III. Тері түйсіктері заттардың механикалық және термикалық сипаттарының теріге әсер етуінен туады. Тию мен басу түйсігі, суықты, жылылықты, ауруды түйсіну де тері түйсіктеріне жатады. 1 см2-дегі рецепторлардың жұмыс істеу қабілеті сан жағынан үнемі ауысып отырады. Бір бөлігі жұмыс істесе, екіншісі демалыста, ал үшінші бір бөлігі жұмыс істеуін доғару не оған кірісу жағдайында болады. Терідегі афференттік жүйке талшықтарының ұшында түйсіктердің рецепторлық функциясын атқаратын түрлі аппараттар бар. Адамның бойында, шамамен тию мен басуды түй-сінетін 50 000 рецептор бар. Терінің 1см2 не 25 рецепторға дейін орналасатындығы анықталған. Адам заттың қатты-жұмсақтығы, кедір-бұдырлығы сияқты сипаттарын сипап біледі. Сипау арқылы затты түйсіну терінің ғана қызметі емес, бұл - күрделі процесс. Оның, қызмет не қимыл-қозғалыс рецепторлары да қатысады. Сипап сезу түйсігі қолдың қатынасымен іске асады. Қол еңбек ету мүшесі ғана болып қоймай, дүниетану үшін де күшті рөл атқарады. Заттардың формасын, үлкендігі, майдалығын, бұжырлығын көзбен көрмей-ақ, қолмен сипау арқылы ажыратамыз. Сезім мүшелері сау адамдардың сипау түйсігі, әдетте, онша көп жетілмеген. Түйсіктің бұл түрі, әсіресе, кұлағынан айрылған, көзі көрмейтін адамдарда ерекше дамыған. Мысалы, өзі сокыр әрі саңырау, сақау американдық әйел Елена Келлер мен Мәскеудегі Ольга Скороходова тері түйсіктерін жетілдіру нәтижесінде Л. Браиль жүйесімен оқып-жазуды үйреніп, ғылыми атақтар алған. О.И.Скороходова «Мен айналадағы дүниені қалайша таньш білемін» деген (1974, 1956) еңбектер жазып, белгілі дефектолог маман болды. Әдетте, соқыр адамдарда тері түйсігінің сипау сезімінің жетекші рөл атқаратыныкүмәнсіз.
Тері (тактильдік) талдағыштарының ноқаттары тері беттерінде біркелкі орналаспаған. Арнаулы зерттеулер мен анықталған мәліметтер бойынша түйсік ноқаттарының есебін мынадай санмен көрсетуге болады: тию нүктелері - 1 млн.-дай, ауру нүктелері - 4 млн.-дай, суықтық нүктелер - 250000-дай, жылылық нүктелері 30000-дай. Мұндай тактильдік талдағыштардың ең көп орналасқан жері ерін, тіл мен саусақтың ұштары. Біз мұны мүшелеріміздің сезгіштігінен байқауымызға болады. Психологияда тактильдік түйсіктің кеңістік табалдырығын және нүктелер арасындағы қашықтықты эстезйометр аспабы арқылы өлшеп білуге болады Эстезиометр аспабымен анықталған ең төменгі кеңістік табалдырығы тілдің ұшында болады (1,1 мм). Ауру рецепторы (нерв ұштары) терінің көптеген жерлерінде орын тепкенін ауру ноқаттарының санынан байқауға болады (4000000). Сау адамның денесіне тән температураны шартты түрде «физиологиялық нөл» деп атайды. Айналадағы ортаның температурасы осы физиологиялық нөлден төмен түсе бастаса, краузе колбалары тітіркенеді, егерде нөлден көтеріле бастаса, руффини клеткалары қоза бастайды.Адам терісіндегі температуралық нүктелер орта есеппен терінің 1 см2 кеңістігінде 6-23 суықтық рецепторлары, 3 жылылық рецептор болады. Дененің температуралық өзгеруінің ең сезгіш жері — қарын терісі, ең нашар жері — аяқ терісі. Аяқ терісінің суықты сезгіштігі бет терісінікінен екі есе нашар, жылылықты сезгіштігі төрт есе кем болған. Температуралық талдағыштың ми жарты шарларының қабығында тұрақтаған жері —артқы орталық қатпардың бойы.