Қабылдаудың физиологиялық негiздерi Қабылдаудың (бейне қалыптастырудың) физиологиялық негiзi болып, П.К. Анохин бойынша, функционалдық жүйе жұмысына бiрiгетiн көптеген психофизиологиялық жүйелердiң үйлесiмдi жұмысы. Оған шартты рефлекторлық байланыстарды қалыптастыру схемасы да кiредi.
Қабылдау да, түйсiк тәрiздi – рефлекторлық физиологиялық процесс. И.П. Павловтың көрсетуi бойынша, қабылдаудың негiзiнде рецепторларға қоршаған дүние заттары мен құбылыстарының әсер етуi нәтижесiнде үлкен ми сыңарларының қабығында пайда болатын уақытша жүйке байланыстары, яғни шартты рефлекстер жатады. Заттар мен құбылыстар комплекстiк тiтiркендiргiштер ретiнде сипатталады. Анализаторлардың қабықты бөлiмдерiнiң ядроларында осы комплекстiк тiтiркендiргiштердiң күрделi анализi мен синтезi жүредi. Анализ қабылдау объектiсiн фоннан бөлiп алуды қамтамаыз етедi. Анализдiң (немесе талдаудың) негiзiнде қабылдау объектiсiнiң барлық қасиеттерiн тұтас бейнеге келтiру жүзеге асады. Түйсiктермен салыстырғанда, қабылдау - ми қабығының күрделi аналитико-синтетикалық iс-әрекетiнiң ең жоғарғы формасы.
Қабылдаудың негiзiнде екi түрлi жүйкелiк байланыстар жатады: бiр анализатордың шегiнде қалыптасатын байланыстар және анализатораралық байланыстар. Бiрiншiсi организмге бiр модалдықтағы комплекстiк тiтiркендiргiштiң әсер етуi нәтижесiнде пайда болады. Мұндай тiтiркендiргiш ретiнде белгiлi-бiр әуендi алып қарастыруға болады. Оның өзi есту анализаторына әртүрлi жеке дыбыстардың ерекше үйлесiмi ретiнде әсер етедi. Осының нәтижесiнде үлкен ми сыңарлары қабығында интеграция мен күрделi синтез процесi жүредi.
Байланыстың екiншi түрi әртүрлi анализаторлардың шегiнде пайда болатын байланыстар. Осы ретте, И.М. Сеченов зат пен кеңiстiктi қабылдауды көру, кинестезиялық, сипап сезу және т.б. түйсiктердiң ассоциациясымен түсiндiрдi. Бұл ассоциацияларға, сонымен қатар, берiлген зат немесе кеңiстiктiк қатынас белгiленетiн сөздiң есту бейнесi де қосылады.
Қабылдаудың негiзiнде жататын уақытша жүйкелiк байланыстар сыртқы дүние заттары мен құбылыстарының қасиеттерiнiң объективтiк байланыстары негiзiнде қалыптасады.