БӨЖ Қазақ мемлекетінің сыртқы саясаты мен дипломатиясы Әбдіманап Ақбота
101 топ
Мектепке дейінгі оқыту және тәрбиелеу
Қазақ хандықтарының сыртқы саясаты мен дипломатиясы (15-17 ғасыр), Қазақ хандығы 15 ғасырдың 60 жылдарының ортасы мен 70 жылдарының басында (Мұхаммед Хайдар Дулатидің есебі бойынша 1465-66 ж.) Батыс Жетісуда құрылды.[1] Оның негізін қалаушылар Керей хан мен Жәнібек хан болды. Қазақ хандықтарының сыртқы саясат жөніндегі бағыт-бағдары және дипломатиялық қатынасы белгілі бір дәуірдегі ішкі, әсіресе сыртқы жағдайға сәйкес өзгеріп отырды.Жәнібек хан мен Керей ханның дипломатиясы Жәнібек хан мен Керей ханның одақтық қатынас орнатқан тұңғыш мемлекеті Моғолстан болды. Бұл достық одақ 1468 ж. Шығыс Дешті Қыпшақтың билеушісі Әбілхайыр ханныңЖетісуға, ойраттардың (қалмақтардың) Моғолстанға шабуыл жасауына байланысты құрылып, 16 ғасырдың 30 жылдарына дейін созылды. 1468 ж. Әбілхайыр хан өлген соң Шығыс Дешті Қыпшақты билеу үшін Өзбек ханның мұрагерлерімен күрескен қазақ хандары Шайбани әулетімен билікке таласып жүрген Жошы әулетінен шыққан Ахмет ханмен, Махмұт ханмен, Ибақ ханмен және т.б. одақтасты. Қазақ хандары сыртқы саясатта, ең алдымен, Шығыс Дешті Қыпшақ мемлекеттерінің ежелгі экономикалық және саяси орталығы болған Сырдария бойындағы Сығанақ, Сауран, Отырар, Ясы (Түркістан) және басқа қалалардағы өз билігін нығайтуға күш салды. Ал олардың Дешті Қыпшақтағы негізгі бәсекелесі Әбілхайыр ханның немересі Мұхаммед Шайбани хан да қазақ даласындағы халықтарды билеу және одан кейін Орта Азиядағы Темір әулетінің қол астындағы жерлерді жаулап алу үшін Оңтүстік Қазақстанның осы қалаларына арқа сүймек болды. Дешті Қыпшақтағы және Түркістан қалалары үшін ұзаққа созылған күрес 15 ғасырдың ақырында Сырдария бойындағы бірқатар қалалардың қазақ хандарының қол астына көшуімен және Шайбани әулетінің Орта Азияға ығысуымен аяқталды. Шайбани әулетімен уақытша бітім жасалды. Қасым ханның дипломатиясы
Қасым хан Қазақ хандығы Қасым хан (1511-1532) тұсында күшейе түсті. Ол Жетісудағы өз иелігін едәуір ұлғайтты, Жетісудағы қазақ руларын қазақ хандығына қосып алды. Қасым хан Мәскеу мемлекетімен де дипломатиялық байланыс орнатты. Қасым ханнан кейін қазақ хандықтары әлсіреп, сыртқы саясатта да өзгерістер болды, Таһир ханның (1523-33) Шайбани әулетімен Сырдария бойындағы қалалар үшін соғысы сәтсіз аяқталды. Ноғай Ордасы маңғыттарымен соғыста да жеңіліп қалып, моғолдармен одақты нығайтудың жолын іздеді. Алайда Жетісуда өз үстемдігін қайта орнатуға тырысқан моғолдың феодал билеушілері бұған қарсы шықты. Ақыры 16 ғасырдың 30 жылдарында қазақ хандары мен моғол билеушілері арасындағы достық қатынас біржолата үзілді. Моғолстан ханы Әбд ар-Рашид хан (1533 ж. таққа отырды) Шығыс Түркістанда жайылымдық жердің жетіспеуіне байланысты болған экономикалық қиындықтардан құтылу үшін өзбектермен – шайбани әулетімен одақтасып, бұрынғы жерлері – Жетісу мен Тянь-Шаньды қайтарып алуға тырысты. Қазақтар қырғыздармен одақ құрып, Жетісу және Тянь-Шаньдағы өз иеліктерінің тәуелсіздігін сақтап қалды. 16 ғасырдың 2-жартысында Қазақ хандығының сыртқы саяси жағдайы бұрынғыдан да қиындай түсті. Абд Рашид ханмен ұзаққа созылған соғыс, ойраттардың (қалмақтардың) Жетісудың шығысына қысымы, Ноғай ұлысы мен Сібір хандығының шабуылға әзірленуі, Мәскеу мемлекетінің 1552 ж. Қазан, 1557 ж. Астрахань хандықтарын басып алғаннан кейін қазақ даласына жақындауы – осының бәрі қазақ ханы Ақназарды (1538-80 ж. билік құрған) өзбек ханы Абдолла ІІ-мен «антасқан шарт» жасауға мәжбүр етті. Қазақ хандары Ақназар, Шығай (1580-82 ж. билік еткен), Тәуекел (1586-98 ж. билік құрған) Абдолла ІІ-ге Ташкент билеушісі Баба сұлтанның бүлігін басуға көмектесе отырып, Сырдария бойындағы қалалардағы өз жағдайларын жақсарта түсуге тырысты. 16 ғасырдың ақырында Ресеймен экономикалық және дипломатиялық байланысты нығайту қазақ хандықтарының бұл кездегі жағдайын бір шама жақсартудың маңызды факторы еді. Тәуекел ханның дипломатиясы Тәуекел хан 1583 ж. өзбектермен «анттасқан шартты» бұзып, Бұхараға қарсы Ресеймен саяси одақ құруға қадам жасады. 1594-95 ж. Құлмұхаммед және Вельямин Степанов басқарған елшіліктер алмасылды. Ресейдің Аболла ІІ мен Көшімге қарсы соғыста Тәуекелге көмек көрсетуі, сауда қатынасын ұлғайту, қазақ ханының Ресей азаматтығын қабылдауы жайлы келіссөздер жүргізілді. Тәуекел хан Ресейдің қолдауымен Сырдария бойындағы қалалар үшін ұзаққа созылған күресті сәтті аяқтады. Тәуекелдің мирасқоры Есім ханның (1598-1628 ж. билік жүргізген) 1598 ж. Бұхарамен жасасқан бітім шарты бойынша Түркістан мен Ташкент қазақ хандығына берілді. Қазақ хандығының 17 ғасырдағы сыртқы саясаты үш бағытта жүргізілді; аштархан әулетінің қазақ билеушілерін Ташкент пен Түркістаннан ығыстыруға тырысқан әрекетіне қарсы күрес; орыс мемлекетімен қарым-қатынасты бұрыңғыдан да нығайта түсу; Жоңғар хандығының шапқыншылығына қарсы тәуелсіздік үшін күрес. Ал 80 жылдары Жоңғар хандарының Оңтүстік Қазақстандағы қысымы күшейді. Бұл кезеңде қазақтар мен орыстардың саяси және экономикалық байланысы жаңа сатыға көтеріле бастады. 1686-98 ж. Тәуке хан (1680-1718 ж. билік жүргізген) Сібір арқылы Ресейге бес елшілік жіберді. Жоңғарлардың шабуыл жасау қауіпі күшейе түсуіне байланысты Қазақстанның Ресей қарамағына өтуі бірінші кезекті мәселеге айналды. Қазақстанның сыртқы саяси қызметінің қалыптасуы
ҚР басшылығы дипломатиялық қызметке КСРО СІМ-де жұмыс істейтін қызметкерлерді шақыруды жөн деп тапты. СІМнің ұйымдастыру міндетінің ең маңыздысы оның құқықтық базасын құру болды. Шет елдердің сыртқы саяси ведомстваларының тəжірибесін, халықаралық құқық құжаттарын талдай келе 1992 жылы 2 шілдесінде «ҚР СІМ туралы» ереже қабылданды. Бұл құжат бойынша СІМ Қазақстан Республикасының сыртқы қатынастарды жүзеге асыратын орталық органы болып табылады. Бұл ереже СІМ-нің құрылымы мен персоналын, дипломатиялық қызмет жүргізу тəртібін, дəрежелердің берілуін, қаржылық жəне материалды техникалық қамтамасыз етілуін анықтады.
Шетелдегі дипломатиялық қызметтің инфрақұрылымын ұйымдастыру мақсатында 1992 жылы 2 шілдесінде Президенттің жарлығы бойынша «ҚР елшілігі туралы», «ҚР төтенше жəне өкілетті елшісінің құқықтары мен міндеттері туралы» ережелер қабылданды.
Осы ережелерді басшылыққа ала отырып Қазақстан Республикасының шетелдегі қызметі жүзеге асырылды.
1993 жылы 28 қаңтардағы ҚР конституциясының қабылдануы да ҚР халықаралық қатынастардың субъектісі ретінде саяси өмірге қатысуына кепілі болды.
Ал 1997 жылы «ҚР Дипломатиялық қызмет туралы заңы» қабылданды. Бұл заң ҚР дипломатиялық қызметінің құқықтық негізін құрайтын, реттейтін маңызды құжат болып табылады.
2002 жылы 7 наурызында осы заңға түзетулер мен өзгертулер енгізіліп қайта қабылданды.
КСРО СІМ-нің орталық аппаратында қызмет істеген жəне егемен Қазақстанның сыртқы саяси мекемесін қалыптастыруға қатысушылардың бірі болған қазақстандық дипломат Сəлім Əлмағанбетұлы Құрманғожин «Қазақстанның тəуелсіздікке қол жеткізуі – ата-бабаларымыздың ғасырлар бойы аңсаған армандарының орындалуы» деп баға береді.
Өзге одақтық елдер сияқты Кеңес Одағының құрамында болған кезде, Қазақстан ішкі жəне сыртқы саяси еркіндіктен қол үзген болатын. 1922 жылы 30 желтоқсанда шыққан «КСРО-ның құрылуы жайлы» Келісімшарт, 1924 жылғы КСРО Конституциясы (1-бап), 1936 жылғы КСРО Конституциясы (14-бап) негізінде барлық негізгі сыртқы саяси құзіреттілік Кеңес Одағында сақталды. 1977 жылғы КСРО Конституциясында Одақтық елдердің сыртқы байланыс саласында бекітілген қызметтері тек сөз жүзінде болды.
Тек 1990 жылы 25 қазанда қабылданған «Мемлекеттік егемендік туралы Декларация» мен 1991 жылы 16 желтоқсанда қабылданған «Мемлекеттік тəуелсіздік туралы» Конституциялық Заң негізінде Қазақстан өзінің мемлекеттілігін, дербестігін жəне тəуелсіздігін қайта қалыптастыру жолына түсті.
Сол кездегі көптеген саясаткерлер Қазақстанның өмір сүруге қабілетті мемлекет ретіндегі болашағына сенімсіздікпен қарады. Танымал американдық саясаткер З. Бжезинский «Орталық Азия Көшбасшысы рөлі Өзбекстанға тəн» деп баға берді. Оның пікірінше, Қазақстан шекарасының ашықтығы, оның Ресей мен Қытай алдындағы əлсіздігі, елдегі күрделі демографиялық жағдай жас мемлекеттің əлсізденуіне əкелуі мүмкін еді. КСРОның алғашқы да соңғы Президенті М. Горбачев те Қазақстанның болашағына сенімсіздікпен қарады.
Қазақстанның халықаралық жүйенің ажырамас бөлігіне айналуы жас қазақстандық дипломатиялық қызметтің негізгі міндеті болды. Тəуелсіздік алғанға дейін Қазақстанның өзге елдермен ешқандай дипломатиялық қатынастары жəне шетелдегі қазақстандық дипломатиялық өкілдіктері болған емес. Сыртқы саясаттың қалыптасуы мен өзіндік дипломатиялық қызметті құру – тəуелсіз мемлекеттің ерекше белгілерінің бірі. Тəуелсіздік алған жылдары жас Қазақстан кейбір қиыншылықтарға тап болды. Қазақ халқында деген бір дана сөз бар: «Басқа жерде сұлтан болғанша, өз еліңде ұлтан бол». Бұл өте жауапты кезең еді – ішкі еркіндік пен соған берілу уақыты, өз мемлекетіне қол ұшын беруге деген ынта.
Қазақстан Республикасы сыртқы саясатының қалыптасуына алғашқылардың бірі болып еңбек сіңірген, белгілі қазақ дипломаты Сəлім Құрманғожин сол кездерді былайша еске алады: «Біз жұмысқа таңғы сағат жетіде келіп, түн ортасында үйге қайтатынбыз. Біздің облыста мамандар жетіспеді. Көптеген қызметкерлер қарапайым нотаның өзін ресімдей алмайтын. Бірақ мұнда олардың кінəсі жоқ еді, себебі бұрынғы СІМ-нде олар көбінесе хаттамалық қызметті жүргізетін. Ал сыртқы саясат сұрақтарымен тек орталық — Мəскеу айналысатын. Қысқа мерзімде шетелдің орталық аппаратында жұмыс істейтін қазақстандық дипломаттар шақырылды, олар ҚР СІМ бөлімшелерінің жетекшілігіне тағайындалды. Біз қызметкерлердің бір-бірін өзара алмастыра алуын ұйымдастыруға тырыстық, қауырт жағдайда жұмыс істедік, адамдарды түрлі бағыттарға жібердік, жəне олар жаңа жұмысқа сол жерде үйренді. Егемен Қазақстанның сыртқы саясатының тиімділігі дипломатиялық кадрларды дайындау деңгейіне байланысты екені айдан анық еді. Республикаға КСРО СІМ-нде ұзақ жылдар қызмет еткен 12 жоғары маманданған дипломаттар оралды. Олар жəне ҚазКСР СІМ-нде қызмет істеген қызметкерлер сыртқы саяси мекеме мəселелерін шешіп біздің дипломатияның халықаралық аренаға шығуын қамтамасыз еткен негізгі тірек қызметкерлер болды».
Қазақстанның өз аумағы бойынша əлемде тоғызыншы орын алатын ірі еуразиялық мемлекет ретінде өзінің сыртқы саясатын қалыптастыруы, оның қандай басымдықтарға иек артатыны, тек көрші елдермен емес, əлемдік қоғамдастықпен қарымқатынасының қандай болатыны жайлы сұрақтар көптеген елдер мен зерттеу орталықтарын мазалады. Бұл қызығушылық еліміздің аумағында ядролық қарудың бар болуымен жəне оның белгілі бір қаржылық жəне басқарушылық күш кезінде іске қосылу мүмкіндігімен арта түсті.
«Осындай ел тағдыры шешілетін уақытта мемлекет басшысы аптасына Қазақстанда ядролық қарудың болуына байланысты алаңдаушылық білдірген екі-үш шетелдік делегацияны қабылдады. Тəуелсіздікті жариялағаннан екі күн өткенде Алматыға АҚШтың Мемлекеттік хатшысы Джеймс Бейкер келді. Бір жыл бойы ол ҚР-ның Президенті Нұрсұлтан Назарбаевпен үш рет кездесіп, телефон арқылы жиі хабарласып тұрды. Американы бір ғана сұрақ қызықтырды, ол – зымырандардың жағдайы. Əр апта сайын шетелдік делегациялармен кездесулер өткізілді. СІМ ҚР Президентінің Əкімшілігімен тығыз байланыста жұмыс істеді. Мекеме қызметкерлері жедел тəртіпте Қазақстан жайлы, оның саяси жəне экономикалық жағдайы жайлы, ел жетекшілігі жайлы ақпарат дайындады. Бір айта кететіні, ҚР-ның Президенті тəуелсіздіктің алғашқы күндерінен-ақ ядролық қару мəселесі бойынша анық ұстанымды ұстанды – ел ядролық қарудан еркін ел болуы қажет» (С.Құрманғожин).
Осы ауыр жағдайда саяси көрегенділік танытқан нағыз дипломат жəне стратег ретінде Президент Н.Ə. Назарбаевқа лайықты бағасын беру қажет. Қазақстандық жетекші əлемдік қауымдастыққа бар тəртіпке бағынып, халықаралық қарбаластыққа берілмейтінін көрсетті. Керісінше, Қазақстан барша қызығушылық танытқан елдермен əріптестік жасау бағытын таңдай алады. Қазақстандық көшбасшы сыртқы саясаттың негізгі мақсатын қалыптастырды: елдің əлемдік қоғамдастыққа енуі, оның ұлттық қауіпсіздігін қамтамасыз етуі, Қазақстанның экономикалық дамуына ықпал ету, шетелдегі азаматтардың құқықтары мен мүдделерін қорғау, өзара тиімді қарым-қатынастарды дамытуға қызығушылық танытқан барлық мемлекеттермен қатынасты нығайту.
Жас мемлекеттің отандық дипломатия алдына қойған осындай мақсаттарын əлемдік қоғамдастықтың түсіністікпен қабылдағанын атап өткен жөн. Осындай дамудың маңызды белгісі 1992 жылы 23 мамырда КСРО мен АҚШ арасындағы қаруландыруды қысқарту туралы Лиссабон хаттамасына қол қоюы еді. Бұл құжатта Беларусь жəне Украинамен бірге Қазақстан 1968 жылы 1 маусымда Ядролық қаруды таратпау туралы келісімшартқа ядролық қаруы жоқ ел ретінде қосылуға дайын екендігі жайлы мəлімдеді.
Осылайша, Қазақстан халықаралық қауіпсіздік тəртібін нығайтуға, əлемде бар бейбітшілікті сақтауға деген жауапкершілігін жоғарғы деңгейін танытты. Қазақстандық жетекшінің бұл ұстанымы əлемдік қоғамдастықта біздің елімізбен жан-жақты əріптестікті жақсартудың белгісі ретінде жақсы қабылданды. Шынында да, келесі үш жыл Қазақстанның дипломатиялық мойындалуы, еліміздегі инвестициялық қызметтің артуы, қорытындысы ұзақ мерзімді өзара қарым-қатынастың дамуының негізін қалаған кездесулер мен келіссөздердің жоғарғы деңгейде өтуімен есте қалды.
Тəуелсіз Қазақстанның алғашқы сыртқы істер министрі болу мəртебесі Сүлейменов Төлеутай Ысқақұлына бұйырды. Алғашқы күннен бастап жаңа келген қызметкерлерге ардагер дипломаттар өз тəжірибелерін аямай берді. Олар мемлекеттермен ғана емес, сонымен қатар халықаралық ұйымдармен біржақты, көпжақты, екіжақты əріптестік сынды дипломатияның қыр-сырын тəжірибесін меңгерді. Бүгінде сол қызметкерлер дипломатиялық қызметте белгілі биіктерді бағындырып, өздері жас мамандарды тəрбиелеуде. Осы тұста мекеменің алғашқы министрі, осы үдерістердің бастамашысы болып, Қазақстаннан шыққан азаматтарды дипломатиялық қызметке тартуға ықпал еткен Төлеутай Сүлейменовтың еңбегін ерекше атап өткен орынды.
Сол кезең жайлы қазақстандық дипломатиялық қызмет ардагері Михаил Исиналиев былай деп жазды: «СІМ жетекшілері Т. Сүлейменов, С. Құрманғожин, Қ. Тоқаев, В. Ғиззатовтардың кəсібилігі, ұйымдастыру жəне талап ете білуі, ұжымды жұмысты аянбай жасауға жəне оған шығармашылық тұрғыдан қарауға жұмылдырды».
Дипломатиялық қатынастарды орнатудағы алғашқы қадам жаңа мемлекет пен оның үкіметін өзге елдің мойындауы болып табылады. Мемлекетті мойындау оның қалыптасуының алғашқы жылдарында өзекті болып табылады. Ол көбінесе елдің болашақ дамуы мен əлемдік қоғамдастық елдерімен өзара қарымқатынасын айқындайды. Халықаралық қатынастың талаптары жаңа мемлекетті өзге мемлекеттердің мойындау қажеттілігін тудырады. Мойындаудың өзі заңдық акт сипатына ие, онда бір немесе бірнеше мемлекет халықаралық құқық субъектісі ретінде жаңа мемлекетпен қарым-қатынас сипаты мен аумағын көрсетеді. Халықаралық тəжірибеде мойындаудың екі түрі бар: де-факто жəне де-юре мойындау. Де-факто мойындауы толық емес сипатқа ие. Жаңа мемлекеттің пайда болуын теріске шығаруға қауқарсыз бола отырып, өзге елдің үкіметі онымен дипломатиялық қатынастар орнатпайды, алайда сол елмен іскерлік қатынасқа түсіп, сауда байланысын дамытады. Кей кездері мұндай қатынас нысанын «ad hoc» деп атайды, ол сөзбе-сөз аударғанда «осыған», «осы жағдайға арналған» деген мағынаны білдіреді. Де-юре мойындауы немесе толық дипломатиялық мойындау барынша кең таралған. Ол құжатты рəсімделген ресми дипломатиялық қарымқатынастардың, өзара тиімді сауда, экономикалық, мəдени жəне өзге байланыстардың орнауын қарастырады. Осындай өтініш мойындап отырған мемлекетпен қалыпты қарым-қатынас орнатып, арнайы өкілдермен алмасу үдерісімен бірге жүргізіледі.
Қазақстан Республикасының тəуелсіздігін алғашқылардың бірі болып мойындағандардың қатарында Түрік Республикасы (1991 жылғы, 16 желтоқсан), Ресей Федерациясы (1991 жылғы, 17 желтоқсан), Пəкістан Ислам Республикасы (1991 жылғы, 20 желтоқсан), Швейцария (1991 жылғы, 23 желтоқсан), АҚШ (1991 жылғы, 26 желтоқсан) болды.
Дипломатиялық қарым-қатынастырды орнатудың бірегей тəртібі жоқ. Алайда, елдер дипломатиялық мойындау мен дипломатиялық мекемелер жайлы келісімдерді жазбаша түрде – жеке ноталармен алмасу, ресми келісім рəсімдеу, екі жақтың сəйкес мəлімдемесін жариялаумен, жоғарғы деңгейде хаттармен немесе жеделхаттармен алмасу жолымен бекітуді құптайды.
Қазақстан Республикасымен дипломатиялық қарым-қатынас орнатқан алғашқы елдер:
– АҚШ. АҚШ Президенті Дж. Буш (үлкені) Президент Н. Назарбаевқа Қазақстан Республикасының тəуелсіздігін мойындау жайлы жəне Қазақстан Республикасы мен АҚШ арасындағы толық көлемді дипломатиялық қарым-қатынас орнату жайлы жеке жолдауын жіберді (1991 жылғы, 26 желтоқсан).
– Қытай Халық Республикасы. Дипломатиялық қарымқатынас орнату жайлы Бірлескен Мəлімдемеге қол қойды (1992 жылғы, 3 қаңтар).
– Ұлыбритания. Дипломатиялық қарым-қатынас орнату жайлы Бірлескен Мəлімдемеге қол қойды (1992 жылғы, 19 қаңтар).
– Монголия. Дипломатиялық қарым-қатынас орнату жайлы Хаттамаға қол қойды (1992 жылғы, 22 қаңтар).
– Франция. Президент Н. Назарбаев Францияның Сыртқы істер министрімен кездесіп, келіссөздер барысында дипломатиялық қарым-қатынас орнату жайлы Хаттамаға қол қойды (1992 жылғы, 25 қаңтар).
– Жапония. Қазақстан Республикасы мен Жапония арасында дипломатиялық қарым-қатынас орнату жайлы ноталармен алмасу болды. (1992 жылғы, 26 қаңтар).
– Корея Республикасы. Дипломатиялық қарым-қатынас орнату жайлы Хаттамаға қол қойды (1992 жылғы, 28 қаңтар).
Дипломатиялық қатынастар орнатудан соң, дипломатиялық өкілдік (елшілік, өкілдік) ашу қажет. Қазақстан Республикасы тəуелсіздікке қол жеткізіп, əлем қоғамдастығы елдерімен дипломатиялық қатынастар орнатқаннан кейін осы елдерде елшілігін ашады. Біздің мемлекеттің елшілері елшілік орналасқан елдерде лайықты түрде Қазақстан Республикасының сыртқы саяси мүддесін білдіреді жəне қорғайды, сонымен қатар мемлекеттер арасындағы тиімді əріптестікке ықпал етеді.
2011 жылы Қазақстан Республикасының елшіліктері ТМД елдерінің барлығында дерлік орналасқан: Ресей Федерациясында – елші Тұрысбеков Зауытбек, Өзбекстанда – Жексембин Бөрібай, Беларусь Республикасында – Смирнов Анатолий жəне т.б. Қазақстан Республикасының сыртқы саясатында маңызды вектор болып табылатын Еуропа елдерінде: Ұлыбританияда – Əбусейітов Қайрат, Германияда – Онжанов Нұрлан, Австрияда – Абдрахманов Қайрат Кұдайбергенұлы, Францияда – Даненов Нұрлан, Бельгияда – Өтембаев Ерік жəне т.б. Америка Құрама Штаттарында еліміздің мүддесін Ыдырысов Ерлан қорғайды. Елшіліктер, сонымен қатар, Таяу Шығыста да ашылды: Мысырда – Тасымов Бахтияр, Иранда – Амреев Бағдад, Израильде – Оразбақов Ғалым жəне т.б.; Азия өңірінде: Қытайда – Адырбеков Икрам, Жапонияда – Камалдинов Ақылбек, Корея Республикасында – Бердалиев Дархан.
Бүгінгі таңда дипломатиялық қарым-қатынастар əлемдік қоғамдастықтың 139 елімен орнатылған. Қазақстан Батыс жəне еуропалық елдер үшін Орталық Азиядағы негізгі серіктес болып отыр. ГФР-дің бұрынғы канцлері Герхард Шредер 2003 жылғы сұхбатында айтқандай, «Қазақстан өңірдегі негізі ел болып саналады».