ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ КОНСТИТУЦИЯСЫ – Қазақстан мемлекетінің Ата заңы1995 жылы 30 тамызда қабылданған
1995 ж. наурызынан бастап егемендіктің тағы бір белесі басталды. Ол республиканың Конституциялық Сотын танумен, Жоғары Кеңес депутаттарының өкілеттілігіне қол сұғылмайтындығымен, Қазақстан халықтарының Ассамблеясы ашылуымен байланысты.
1995 жылы 30 тамызда республикада бүкілхалықтық референдум өтті, нәтижесінде Қазақстанның жаңа К. қабылданды. Дауыс беру еліміздің қалалары мен ауылдарындағы 10253 сайлау учаскелерінде жүрді. Бұл К–ның 1993 жылғы К–дан айырмашылығы оның мазмұнының сапасында еді. Жаңа К–ға алғаш рет азаматтың құқына қатысты ғана емес, адам дүниеге келген сәттен одан ажырамас құқықтарына да қатысты нормалар енді. Ол бойынша Қазақстан Республикасының Президенті саяси жүйенің басты тұлғасы болып табылады, билік тармақтарынан жоғары тұрады. Бұл президенттік басқару жүйесіндегі мемлекетке сай келеді. Парламент туралы конституциялық бөлім өзгерістерге ұшырады. 1995 ж. желтоқсанда екі палаталы (жоғарғы палаталы – Сенат, төменгі палаталы – Мәжіліс) Парламентке сайлау өткізілді.
Ата заң қабылданған күн демалыс – мемлекеттік мереке – ҚР К–ның күнi деп жарияланды. Бұл жаңа К. Қазақстанның төртiншi Ата заңы (1937, 1978, 1993, 1995). Оның құрылымы кiрiспеден, 9 бөлiмнен, 98 баптан, көптеген тармақтар мен тармақшалардан тұрады. Жаңа Конституцияның ең жоғары заңдық күшi бар және ол ҚР–ның бүкiл аумағында тiкелей қолданылады. Мұның өзi Конституциялық нормалар мен заңдардың басқа нормативтiк құқықтық актiлердiң нормаларынан үстем екендiгiн көрсетедi. Кейiнгi екi К.–ның алдыңғы екеуiнен елеулi айырмашылығы сол – бұлар тұңғыш рет мемлекеттік тәуелсiздiктi, егемендiктi және Қазақстан халқының толық билiгiн бекiтiп, одан әрi орнықтырды. Жаңа Ата заңда құқықтық мемлекеттiң қалыптастырылу бағыттары, азаматтардың құқықтары мен бостандықтары, соның iшiнде жеке адамның жан–жақты еркiндiгi, идеологиялық және саяси әр алуандығы (сөз және шығармашылық бостандығы, саяси партиялар мен бұқаралық партиялар, сондай–ақ бұқаралық қозғалыстар бiрлестiгiн құру еркiндiгi), халық билiгiн жүзеге асыратын демократиялық амалдар, экономикалық қатынастардың қызмет етуi әлемдiк талаптарға сәйкестендiрiлген. Оның нормалары тұрақты, жалпы мәнде ұзақ жылдарға бейiмделiп тұжырымдалған. ҚРК барлық заң салаларының негiзi болып табылады, ал оның нормалары басқа заңдар үшiн басты қағида болып есептеледi.