ЗИЯЛЫЛЫҚ (ағл. сөзі intellectualism – интеллигенттік) – кәсіби түрде ой еңбегімен, шығармашылықпен, мәдениетті дамыту, таратумен (ғылым, өнермен шұғылданатындар, заңгерлер, инженерлер, дәрігерлер, журналистер және т.б.) айналысатын адамның қасиеті. Адамның жоғарғы мәдениетін, ақыл–парасаты мен адамгершілігінің жиынтығын біріктіретін З. тұлғаның ұлттық және жалпыадамзаттық құндылықтарды тарихи тұрғыдан түсініп, бағалай білуі, әлемдік және ұлттық мәдениет туындыларын талғампаздықпен белсенді игеруі, ізгілік және әділеттілік сезімдерінің молдығы, басқа жанға, жалпы адамзат баласына сүйіспеншілігі, өзге ой–пікірге төзімділігі және т.б. қасиеттерінен аңғарылады. ХХ ғасырдың басында қазақ зиялыларының бір тобы қазақ қоғамының саяси мәдениетінің қалыптасуының негізін қалады.
Интеллигенция жөнінде көптеген теориялар бар. Егер шығыстық дәстүрде зиялы қауым деп белгілі патша айналасында топтасқан аздаған ойшылдары, ақындары бар сарай қауымы есептелсе, Батыста бұлай деп өзін тек ой, өнер жұмыстарына, рухани ізденіске арнаған топты атаған. Батыста зиялыны интеллектуал десе, Ресейде интеллигенция деген. Орыс интеллигенциясы әрдайым қарапайым халық жағында болып, өзін билікпен ымырасыз күресте қалыптастырған. Қазақ даласындағы Алаш қозғалысының өкілдері де сондай болған. Кеңес дәуірінде кеңес үкіметіне берілген партиялық интеллигенция пайда болды. Бұл таза идеологиялық, қолдан жасаған құбылыс еді. Қайта құру дәуірінен бері кеңес интеллигенциясының ең үздіктерінің Батысқа көшуі басталды. Қазіргі посткеңестік интеллигенция өзінің бұрынғы қадірлі мәртебесін орнықтыруға талпынуда.
ИГІЛІК – адамның белгілі бір қажеттерін қанағаттандыратын, оның ниеттеріне, мақсаты мен мүддесіне сәйкес келетін, рухани және материалдық байлықты білдіретін жалпы ұғым. И. табиғи және қоғамдық болып бөлінеді. Табиғат И–тері – табиғи үдерістердің, мысалы, топырақтың құнарлылығы, жер асты пайдалы қазба байлықтары. Қоғамдық И–тер – адам қызметінің нәтижелері. Екі жағдайда да И. ненің болса да әлеумметтік анықтамасы, оның адам үшін пайдалылығы маңызды болады.
Материалдық және рухани И. сұраныс, қажеттерді қанағаттандыру шарттарына байланысты ажыратылады. Сондықтан материалдық И–ке азық түлік, киім–кешек, баспана, өндіріс құрал жабдықтары және т.б. жатса, рухани игілікке – білім, рухани мәдениеттің жетістіктері, адамның мінез–құлқынан көрінетін адамгершілік қасиеттері және т.б. жатады. Адам бойындағы жасампаздық мүмкіндіктер ең жоғарғы И. болып табылады.
ИМАНДЫЛЫҚ – жалпы алғанда адамның қоғамдағы, күнделікті өмірдегі іс–әрекеттерін белгілі–бір қалыпқа түсіретін ішкі рухани реттеуіш қадыр–қасиеті, адам бойындағы адамгершілік, ізгілік, кісілік белгісі. Мұсылмандық дүниетаным бойынша–дінге ден қойған тақуа адамның қасиеті. Ал, иман – жүректегі нұр, нұрдың сыртқы болмысы, яғни И. – Алла тағалаға иман еткен адамға бітетін көркем мінез. Алла жіберген әрбір пайғамбарының міндеті – иман мен имандылыққа уағыздау деп саналған. Ең соңғы пайғамбар Мұхаммед (с.а.у.) «Мен ең ғажап көркем мінезді толықтыру үшін жіберілдім» – деу арқылы әлемдегі тәлім–тәрбие мен И–тың қаншалықты маңызды екенін көрсеткен, И–қа өзі бірінші үлгі болған. Алла тағала адамды иман мен имандылық үшін жаратқан, сондықтан: «Алланың мінезінен үлгі–өнеге алыңдар» (Мұхаммед (с.а.у.) пайғамбар) – деп уағыздалды. И–тың негізін мұсылмандар Құранда деп біледі. Құран Кәрімнен ең көп үлгі алған Мұхаммед (с.а.у.) пайғамбардың мінезі жайлы Хазіреті Айша: «Оның мінезі – Құран», – деп жауап берген. Құранда: «Негізінен иман етіп ізгі іс жасағандар, намазды толық орындап, зекет бергендерге Раббыларыңның жанында сыйлық бар», – делінген (Бақара, 2/277). Бұл аяттағы ізгі істер, діни ұғым бойынша имандылық болып табылады. Қазіргі зайырлы өркениетті қоғамда да имандылық – аса қастерлі, биік адамшылық қасиет ретінде ұғынылады. И–қа қарама–қарсы жағымсыз сипат – имансыздық.
И–тың шыққан тегі дінде болса, кейін бұл ұғым әдептілік пен кісілікті білдіретін басты құндылыққа айналды. Иман дегеніміз ардан аспау, ақылдан алжаспау. Тілмен жеткізіп, сөзбен сипаттау. Арқылы жететін иман: көркем сөз, куәлік сөз, бірлеу сөз, тойтару сөз, тілеу сөз және ұлықтау сөз. Алланың қасиеті мен сипатын арлау. Олар: оның барлығы, мәңгілігі, періштелері, пайғамбарлары, бірлігі, жекелігі, ақырет күні, тірлігі, білуі, есітуі, көруі, қалауы, күші жетуі, жаратуы, сөйлеуіиманның түрлері: тілмен айтып, жүрекпен бекітетін иман; шешімге келетін қорытынды иман; риясыз иланатын толық иман, не сенімсіз күй кешетін әлсіз иман өмір сүреді. Ал аталмыш иманның ақ–қарасын білу үшін адам мен хайуанды һәм жақсылық пен жамандықты айырып, ажалдың уақыт әмірі екендігін мойындап, зұлымдық пен өтіріктен сақтанып, мінез мінін кетіріп, адам өзін өзі таныса құдайын да ұмытпасы хақ. Сонда ғана адам іске икемді, мінезге бай болары анық.
И.– ар өлшемі екендігі даусыз. Ел шетіне жау тиіп, ер намысын қайраған сол қилы заманда тұлпар мініп, ту алған біртуар ұлдар, алдаспанын ата жауының қанына суарып, шөліне орман, жұртына қорған болумен қатар, суырып–салма ақын, жыраулық өнерді қатар алып жүріп, қанатты сөздерімен, ақиқат өткір жырларымен өздерінен кейінгі буынға үлкен үлгі–өнеге бола білді.
Әдебиет: Ахмад ибн Ханбал – Муснад, Веһби Уылдыз – Илһам қайнаклары, 1977. Қазақ халқының философиялық мұрасы. Т. 12. Қазақ этикасы мен эстетикасы. Астана: Аударма, 2007; М. Иса (ҚҰЭ – 4 том, 246 бет).
ИМПРОВИЗАЦИЯ, суырып–салмалык (лат. іпргоvіsus – кеңеттен, тұтқиылдан) – көркем туындыны орындау кезінде өнерпаздың аяқ астынан туындыға өз жанынан жаңалық қосып, оны орындауды жалғастырып әкетуі. И. поэзияда, музыкада, театрда, биде, т.б. кездеседі. Кәсіби өнердегі И–ның тууы, иегізінен, халық шығарм–ғымен тығыз байланысты. Ежелден–ақ көптеген халықтарда айрықша белгілерін көрсететін суырып салушылар болған. Қазақ халқын ақын–жыраулары, шешендері, күйшілері, әншілері И–ның озық үлгісіи көрсеткен. Өзге түркі тілдес халықтарға қарағанда қазақта И. жалпы ұлттық сипат алған. Муз. И. алғашында ортағасырлық Еуропада (вокалдық діни музыка) тарады.
19 ғ–да көрнекті композиторлар (Л.Бетховен, Н.Паганини, Ф.Лист, т.б.) шығармаларында басты орын алды. И. қазақ музыкасында көне заманнан белгілі. Халық музыканттары И. молынан пайдаланды. Олар қалыптасқан ойға, әуен–ырғаққа сүйене отырып, музыканы еркін вариациялап, оны байытып, дамытып отырды. Қазіргі кезде И. джаз музыкасында өрістеп келеді. Комп–лык шығар–қта да И. муз. бейнелерді дамыту, сомдау үшін қолданылады. "Фантазия", "Экспромт", "Прелюдия", "И.", "Вариация" сияқты туындылар И–мен біршама байланысты. Мыс, М.Сағатовтың виолончель мен фортепьяноға арналған "Импровизациясы", Е.Рахмадиев, С.Мұхамеджанов, Н.Меңдіғалиев, М.Қойшыбаев, т.б. композиторлардың халық әндері тақырыбына жазған вариациялары. Б и д е г і И. – ежелгі дәуірлерден–ақ үлттық ойын–сауықтардың басты шарттарының бірі болып саналады. Шығыста би И–сы халық ойындарында ғана емес, кәсіби би өнерінде де сақталған. 20 ғ–дың 2–жартысында И. көпшілік билерінің басты элементтерінің біріне айналып, бал, спорт билерінде (чарлстон, твист, шейк, брейк, аэробика, ырғақты гимнасти–ка, т.б.) кең өріс алды. Театрдағы И. – мәтінсіз сахналык сауықтарда актердің алдын ала дайындықсыз–ақ өзі ойнайтын рөлінің сөздерін жанынан шығаруы. Халық театр шығарм–ғында туған И. Ежелгі Шығыс (қазіргі театрларда да кездеседі), көне, ортағасырлық, Қайта өркендеудегі театрларда да бой көрсетті.
Әдебиет: Қазақ мәдениеті. Энциклопедиялық анықтамалық / Бас сарапшы Әшірбек Сығай. – Алматы: Аруна Ltd, 2005. – 656 б.
Достарыңызбен бөлісу: |