісі
бет2/4
Дата21.05.2022
өлшемі395,61 Kb.
#144258
1   2   3   4
Байланысты:
Бір атаның балалары 5-7
Өзбекстан Бакыткызы.А, аза стан тарихы 100 С РА -жауап, философия, РФРАТ 1, реферат -9
БІРІНШІ ТАРМАҚ.
ЗИГФРИД АХМЕТҰЛЫ
Ертеңіне Ахмет көрші ауылдан Жақан молданы шақыртып, неміс
баласының тілін кəлимаға келтіріпті деген сөз тарады. Молда сыйға
лақ сұраған екен, Ахан шарт етіп ашуланып, ішіп отырған шайының да
аяғын күтпестен, үйден қуып шығыпты. Хазіреті Ғали мың сан көпірді
діңге кіргізгенде кімнен лақ алып еді, азған атаңның аузы деп боқтап,
алды-артына қаратпай атына мінгізіпті де, ауылдың шетінен асырып,
айдап тастапты. Араға күн салмай кеңес басына барып, көптен бері
сыртқа шығудан қалған Сейітбек қожаны алып кеп, баласын сүндетке
отырғызған көрінеді. Жұрт тағы бір сойқанды күтіп еді, ондай шетін
хабар естілмеді. Қайта керісінше, Ахаңның үйіне қатысы бар əйелдер
қожа қозылы қой алып кетіпті десті.
Кешіне Ахаң бүкіл ауылды баласының асықжілік ұстар тойына
шақырды. Көптен қызылсырап жүрген жұрт үлкен-кіші, кəрі-жас
демей, тайлы-таяғы қалмай тегіс жиналды. Ахаң жалғыз сегін сойған
екен, бас-сирақ, ішек-қарнына дейін асыпты. Молынан жетті. Семіз ет
пен нəрлі сорпаға лықа тойған жұрт шай келгенде дастарқанға төгілген
ірімшік, құртқа қарай алмады. Тек шөлдерін басу үшін бір-бір шыны
ақсу ішісті.
Астан соң бригадир Берден ертең жұмыс барын еске салып еді,
басқарма тоқтау айтты. Жамиғат той көрмегелі екі-үш жыл болды,
отырып, көңілдерін көтерсін деген.
Əйелдер жағы қосылып өлең айтты. "Бір баладан" басталған əн
əуені көп ұзамай мұңға ауысты. "... Қай жерімнен келеді ойын, күлкі –
Жеті арал жерім-ай, – Сауықшыл елім–ай..." Осыдан соң-ақ кім
шығарғаны, қайдан тарағаны белгісіз, сөзі де қораш, əуені де олақ,
бірақ жұрттың дəл қазіргі көңіл күйіне сəйкес жаңа əндер айтыла
бастады.


Еркектер жағы шыдай алмай сыртқа шығысты. Не істерлерін
білмей, ананы-мынаны əңгімелеп, күңкілдесіп тұр. Көзге түртсе
көргісіз қараңғы түн. Биікте сансыз жұлдыздар жымыңдайды. Бұдан
бес, он, жиырма жыл бұрынғыдай. Жас. Қайғы-мұңсыз.
Іште əйелдер жамырай сұңқылдайды. "Ахау айдай ақыным –
Армияда жақыным, – Қолдан келер қайран жоқ, – Алла білсін
ақырын..." Əн емес, дауыс айтып жатқандай.
– Ау, не тұрыс, күреспеймісіндер, – деді Тоқажан.
Белсенуші болмады. Өңшең кəрі–құртаң. Ақыры бірін итеріп, бірін
сүйреп, қаумалап, ортаға екі шалды шығарды. Əуелде амалсыздан жай
ғана ұстасып жүр еді, көтермелеген айғаймен қыза-қыза шын күресіп
кетті. Бірі іштен шалып тастағысы келді, бірі жамбасқа салмақ болды,
əйткенмен ештеңе өнбеді, ырсылдап, күрсілдеп, ұзақ жүрді, ақыры
екеуі де шаршап, тұрған орындарында құлай кетісті. Қалғандары
қарқылдап күліп, дабырласып барып тоқтады. Сол кезде ғана аңдады,
үйдегі əйелдер əлі зар айтып жатыр екен. Дауыстары манағыдай
жамырап шықпайды. Бəрінің қайғысы, бəрінің тілегі бір арнаға
құйылған.
– Балаларды күрестірейік, – деді біреу.
Балалар əйелдердің əнінде де, шалдардың күресінде де шаруасы
жоқ, үй сыртында асыр сап жүрген. Үлкендердің кейбірі солай қарай
ойысып еді.
– Көкпар тартайық, – деді əлдекім. Орақшы Тілеубай екен.
– Ойбай, жетіқараңғы түнде...
Жер жағдайы белгілі ғой, бірақ, серке қайда, – деді екінші біреу.
– Ақа, сектің терісін əкеліңіз, – деді Тілеубай.
"Бүгін тартылмаған көкпар сірəда тартылмайды" деп ешкімге ырық
бермеді. Белдеуде қаңтарулы тұрған аттардың біріне мінді де, жас


теріні тақымына басып алып, қырға қарай қиқулап, тасыр-тұсыр шаба
жөнелді.
– Қап, мына жүгірмектің істегені-ай... – Бұл – бригадир Берден еді.
– Өзі өлсе ештеңе етпес, атты жазым қылатын болды-ау. Қайт-ей, қайт
кейін! – деді айғайлап.
Тілеубай əудем жердегі белеске шыға бере көлденеңдеп тұра
қалды. Жұлдызды аспанның аясында сұлбасы ғана қарауытады.
– Қайтпаймын-ау! – деді ол да айғайлап, – Бəріңді жерге қаратып
осы бетімде ауылға тартам. Тез енді. Ұзатып аласыңдар!
– Шыдап көр қорлығына, – деді Берден. – Астына мінгені қай ат?
– Көкдомбақ.
– Құртқан екен ғой. Оған бұл арада Ахаңның жирен қасқасынан
басқа ат жетпейді. Əкел бермен, қарасын үзбей тұрғанда.
Біреу белдеуден жиренқасқаны шешіп əкелді.
– Тез мінгізіп жіберіңдер.
Екі-үш адам сүйемелдеп, атқа мінгізісті. Бұл кезде Тілеубай да
жөнеле берген еді.
– Не екі аяқты бірдей ағаш қылам, не көкпарды алып қайтам, – деді
Берден. – Айт шүу, жануар.
Келесі сəтте қырқадан асып жоғалды.
Кенет жұрт жау шапқандай абыр-сабыр болды да қалды. Бірі
белдеуде тұрған аттарға, бірі ертемен жұмысқа жегілмек, қазір таяу
маңда жусап жатуға тиіс жылқыға қарай жүгірді.
Кейде өр жақтан, кейде ой жақтан шыққан топырлаған тұяқ даусы,
қиқулаған үзік-үзік айғай түннің бір уағына дейін басылмады.


Жылы қымтаулы төсекте жатқан, ет желініп бітпей-ақ ұйқыға
кеткен Зигфрид Вагнер ертеңіне таңертең Зекен Ахметұлы Бегімбетов
болып оянды.
* * *
– Еміс деп, орыс, қазақ деп бөлу пайғамбарға шет, құдайға күнə, –
деді Ахаң, əр үйде өткен той ырымы тарқап, əбігер басылған соң, бірде
қырманда, жаңа ғана құйып өткен соқыр жауыннан кейінгі рақаттыныс
үстінде отырған жұртқа. – Жарықтық үлкен əкем айтушы еді, бұрынғы
жайсаңдардан қалған сөз деп... – Қонышынан күміспен өрнектелген
мүйіз шақшасын алып, алақанын толтыра насыбай атты. Мұртын
ширатып, сақалын салалап, сəл бөгелді. – Алдымен тиянақсыз көк
аспан, содан соң тұрлаусыз қара жер жаратылды. Аспандағы ауа
қойылып бұлтқа айналды, бұлттан жауған нөсермен иіген жерге жасыл
шөп, гүл-бəйшешек, саялы дарақ, мəуелі жеміс шықты. Отты, суды
далада, қалың жынысты орман ішінде неше түрлі жан-жануар,
хайуанат өсіп-өнді. Ең ақырында солардың бəріне иелік ету үшін
адамзат келді дүниеге. Тағыны тізгіндеді, асауды бұғалықтады, құла
дүзді қан жайлау, меңіреуді елді мекен етті. Ол кезде ру аласы, ел
таласы болған жоқ. Жұрт тегіс шат-шадыман тұрмыс кешті. Өйткені
жер бетін қоныстанған алғашқы адамдардың барлығы бір атаның
баласы еді.
– Мұныңыз былай... зиянды пікір, – деді жұрт ішіндегі көзі ашығы
Дəуренбек. – Бəріміз маймылдан шыққанбыз.
– Қой, шырағым, мұның бос сөз, – деді Ахмет. – Жарықтық үлкен
əкем тағы бір сөзінде айтушы еді, арғы атамыз көк бөрі екен деп. Бірақ
құраннан ұшырата алмадым. Жер бетіндегі барлық жұрт Адам-Ата мен
Хауа-Анадан таралған дейді. Естуімше, тіпті, орыстың молдалары да
мұны теріске шығармайтын көрінеді. Адам-Атадан Əбіл мен Қабыл
туады. Қабыл...
– Мұның бəрі діңнің сандырағы, – деді Дəуренбек шорт кесіп. –
Ғылымның айтуынша, біздің атамыз маймыл. Жəне кім деп атасаңыз
да бір маймыл емес. Көп маймыл.


Қарттың мінезін білетін жұрт бір шатақтың шығуын күтті. Алайда,
ешқандай шатақ шықпады.
– Əркім өз атасын айтады, – деді Ахаң кеңкілдеп күліп. Тілінің
ұшымен төменгі ерніндегі насыбайын оңдады да, мойнын бұра бере
шырт түкірді.
Жұрттың бəрі күлген.
– Ғылымнан хабарыңыз жоқ, сөйте тұра дауласасыз, – деді боп-боз
боп кеткен Дəуренбек.
Есепшінің қаһарынан хабардар халық тына қалды.
– Рас, орыстың ғылымынан құр қалдық, – деді Ахан салмақпен. –
Мүмкін, сен айтқандай, маймылдан тараған шығармыз. Мүмкін,
құранда айтылғандай, бəріміз де Адам-Атаның ұрпағы болармыз.
Менің тоқсан жетіге келіп өлген бабам айтқандай, қазақтың атасы көк
бөрі, басқа жұрттардың атасы басқадай əртүрлі жануарлар болуы да
ғажап емес. Көріп келген ешкім жоқ, бəрі долбар. Бірақ жаңағы сенің
ғылымыңның өзі қазақтан орыс кем, орыстан еміс жаман деп
айтпайтын шығар. Сыртқы түр – перде. Ішін айт. Жүрегі қалай соғады,
бүйрегі кімге бұрады – соған қара. Ойын айт, пиғылын айт.
– Ұлы орыс халқының мақалы бар, – деді Дəуренбек.
– Қасқырдың күшігі қанша асырасаң да орманға қарап ұлиды екен.
– Менің баламды тұспалдағаның ғой, – деді Ахаң. – Əлі көрерміз,
қалай қарап
ұлырын, кімді бөксере қабарын. – Насыбайшы жұртты тегіс аралап
келген көк ала шақшасын қайтадан қонышына тықты. – Ақыр бос
отырсыңдар, қырман сорғығанша мен сендерге бір əңгіме айтып
берейін. Менің сегізінші атам Айбас, естулерің бар шығар, ту көтеріп,
қол бастаған аруақты батыр болған. Жасақ жинап, жауға көп
аттаныпты. Құба қалмақпен соғыс кезі екен дейді, бірде соңынан ерген
қолы ойсырап қайтыпты. Ол заманда ер арманы – жаудан өлу, жігіт


шəйіт болса арулайды, азалайды, бірақ бос жылап-сықтай бермейді
екен. Өлімнің орны бөлек қой, тек жаугершілік кезде қаза – үйреншікті
нəрсе болса керек. Өйткенмен де біреудің, кім екенін айтпаймын,
бəлки батырдың жамағайын ағасы шығар, бəлки, алыс та болса ел
сыйлайтын ақсақал шығар, əйтеуір бір сыйлы кісінің бес ұлы бірдей
садаққа ұшқаны жұрттың жанына қатты батыпты. "Əй, Айбас, – деген
екен сабазың көңіл айта келген батырға. – Бес ұл қатарынан жаудан
өлсе – шəйіт, ата-бабасының аруағы риза, мен бұған жыламаймын.
Бірақ түгел көкөрім еді, ешқайсысы артына тұяқ тастап үлгермеді,
мына мен қубас қалдым, өлсем шаңырағым құлайды, соған ғана
жылаймын, осыны ойладың ба?" – депті. "Ойладым", – деген екен
батыр. "Ойласаң, бабаңның салты сол, тез аттан, өлсең артыңда ұлың
бар", – деген екен қарғын. Батыр селдіреген жасағын тас түйін етіп,
қайтадан атқа қонып, əлденеше күн жорықтан соң, қазақты жеңдік деп
қамсыз жатқан жауға қайта тиіпті дейді. Басып, жаншып, бостыра
қуып, Алтайдың сыртына ысырып тастапты. Малға, дүние-мүлікке көз
салмаса керек. Бойы арбаның күпшегінен аспаған кішкене балаларды
ғана олжалапты. Елге əкелген соң қалай үлескенін кім білсін, жаңағы
бесеудің орнына келген бес ұлдың ұрпағы осы қалқозданудың алдыңда
неше ауыл боп, шалқып, толқып отырғанын өз көзіммен көрдім... –
Ахаң қамшысының сабына сүйеніп, орнынан тұрды.
– Қайда? Қазір қай колхозда? – десті отырғандар жамырасып.
– Біздің қалқозда, – деді Ахан мырс етіп. – Осы "Бесобада".
– Кім? – деді бірі.
– Ақсақал қалжыңдайды, – деді екіншісі.
– Сол жолы қаза тапқан ерлердің бодауына келген балалардың
біразының ұрпағы қазір осы арада отыр, – деді Ахаң атына мініп
жатып. – Мал егінге түссе біргəдір төбемді ояр. Кеттім. – Атын тебіне
бере артына бұрылды. – Біріңнің бетіңе бірің жақсылап қараңдар.
Мүмкін табарсыңдар. – Ахан басынан тымағын алып, сілкіп қайта киді
де, қарқ-қарқ күліп, егінжайға қарай шоқыта жөнелді.


Астына сабан төсеп, малдас құрған, жалдап үйілген бидайға
шынтақтай қисайған, жай ғана жүресінен отырған əйел-еркек, кəрі-жас
үдірейісіп бір-біріне қарасты. Əркім қасындағы, қарсысындағы,
маңындағы кісінің бойынан бөтен кейіп, өзгеше сыпат табуға
тырысты. Сəлден соң бəрінің де шұбасы қалмады; бұл отырғандардың
ішінде қазақ емес ешкім жоқ екен.
– Ақсақал бізді қатырып кетті, – деді əлдекім ақырында.
Бірі қиқылдап-шиқылдап, бірі ысылдап, бірі қырылдап, тегіс күлді.
Жамырап ұзақ күлді. Дəуренбектің:
– Жетеді енді, аз отырған жоқсыңдар, – деген ашулы үні шыққанда
əрең басылды.
Сыпырғышын сүйретіп, күрегін иығына сап əркім өзінің жұмыс
орнына қарай аяңдады. Күлкісін тия алмай, бірталайының иығы əлі
бүлкілдеп бара жатты.
***
– Əйткенмен де, дəл осы баланы таңдауыңызға не себеп? – деп
сұрар еді көңлі жақын замандастары.
– Рас, – дейтін Ахаң. – Ойым қазақ балаларында еді. Айыруға
қимадым. Əрі үлкені тым есті көрінді. Ұмыттырмас, түбі өзін табар
дедім.
– Ал одан басқалары ше?
– Ең тəуірі осы Зекен боп көрінді көзіме.
– Сонда да...
– Маған бəрі бірдей еді, – дейтін Ахаң. – Əйтсе де көп жетімнің
ішіндегі шын жетім осы екен. Обалынан қорықтым...
Көп ұзамай Ахаң тұрғыластарымен бас қосқан жерде бөтен сөзді
қойып, үнемі баласының жайын əңгімелейтін болды.


– Өзі ұғымтал, – дейтін мақтанып. – Аса зирек. Бірақ биыл
мектептен қалады. Тілі бастықсын. Оған да қарамай беріп жіберер
едім, келмей жатып кісі үйінде тұрған соң тасбауыр боп кете ме деп
қауіптенем.
– Осы атаңның аузын ұрайынның қазаққа бір шатысы болса керек,
– дейді тағы бірде насыбайын алшысынан атып отырып. – Жылқыға
жаны құмар. Ноқай неме, алды, арты демейді, кеше жиренқасқаның
бауырынан өтіп ойнап жүр.
– Тіпті, бөтендігі жоқ, – дейді келесіде басын шайқай масаттанып.
– Алғашқы күндері үркек еді. Қазір мені мен шешесін қойшы, осы
бəріңе, бүкіл ауылға бойы үйреніп қалды.
Үлкендер Ахаңның əр сөзін бəреукелділеп қостап, бас изеп
мақұлдағанымен, бала-шаға жағы Зигфридті бірден мойындамады.
Маңына көп жолай қоймайды. Əкесінің қасында жүрген кезде ғана
дұшпандық ниет танытпайды. Онда да беріліп ойнамайды.
Үлкендердің көзі тайған сəтте қазақ боп бөліне кетуге, реті келсе
зорлық жасауға, бірдеңесін тартып алуға бейім тұрады.
Бірақ Зигфрид кекшілдігі жоқ, жайдары бала боп шықты. Көбіне
жалғыз ойнайды. Əкесінің тымағын айналдырып киіп, көк шыбықты
ат қып мініп, күнұзақ үйінің қасында асыр салады. Таяу маңда бала
көрінсе болды, қол бұлғап шақырады. Қарамаса соңынан жүгіреді. Тек
алысқа ұзамайды.
Ептеп қазақша сөйлей бастағаннан бері ауыл балаларымен арадағы
алалық азайды. Бірлі-жарым балалар өзі іздеп келетін болды. Оларды
тартқан Зекен бе, Зекеннің апасы алдарыма қоятын тостаған толы май
бидай ма, əлде тұлпар даңқы бар жиренқасқа ат па – тек осы арасын
ажырату қиын еді.
Зигфрид кім келсе де жақсы қарсы алады. Бар-жоқтыны адал
бөлісіп жеген соң, беті сүйекпен зерленген қазақы ағаш төсектің
басына ілулі тұрған, ала ешкінің бітеу сойылған, жүні сыртына қараған
мойын терісінен жасалған ұзыншақ дорбаны алып, түбінен көтеріп,
ішіндегісін сау еткізіп жерге төгеді. Əкесі атпен үй-үйге арнайы


шығып, бір-ақ күнде жинап, өз қолымен тамыр дəріге, қою қынаға
бояп берген сары ала, қызыл күрең асықтар. Неше жыл жатқан сандық
түбінен апасы əперген, атыла-атыла əбден мүжілген, бірақ əлі де қолда
ойнап тұрған үлкен қоңыр құлжа.
– Менде де асық бар, – дейді көзі жайнап кеткен қонақ бала.
– Жахсы, – дейді Зигфрид. "Қ" ға əзір тілі келмейді, "қ" мен
айтудан қашады. Үйреніп үлгерген сөздерінің ішінде "қ" əрпі кездесіп
қалса үнемі "х" етіп жібереді. Басқа қазақы дыбыстардың бəрін де айта
алады. "Ғ" ны да, "ү" ні де, "ə" ні де. Ал "н" ды орынды, орынсыз,
мөлшерден тыс көп қолданады: – Ханша асх сеңкі?
Қонақ бала қанша асығы барын білмейді.
– Көп, – дейді біраз ойланып барып.
– Жахсы, – дейді Зигфрид салмақпен. – Меңкі көп-көп. Меңкі
хырх... хырх... апа, ханша?
Қырық тоғыз, жарығым, – дейді жүн түтіп отырған апасы.
– Меңкі хырх тоғз асх.
– Менің де қырық тоғыз асығым бар, – дейді сан білмейтін қонақ
бала əйтеуір көптік мағынадағы сөз болар деген шамамен.
– Жахсы... жахсы... – дейді Зигфрид қонағын арқасынан қағып. –
Сеңкі хұльжа бар?
Бала өтірік айта алмайды. Үндемей қалады.
– Хұльжа... архар... блесң?..
– Осындай құлжаны мен де тауып алам, – дейді жеңілгісі келмеген
қонақ бала.
– Бұль хұльжа Нарым... бет ағамдікі! Маған тастаған. Соғыста
өлген. Меңкі үш аға соғыста өлген. Сеңкі неше аға өлген?


– Менің ағам əлі тірі, – дейді қонақ бала.
– Трі... не? Апа, не трі?
– Өлген жоқ, айналайын. Бір жерде жүр.
– О-о! – дейді Зигфрид қуанып. – Меңкі өлген.
Қонақ бала біржола жеңіліп, айтарға соз таба алмайды.
– Меңкі үш аға өлген... Кіммен соғыста, апа?
– Кəрманмен, күнім.
– Кəрманмен соғыста меңкі үш аға өлген.
– Менің ағам да өледі, – дейді ағасының тірілігі зиянға шыққан
қонақ бала. – Ертең өледі.
– Сеңкі аға трі, – дейді əбден жеңіп алған Зигфрид. – Меңкі үш аға
өлген. – Үш саусағын көрсетеді. – Келім... бет... Жолым... бет...
Нарым... бет... – Əр ағасының атын атаған сайын бір саусағын бүгеді.
Алдымен бас бармақ, содан соң сұқ саусақ, ең соңында ортан қол. –
Енді мен біреу, – дейді жұмылған үш саусағының орнына жалғыз
шынашағын шошайтып. Мен мынау... – Содан соң бас бармағын
көрсетеді. – Мынау болады. Көкем айтхан.
Ауыл балаларымен кездесу үнемі дəл осындай түсініскен достық
жағдайда өте бермейтін. Əсіресе ересектерімен. Алғашында өзенді
бойлай тығылып кеп, сыртта ойнап жүрген Зигфридті жылқының
кепкен тезегімен атқыласты. Сиыр сауып отырған апасы орнынан
тұрғанша, талдың арасына еніп, зым-зия болды. Келесі жолы үй
маңынан ұзаңқырап кеткенінде айтақтап күшік қосты. Енді бірде
шомылып жатқан үстіне бара қалса, ұстап ап, бет-аузына қан-қара етіп
батпақ жағын қоя беріпті. Зигфрид екі көзі ғана жылтырап, бақырып
үйге келгенде Ахаң қатты ашуланды. Атына мінді де, Зигфридті сол
балшық-балшық күйі алдыңа өңгеріп ап, су басына шауып жетіп келді.
Неміс баласы біреуді ертіп əкеледі деп ойламаған, ойласа да атпен, əрі


мұнша тез келеді деп күтпеген ауыл балалары тегіс тыр жалаңаш таяз
суды шалпылдатып, мəре-сəре боп жатыр екен, тым-тырақай қашты.
Бірақ киімдері жағада қалған, ұзай алмай, арғы қабақтағы талдардың
арасына тығылды. Ашулы ақсақал өзеннен өтсе, одан да əрі қашуға
ыңғайланып, су-су шаштары үрпиіп, жылт-жылт сығаласып тұр.
– Əй, өңшең қара сирақ! – деді Ахан айқайлап. – Сендер кім деп
жүрсіңдер! Мынау – менің балам. Нарымбеттің інісі. – Ересектеу екі-
үш баланың атын атап шақырды. – Мына Зекеннің бетінің балшығын
жуыңдар. Суға малтытып үйретіңдер. – Сөзіне жауап күтпестен
Зигфридті жерге түсірді. – Бар, ойна. – Атының басын бұрды да,
артына қарайламастан аяндап жүре берді.
Сол күннен бастап Зигфридті ешкім сыртқа теппейтін болды. Өзі
де ойынға тоймайтын бала екен. Таңертеңнен кешке дейін өзен
бойында жүреді. Балалармен бірге у-шу боп суға түседі. Құмнан
қорған соғады, балшықтан үй қалайды. Жапырақ желкен керіп,
қамыстан қайық жасайды. Тас лақтырып қаймақ жалатады. Өтірік
малтып қақ ойнайды. Ақыры кешке үлкен жұмыс басынан келгендей,
шаршап жығылады. Таң ата тағы кетеді.
Үш-төрт аптаның ішінде аяғын күс басқан қара сирақ қара торы
бала болды да шықты. Шашы ұстарамен алынған тақыр басы да
қарақұйқа. Бірақ түр-тұлғасы əлі де бөлек. Тұнық көкпең көк көзі,
ақшыл сары кірпігі мен қасының өзінен бұл баланың бөтен нəсіл екені
айқын танылатын. Əйткенмен, бұған жұрттың көзі үйреніп қалған еді.
Көп ішінде бұрынғыдай аңдағайлап тұрмайтын сияқты. Тілі де
біршама бастыққан. Балалардың арасынан жақын достар ғана емес,
алты атадан, жеті атадан табысатын қандас туысқандар да табылды. Ес
білетін ересектері, тіпті, Нарымбет ағаға тартқан десетін. Аханның
үлкен ұлы Келімбет соғыста неміс əйелін алыпты, содан қалған бала
екен деп те соғушылар болды. Əйтеуір көп ұзамай Зигфрид балалар
мемлекетінің тең мəртебелі, хан сайлауға, "Айгөлек" ойнауға, алысуға,
күресуге толық хақысы бар қатардағы азаматы боп шықты. Басқа
балалармен қол ұстаса тұрып: "... Қанжығадан қан керек. – Тебінгіден
тер керек, – Маған анау тұрған пəленнің қу басы керек" – деп қыза


айғайлайтын, иық тірестіре отырып "Хан жаман" деп еркін сөйлейтін
дəрежеге жетті.
Ойын ұзаққа созылмады. Сентябрь туа мектеп жасындағы, егіс
жұмысына жарамайтын балалардың да мойнына құрық түсті. Ойын
балаларының ересегі Зигфридтің өзі боп қалды. Ұйымдастырушылары
жоқ өңкей шиборбай. Əрі күн салқындай бастаған. Асық ойнаудың да,
суға шомылудың да қызығы азайды. Оның есесіне Зигфрид жаңа
ермек тапқан.
Алғашқы күндерден бастап əкесінің алдыңа мініп үйренген еді,
ойын сұйылған соң мүлде атқұмар боп алды. Ахаңның өзі де
Зигфридті жанынан тастамайды. Үнемі алдыңа алып жүреді. Мал
қайырғанда да, қырман басына барғанда да. Тіпті үй арасында да. Ахаң
түскенде Зигфрид ат үстінде қалады. Əуелде ердің қасына жабысып
отыратын. Көп ұзамай, тізгін ұстап өз бетімен жүріп-тұратын дəрежеге
жетті. Екі-үш жасынан ашамайға мініп, ертоқым үстінде жеткен өзі
құралпас балалардай ат құлағында ой-намағанымен, тумысында жуас
жиренқасқаны суарып келіп, қырға шығып, арлы-берлі аяңдап, тіпті,
қопаңдап желіп, əжептəуір боп жүрді. Кемпірінің қарсылық
білдіргеніне қарамастан Ахаң Зигфридті егінді қарауылдап келуге,
бірлі-жарымды малды қайырып тастауға жұмсай бастады. Ата жолы
солай, ат үстінде жүріп үйренсін деген. Көп болса жығылар. Аттан
жығылмаған қазақ жоқ. Аттан жығылып өлген қазақ тағы жоқ.
Əйткенмен, жиренқасқаның айылын берік тартатын да, таралғыға аяқ
салмауын қатты тапсыратын. Көп ұзап шықпауын, мезгілінде қайтуын
қадағалайтын. Кешігіп бара жатса жаяулап соңынан іздеп кететін.
Онсыз да мазасыз жұмысының үстіне жұмыс қосып, ай бойы тыным
таппады. Ақыры мақсатына жеткендей болды. Зигфрид салт жүруге
əбден үйренді. Əкесі құсап ат үстінде еркін, оң жақ жамбасына қарай
қисая, немқұрайды отырады. Желгенде онша қопақтамайды. Тіпті, ой-
қырға қарамай, ағыза шапқаннан да қорықпайды.
Түнде күшкөлік бағатын Ахаң күндіз жөндеп тыныға да алмайтын.
Егін қору керек. Жегінге ілінбеген немесе көбең тартсын деп екі-үш
күнге арқасын босатқан ат, айғыр өз алдыңа. Ауылда үй басы дерлік
сиыр бар. Жаңа астыққа жеткенге дейін, тіпті, жеткеннен кейін де


қоректерін айыруы соның арқасы. Молшылық кезде сиырды мал деп
білмеген қазақ қазір анық кедейдің қолы осы екеніне көзі жеткен.
Бірақ Ахаң үшін бар пəле сиырдан басталады. Күнұзақ күзететіні осы
он бес сиыр.
Күн шығар-шықпаста күшкөлікті ауылға əкелген бетінде, жаңа
сауылған сиырларды жиып алып, қырдан асыра айдап тастайды. Үйге
кеп, бел шешіп отырып, шайын ішіп бітер-бітпесе: "Ойбай, Нəкеннің...
Зекеннің əкесі, сиыр егінге кетіп барады", – дейді, шай құя отырып,
ара-тұра сыртқа шығып, қарауылдап кеп жүрген кемпірі. "Əп-п, мұрны
пысылдаған атаңның аузы..." – деп бір сыпап алып, Ахаң атқа қонады.
Сиырдың алды өзенге жетіп қалған. Сол қабақ – төгіліп тұрған егін.
Ахаң барғанша сиырлардың алды ауыз салып үлгерері сөзсіз. "Қайт!"
дейді Ахаң ақырып. – "Қайт кейін!" Сиырлар алыстан шыққан
жарлықты естиді. Тыңдамаса шатақ боларын біледі. Амалсыз қарсы
алдыңда тұрған тəтті тағамнан бас тартады. Аз-маз ақылы барлары өзі
бұрылып, кейін қарай аяндайды. Ақылсыздары кейін бұрыла
қоймайды. Алға да баспайды. Қашан Ахаң өзі барып айдағанша не
егінді қимай, не кері кете алмай, сілекейі шұбырып, бір орында
теңселіп тұрады.
Ахаң қамшы үйіріп, бар сиырды жайымен айдап, – ұрса, қуса сүті
қашады, – тағы қырдан асырады. Бұл жолы манағыдан ұзатыңқырап
тастайды. Мейлі. Арада бірер сағат өтпей, бар сиыр өңкілдеп, тағы да
егін жаққа қарай беттейді. Соқа тартатын өгіз, лобогрейкаға жегілетін
ат, қырман айдайтын құнан, тай, астық артатын түйе – үш-төрт
түліктен құралған елу қаралы күшкөлікті түні бойы қалт еткізбей
бағатын, ара-арасында ердің қасына сүйеніп ат үстінде, кейде, тіпті,
жерге түсіп, тонына оранып жатып та ұйықтап, тынығып алатын Ахаң
күнұзаққы мынадай өнімсіз тірліктен əбден қажып бітетін.
Зигфрид атқа үйренгеннен бастап Ахаңның арқасы кеңіді.
Таңертең ұлын атқа мінгізіп жібереді де, рахаттанып отырып,
шайын ішеді. Тіпті, бірер сағат мызғып та алады. Күндіз кеп қалды
деген қауіппен қайта-қайта атқа қонбайды. Зигфрид шоқытып барып,
сиырлардың қай шамада жүргенін байқап қайтады. Ахан төбесі көкке
жеткендей мəз болады. Кемпірінің баланы пəлеге ұшыратасың деген


сөзін тыңдамады. Қырық шақырымдық бəйгеге шабатын кезі деді. Мен
дəл мұндай күнімде Қояндыға мал айдасып барғам деді. Өз бетімен
осылай еркін жүрсе тез есейеді деді. Əйтеуір өз айтқанын істеді. Өстіп
тайраңдап жүргенде Зигфрид шынында да пəлеге ұшырады. Тек
Зигфрид қана емес.
Əкесінің тапсыруы бойынша, Зекен малды алыстан ғана
қарауылдауға тиіс еді. Егінге қарай беттесе тез үйге жетуі қажет. Атқа
Ахаң ауысып мінеді.
Əлде тапсырманы ұмытты ма, əлде балалықпен өзімнің де
қолымнан келер деп ойлады ма, бірде Зигфрид егінге тақап қалған
малды өзі қайырмақ болды. Қолына шолақ қамшы ұстаған кішкене
баладан, оның шіңкілдеген айғайынан сиырлар ыққан жоқ, алға қарай
баса берген. Желе шауып жүріп бірін қайырса, екіншісі қашып,
екіншісіне беттесе үшіншісі бой бермей, ақыры бар сиыр дүркірей
шауып, шарасы таусылған Зигфридпен бірге егінге кеп түскен. Осы
кезде лобогрейкашылар мен орақшылардан келе жатқан есепші
Дəуренбек те жетті. Жапырылған егінге де, жас бидайды құныға асаған
сиырларға да қараған жоқ, жиренқасқаны қамшымен сауырынан
тартып-тартып жіберіп, Зигфридті алдыңа салып айдай жөнелді. Қос
аттың дүбірі мен "Аттан, аттан! Жау шапты! Неміс шапты!" деген ащы
айғайдан үркіп далаға шыққан Ахмет қамшы үйіріп, Зигфридті
тықсыра қуып келе жатқан Дəуренбекті көргенде абдырамай, аял да
қылмай қарсы айғай сап, сойылға жармасқан. Жиренқасқа белдеуге
кеп, тұмсық тіреп тұра қалғанда, ақ сойылды көрген Дəуренбек
астындағы атын жерошақтан қарғыта жалт бұрылды. Əйтпесе ашулы
шалдың қағып түсіруі кəдік еді. Сол бұрылған күйі қайтадан егінге
қарай шапқан. Өксіп жылап, жиренқасқадан домалап түскен Зигфридке
де қарамастан, сойылын сүйреткен күйі атқа міне сала жаудың
соңынан қумақ болған Ахаңды кемпірі жібермеді.
Кешке екеуі басқарма алдыңда табысты. Дəуренбек: "Қызметімді
сыйламай, сойыл ала жүгірдің, қандай хақың бар? Кімге қоқан-лоқы
жасамақсың? Маған ба, əлде үкіметке ме?" – деді. Ахмет: "Қаршадай
баламды қамшының астына алмақ болдың. Жетім көрдің бе, жесір
көрдің бе? Неге басынасың?" – деді. "Зигфрид Вагнер егінге малды


қастандықпен түсірді, – деді Дəуренбек. – Айдап əкелгенін өзім
көрдім". Ахаң "Астапыралда!" деп жағасын ұстап отырып қалды. Сөз
таба алмай, таңдайын қағып, басып шайқай берді. "Немістің аты неміс,
– деді бел ала бастаған Дəуренбек. – Осыны ұмытпауымыз керек.
Соғысты шығарған кім? Сенің үш ұлыңды бірдей жалмаған кім?"
"Балаларымның атын арам аузыңмен былғама", – деді Ахаң. Даусын
көтермесе де ызбармен айтты. Бірақ бұл кезде Дəуренбек күшейіп
алған еді. "Немістің аты неміс, – деді бастапқы сөздерін қайталап. –
Сен оларды білмейсің. Мен білем. Мына көзіммен көрдім. Екі жыл от
кешіп, соғысқа кіргенде, қатерге бас тігіп қан төккенде ауылда
алдымнан неміс шықсын деп жүрді деймісің. Жоқ, көнбеймін бұған.
Көнбеймін! Жəне жол бермеймін! Апарып қайта өткіз. Көзін құрт.
Əйтпесе сен де жаусың. Халық жауысың!.." Ахаң қалшылдап кетті.
Араға басқарма түспегенде Дəуренбектің басына қамшы оратылары
сөзсіз еді. Сабасына түскеннен соң да ыза буып сөйлей алмады. "Нағыз
халық жауы сенсің, – деді бар болғаны. – Сен немістен де жамансың.
Сен нағыз пəшиссің". Енді Дəуренбек кеуделеді. Бірақ басқарма оқыс
ақырып қап оны тез басты. Содан соң Ахаңа кейіді. Бірде ұрса отырып,
бірде ақыл айтып, екеуін де кінəлі қылды. Дəуренбек қолма-қол ғафу
өтінді. "Қателік өтті, қызулық жасадым, неміспен соғыста қаным
бұзылыпты, өзімді-өзім ұстай алмаймын", – деді. "Айтқан сөз –
атылған оқ, қайтпайды; баурыма салған балама тіл тигізді", – деп,
Ахаң өз кезегінде кешірім сұрамай қойды. Əйткенмен, екеуінің де жүзі
жылып, татуласқан кейіпте айрылысты.
Бес-алты күннен соң ауылға қызыл ала жағалы бір топ адам сау ете
түсті. Əлдекім Ахмет шалды сыртынан көрсетіпті. Ата тегі қалмақ деп
басқарманы, тағы сол сияқты біраз адал совет адамдарын ғайбаттады,
ұлттар достығына қайшы келетін сөздер айтып, үгіт таратып, тылдағы
еңбекшілердің арасына іріткі сап жүр депті. Бұл түк емес-ау, үйіне бір
фрицті паналатып отыр, шашын алғызып, киімін өзгертіп,
жұртшылықты алдамақ, тіпті, есіміне дейін жаңадан қойды, бірақ ол
адамның аты-жөні Зекен емес, Зигфрид Вагнер, не орысша, не қазақша
білмейтін таза неміс депті. Қару асынып, сайланып шыққан кісілер
Зигфрид Вагнердің кім екенін көрді. Басқарма да, өзге жұрт та Ахмет
шалдың теріс үгіт жүргізгенін растамады. Кісілердің қаһары қайтып,


ашулары біраз басылды. Зигфридке тиген жоқ, əйтсе де Ахаңды
өздерімен бірге əкетті.
Ахан бес-алты күннен соң оралды. Аудандағы дөкейлердің бірі
үлкен ұлы Келімбетпен бірге оқыған, кезінде шалдың өз үйінен де дəм
татқан адам екен. Сол шығарып алыпты. Аузыңа ие боп жүр деп
ұрысса керек. Пəлелі баладан да құтыл деген кеңес беріпті. Ахаң
аузына ие болуға уəде бергенмен, баладан өз еркімен айрылуға
көнбепті. Кемпірі де, ауыл-аймақта кəрі шалдың ақталып шыққанына
қуанысты. Əйткенмен де, сөз Зигфридке келгенде, бəрі де тығырыққа
тірелген. Ахаңның айтқанындай, заңның шешуін күтті.
Келер аптада ауданнан арнайы уəкіл келді. Зигфридтің əкесі
советке қарсы күреспеген көрінеді. Оны аз десеңіз, қызыл əскерде
үлкен кəмəндір бопты. Қайдан барғанын кім білсін, ЬІспан деген елде
қаза тауыпты. Пəшистермен соғыста. Қырық екінші жылы шешесі де
өлген соң детдомға алыныпты. Балада кінə жоқ депті уəкіл.
"Апыр-ай, – десті фашист атаулының бəрін неміске балайтын жұрт.
– Неміс пен неміс те соғысады екен ғой. Əлде Зекпірейдің əкесі неміс
емес пе?.."
Жоқ, неміс көрінеді. Сондықтан Зигфрид Вагнердің бұл ауылда
тұруына болмайды. Ойдағы "Қызыл ту" колхозына немістер көшіп
келмек. Зигфрид те сол араға орын аударуы қажет. Ахмет Бегімбетов
қоса көшем десе қарсылық жоқ.
Көп ұзамай, қараша үйімен, барлық мал-жайымен Ахаң төменгі
колхозға көшіп кетті.




Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет