Чекист-майдангер ерлігі егемен Қазақстан, 30 Сәуір 2010



Дата12.03.2018
өлшемі45,7 Kb.
#38907

ЧЕКИСТ-МАЙДАНГЕР ЕРЛІГІ


Егемен Қазақстан, 30 Сәуір 2010 | Әлеумет

 Загрузка ...

Жеңіс – 65

Тарих қат­парына үңілсек, оның қайғылы да қа­сиетті, қаһарман беттерінің бірі – 1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысына оралмай кету мүмкін емес. Отан үшін жанын пида еткен боздақтар елі мен жерін қорғап, ерен ерліктер жасады.

Осы жанкешті күресте қолына қару алумен қатар, өзінің өре-деңгейін, біліктілігі мен білімін, рухани биіктігін қоса жұмсаған барлаушылар хақында сөз қозғаудың маңызды­лығын түсінсек керек. Сол қаһар­мандарымыздың қатарында Ұлы Отан соғысы кезінде кеңестік сыртқы барлау да гитлерлік Германия мен оның жандайшаптарын талқандауға үлкен үлес қосты. Бүгінгі таңда Жеңіс күнін жақындатқан барлық қаһарман барлаушылардың атын атап айтуға әлі де болса мүмкіндік жоқ. Олар ұрыс алаңдары мен жау тылын­дағы құпия күресте Отанының бос­тандығы мен тәуелсіздігін абыроймен сақтап қалуда өз борыштарын өтеді.

Кеңес барлаушыларының жетіс­тігін сипаттай отырып, “Барлау өнері” кітабының авторы Ален Даллес кеңес барлаушылары іздеп тапқан мәліметтер әлем барлаушы­ларының арманы болып табылатын материалдар қатарында екендігін айтады. Бұл дәйексіз сөздер емес. Германияда кеңес барлау орталық­тары белсенді түрде әрекет етті. Сондай-ақ Италиядағы Муссолини кеңсесінде, Жапонияда әскери барлауда іс-қимыл жүргізді. 1942 жылдың мамырында Гитлер: “Большевиктер бізден бір ғана жағынан – тыңшылық жағынан мықты”, деп мойындаған болатын. Гитлердің жақын үзеңгі­лестерінің бірі Кейтель бұл жөнінде: “Шығыстағы соғыс барысында біздің агентурадан түскен деректер тек тактикалық аймаққа қатысты болды. Біз әскери операциялардың дамуына ықпал ететін бірде-бір мәлімет алған емеспіз”, – деген.

Ал кеңес барлауы соғыс жылдары қарсыластың стратегиялық жоспары мен жау туралы басқа да маңызды, сенімді және алдын алу мәліметтерін табу­ды қамтамасыз ете алды. Соғыс басталғаннан кеңес барлауы басып алынған аудандарға дербес немесе партизан отрядтары құрамында әрекет ет­кен жедел-барлау отрядтары мен топтарын енгізуді жүзеге асыра бастады. Бұл топтардың міндеті – қарсылас­тар тарапынан диверсиялық актілердің іске асы­рылуы туралы барлау деректерін табу болды.

Жау тылында жергілікті партия-кеңес орган­дары құрған партизан отрядтарымен қатар чекист-партизандар әрекет етті. Соңғылары мұнда барлау және қарсы барлау міндеттерін орындау үшін жіберіліп, Үлкен жер мен мемлекеттік қауіпсіздік органдарының “ресми” өкілдері болып табылды да, Орталықпен жедел сипаттағы жүйелі және тұрақты байланыста болды.

Солардың қатарында Әжіғали Жұмағалиевті де атауға болады. Чекист-партизан 1943 жылғы жазда шұғыл түрде Мәскеуге шақырылып, чекист-барлаушы ретінде қажет қосымша даярлықтан өтеді де, “Восток” арнайы тағайындалған жедел-барлау тобында Түркістан легионының арасында ыдырату жұмыстарын жүргізіп, әрі қарай бұл адамдарды партизандар жағына шығару үшін әрекет етті.

Ол кезде легионерлер вермахтың тыл жақтағы бөлігін қамтамасыз етіп, Украинаның Ровенск облысы аумағында орналасады. Бірақ топтың тапсырма орнына келуі қарсаңында жағдай өзгере­ді, оң жағалық Украина, оның ішінде Ровенск облысы азат етіліп, Түркістан легионының бөлігі гитлер әскерінің алыс тылына жіберілді.

Осыған байланысты топ тылға – майданның басқа учаскесіне қарсылас әскерінің қарқынды қозғалысы мен қайта топтасуы жүріп жатқан Ковель – Малорыто – Люмболь темір жолы мен Ковель – Ратно тас жолына қарсылас туралы барлау деректерін жинау үшін жіберіледі.

Тапсырманы орындап, тылға оралғаннан кейін майдан шебіне жақындағанда “Восток” чекист-партизандарын УҰҰ (Украин ұлтшылдар ұйымы) қоршайды да, олар ауыр ұрысты қабылдайды.

Соғыс жылдарында Жұмағалиевпен бірге жау тылында, бірақ басқа отрядта болған чекист-радист Иван Иванович Бортник өткен күндерді еске ала отырып, былай дейді: “Мен оның, Жұмағалиевтің, барлаушыларынан олардың командирінің тапқырлығы мен батылдығы бол­маса, бұл ұрыстың олар үшін немен тынары белгісіз екендігі туралы естідім… Түн ортасын­да кенеттен УҰҰ-лар шабуыл жасайды. Оқтар жан-жақтан бұршақтай жауып, миналар жары­лып, тұс-тұстан аянышты дауыстар естіледі. Мұндай қиын жағдайда абыржып қалу да қиын емес, бірақ ұрыс күрсілінде барлау­шы-парти­зандар бірден командирлерінің қатаң да сабырлы дауысын естиді. Өз күшінің бір бөлігімен Жұмағалиев жауап атыс ұйымдас­тырады да, басқаларын жауды айналып өтуге өзі ертіп барады. Бір сағат өтпей-ақ УҰҰ-лар ұрыс алаңында өздері жағынан өлгендерді қалдырып, қаша жөнеледі”.

Әжіғали Жұмағалиев соғыс аяқталғаннан кейін де шет мемлекеттердің барлау ниетіне қарсы тұруда, әсіресе, ядролық полигон орналасқан Семей облысы аумағында МҚК органдарындағы жедел мүмкін­діктерді кеңейтуге үлкен үлес қосты.

1941 жылы Павлодар педагогика училищесінің үшінші курсынан өз еркімен әскерге кетіп, 1942-1945 жылдары Ұлы Отан соғысының әртүрлі майданында соғысқан барлаушы қаһармандарымыздың бірі – Кәкен Әбенов өзінің жауынгерлік жолын Мәскеуден бастап, Балтық жағалауында аяқтайды. Ресейдің Калинин, Смоленск, Псков облыстарын, Белоруссия мен Прибалтика республикаларының аумағын азат етуге қатысқан.

1944 жылы қаза тапқан атқыштар батальонының командирі майор Колчановтың орнында қалған К.Әбенов тең емес ұрыста “Дом лесника” хуторын (Латвия) азат етеді. Сол үшін ол Қызыл Жұлдыз орденімен наградталады.

Бейбіт өмірде де ардақты ардагеріміз жас ұрпақпен өз тәжірибесін бөлісіп, барлаудың қыр-сырын меңгертуден жалықпайды. Кеудесін ешкімге бастырмаған өр мінезді ағамыздың ерлік шежіресін тізе берсек таусылмайды.

Ер-азаматтармен қатар сонау ауыр жылдары тізе қосып, соғыс ауыртпалығын бірге кешкен әйелдер де өз ерліктерімен көптен күткен Жеңісті жақын­датуға аянбай үлес қосты. Солардың қатарында чекист-партизан Татьяна Николаевна Саваровская да болды. 1942 жылы Мәскеуге радистер мектебіне жіберіліп, оны аяқтаған соң мемлекеттік қауіпсіздік органдарына қызметке түседі.

Әрі қарай арнайы дайындықты чекист-радист ретінде өтеді. Осы қиын кәсіпті табандылықпен, жау тылында дербес әрекет ету кезінде қажет болатын радиотехниканы жетік меңгеріп, кілтпен шапшаң жұмыс істеуді игереді. Ол атыс, кедергілер мен тос­қауылдардан өту, орманды жерлерде жол табу даярлығының толық курсынан өтеді.

Саваровская майдан шебінің арғы жағында ауыр жолдан өтті. Ол тапаншаны қолына сирек алса да, оның эфирге жіберген нүктелері мен сызықшалары Орталыққа жетіп, пулемет таспасы іспетті Жеңісті жақындатты.



Біз ел басына қиын-қыстау күн туғанда айбыны және айбатымен қатар, зерделілігі мен алғырлығын, ақылдылығы мен алымдылығын қоса жұмсаған бар­лау­шы-қаһармандардың бірен-сараңын ғана тілге тиек еттік. Батырға ғана тән батылдықпен өз елін жат жұртқа бағынышты етпей, құлдыққа түсірмей, бостан­дығын қорғап, туған жеріне көз алартқан жауды ойсы­ратып, қуып шыққан өресі биік азаматтарымыз­дың ерлігін үнемі жадымызда жаттап, олардың тарихи тағылымын есте ұстау – басты парызымыз.

Мұхамедия САҒЫНБАЙ, филология ғылымдарының кандидаты, доцент.

Достарыңызбен бөлісу:




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет