Болашақ домбырашы ұстаз даярлау «Аспапта орындау»



бет2/4
Дата18.02.2017
өлшемі1,03 Mb.
#10414
1   2   3   4

Күйлерді кезеңдерге бөліп үйрену жүйесі Домбыра тарту шеберлігін арттыру – ұстаздың міндеті, ал шәкірт домбыра тартатын өнерді меңгереді. Халықтық педагогика дәстүрінде күйді немесе әнді бойында қабілеті бар шәкірттер үйренеді. Ал, ондай шәкірттер жасанды жолмен емес, табиғи жолмен іріктеледі.


Бұрыннан қалыптасқан күй үйренудің бай тәжірибесіне сүйене отырып, төмендегі төрт кезеңді белгілеп көрейік.

Бірінші кезең. Күй жанрының негіздерін үйрену.

Екінші кезең. Күй жанрының дәстүрлік сипаттарын үйрену.

Үшінші кезең. Күй жанрының мектептерін үйрену.

Төртінші кезең. Күй жанрын ұлттық өнер ретінде меңгеру.
4 Музыкалық білім жүйесімен күй үйрену
Қазіргі кезде музыкалық білім жүйесімен күй үйренудің біршама тәжірибесі жинақталды. Ендігі жерде осы елу жылғы ұстаздық қызметті ғылыми тұрғыдан талдап, бір қорытындыға келіп, алдағы бағыт бағдарымызды анықтап алу керек. Бұл - өмірдің талабы. Халық педагогикасына қазір көп көңіл бөліп жатқан кезде күй үйренудің дәстүрлі әдістерін жан-жақты қолданудың жүйесін жасау керек.

Музыкалық білім сауаты арқылы домбыра тартуды үйрену тәсілі – ең күрделі де, қиындығы мол жұмыс. Бұл салада, көп жылғы тәжірибе қалыптасты, біршама табыстарға қол жетті. Болашақ өнер иелерінің рухани тәрбиесі – кәсіби өнер мен халықтық мектептің тығыз байланысы, дәстүрлі өнерді көздің қарашығындай сақтап, аспаптық өнерді жан-жақты дамыту, орындаушылық және ұстаздық шеберліктерінің қарқынды дамуымен, музыка мамандары қызметінің ұлағаттылығы мен жіті бағыты арқылы атқарылатын абыройлы іс. Бұл пәннің негізгі мазмұнына студенттердің оқушыға аспапты үйрету уақыттарындағы әдіс- амалдарының іске асыруына қажет білімнің қыр-сырлары енген. Мамандық пәні студенттердің өз бетімен ойлау қабілетінің, домбыра, қобыз аспабында ойнап үйретудің үлгілерін, әдістерін жете білуге үйретеді.

Қазақта аспаптық өнердің сан ғасырлық даму тарихы бар. Ұлы Қорқыттан бастап халық орындаушылары өзінен - өзі пайда болмағаны белгілі жай. Өнерді көріп, әдісін тауып баптайтын шынайы бапкер болғанда ғана шеберліктің шыңына көтерілуге болады.

Музыкалық көркем шығармалардың мәнін терең түсінбей музыкант тәрбиелеу мүмкін емес. Мұндай қабілет студенттің көптеген шығармаларды жан-жақты талдау нәтижесінде шығарманың тәрбиелік мәнін ашуы үшін қолданған әдістерге байланысты. Аспаптың техникалық көркемдік мүмкіншілігін білу, оны шығарма мазмұнын ашу үшін пайдалану болашақ кәсіпқой музыканттың шығармашылық жұмысының нәтижелі болуын қамтамасыз етеді.

Әр мектептің аспап тарту шеберлігі сол мектепке тән көркемдік және суреткерлік шеберлікпен тығыз байланысты. Сондай-ақ әр мектепке тән тақырып мазмұнын ашу үшін қолданатын шеберлік тәсілдері болады.

Бастапқы оқытудың ең қиын күрделі жағы – орындаушылық дағдыларын меңгеру. Орындаушылық қимыл-әрекеттер тәсілдерінің негіздерін игеру. Оқу бағдарламаларын құру.

Орындау әдістері мен шығарманың мазмұндық мағынасын аша отырып, музыканы мәнерлеп орындаудың әр түрлі тәсілдерін үйрету. Аспапта орындаудың әдіс амалдары арқылы көркем образдың сырын ашу.

Оқулықтар, оқу әдістемелік құралдарды пайдалана отырып белгілі бір мақсатқа жету. Өз бетінше жұмыс жасай біліп, кез-келген қиыншылықты жеңуге ұмтылу. Оқытушылардың маңызды мiндеттерiнiң бiрi ол студенттерге аталмыш пәннен жоғарғы дәрежедегi бiлiм берiп, эстетикалық тәрбиенi айтарлықтай жақсарту.

Жас орындаушыларға әсемдiк сезiмiн дамытып, өнер шығармаларын, тарих пен архитектура ескеркiштерiн, табиғаттың сұлулығы мен байлығын түсiнiп, бағалай бiлу қасиетiн қалыптастыру.

Дарын және қабілет түсініктері жөніндегі кәзіргі замандағы психологиялық тұжырымдар. Табиғи дарындылық негізінде қабілеттердің қалыптасуы. Орындаушылық өнердегі көркемдік ой қызметінің өзгешелігі. Музыкалық ырғақ. Музыкалық ырғақтың адам өмірі қызметімен тығыз байланысы. Музыкалық ырғақты сезіну негіздері. Орындаушылыққа ықылас, назар салу және қызығушылық. Ерік мақсатқа жету бағытындағы саналы әрекеттің пайда болуы. Студенттің өз бетінше құлшынысын қолдау.

Шәкірттің музыкалық көркемдік техникалық жетілуінің біртұтастылығы музыка педагогикасының негізі. Оның кластағы сабақта шешімін табуы. Ұстаз бен шәкірттің бірлескен шығармашылық жұмыстарының желісі, шығармашылық жеке тұлғаның қалыптасуы. Жалпыға бірдей аспап қойылымы. Аспап қойылымының түпкілікті үйлесімді, әсем тұстарын барынша пайдалану. Отырыс, қойылым әрдайым жіті байқауда болуы шарт. Шәкірттің дене құрылымына, ой жүйесі, бұлшық еттерінің табиғи болмысына байланысты.

Аппликатура негіздері. Аппликатураның музыкалық мәнерлеушілікпен және техникалық шеберлікке апарар жолы, оңтайлы тәсілі. Орындаушылық стиль мен аппликатура принциптерінің өзара байланысы. Ыңғайлы аппликатура түсінігі, оны тұрақтандыру. Музыкалық шығарманың әуендік, техникалық бөлімдері үшін, аппликатура таңдау принципі.

Позиция және оны алмастыру. Позиция үйрету реті. Позиция ауыстыру амалдары. Кеңейтілген болмаса қысыңқы позицияны қолдану мүмкіндіктері.

Ұлы халық орындаушылары өз халқының тарихын, тұрмыс-тіршілігін, ауыз әдебиетін, әдет-ғұрпын, салт-дәстүрін, ән-күй өнерін жақсы білді. Ал, дарынды композитор-орындаушы өзі шығарған ән-күйлерін өзі елге тарататын дәстүр болды. Кезінде халқымыздың тума талант ұл-қыздарыартына ән-күй өнерінің қайталанбас тамаша үлгілерін қалдырды.


5 Күй тарту шеберлігінің сипаттары

Көп ғасырлық күй тарту шеберлігінің арқасында небір жақсы әдіс-тәсілдер қалыптасты. Күй тарту шеберлігінің дәстүрі деп жылдар бойы қалыптасқан, кейінгі ұрпаққа мұра болып қалған тұрақты әдіс-тәсілдерді айтамыз:

- біріншіден, күй жанрының негіздерін көрсете алатын шеберлік;

- екіншіден, күй жанрының дәстүрлік сипатын көрсете алатын шеберлік;

- үшіншіден, күй жанрының мектептерін көрсете алатын шеберлік;

- төртіншіден, күй жанрын ұлттық өнер ретінде көрсете алатын шеберлік.

Жоғарыда аталған күй тарту шеберлігінің негіздері күй тақырыбының мазмұнын мүмкіндігінше толық аша алатындай болуы керек. Домбыра тарту шеберлігінің дәстүрлі әдістерін қолдан келгенше сақтап ойнауға күш салу үшін оның негізгі қағидаларын жақсы білу керек.

Домбыра тарту шеберлігі – дамып жетіле беретін өнер. Әр мектептің күй тарту шеберлігі сол мектепке тән көркемдік және суреткерлік шеберлікпен тікелей байланысты. Сондай-ақ әр мектепке тән тақырып мазмұнын ашу үшін қолданылатын шеберлік тәсілі болады. Қағыс атаулары және оған берілетін түсініктемелер. Алғашқы қағысты меңгеру барысында студент екі қағыс түріне де (төкпе және шертпе қағыстарына) бірдей жаттығу керек. Төкпе қағысты сұқ саусақ пен басбармақ, ал шертпе қағысты тек сұқ саусақпен орындаудан бастаған жөн. Ең негізгі бізге белгілі қағыс түрлері:

- «Тентек қағыс» – Құрманғазы дәстүріндегі кейін Дина дамытқан кең шеңберлі қағыс;

- «Төре қағыс» – Төре күйлеріндегі ішектің екі жағынан аса алыс кетпейтін қағыс;

- «Сүйретпе қағыс» – Абылдан келе жатқан бұл қағыс күйлердің динамикалық жақтарын аса жандандырады. Әсіресе ол шартты бөлуден жұпты бөлінген дыбыстарға ауысқанда, соңғылардың үлкен айырмасын көрсетеді;

- «Шұбыртпа қағыс» – бес саусақты кезегімен жоғарылы-төмен сілтеген қағыс;

- «Сипай қағыс» – саусақтың ұшымен сипай өтетін қағыс.

Енді дәстүрлі күй қағыстары түрлерімен және оларға берілген түсініктермен таныса өтейік: ілме қағыс, саулама қағыс, шалу қағыс, орама қағыс, тырнама қағыс, толқындама қағыс, иілме қағыс, шашқын қағыс. Бұл қағыс түрлері М.Өскенбаев пен С.Балмағанбетовтерден жазып алынған. Орындаушылық дәстүрлерде ең көп кездесетін қағыстардың бірі “теріс қағыс”. Мұнда қағыстың әлді кезеңі қаққан қолдың жоғары қарай шыққанда келеді. Сондықтан бұл күйдің ырғағында акцент табиғи түрінде болмай ауысып келеді.

Сирек кездесетін күрделі қағыстар. Қара қағыстан кейінгі қағыстар біртіндеп күрделене түседі. “Орама қағыстың” бір түрін домбырада тез үйреніп кетудің өзі біраз қиындықтар туғызады. “Ілме қағыс” – білек буыны арқылы бір төмен, бір жоғары қозғалыспен алынады, тек айырмашылығы соңғы жоғары алынатын екі қағыс бармақпен және сұқ саусақпен алынады.

Күрделі қағыстың бірі Маңғыстау түбегінің әйгілі қағысы “Адай қағыс” – ол оң қолдыңбілек буынын үш рет қозғалып жұмсартып алған төрт қағысын айтамыз. Бұл қағыс көбінесе Атыраудың «Ақжелең» аттас күйлерінде және Маңғыстау өңірінің күйлерінің көбінде әсерлі қолданылады.


6 Күйлердің рухани тәрбие болатын сипаттары

Музыка – адам сезiмiнiң нәзiк тiлi, яғни адамдардың бiр-бiрiмен эстетикалық тәрбие беруде адам өмiрiнде музыканың атқаратын рөлi аса зор. Сондықтан жаcтарымызды музыка мәдениетiне тәрбиелеу iсiн жан-жақты ойластырып, олардың музыкалық талғамын әрдайым дамытып отыруға мейлiнше көнiл бөлуiмiз керек.

Осы ретте жастардың музыкалық шығармалар жөнiндегi өскелең талап-тiлегiн барынша қанағаттандыру, олардың өнер сұлулығын терең сезiнген биiк талғамын тәрбиелеп отыру мәселелерi арнайлы сөз етудi қажет етедi. Олай дейтiнiмiз, жаңа заманның жасампаз адамдарының iзгiлiкке толы жан дүниесi, биiк парасаты, жан-жақты жоғары мәдениеттiлiгi, музыкалық мәдениетiмiздiң өнерпаздық қуатымен тәрбиелiк ықпалына да тығыз байланысты.

Халқымыздың музыкалық қоры өте бай, игерiлiп бiтпеген мол қазына. Атадан балаға мұра болған «Ќыз Жiбек», «Ер Тарғын» секiлдi әдеби мұраларға жаңаша бiр өң бiтiп, олар музыкалық шығармаға айналды. Ал бүгiнгi заман тудырған мұралар тiптi көп. Солардың қай-қайсысы да өмiрдегi оқиға, құбылыстардың, ренiш-қуаныш секiлдi адам бойындағы сезiмдердiң сырын ашады. Музыка үнiн естiгенде ерекше әсерленетiмiз де содан. Ат шабысты көзге елестететiн «Сарыарқа», «Адай» сияқты күйлердi естiгенде өзiң де бiр тұлпарға мiнiп ап жүйткiлiп бара жатқандай сезiнесiң.

Қазақ ұлтының өнер саласындағы қасиеттеп маңдайға басар мақтанышы – домбыра. Оның қос iшегiнен күмбiрлей төгiлген құдiреттi күй талайды тамсандырып, таңдай қақтырары шүбәсiз. Сондықтан бiз домбыра сыныбында оқитын студенттерге Құрманғазы мен Динаның қуатты күйлерiн үйретiп қана қоймай, оның мазмұнына, шығу тарихына, айтайын деген ойына терең бойлап, түсiнiп ойнауға баулуға тиiспiз.

Ең бастысы, «Әнге әуес, күйге құмар бала – жаны сұлу, өмiрге ғашық болып өседi» деген М. Әуезовтiң даналық сөздiн әсте естен шығармасақ, бүгiнгi студент ертең маман болған кезенде эстетикалық тәрбие берудегi музыканың рөлiне айрықша назар аударатыны сөзсiз.

Жас ұрпақтың бойына туған өлкесi мен халқына деген сүйiспеншiлiк қасиеттердi дарытуда музыка мен әдебиеттiң байланыстылығы ерекше ықпал жасайтыны белгiлi. Өйткенi, ол жас өспiрiмнiң рухани эстетикалық, дүниетанымдық көзқарасын қалыптастырып, көркемдiк сезiмталдығын арттырады, талғам өрiсiнiң дамуын зор үлес қосады.

Әр халықтың эстетикалық дүниетанымын, көркемдiк және материалдық мәдениеттiң құрайтын, өзiне тән өнер түрлерiне ерекшелiнетiн, музыкалық және ақындық қасиеттерiн, қабiлеттерiн, икемдерiн тәрбиелейтiн құрал – ұлттық аспаптар. Соның бiрi әрi бiрегейi – домбыра. Мысалы, бесiк жыры, тұсаукесер, шiлдехана, сүндет той, тiлашар, тойбастар, бет ашар, жар-жар, сыңсу, жұбату, жоқтау, жарапазан, батырлар мен махаббат жыры, қисса-дастан, толғау, айтыс, терме, ән, күй т.б. толып жатқан әдебиет пен өнер туындылары домбыра үнiмен ұрпаққа жетiп, жалғасын тауып отырады.

Ата-баба ұстаған бұл киелi домбыраны меңгеру арқылы өз даналықтарын өлместей мұра қылып, дамытпаған қазақ баласы кемде-кем десе болады. Өйткенi, осы домбыра аспабы негiзiнде талантты адамдар ауыз әдебиетiнiң негiзiн қалап, дамыта отырып бiзге жеткiздi.

Ән, өлен, терме, өсиет, жыр, толғау, айтыс, т.б. түрлерi ой елегiн шымырлатып, адамгершiлiкке баулыды. Мақал-мәтел, жұмбақ, қисса-дастан, ертегiлер жақсы мен жаманды ажыратуға үйреттi, ерлiк пен махаббатты жырлады, туған жерi мен елiн қорғауға үндедi;

Күй үнi адамның тiлi жетпейтiн iшкi жан дүниесiндегi ойын жеткiзiп, айнала әсемдiк әлемiн аялап қорғауға нәзiк сезiмен, көңiл-күйiн түсiнуге тәрбиеледi. ұлы ұстаз халықтың өзi болды, шығармашылықпен айналысқан орындаушыларды өздерi сынап, бағалап отырды. Сал, серi деп ат қойып айдар тақты. Тойлар мен жиындарға қос ат жiберiп алдырып, әншi, күйшi жырауларды топ алдына шығарды.

Әр ұлттық өзiндiк жерi мен суы, тiлi мен мәдени ошағы, музыкасы мен поэзиясы, қолөнерi мен тарихына сай мiнез-құлқы да болады. Сондай мұраларға бай ел - қазақ халқы. Сақ, ғұн, үйсiн, қанлы, түрiк, дештi қыпшақ – бәрi-бәрi осы ұлан-байтақ, сахара даласында өмiр сүрiп, барлық мұрасы мен өнерiн дамытып отырады. Бұған Орхон-Енисей бойындағы рунылық сына жазудағы көптеген мақал-мәтелдiң төркiнi өз күшiн жоймай, бүгiнгi күнмен жалғасын табуы дәлел бола алады. Он екі пернелi, екi шектi домбыраны IV ғасырда Арал теңiзiнiң оңтүстiгiн ала орналасқан Хорезм маңындағы «Қой қырылған» деген жерде тасқа қашап салып кетуi – бiз үшiн өлместей мұра қылып қалдырған ата-бабаның ақылдылығы. Сондықтан тарих пен ауыз әдебиетiн домбыра аспабының негiзiнен iздеу және оны оқу құралы ретiнде пайдалану бүгiнгi жас ұрпаққа ана тiлiнiң маңызын жеткiзудiң ең тиiмдi жолы болар едi. Ал оны мақтап етiп зерделей түйiп оқыту, ұлттық сезiмiн ояту – бiздiң мiндетiмiз. Өйткенi, ата-бабалардың нақыл сөздердi, күйлерi мен әнi, жыр мен толғау өсиеттерi, айтыс, дастан сияқты толып жатқан өнер түрлерi бiзге домбыра аспабы арқылы жеткенi мәлiм.

Қазақтың байырғы даласында ән ырғағының күрделi күйлерiнiң төкпе, шертпе болып бөлiнуi де бiлiктiлiктiң белгiсi. Ана құрсағындағы сәбиге дейiн музыка үнi және сөз өнерiнен ерекше әсер алып, оны тындаған ананың тебiренуiне байланысты iштегi бала тәрбиеленген. Домбырада неше түрлi әуеннiң әсерiмен берiлген сөз маржаны адамды балқыта, елжiрете өзiне тартады.

Домбыра – адам тәрiздес басы, екi құлағы, екi көзi, мойыны, екi iшектi сөйлейтiн тiлi бар ауыз әдебиетiнiң түрлi салаларын жеткiзушi аспап. Домбыраның көмейiнен күңiрене құйылған күй, шыққан үн, пернеден қосылған дыбыс асыл сөздердiң маржанын жинаған және оны кеудесiне сыйғыза бiлген көненiң көзi. Киелi домбыра аспабының үнi бар жерде жамандық иесi болмайды. Ол адамның рухани жан дүниесiн музыка арқылы емдеп, мiнез-құлқын жөндеуге, шығармашылықпен iзденуге, байсалды, сабырлы болып еңбек етуге үйретедi.

Ата-бабаның сан-салалы жанрлардың үлгiсiн салуы, тақырыбы мен мазмұнының әсерлi болуы қазақтың ежелден жан-жақты жетiлгенiн байқалады. Ауыздан-ауызға сөз маржанын домбыра арқылы жеткiзiп, осы жанрлы орындай келе оны күрделiлендiре түсуi талант иелерiнiң iсi. Ал оларды шығарушы мен орындаушыларды дала философтары деуге әбден болады.

Домбыра үнi арқылы сөз ұйқастары құралып сан түрлi өлең жолдары ауыз әдебиетiне үлесiн қосты. ¦йқасы шұбартпалы, төкпе түрлерiне сай өлең жолдары неше түрлi сарындардың пайда болуына ықпалын тигiзедi. Екi арна тоғысып, көптеген жанрларды дүниеге әкелдi.

Ауыз әдебиетi мен музыка үлгiлерi ертеде жас ұрпақты тәрбиелеуде өзiндiк орын алған. Ата-ана баланы он үш жасқа дейiн домбыра үнiмен тәрбиелеп, өз ана тiлiнiң қадыр-қасиетiн, мақал-мәтел, өсиет, нақыл, сөздерiн сол арқылы оның бойына сiңiре бiлген. Бүгiнде осы ата-бабаның ұсталған ұлы жолынан адасқан сыңайымыз бар сияқты. Сондықтан мектептерде бiлiм деңгейi сапасының төмендеуiне жол берiлдi. Ұлттық сана-сезiмнен жұрдай болып, салт-дәстүр негiзiнде сабақ беру тәсiлiнен мүлдем айырылдық. Ұлы Абайдың тәрбиелiк мәнi бар қара сөз деңгейi түгiлi, оның өмiр сүрген кезiндегi көзқарасына жете алмаған қазақ баласы үшiн қазiргi атом, техника дамыған заманда өкiнiштi-ақ. Мұның бәрi ұлттық өнерiнiздi жоғалтып отырғынымыздан емес пе екен?

Ендеше бұдан былай домбыра аспабы арқылы ауыз әдебиетi сабақтарын тиiмдi түрде студенттеге үйрете отырып, негiзiн қалау керек. Ал музыкамен айналысқан балада жамандық қасиет болмайды, сондықтан «Бұл ғылым (яғни музыка) өзiнiң байсалдылығынан айырылған адамдарды түзеуге, қызба адамды қалпына түсiруге, байсалды адамды ылғи да бiр қалыпта ұстауға құдiретi әбден жетедi» деп, Әл Фараби айтқандай, музыка арқылы ауыз әдебиетiн қосарландыра сабақ берсек, көп жетiстiкке жеткен болар едiк.

Сондай-ақ, ауыз әдебиетiндегi өлең сөздерiнiң әр буындарында музыкалық дыбыстар жатыр. Сол себептi ауыз әдебиет түрлерiнен сабақ бергенде, музыка арқылы тәрбиелеуге ерекше назар аударған жөн. Домбыра тартуды үйрету ауыз әдебиетiн дамыта оқыту болып табылады. Жастарды еңбекке үйрету жолы қазiргi таңда өте нашар үлгiде болып отыр. Домбырада ойнау еңбектiң үлкен түрi деуге болады. Аспаптың басты мақсаты: бiрiншiден ойнауға үйретсе, екiншiден, домбыраны қағу мен пернесi басуға үйретедi, үшiншiден, дыбысы мен сөз саптауларына мән берiп ойлау жүйесiн дамытады. Ал, өлең сөздерi мен музыка үнi есте ұстау қабiлетiн жетiлдiрiп, санасын оятады. Демек, домбыра тарту еңбек пен ой жүйесiн дұрыстауға, үнiн естiп сөз құрауға, жаттаған өлеңдерiн мәңгi жадына ұстауға жетелейдi. Сонымен қатар оқушыларға сабақ берген кезде-ақ қағазға белгiлi бiр тақырыпта сурет бейнесiн салып, оны музыка тiлiмен байланыстыра айтса, тiл байлығын дамытуға көмегi тиедi.

Ерте заманда неге бiр адам бойында бiрнеше қасиет болған, себебi олар музыканы түсiнiп, орындай әрi оны тыңдай бiлген. Қорқыт, Әл Фараби, Абай, Махамбет, Бiржан, Мұхит, Құрманғазы, Тәттiмбет, Сәкен, Ахмет, т.б. Олар елi мен жерi, тiлiн мен дiнi, рухани мәдениетi үшiн барлық ой-қиялын жұмсады. Сол бабалар салған жолмен домбыраны тартып, оны үйде ұстау керек. Көзi ашық, көкiрегi ояу, сезiмi мен талғамы, психологиясы мен жан-дүниесi таза сезiмтал жан музыка арқылы өзiн де, өзгенi де тәрбиелей алады.

Өлең сөзiн ақын, әнiн сазгер жазады, орындаушы сол туындыны жеткiзушi, көркемдеп үйлестiрушiсi бар, бiр әннiң сонында төрт адам жүрiп орындайды. Ал ерте заманда бәрi бiр адамнын бойында ғана болған. Махамбет-батыр, ақын, сазгер, орындаушы, Абай – ағартушы, сазгер, ақын, сыншы, философ, психолог болды. Солар сияқты азамат туу үшiн домбыра аспабының рөлi орасан зор.
7 Домбыра аспабында фортепиано сүйемелдеуімен шығарма ойнау әдістемесі
Қазақ елі, жері, өнері десек, алдымен ауызға алып, ойға келетіні шегі жоқ сары дала, көшкен ел, аттың жалында, түйенің қомында туып, дүниеге келген ән мен күй.

Сан ғасыр бойы заманның талай зобалаңын бастан кешірсе де, қазақ, халқының еңсесін елден ерекше самғап, биікте ұстап тұрған кұдірет — оның өнері. Музыка өнері, саз өнері, қол өнері.

Жеке алып қарайтын болсақ, домбыра, оның күй өнері - тамыры терендегі тұңғиық ғылым. Осы салада талай ғалымдарымыз, зерттеушілеріміз, композиторларымыз аянбай еңбек етіп келеді. Жалпы халық музыкасы, домбыра, күй және оның қалыптасуы, бізге жетуі, дәстүрлі халық өнері ретінде жер жүзіне танымал болуы жөнінде әңгіме қозғағанда Ахмет Қуанұлы Жұбановты еске алмау мүмкін емес.

Арнайы музыка оқу орындарын ашты. Домбырашылар ансамблінен басталған ұжым, дүние жүзіне аты әйгілі Халықтар достығы орденді, академиялық Құрманғазы атындағы халық аспаптар оркестрі, бір кездегі алты студенттен басталған халық аспаптар бөлімі, қазір бірнеше кафедрасы бар, үлкен факультет. Халық арасындағы көне көз, шежіре орындаушыларды бір орталыққа ұйымдастырып, күй өнерінің дәстүрлі орындаушылығы мен дамуының ғылыми жүйесін жасап, болашақ, ұрпаққа мол мұра қалдырды.

Жоғарыда айтылған бұрынғы мен қазіргінің арасындағы жанды көпір деп А.Жұбановты айта аламыз. Жарты ғасырдан астам өмірі бар халық, аспаптар факультетінен білім алған түлектер, қазіргі уақытта алды кемеліне толған өнер ардагерлері, зиялы өнер қауымы.

Әрине, заман өзгерістерімен бірге халықтың әлеуметтік тарихи жағдайының өзгеріп отыруы табиғи құбылыс. Күй өнеріне бұрынғы құйма құлақтық дәстүрлі әдісімізбен бірге нота сауаты, арнайы музыкалық жан-жақты білім ағымы қосылды. Бірақ халықтық, дәстүрлі нұсқадан ауытқыдық деп айта алмаймыз.

Олар еуропалық мәдениетті толық таныған, арнайы музыкалық жоғары білім алған мамандар. Бәрі домбырашы - күйшілер.

Бүгінгі таңда — домбырада тек қана күй емес, фортепианомен косыла «Фантазия», «Увертюра», «Поэма», «Концерт» сияқты күрделі шығармалар үйлесімді үндестікпен орындалып жүр. Авторлар күй жанрын әр қырынан қарай отырып, мазмұнын, бітім-болмысын айқара ашып жаңа белеске көтерді. Домбыра өнерінде жаңа жанр, жаңа ағым дүниеге келді. Бұл үлкен дәстурлі мектеп.

Міне, ең алғаш осы тыңды игерген, профессор Х.Тастанов. Мысалы, оның «Фантазия» шығармасың талдап қарасақ, композитор еуропалық циклдарды ала отырып, әр бөлімді жеке күй есебінде қарайды. «Аllеgrrо», «Аndаntuno», «Вальс», «Аllеgrrо». Автор «Фантазия» жазуда — еуропалық әдісті, нұсқаны, дәстүрлі күй шығармашылығына жақындатып, орындаушының да, тыңдаушының да ой тұжырымының бір келісімге келуін мақсат етіп қойған.

Орындаушылық өнерге соны жаңалықтар әкелсе — ол қонымды да ұтымды шыққан. Х.Тастанов домбыраның бұл үрдісіндегі алғашқы қарлығаштардың бірі. Ол бастаған жаңа жанр өз жалғасын табуда.

Фантазия айдарымен жазылған шығармаларды, кейінгі буын композиторлары М.Әубәкіровтің, Е.Үсеновтің, т.б. туындыларынан көруге болады. Келесі фантазия - М.Төлебаевтың «Біржан-Сара» операсының тақырыбына жазылған М.Әубәкіровтің шығармасы. Шығарманың басында операдағы хор тақырыбынан кіріспе алынған «Adagio». Бір және екі дауыста үлкен толғаныспен орындалып, «Моderato» екпінінде негізгі бөлімге дайындық жүреді. Негізгі бөлім от жалындай жылдамдықпен өтетін күй дәстүрінде жазылған. Орта бөлім хор тақырыбын дамыта отырып, бастапқы күй әуеніне ұласады. Шығарма жігерлі, қысқаша кодамен бітеді.

Ал, Е.Үсеновтың «Майра» фантазиясына келетін болсақ, біздің баршамызға белгілі жағдай — ән мен күй құлақтан құлаққа өтуі арқылы біздің заманымызға жетті. Мол мәдени мұрамызды қағаз бетіне түсіруді алғаш А.Жұбанов, Б.Н.Ерзакович, В.А.Затаевичтар бастады. Бұл шығармаға сол заманнан жеткен "Майра" әнінің екі нұсқасы алынып отыр. Ән тақырыбы дами отырып, құбыла түсіп (вариация) негізгі тақырыпқа оралады.

Кейінгі буын Е.Үсеновтың осы шығармасынан бірнеше дәстүрлік қағиданың, дәстүрлік мектебіміздің жалғасуын көреміз:

1) бұрауы — теріс бұрау (квинта).

2) орындаушылық, дәстүрі – төкпе, шертпе мектептерінің ойнау әдістерінен туындайды. Бұл әдісті бірінші болып композитор А.Жайымов қолданған болатын. «Майра» фантазиясы — шертпе дәстүріндегі кіріспемен басталады. Ал, негізгі бөлімінде аса бір екпінмен төгіп ала жөнеледі. Домбырашының орындаушылық, қырын ашу мақсатында тақырып түрлене отырып, кең құлашты әнге ауысады. Одан әрі қарай негізгі буынға өтіп, бастапқы тональді бояуда бітеді.

Кейінгі кезде домбыраға арнап жазылған поэмалар қатары да толысып, көбейе түсуде. Н.Тілендиев «Алтын дән», А. Жайымов «Поэма», Е.Үсенов «Поэма», т.б. болып жалғаса береді. Н.Тілендиевтің оркестрге арналып жазған "Алтын дән" атты поэмасы — өнер сүйер қауымға өте жақсы таныс. Домбыра кафедрасының түлегі «Жігер» фестивалінің жүлдегері А. Тұрсынбеков профессор М.Әубәкіровтің жетекшілігімен осы шығарманы домбыра мен фортепианоға лайықтап түсірген болатын. Сонымен қатар қазақ халқының бірегей, тума - талант композиторы Н.Тілендиевтің шығармашылығы жөнінде дипломдық жұмыс жазды. «Алтын дән» поэмасы Н.Тілендиевтің аспаптық музыка жанрындағы тамаша туындыларының бірі. Шығармада қазақ халық аспаптарының барлық орындаушылық мүмкіншіліктерін сарқа пайдаланып, қазақ халқының күй жанрын асқан шеберлікпен дамыта білген.

Поэма — еркіндік құрылымымен ерекшеленетін аспаптық шығарма. Оның мақсаты, жоспары, анық болжамы болады.

«Алтын дән» поэмасында қарама-қарсы екі бейне бірін-бірі толықтыра отырып, жаңа кұрылымдық, көркемдік жетістікке жеткен. Бірақ сол дәстүрлі нұсқадан аспай, шеберліктің әдіс, амалдарын іздей отырып, негізгі бөлімді «Аllеgrrо» кең дамыған классикалық күй формасында батыс өнірінің тегеурінді төкпе әдісінде алған. Бұл шығармаға алыптық, батырлық сипат береді. Әрине шығарманың сан қырлы, ойлы болуы – «Алтын дән» атынан-ақ көрініп тұрғанындай: «Тың жер», «Сары далада жайқалып өскен бидай», халықтың қажымас күш жігері, терең бейнеленген. «Алтын дәнді» тыңдаған түркі баласының тұла бойы шымырлап, ұлттық сезімінің тереңінен тебіреніп, жігердің жебесіндей серпіліп күш қайратты батыр сезінбегендері жоқ шығар.

Оркестрге арналып жазылған «Алтын дән» поэмасы іспеттес көптеген туындылар бар. К.Күмісбеков «Дала», М.Қойшыбаев «Советтік Қазақстан», С.Мұхамеджанов «Шаттық Отаны», т.б. Домбыра өнеріндегі жаңа үрдістің келесі бір белесі увертюралар.

Д.Ботбаевтың «Бәйге» увертюрасы дамып жетілуі, тақырыптық түрленуі жағынан алып қарағанда фантазия жанрына жақындайды. Увертюра жанр таңдаудың бір қыры. Увертюра — шығармаға бастама, кіріспе деген ұғымды береді. Шығармада тональді, үндестік өзгерістер көп-ақ. Бұл арқылы автор қазақ, халқы өнерінің ең өрелі түрі — бәйгенің болмысын, мазмұнын жеткізген. Бәйгеге озу-қалу, жүйрік-шабан, жарыс-тартыс деген сияқты ұғымдарды тональді қарама-қарсылықтар арқылы берген. Ат шабысының қозғалысын ырғақтық өзгертулер көрсетсе, өзгеріп отыратын шымыр қағыстар шығармадағы біртұтастықты көрсетеді. Бәйге өнерінің бітім-болмысын толық көз алдымызға әкеледі.

Фантазия, увертюра, поэма бұл жанрдағы шығармалардың бәрі де дәстурлі күй шығармашылығына — күйге еуропалық, жанрларды жақындату болып табылады. Бірақ оның мазмұны дәстүрлі күй болса, екінші бір авторларымыздың ізденісінде күйдің өзінен, дәстүрлі музыкадан осы бағыттағы үлгіні дамыту, жаңа жанрды күй аясында биікке көтеру құбылысы байқалады.

М.Қойшыбаевтың «Қызылқұм» атты концерттік күйінде композитор тақырыпты түрлендіре отырып, жаңаша кескін іздеген. Бұл шығарма үлгі (формасы) жағынан үш бөлімнен тұрады. «Қызылқұм» деген атына сай, ә дегеннен негізгі күй тақырыбы абыр-сабыр, өте тез екпінде басталып, көз алдымызға құм көшкінін әкеледі. Табиғат құдіретінің тұрақсыз өзгерісін өте тез екпін, өзгермелі ырғақ, өлшемдер арқылы берген. Жел басылып, саябыр тапқан ашық аспан, бей-жай қалыпқа түскен жан-жануар ортаңғы бөлімде тыныштықпен әдемі үндеседі.Осылайша біртіндеп дамыта отырып бастапқы тегеурінде күй тақырыбы, құм көшкіні қайта басталады.

Соңғы жылдары «Қызыл құм» іспеттес концерттік күй, концерттік пьеса ілегі жалғасып келе жатқанын байқаймыз. Мысалы, М.Әубәкіровтің «Жас екпінін» алайық. Бұл шығарма ұстазы Х.Тастановқа арналған. М.Әубәкіров ұстаз ұлағатын бұрмай, жалғастырған маман. «Жас екпін» — жеке жоспарлы арнайы концерттік шығарма. Автор шығармада - жастық шақты, құбылмалы да жігерлі, еш нәрседен қаймықпайтын қайсарлықты көрсете білген. Шығарманың бірден жоғары нүктеден басталуы да біріншіден, мазмұнына байланысты, екіншіден, бұл күй дәстүріміздің сиректеу кездесетін нұсқасы. Өте тез екпін, триольді кағыстар құбылмалы динамикалық бояулар күрделі үш бөлімді шығарманың мазмұнын аша түседі.

Екінші бөлім нәзіктік, сыршылдық әуенімен түрленеді. Автордың бұл жерде алға қойған мақсаты алынған тақырыпты дамыта отырып, орындаушының орындаушылық шеберлігін, техникасын кең түрде қолданады. 2-бөлімнен кейін каденция, жаңғырықты дыбыс (флажолет) әдісін қолданады. Бұл да домбырадағы ізденісі, жаңалығы. Каденция негізгі бөлімге қайта оралып, үшінші бөлімге жалғасады. Бастапқы екпінде бір тыныста шығарма бітеді.

Жас шамасы жағынан соңғы буын өкілі деп қарасақ та, шығармаларының мазмұн тереңдігі мен сан қилы орындаушылық ерекшеліктерімен композитор - А.Жайымов дараланып тұрады. Оның «Шалқыма» атты концерттік күйі қазіргі таңдағы домбырашылардың орындаушылық негізін көрсететін, асқан шеберлікті талап ететін, атымен де, мазмұнымен де күй дәстүрі аясында құрылған туынды. Республикалық сайыстарда ұдайы орындалатын шығармалардың бірі.

Ал «Дамылсыз қозғалыс» және «Концерттік пьеса» тырнақ алды туындылары. Бұл шығармаларды автор фортепианомен қосылып орындағанда домбыра техникасын жан-жақты дамыту жағын алға мақсат етіп қойған.

«Дамылсыз қозғалыста» еқі шекті кезектестіре қолданып, сол қол саусақтарын пернеге жеке-жеке басу тәсілдерімен домбыра мойнындағы бүкіл кеңістікті толығымен пайдаланады. Шығарма рондо үлгісінде жазылған. «Концерттік пьеса» күрделі үш бөлімнен тұрады. Құрманғазының «Сарыарқа» күйінің тақырыбына жазылған. Күй тақырыбын жаңаша тілмен өрбітіп, оны фортепианомен шебер жарыстыра білген. Мұнда домбырада кездесетін әдіс-амалдар, орындау тәсілдері одан әрі дами түскен. Жалпы домбырашыдан жоғары ептілікті, орындаушылықты талап ететін шығарма.

«Концерттік пьесалар» тізбегін Е.Үсеновтың «Жігер», «Түркі әлемі», «Шәмші дастаны», С.Балмағамбетовтың «Күй дастаны» жалғастырады. «Жігер» күй дәстүрін қолдана отырып жазылған шығарма. Үш бөлімнен тұрады. Орта бөлімінде әдеттегідей жай, әндете, негізгі тақырыбын құбылтып, 1-бөлімді қайталайды. Ал С.Балмағамбетовтың «Күй дастаны» — дастан деген, атына лайық, толғау күй. Әуен жоғарылаған сайын, тақырып ырғақ, қағыс түрлене дамиды. Шығарманың үлкен бір бөлімді болуының өзі күй негізін дәлелдейді.

Еліміз егемендік алып, жалпы халық, қоғам өмірінде түбегейлі өзгерістер болып жатқанда — елім, жерім, халқым деген әрбір азаматтың жүрек тебіренісі, құлшынысы табиғи және түсінікті жағдай болып табылады. Е.Үсеновтың «Түркі әлемі» шығармасы осы бір тебіреністің перзенті. Барлық түркі халықтарының басының бірігуіне арналған. Шығарманың бірінші бөлімі түркі халықтарының әуендеріне құрылған тез екпінді, екінші бөлімінде қазақ халқының әндерінің элементтері бар жай екпінде түрлене отырып, каденция арқылы 3-бөлімге өтеді. Шағын кодамен аяқталады.

«Шәмші дастан» болса «Қазақ вальсінің королі» еліміздің бір туар таланты Шәмші Қалдаяқовтың өмір суреттерінің галлереясы. Жоспарлы поэма, фантазия деп қарасақ та болады. Қысқаша кіріспеден басталып, көңілді жігерлі 1-бөлімге ойысады. Бірінші бөлімнің өзі үш бөлімдік үлгіде жазылған. 2-бөлім Шәмшінің "Цыган серенадасы" әнінің негізінде құрылған. 3-бөлімде «Вальс» - ырғақпен өзгерістерге түсіп, әрі қарай марш тектес әуенге ойысады.

Шығарма Шәмшінің «Менің Қазақстаным» әнінің негізін ала отырып аяқталады. Шәмші «Қандары қызған, нағыз жастық шақтарында менің әндерімді аспандатып шырқаған, сол әнмен бірге есейген қыздар мен жігіттер бұл күндері егде тартып, беттеріне әжім, шаштарына ақ түскен жасамыс болыпты. Менің әндерімді солар шырқайды. Мені «Шәмші» деп бастарына көтерген сол асылдарым дүниеден өткен соң менің әнімді кім салады? Кім мені есіне алады? Менің сонда оқты айдалаға атқаным ба, өмірімді босқа өткізгенім бе? - деп тұңғиыққа тіреліп сұрақ қойғанда, - Оны болашақ айтады» — деп О.Бодықов жауап берген екен. Әуенінде Шәмші әндерінің бірнешеуінің әуені бар "Шәмші дастан" орындаушы мен тыңдаушының сүйіктісіне айналып та үлгерді.

Композитор Е.Брусиловскийдің «Румын әндері» — домбырашы-орындаушы қауымның репертуарынан кең орын алған шығарманың бірі. "Румын әуендері" 1953 жылы Бухарест қаласында өткен жастар мен студенттердің дүниежүзілік фестиваліне байланысты Құрманғазы атындағы халық аспаптар оркестріне арнап жазылған. Оны М.Әубәкіров 1954 жылы фортепианоның сүйемелдеуімен орындау үшін домбыраға лайықтап түсірген. Дәстүр жалғастығы емес, бірақ, домбыра өнеріндегі жаңа ағым, сонымен қатар емтихандарда, конкурстарда домбырашылар репертуарында өзіндік орны бар шығарма.

Сондай-ақ консерватория түлегі, домбыра өнерінің дамуына үлес қосып жүрген маман М.Тіналиннің "Жайлау биі" шығармасы — бүгінде домбырашылар репертуарынан өз орнын тапты. Шығарма фортепианоның жай, қысқа кіріспесімен басталып, орта екпіндегі негізгі бөлімге ауысып, ортаңғы бөлімде бірнеше түрленіп 1-бөлімді қайталайды.

Аспаптык, музыканың күрделі жанр биігі - концерт дейтін болсақ, домбыра мен фортепиано, оркестрге арналған концерттер де жазылды. Жоғарыда атап өткеніміздей бұл жанрда алғаш қалам тартқан композиторлар С.Мұхамеджанов пен А.Жайымов. Бұл жинаққа кірген А.Жайымовтың «Балдәурен» атты шағын концерті (концертино) үш бөлімді жоспарлы шығарма. Мазмұны бақытты балалық шақ көріністерін бейнелейді. Домбырашылық орындаушылық шеберлігін жан-жақты жетілдіре отырып, дәстүрлі күйшілік өнердің қыр-сырларын шебер қолдана білген. Әдеттегідей жай бөлімде қолданылатын тремоло қағысының орнына шертпе дәстүріндегі күй алынған. Үш бөлімнің домбырадағы үлкен сағадан басталуы да көптеген күйлерде кездесетін дәстүр нышаны.

"Шын өнерді еш уақытта тот баспайды" — дейді халық даналығы. Бастауын әріден алған сан салалы күй өнеріміз өзінің дер биігінде, келісті кейпінде. Ал бұрынғы күй дәстүрі аясында дамып, жаңа белес, жаңа үрдіс күй құдіретінің өміршеңдігін дәлелдейді.



Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет