Жасылэвгленаның тіршілігі, сыртқы құрылысы және қозғалуы. Дене тұрқы 4-500 микро миллмметрден аспайтын жасыл эвгленаны органикалық заттары мол тұщы суқоймалардан, жағаға жақын су түбінен жиі кездестіруге болады. Эвгленаның пішіні сүйір жапыраққа ұқсас, денесінің алдыңғы жағы доғалдау, артқы жағы сүйірлеу келеді. Амеба тәрізді эвгленаның денесінде де нақтылы қабыршақ болмайды, дегенмен цитоплазмасы дене пішінін сақтайтын тығыздау келген сыртқы қабатпен қапталады. Сондықтан эвгленаның дене пішіні өзгермейді. Біржасушалы эвглена денесінің алдыңғы жағынан ойыс байқалады. Бұл – эвгленаның жұтқыншағы. Жұтқыншақта жіп тәрізді талшық орналасады. Талшық – цитоплазманың созындысы, эвгленаның қозғалу мүшесі. Эвгленаның алдыңғы жағындағы талшық ширатылып, тарқалғанда және толқындана иілген кезде жәндік доғал жағымен алға қарай жылжиды.
Қоректенуі. Микроскоппен қарағанда эвгленаның жасушасынан көптеген жасыл тақташаларды – хлоропластарды көруге болады. Бұл 20 шақты тақташаларда хлорофилл болғандықтан, эвглена өсімдіктер тәрізді жарықта денесіне органикалық заттарды фотосинтез тәсілімен жинақтайды. Цитоплазмаға жинақталған кенеулі заттарды эвглена ашыққан кезде қорегіне пайдаланады. Бұл – эвгленаның жасыл өсімдіктер тәрізді қоректенуі. Ал денесінде жасыл тақташалар болмаған кезде (әсіресе қараңғы кезде) эвгленалар жануарлар тәрізді қоректенеді, яғңи органикалық заттарды денесіне сіңіреді. Бұл кезде эвгленаға судағы шіріген органикалық заттардың ерітіндісі қорек болады. Денесінде болатын жасыл тақташалар эвгленаны жасыл етіп көрсетеді, сондықтан жәндік жасыл эвглена деп аталады.
Жасыл эвглена судағы шіріген органикалық заттардың ерітіндісімен қоректенетіндіктен, су тазартқыш жәндік болып табылады.