Бір суреттің сыры: Сұлтанбекке серік болған Ескендір



Дата31.12.2019
өлшемі25,44 Kb.
#54118
Бір суреттің сыры: Сұлтанбекке серік болған Ескендір
Созақтың Жаныс ата ауылында Тілеу деген кісінің ұрпақтары туралы әңгіме күні бүгінге дейін айтылады. Тілеу өткір тілді би, ауыл ағасы, тонның жағасы болған қадірменді кісі екен. Тілеудің үшінші баласы қазақ тіл білімінің негізін қалаушылардың бірі Ісмет Кеңесбаевтың әкесі ұзын бойлы, сұлу кісі болған. Молдадан оқып, хат таныған. Құс салып, тазы жүгірткен шебер саятшы, аңшы екен. Домбыраны да жақсы тартқан. Созақтың әйгілі күйшісі Сүгірмен замандас, жерлес, жақын жолдас болыпты. 

Кеңесбай 1937 жылы ауылда 80 жасқа келіп қайтыс болады. Осы әулеттен би де, болыс та,­ ірі-ірі ғалымдар да шыққан. Олар­дың біразы жазықсыз жала­мен ұсталып, 1937-1938 жылда­ры қуғын-сүргінге ұшыраған. Ол­ азаматтардың қай-қайсысы да «ұлтшыл», «халық жауы» деген жаламен ұсталып жазалан­ғандықтан, кезінде олар туралы айтылмады, жазылмады. Елбасы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласы аясында тұлғалар туралы да тереңірек, толығырақ жазуға мүмкіндік туып отыр.

Тілеу әулетінен қуғын-сүр­гінге ұшырағандардың бірі қа­зақ­тан шыққан алғашқы заңгер Ескендір Ерімбетұлы еді. Ескен­дір 1904 жылы наурыз айында Оң­түстік Қазақстан облысы, Созақ ауданы, Жаныс ата ауылын­да дү­ниеге келген. 1917 жылға дейін ауыл мектебінде оқиды. 1917 жылы әкесі оны Түркістан қаласындағы интернатқа апарып орналастырады. Бұл жерде 1920 жылға дейін білімін жал­ғас­тырады. Бұдан соң 1922 жыл­ға дейін Ташкенттегі қазақ-қыр­ғыз институтында оқиды. 1923-25 жылдар аралығында Ташкент университетінің заң фа­культетінде дәріс алады.

Оқу­ын бітірген соң Шымкент, Қызылорда губерниялық сотында прокурор болып істейді. Жазушы Сәбит Мұқановтың «Адас­қандар» («Мөлдір махаббат») романындағы бас­ты кейіпкердің бірі Бүркіттің прото­типі Сұлтанбек Әбуов екені оқыр­ман қауымға кеңінен таныс. 1928 жылы 29 сәуірде Мұстафаны өлтір­ген Сұлтанбекке қатысты Қызыл­орданың жазғы клубында өткен ашық сот процесіне сот ағасы Ес­кен­дір Ерімбетұлы болған. Ол тура­лы «Еңбекші қазақ» газетінде (29 сәуір, 1928 жыл) жазылған. Міне, осындағы сот ағасы болып отырған Ерімбетұлы Ескендір Ісмет Кеңесбаевтың ағасы.   

Астана Алматыға ауысқан соң 1930-1932 жылдар аралығында Алматы губерниялық және қала­лық прокуроры болды.

1932 жылдың шілдесінен 1933 жылдың қазан айына­ де­йін Мәскеудегі сот және про­курату­ра ісі бойынша басшы қызмет­керлер дайындайтын жоғары курс­та оқиды, сонымен қатар бұл аралықта РСФСР Жоғарғы Соты­ның мүшесі болды. Бұл 1 жылдық курс болғанымен, бағдарламасы жоғары оқу орнына жатқан болу керек. Ескендір атамыздың қайтыс боларынан 8 ай бұрын, 1952 жылы 22 сәуірде өз қолымен жазылған өмірбаяны Ташкент архивінде сақталған. Сол өмірбаянда: «Образование юридическое-высшее. Окончил высшие курсы руководящих работников суда и прокуратуры г. Москва в 1933 г.» деп жазылған.

Мәскеудегі заң қызметкерлерін дайындайтын жоғары курсты тәмам­даған соң Алматыға оралып, бұрынғы прокурорлық жұмысына қайта кіріседі. «Қызмет бабында қателіктер жіберді» деген сияқты әртүрлі желеумен 1937 жылы тамыз айында партия қатарынан шығарылады, ал осы жылдың жел­тоқсанында қызметінен де алынады. «Кеңес өкіметіне карсы ұйымдастырылған ұлттық ұйымдармен байланысы бар» де­ген күдікпен НКВД органдары бақылауға алады. «Тықыр таян­ғанын сезген болуы керек, осы кезде ол ебін тауып біраз уа­қыт Мәс­кеуге кетіп қалады. Ол жақ­та да аңдымады дейсің бе, 1938 жы­лы Ташкентке өтеді. «Аңдыған жау­ алмай қоймайды». Ташкент қала­сындағы бір танысының үйін­де отырғанда ұстайды да, ешқан­дай дәлелсіз 3 жылға соттайды», дейді қызы Мағрипа апай.

Ескендір 3 жыл мерзімін өтеп, 1941 жылы 18 сәуір күні үйіне қайта оралады. «Бір жыл жеке камерада ұсталды. Ұрып-соққан болу керек, келгенде бір құлағы естімейтін еді. Жүрегі де нашарлаған, 37-ден аман калғанына шүкіршілік еттік, дейді Мағрипа апай. – Өкініштісі сол, – әкем ақталғанын өзі көре ал­май арманда кетті. «Халық жауы­ның балалары» атанған біз де әкеміз ақталғанға дейін еңсе­мізді көтере алмай жүрдік емес пе? Көрген құқайымыз да аз емес. 1937 жыл. Әкем себепсіз жұмыс­тан алынып, ізденбекші болып Мәскеуде жүрген кезі болатын. Біреу есік қақса, үрейленіп отырамыз. Бір күні шешеміз шашымызды ретке келтірмек болып, шаштаразға алып кетті. Қайтып келсек, қара киім киген біреулер заттарымызды сыртқа шығарып жатыр екен. Ол кезде Красина көшесіндегі 43-үйде тұратынбыз. Верандасы бар 4 бөлмелі жеке үй еді. 1935 жылы әйгілі Сұлтанбек Қожанов отбасымен Алматыға келгенде, сол үйде күткен едік. Кейін бұзылып, орнына «Отырар» қо­нақ үйі салынды»,  деп аяқтады әңгі­месін.

Ескендір 1941 жылы 13 тамызда Қызыл Армия қатарына шақырылып, 1943 жылдың 15 маусымына дейін қызмет етеді. Әскери борышын өтеп келгеннен кейінгі кезеңде оған өз мамандығы бо­йынша жұмыс бермейді. Бір жылдай Ащысай және Мырғалымсай руднигінде директордың орынбасары болып жүреді де, 1944 жыл­дың қыркүйегінен бастап ауыл шаруа­шылығы саласына жіберіледі. Со­дан осы салада әртүрлі кішігірім қыз­мет­тер атқара жүріп, 1952 жы­лы желтоқсан айының 26-сы күні жүрек ауруынан Шымкент қала­­сында қайтыс болды. Сүйегі Арыс өзенінің бойындағы Темірлан ауылында жатыр.

Ескендірдің бес баласы бол­ған. Үлкені Қасымбек 1925 жы­лы туған. Ашғабадтағы әске­ри мектепті бітіріп, офицер ата­ғын алған. Взвод командирі қыз­метін атқара жүріп, 1943 жылы Беларусь майданында шейіт болады. Кіші баласы – Ұлықбек милиция полковнигі, Шымкентте. 1927 жылы туған қызы Мағрипа апай қазір Алматыда тұрады. Құдай қаласа, биылғы желтоқсан айында 90 жасқа толады. Ұлы Отан соғысы жылдарынан кейін Шымкенттегі мұғалімдер дайындайтын институттың қазақ жастарына орыс тілін оқыту факультетін бітіріп, мектепте ұстаздық етті. 

Мағрипа апайдың үйіне бір барғанымда ол кісі шкафтағы альбом арасынан 8 адам түскен бір суретті алдыма әкеліп қойды. Екінші қатарда түрегеп тұрған үшеудің ортасындағы мұртты жі­гіт­тің Сұлтанбек Қожанов еке­нін бірден таныдым да, калған­дарын айыра алмадым. Апай сурет тарихына байланысты былай деді: «Сұлтанбек Қожанов пен менің әкем жерлес болғандықтан ба, әлде рухани жақындықтан ба екен, әйтеуір, бір-бірімен араласып, жақын қарым-қатынаста болды. 1935 жылы Қазақстанның 15 жылдығы тойланды. Тойға Сұлтанбек Қожа­нов Ташкенттен өз машинасымен келді. Бала-шағаларын да ала келіпті.

Мұнда келген соң ол кісі­ні менің әкем алып жүрді. Отбасымен бірге үйде де күттік. Мына сурет сонда түсірілген. Тұрғандар: сол жақтан бірінші – әкем Ескендір, ортада – Сұлтанбек Қожанов, касында тұрған шофері Полищук, отырғандар: сол жақтан бірінші Сұлтанбектің зайыбы Күләнда, екінші – қызы Зиба. Ортадағы – ұлы Арыстан. Ғылым кандидаты еді. Марқұм болып кетті. Одан кейін отырған Күләнданың туыс апайы. Ал ең шетте отырған Күләнданың әпкесі Ләтипа апай. Белгілі кинорежиссер Сұлтан Қо­жықовтың анасы. Әкем Өзбек­станда ұсталып, сонда сотталған ғой. 1959 жылы «ақталды» деп Өзбекстан Жоғарғы сотының төрағасы У.Ибрагимов қол қойған анықтама қағазын алдық. Бір папка етіп тігілген ісін де қа­рап шықтым. Түгел оқуға дәтім жетпеді. Өйткені жапқан жала­ларының бәрі – жалған. Қойған сұрақтарының біразы Сұлтанбек Қожановпен арадағы қарым-катынасына байланысты болып келеді. Ісінен ешқандай кінә таба алмаған ғой, сондықтан амалсыздан баптарын көрсетпей, еңбекпен түзеу лагеріне 3 жылға соттапты».

Сұлтанбектің қызы Зиба Таш­кенттегі мединститутта­ оқы­ған. Институттан 4 рет шыға­рыл­ған. 8 жыл оқып, Алматыда бі­тір­ді. Қуғындаудан қашып, Мәс­­кеу­ге кеткен екен. Сонда тұ­рып қалады. Бұл күнде марқұм Мағ­рипа апай екеуі дос, сыйлас, сырлас, мұңдас болған. Әкесінің 100 жыл­дық мерейтойына қатысу үшін 1994 жылы Алматыға келген. Сол жолы Мағрипа апайдың үйін­де екі күн қонақ болыпты. Мына суретті сол жолы алып келген екен. Бір данасын Мағрипа апайға қалдырып, екінші данасын Созақ ауданының орталығы – Шолаққорғанда ашылған әкесінің мұражайына тапсырмақ болып алып кеткен екен.

Ескендір ағамыздың өнерге де, өлеңге де жақын жүргендігі бай­­қалады. 1952 жылы 20 жел­тоқсанда әскерде қызмет етіп жүр­ген баласы Алтайдың мезгілсіз қай­тыс болғаны туралы хабар алады да, анық-қанығын білу үшін Орынборға өзі суыт жүріп кетеді. Бірақ жерлеуіне үлгере алмайды. Баланы жер қойнауына беріп қойған екен. Қабірін сүйіп қоштасып, 23 желтоқсанда кері қайтады. Жолда келе жатып, ішкі шерін, мұң-зарын араб әліпбиімен маржандай етіп қағаз бетіне түсіріпті. «Арман» деген өлеңі бауыр­ларымен бақұлдасу түрінде жазыл­ған.  

Дұшпан күліп, дос жылар қайғы түсті,  

Ешкімге кез қылмасын мұндай істі.  

Тағдырға тән берумен жүреміз де,  

Дерт-қайғы тұс-тұсынан қонған күшті, 

– дейді. ‒ Не болғанын, қалай болғанын айтуға да мұршасы келмеді. Келе құлады. Сол күні түнде, 26 жел­тоқ­санда жүрегі соғуын мәңгі тоқ­­татты. Жолда жазған мына өлең­­дерін де бертінде анамыздың сан­­дығының түбінен алдық, – деді қызы Мағрипа апай мұңлы үнмен. Міне, осылай Сұлтанбек Қо­жанов, Темірбек Жүргенов, Ілияс Қабылов сынды тағы басқа да зия­лылармен үзеңгілес жүрген атпал азамат Ескендір Ерімбетұлы ердің жасы елуге де жете алмай, көз жұмды, арманда кетті.  Туған жерге қызмет еткен аза­мат­тардың өмірі жас ұрпаққа өш­пес өнеге. Тұлғаларды дәріптеу – рухани жаңғырудың бір саласы. Бұл іс зиялы қауымды, бізді қуан­тады. Оңтүстік Қазақстан облысы, Созақ ауданында көшелердің біріне арманда кеткен Ескендір сын­ды асыл ағамыздың есімі бе­рілсе деген ұсыныс білдіргіміз келеді.

Әжібай КЕРІМҰЛЫ, филология ғылымдарының  кандидаты,

доцент «Егемен Қазақстан» 31.01.2018 
Каталог: rukhani-zha-yru
rukhani-zha-yru -> Бағдарламасы «Рухани жаңғыру»
rukhani-zha-yru -> Мағжанның 125 жылдығы аясында 250-ге жуық іс-шара өтеді
rukhani-zha-yru -> Жаңғыруға темірқазық болған шаһар
rukhani-zha-yru -> «Соңғықазақ Герольд Бельгер» әдеби портреті Литературный портрет «Последний казах – Герольд Бельгер»
rukhani-zha-yru -> Биографиялық фильмдердің бәсі биік болуы тиіс Кейінгі кезде «Еуразия бірінші арнасынан»
rukhani-zha-yru -> «Высокогорье его прозы» кітап сандықшасы Книжный сундучок «Высокогорье его прозы»
rukhani-zha-yru -> Қытайдан келген қазақ
rukhani-zha-yru -> Болашақ – латын әліпбиінде
rukhani-zha-yru -> Музей тарихпен тілдесу мүйісі


Достарыңызбен бөлісу:




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет