Популяцияларда ұзақ уақыт тепе-теңдік күйінде болып, мөлшері жағынан ең сирек кездесетін генотиптен 1%-дан артық болатын бірнеше генотиптің кездесуін генетикалық полиморфизм деп атаймыз. Генетикалық полиморфизм мутациялар және комбинативтік өзгергіштік салдарынан түзіледі және табиғи сұрыптау арқылы бірқалыпты деңгейде сақталынады. Оның 2 түрі бар:
1. Адаптациялық полиморфизм.
2. Балансты немесе гетерозиготалы полиморфизм.
Адаптациялық полиморфизм Балансты полиморфизм Заңды түрде өзгеріп отыратын ортада сұрыптау әр түрлі генотиптерге қолайлы болатын болса адаптациялық полиморфизм түзіледі. Мысалы, екі нүктелі қанқызының популяциясында күздің ақырында қара түсті қоңыздар ,ал көктемде қызыл түсті қоңыздар басым болады. Мұның себебі қызыл түсті қоңыздар суыққа шыдамды болса, қара түсті қоңыздар жаздың күні жедел көбейе алады.
Егер сұрыптау рецессивті және доминантты гомозиготалыларға қарағанда гетерозиготалыларға қолайлы болатын болса, онда балансты полиморфизм қалыптасады. Мысалы, жеміс шыбынының жасанды популяциясында алғаш мутантты қара денелі (рецессивті) шыбындар басым болып, шамалы уақыттан кейін қара денелілердің саны азайып, 10 пайыз мөлшеріне жетіп тоқтаған.
Харди-Вайнберг заңы
Популяцияның генетикалық біртұтастығы олардың кең көлемді панмиксиясымен байланысты, яғни популяция даралары өзара еркін будандасады. Популяция генофондында белгілі жағдайларда әртүрлі аллельдерден тұратын генотиптер мөлшері ұрпақтан-ұрпаққа тұрақты болады. Ол Г.Харди – В.Вайнберг заңы арқылы сипатталады. 1908 жылы ағылшын математигі Г.Харди және неміс дәрігері В.Вайнберг панмикстік популяциялардағы генетикалық үдерістерді сипаттап жазды. Оны Харди-Вайнберг заңы деп атады.
Харди-Вайнберг заңы төмендегі шарттар орындалған жағдайларда байқалады:
Даралардың бір-бірімен еркін будандасуы керек(панмиксия);
Популяцияларда сұрыптау, яғни сұрыптаудың салдарынан гендер жойылып кетпеуі керек;
Миграция салдарынан жаңа гендер келіп енбеуі қажет;
Популяция көлемі шексіз ірі, яғни даралар саны өте көп болуы қажет.