Бөкей хандығының негізін қалаған Бөкей хан 1815 жылғы 12 мамырда қайтыс болды. Ол өзінің көзі тірсінде хан атағын өз ұрпақтарының мұрагерлікпен иелену құқығын белгілеп, бекітіп қойған еді. Оның өсиеті бойынша, хан тағы оның ұлы Жәңгірге қалдырылған болатын. Бірақ ол әлі небары 14 жаста еді. Сондықтан ол ер жетіп, кәмелеттік жасқа толғанша хандықты Шығатай сұлтан билеп тұрды.
Жас мұрагерді тәрбиелеуді патша шенеуніктері өз қолдарына алды. Жәңгір ер жетіп, кәмелеттік жасқа толғанша Астрахан губернаторы Андреевскийдің үйінде тұрды, сол кездегі үлгілі саналатын білім мен тәрбие алды. Ол хан тағына тағайындалар кезге дейін жан-жақты толық әзірліктен өткен билеуші болып та үлгерген еді. Жәңгір қазақ тілімен қатар орыс, араб және парсы тілдерін білді. Ол Қазан университетінде жиі болып тұратын. Жәңгірдің университетте болған сапарларының бірінен кейін ондағы жергілікті ғалымдар «Қазақ ханы Жәңгірдің Қазанда болуы» деген кітап жазды. Жәңгір Қазан университетінің кітапханасына араб, парсы және түркі тілдерінде жазылған ежелгі 6 құнды қолжазба тапсырды.
Жәңгір 1824 жылы Орал қаласында хан болып жарияланды және хандықты 20 жыл бойы басқарды. 1827 жылы ол хандықтың орталығы — Хан ордасының негізін қалады. Хан ордасы Нарын құмының батыс бөлігінде салынды. Хандыққа біртұтас басшылық осы жерден жүргізілді. Ханның үлгісі бойынша және оның тікелей нұсқауымен Хан ордасында сұлтандар мен билер, старшындар да үй сала бастады.
Аймақтағы әлеуметтік-экономикалық, саяси даму барысындағы өзгерістер
Бөкей хандығының қазақтары орыс шаруаларының және казактардың жан-жағынан қоршауы жағдайында өмір сүрді, олар Жайықтың сырт жағындағы тайпалас туыстарынан бөлініп қалды. Сондықтан да уақыт өте келе олардың әлеуметтік-экономикалық және саяси өмірінде бірқатар елеулі өзгерістер қалыптаса бастады. Ондай жаңалықтардың енгізілуіне көбінесе Жәңгір ханның өзі бастамашы болды.
Бөкей хандығының Қазақстан тарихындағы алатын орны
Ішкі Орданың немесе Бөкей хандығының құрылуы қазақ халқының тарихында орасан зор рөл атқарды. Кіші жүз қазақтарының бір бөлігінің күш-жігер жұмсауымен қазақтар Жайық өзенінің оң жақ бетіндегі бедерінің бұрынғы атамекеніне қайта қоныс аударып, бекініп алуының, кейінірек дәстүрлі қазақ жерінің бір бөлігін біржола иемденіп қалуының сәті түсті. Жәңгір хан Ішкі Ордада хан билігін сақтап қалды, сол арқылы Қазақ мемлекеттілігінің 1845 жылға дейін өмір сүруін қамтамасыз етті. Жәңгір ханның ағартушылық және реформаторлық қызметінің арқасында Еділ мен Жайық арасындағы қазақтар өздерінің әлеуметтік-экономикалық және мәдени-ағарту салаларында елеулі табыстарға кол жеткізе алды. Сонымен қатар жер мәселесінің асқынуы И. Тайманұлы мен М. Өтемісұлы бастаған халық-азаттық көтеріліске алып келді.