ӘОЖ 37.017.1
БОЛАШАҚ ДЕНЕ ШЫНЫҚТЫРУ ЖӘНЕ СПОРТ БАКАЛАВРЫН КӘСІБИ ДАЙЫНДАУ МАЗМҰНЫ
ТҰРЫСҚҰЛОВ Ө.Ж., НАХАНОВ Қ.С.
Мақалада болашақ дене тәрбиесі мен спорт мамандарын кәсіби дайындау мәселелері қарастырылды. Сондай-ақ елімізде дене шынықтыру саласына қажетті білікті мамандар дайындау барысында шешілуі тиіс міндеттер көрсетілді.
Кілт сөздер: дене шынықтыру, дене тәрбиесі, спортпен шұғылдану, жоғары білімді маман.
Қазіргі уақыттағы жоғары білімнің мақсатына жаңаша түсінікпен қарасақ, оны дамытудың басты стратегиялық бағдары – өмірге жауапкершілікпен қарайтын, дүниетанымдық мәдениеті жетілген, шығармашылық ойлауға дағдыланған, іскерлік кабілеттілігі биік, гуманистік ойлауы басым, информатика ілімімен қаруланған адамгершілік қасиеттері мол білікті мамандардың жаңа ұрпағын қалыптастыру.
Жоғары кәсіби білім берудің алдында тұрған неғұрлым маңызды, мәнді міндеттерге келсек, мыналарды бөле-жара атаған жөн:
1. білім жүйесін жетілдіру;
2. оны үздіксіз әрі көпсатылы құрылым ретінде енгізу;
3. халықаралық біліми кеңістікке кірігу.
Қазақстан Республикасында жоғары білімді реформалаудың басты бағыты болашақ мамандардың кәсіби білімінің бағдарын жетілдіру болды.
Қазіргі кездегі бұрынғы жоғары білім беру жүйелерін осы заманғы әлеуметтік, экономикалық даму тұрғысынан жетілдіру талап етіледі. Ең басты мәселе білімді жетілдіру, жаңа жүйеге көшу болып табылады.
Жоғары оқу орындарында білім мен ғылымдағы ең алуан түрлі және болашағы зор қазіргі заманғы білім беру технологиялары ендірілуде. Оқытудың кредиттік жүйесін, қашықтан оқыту формасын енгізуді, маман даярлаудың көпсатылы құрылымына көшуді, оқу үдерісінде қазіргі заманғы білім беру технологиялары мен сабақ берудің озық әдістерін қолдануды атап айтуға болады.
Еліміздегі білім беру жүйесінің бәсекеге қабілеттілігін арттыру үшін оны халықаралық стандарттар деңгейіне шығару қажет, бұл бүгінгі күннің өзекті мәселесі болып табылады.
Бүгінгі таңда жоғары кәсіби білім берудің көп деңгейлі құрылым шеңберінде бакалавриат пен магистратураның дене мәдениеті мамандығы бойынша біліктілігі жоғары мамандар дайындықтың, барлық деңгейлері, формалары мен бағыттары заман талабына сай жасақталуда.
Маман даярлау мен қайта даярлаудағы жаңаша көзқарасқа, білім берудің қазіргі заманғы білім беру технологиялары мен стандарттарына жаңаша талап қойып отыр.
Әлем елдерінде жоғары білімді реформалау қашан да өте баяу және қиындықпен өткен. Дүние жүзі аймақтарындағы жоғары білімнің жағдайы мен оның даму тенденциясын тарихи және салыстырмалы перспективада қарастырған жөн, өйткені жоғары білімнің заманауи жүйелерінде олар пайда болып, дамыған әлеуметтік-экономикалық және мәдени жағдайлардың ұлттық ерекшеліктер мен дәстүрлердің таңбалары сақталған.
Жоғары оқу орнының әрбір түлегі практикада сұранысқа ие болғысы келсе, меншіктің түрлі формасындағы кәсіпорындарда жұмыс істей білуі, олардың ерекшеліктерін, құқықтық мәртебесін білуі, сонымен бірге еңбекті, қаржыны, өндірісті қазіргі заман талабына сай басқара білуі қажет. Сондықтан барлық мамандықтар үшін жоғары білім деңгейі (базалық (негізгі), арнаулы тереңдетілген) бойынша мамандар моделі қайта жасалуда, себебі қазіргі күнгі жоғары оқу орнының түлегі зерттеуші (ғалым) – басқарушы (менеджер) – практик (технолог) болып табылатын үш бірыңғай талапқа сай болуы тиіс.
Жоғары оқу орнын дамытудың басты бағыттарының біріне оқу үдерісі технологиясын жетілдіру жатады. Бұл тұрғыда оқу процесін ұйымдастырудың проблемалық-модульдік технологиясын, студенттердің білім деңгейін тексерудің тестілік формасымен үйлестіре қолдану анағұрлым тиімді. Оқытудың бұл технологиясын енгізу студенттің өз бетінше танымдық іс-әрекетін арттыруға, оқу үдерісін интенсивтендіруге, студенттердің оқу-ізденіс жұмыстары үлгісіндегі сабақтар, іскерлік ойындары, компьютер және оқытудың техникалық құралдары пайдаланылған проблемалық дәрістер т.б.) барлық пәндерді тиісті дәрежедегі әдістемелік-техникалық жағынан қамтамасыз етуге мүмкіндік береді [1].
Республикамызда жоғары кәсіби білімді реформалау ісіне, сонымен бірге жоғары оқу орнының барлық қызмет салаларында қазіргі күнгі инновациялық технологияларды, компьютерлерді пайдалану да игі әсерін тигізеді.
Жоғары оқу орындарында даярланып шығатын дене шынықтыру және спорт бакалавры бұл – мектепте дене шынықтыру пәнін оқытатын және спорт мектебінде спорт түрлері бойынша жаттықтырушы мамандар. Себебі, онда шынайы таза дене шынықтыру мамандарын кәсіби дайындайтын негіз және база жоқ. Ол үшін кең көлемдегі арнайы зертханалар, спорттық база мен құрал-жабдықтары және заман талабына сай ақпараттық технологиялар мен жабдықтары болуы керек. Бүгінде салауатты өмір салты, денсаулық және адамның дене белсенділігі, дене жаттығуларының гигиенасы жайлы көп айтылады, бірақ халыққа, студенттерге мектеп оқушыларына, балабақша балаларына оны қарапайым әрі жатық тілмен түсіндіретін қазақша оқулықтар да, әдебиеттер де жоқтың қасы. Елбасының «Қазақстан Республикасында көпшілікке ел байлығы жайлы білім берудің ұлттық стратегиясы», «Президенттік тест» және дене шынықтыру және спортпен жүйелі шұғылданудың сөзсіз міндетті құқығы заң жүзінде Қазақстан Республикасының Конституциясымен бекітілген Қазақстан Республикасының Парламенті «Қазақстан Республикасында жалпы көпшілік спортты дамыту бойынша шұғыл шаралар туралы» қаулы қабылдап, онда дене шынықтыру мен спортты дамытудың маңызды мәселелері бойынша ғылыми-зерттеу жұмыстарының деңгейін арттыру қажеттілігі атап көрсетіледі. Осы мемлекеттік құжаттарды толық жүзеге асыру бүгінгі күндегі кезек күттірмейтін өзекті мәселе болып отыр.
Қазақтың туризм және спорт академиясы кадрлар даярлауда жаңа бағытқа бет бұруына байланысты педагогикалық мекемелер үшін дене шынықтыру мамандығы бойынша оқу жоспарлары мен жеке пәндер бағдарламалары қайта қаралып, мемлекеттік стандартқа сәйкестендіріліп жасалған. Бакалавриат пен магистратураға арналған негізгі пәндер мен оқу курстарының типтік бағдарламалары Республикалық Баспа комитетінен жеке жинақтар түрінде шығарылды.
Дене шынықтыру мамандары облыстық және қалалық оқу бөлімдерімен, мұғалімдер білімін жетілдіру институттарымен және Қазақтың Ы.Алтынсарин атындағы Білім проблемалары институтымен бірігіп мектептер үшін дене шынықтыру пәні бойынша көптеген еңбектер жасалған.
Дене тәрбиесі – бұл адамның дене дамуын қоғамның әлеуметтік талабына сәйкес басқару. Жалпы тәрбие мәселелері бойынша зерттеу жұмыстарымен шұғылданып жүрген көрнекті авторлар осындай көзқарастарды мақұлдайды. Дене тәрбиесінің мазмұны адамға оның ағзасының жеке мүшелерінің жан-жақты қызметтік жетілуіне, қозғалыс дағдылары, біліктілігі мен арнайы білімінің қалыптасуына бағытталған дене жаттығуларымен әсер ететін педагогикалық үдеріс болып табылады. Басқаша айтқанда, бәрінен бұрын ол – адамның дене және рухани қабілеттерін дамытуға бағытталған педагогикалық үдеріс. Адамның денсаулық жағдайы, оның өмір сүру ұзақтығы балалық шағында қалыптасқан мінез-құлық, жүріс-тұрыс, өмір бейнесі үлгісінен анықталады. Бұл жерде әсіресе тұрғылықты жеріндегі әлеуметтік және экологиялық орта есепке алынып ұйымдастырылған үйлесімді дене тәрбиесінің рөлі маңызды. Адам дене тәрбиесі негізінің мазмұнын құрайтын салауатты өмір салты туралы ілімдік түсінік және оны ұйымдастырудың іс жүзіндегі (практикалық) дағдылары мектеп жасындағы жылдарда қаланады. Шет елдердің білім беру жүйесінде дене тәрбиесі мәселелеріне қажетті деңгейде назар аударылады, яғни осыған байланысты балалардың дене шынықтырудан білім алуын дамыту және жетілдіру бойынша мақсатты бағытта жұмыс жүргізіледі [2].
Заманның жаңа даму сатысында білім беру жүйесі қоғамның жаңа экономикалық саясат, әлеуметтік және интеллектуалдық деңгейіне сай келуі тиіс. Осыған орай білімнің мақсаты, мазмұны және оны оқыту тәсілдері қайта қаралып, оқу жүйесін реттеу, ұйымдастыру мәселелері зерттеліп, өз шешімін табуды қажет етеді.
Оқу үдерісіне жаңа бағыт беріп, оның даму жолдарын жаңа ғасыр талабына сәйкес айқындау үшін білім берудің әр түрлі салаларына білім және ғылым, білім және адам құқығы, білімнің қоғам дамуларындағы әсері, білім беру барысындағы жаңа технологияға талдау жасалып, қорытындылау қажет.
Жоғары оқу орындарында дене тәрбиесі мына міндеттерді шешеді: студенттердің денсаулығын нығайтады және олардың оқу жылдары бойында жоғары жұмыс істеу қабілеттілігін сақтау; оқу, жаттығу сабақтары, еңбек, демалыс күндері тәртібінде дене мәдениеті және спорт құралдарын пайдалану біліктілігі мен дағдыларын меңгеру; студенттерді гигиеналық және өндірістік гимнастиканы ұйымдастырушы, қоғамдық нұсқаушы және спорт түрлері бойынша төреші ретіндегі өзіндік жұмыстарға дайындау; студенттердің жан-жақты дене дайындығын дамыту, оларды спорттық әдіс-тәсілдерге (техникаға) оқытып, үйрету және осының негізінде жоғары спорттық жетістіктерге жету.
Дене тәрбиесі оқу сабақтары (міндетті және факультативті), оқу күндері тәртібіндегі дене шынықтыру жаттығулары, оқудан тыс спорттық үйірме мен командалардың уақытындағы өзіндік жаттығу сабақтары, сол сияқты бұқаралық сауықтыру және спорттық шараларға қатысу түрлерінде жүзеге асырылады.
Бұдан адамның қоғамдағы жетекші рөлі, алатын орны, ізденіс пен зерттеу нәтижелерінде алған білімді қорытындылау арқылы қажетті жаңалықтарды өмірге лайықты түрде енгізу шаралары жаңа оқу жүйесін жасауда, яғни адамның инновациялық қасиеттері кең түрде ескеріліп, инновациялық білім беру саласында негізгі шарттардың бірі болуы қажет.
– білім берудің әдісі мен мазмұнын оқушының іскерлік, жігерлілік қабілетін және жаңашылдық қасиеттерін қалыптастыратын әдістемелік әдістерге бағыттау;
– пәндерді оқыту барысында адамның рухани байлығына, өнегелігіне, істеген ісіне, әлеуметтік жауапкершілікпен қарауына көңіл бөлу;
– субъектінің алған ғылыми білімін, оның әлеуметтік тұрмысын және іскерлік қабілетімен ұштастыра қарастыру.
Жоғары оқу орындарында білім беру жүйесінің негізгі міндеті басқару орталықтарына, жоғары және орта мектепке, қоғамдық-саяси орталықтар мен өнеркәсіптерге қабілетті де ойшыл, жаңашыл бәсекешіл, әлемдік интернет жүйесіне қосылып, дербес компьютермен жұмыс істей алатын, еліміздің жарқын болашағын ойлайтын қазіргі өмір талабына сай іріктелген таңдаулы мамандар дайындау болып табылады. Мұндай деңгейдегі жоғары оқу орындарын бітірген ой өрісі мен мәдениеті биік түлектер өздерін қызмет орындарымен қамтамасыз ете алады. Олар бір-бірімен ұштасып жатқан ғылым мен өндірістің барлық салаларына бағытталған жан-жақты терең білім алулары қажет. Осыдан келіп білімнің іргелілігі, жан-жақтылығы мен қоғамдық өзгешеліктерімен үйлесуіне ерекше талап қойылады [3,4].
Қазіргі кездері педагогика саласында білім беру барысында жалпы танылған екі сөзден тұратын «оқу-тәрбие» деген сөз тіркесіне ерекше көңіл бөлініп жүр. Осы сөз тіркесін жеке тұлғаға білім беруді «дамыту – оқыту – тәрбиелеу» үдерісі деп атау керектігін айтады. Енді білім, даму, оқу және тәрбие ұғымдарына жеке-жеке тоқтала кетейік.
Білім беру – тиісті оқу орны арқылы ғылыми мағлұмат берудің жолдары. Білім алудың негізі – оқу. Білім беру ісі шеберлікке, дағдыға баулиды, белгілі бір кәсіпке, мамандыққа үйретеді.
Даму дегеніміз – саннан сапаға, ескі сападан түбірлі жаңа сапаға өту. Даму – дүниеде болып жатқан өзгерістердің сипаты мен бағытын білдіретін фәлсапалық ұғым. Даму идеясы бүкіл фәлсәфә, жаратылыстану, қоғамдық ғылымдар тарихының ең басты идеяларының бірі.
Оқу – табиғат дүниесіндегі өзгерістерді, қоғам өміріндегі әлеуметтік құбылыстарды, өнімді еңбекті, дамудың объективтік заңдылықтарын түсіндіру әдістері. Оқу баланың күнделікті сатылап үздіксіз жетілуіне сәйкес құрылады.
Тәрбие – қоғамдық, өндірістік және мәдени өмірдің белсенді қатысушысын даярлауды мақсат етіп қойған жеке адамды қалыптастырудың жүйелі үдерісі. Тәрбие отбасының, мектептің, мектептен тыс мекемелердің, балалар және жастар ұйымдарының, жұртшылықтың бірлескен іс-әрекеті үдерісінде жүзеге асады.
Сонымен, инновациялық білім берудің негізгі мақсаты – адамның шығармашылық мүмкіндігін сақтау және дамыту, өз іс-әрекетін қоғамдағы өзгерістерге сай бейімдеу, байланысты дамыту және дүниетанудағы субъектінің жан-жақты ұғым жүйесін қалыптастыру. Яғни, қоршаған ортаның заңдылықтарын ғылыми тұрғыдан қорытындылау, өмірдің қажеттілігіне жарату, негізінен алғанда, білімнің мазмұны мен құрамына жаңашылдық көзқарасты талап етеді. Білім қоғамның мемлекеттің бүкіл салалары мен жеке тұлғаның жан-жақты дамуына тікелей әсер ететіні себепті Қазақстанның бүгіні мен болашағы білім сапасына байланысты. Олай болса, республикада бүгінгі білім саясатының идеологиялық тұрғыдан оң бағыт алуы ел басшысының халқына Жолдауы мен стратегиялық даму бағыты талаптарының нәтижелі жүзеге асуына мүмкіндік туғызады. Идеологиялық бағыттың бағдар алуына себепкер болатын сол қоғамдық құрылыстағы объективті, субъективті қозғаушы күштер екені белгілі. Осы тұрғыдан қарастырғанда, Қазақстанның білім беру жүйесіндегі өзекті жайдың бірі – оның ұлттық мәселелері.
Қорыта келгенде, республикамыздағы дене шынықтыру саласы бойынша жоғары білімді мамандар даярлауда, жоғары кәсіби білімін реформалауда қаржыландырудың көпсалалы жүйесін қалыптастыру, аймақтық оқу-ғылыми-өндірістік кешенін құру, дүниежүзілік білім беру жүйесіне ену, оқытудың дәстүрлі технологиясын жетілдіре отырып, заманауи ақпаратты оқыту технологиясын енгізу және ғылыми жұмысты жүргізуге жағдай туғызу сияқты басты-басты мәселелерді шешуді талап етеді.
ӘДЕБИЕТТЕР
1 Ким В.А. Актуальные проблемы подготовки специалистов в ВУЗе //Сб. научно-практ. конфер. – Алматы, 1999. – С.55-59.
2 Пірәлиев С.Ж., Тілеуова С.С. ХХІ ғасырда кәсіби маман мұғалім даярлаудың қазіргі заманғы мәселелері //Труды международной научно-практической конференции «Современные проблемы подготовки педагогических кадров и перспективы развития естественных наук» – Шымкент: МКТУ им. Ясави, 2006. – Б.3-8.
3 Сапарбаев М.Б. Теория и практика подготовки учителей физической культуры в системе непрерывного педагогического образования. Дисс ... д.п.н. : 13.00.01. – Алма-Ата: АГУ, 1993. – С. 249
4 Матвеев Л.П. Теория и методика физической культуры. – М.: ФиС, 1991. – С. 170
ТУРЫСКУЛОВ У.Ж., НАХАНОВ К.С. СОДЕРЖАНИЕ ПРОФЕССИОНАЛЬНОЙ ПОДГОТОВКИ БУДУЩИХ БАКАЛАВРОВ ФИЗИЧЕСКОЙ КУЛЬТУРЫ И СПОРТА
В статье рассмотрены профессиональные проблемы подготовки будущих специалистов физической культуры и спорта. Также проведены задачи, которые следует решить в процессе подготовки квалифицированных кадров физической культуры, необходимых стране.
Ключевые слова: физическая культура, физическое воспитание, занятие спортом, высококвалифицированный специалист.
TURYSKULOV U.ZH., NAKHANOV K.S. THE CONTENT OF PROFESSIONAL TRAINING OF FUTURE BACHELORS OF PHYSICAL CULTURE AND SPORTS
In the article the professional problems of preparation of future specialists of physical culture and sports. Performed the tasks that should be solved in the process of preparation of qualified personnel for physical culture, the country needs.
Keywords: physical culture, physical education, sports activities, a highly qualified
Достарыңызбен бөлісу: |