3. ӨЗДІК ЖҰМЫС ТАПСЫРМАСЫ
Сұхбат алатын журналистердің алдында сөз сөйлегендей, кем дегенде бес адамның алдында өз жобасын таныстыру. Әрі қарай кері байланысты орнату.
10-БӨЛІМ. ДАМУ СТРАТЕГИЯСЫ
10.1. ТАҚЫРЫБЫ. БИЗНЕСТІ КЕҢЕЙТУ
Бизнесті кеңейту
Франчайзинг
Маркетинг және тікелей сауда аутсорсингі
Сату жүйесін жақсарту
Филиалдар ашу
Агрессивті маркетинг
БИЗНЕСТІ КЕҢЕЙТУ
Сіздер осы уақытқа дейін көп нәрселерді, атап айтқанда, команданы қалай жинайтынын, бизнес-идеяны қалай таңдайтынын, бизнес-жоспарды қалай жасау керектігін, мақсатты аудиторияны табуды, өнімді сату жолдарын, клиенттерді тартуды және ұстап тұру тәсілдерін, келіссөздерді қалай жүргізу керектігін, қандай ресурстардың қажеттігін, алда болатын шығындарды және т.б. үйрендіңіздер
Енді сіздің жұмыс істейтін бизнесіңіз бар делік: операциялық қызмет ретке келтірілген, тұрақты клиенттеріңіз бар, барлық қызметкер өз міндеттерін біледі, шығын мен табысыңыз тұрақты. Дәл осы сәтте кез келген бизнестің иесі өзіне: «Әрі қарай не істеуім керек? Тағы да қалай дамуға болады?» деген сұрақтарды қояды.
Осы мәселені талқыламас бұрын бизнестің қалай және ненің есебінен дамитыны жайында болжам жасап көріңіздер.
Кәсіпкерлік қызметке қызығушылық білдірген әрбір адам бизнесті кеңейту туралы естіген болар. Бизнесті кеңейту дегенде, ең алдымен, кәсіпорынның жеке кеңеюін түсінеміз. Оның негізгі екі жолы бар: не бизнестің қолда бар бірлігін кеңейтесіз, не дәл сол қағидат бойынша жаңа бизнес ашасыз.
Мысалы, сіз шағын азық-түлік дүкенін сатып алдыңыз. Одан кіріс түсе бастағанда бұл сауда нүктесін кеңейту жайында ойлану керек. Оның басқа жолы – тағы бір дүкен ашу.
Бұл ретте бизнесті кеңейту дегенде адамдарды емес, жүйенің кеңеюін түсіну керек. Яғни кондитерлік дүкені бар кәсіп иесі авторлық рецепт бойынша нан-тоқаштарды өзі пісіретін болса, оны кеңейту мүмкін емес. Ал егер мәселен, басшысы тек ұйымдастыру және басқару мәселелерімен айналысатын туристік агенттік туралы сөз болса, онда мұндай бизнесті кеңейту өте орынды болмақ, өйткені оның иесі бірыңғай жүйе бойынша және бір брендпен жұмыс істейтін агенттіктердің желісін жасап, өзінің кірісін айтарлықтай көбейте алады.
Кеңейтудің мағынасы осында жатыр: бір кеңсемен немесе бір сату нүктесімен салыстырғанда, желінің капиталдануы жоғары болғандықтан, оны кеңейту бизнестің пайдасын бұрынғыдан да өсіреді.
Егер адам өзінің сүйікті ісімен айналысатын болса, ол әрқашан сонымен айналысады және өзінің шеберлігін уақыт өте келе шыңдайды. Адамдар өз кәсібін тастамайды және қолдарынан келетін және өздеріне қуаныш сыйлайтын іспен шұғылданады. Сондықтан кәсібіңізді шегі жоқ саладан бастағаныңыз жөн. Сонымен бизнесті қалай кеңейтуге болады?
Достарыңызбен бөлісу: |