Грамматикалық кідіріс. Мәнерлеп оқуда көбірек қолданылатын, жиі ұшырайтын кідірістер — грамматикалық кідірістер немесе нормативтік дауыс ырғағы деп те аталады. Қазақ тілі синтаксисінде онға тарта тыныс белгілері бар.
Тіліміздегі сөйлемдерді сауатты жазу осы тыныс белгілерін дұрыс қоюға
тікелей байланысты. Ал оқу кезінде де осы тыныс белгілерінің жеке-жеке мағыналарын түсініп, дұрыс оқу қажет. Оқу барысында сөйлемдегі сөздер арасына ешқандай тыныс белгілері қойылмаса да, сөз бен сөздің, сөз тіркестерінің арасына қысқа кідіріс жасала береді.
«Нүкте (.) сөйлем аяғында қойылатын, яғни хабарлы сөйлемді аяқтап тұратын грамматикалық белгі. Сөйлем оқылып келе жатып аяқталуға жақындағанда немесе нүктеге жақындағанда кідіру кілт тоқталмай,сөйлем соңындағы сөз, сөз тіркесі баяу созылыңқырап оқылады. Сонда ғана дұрыс, тереңірек тыныстап алуға, екінші сөйлемді толассыз жалғастырып кетуге мүмкіндік жасалады. Егер де нүктеге жасалатын кідіріс кілт, кенеттен, тез жасалынса, сөйлем мен сөйлемнің ара жігі ажыратылмай, жаңа сөйлем алдыңғы сөйлемге қосақталып, сөйлем мағынасының дербестігі сақталмай қалады. Сондықтан нүкте жай қойыла салған шартты белгі ғана емес, мағыналық белгі екенін, оның оқылуын практикалық жолмен меңгеріп алу қажет.
Көп нүкте де (…) сөйлем аяғына қойылатын белгі. Ол сөйлемдегі ой бір себептермен аяқталмай қалғанда, бір себептерден кенет үзіліп қалғанда қойылады. Ал оқу, сөйлеу кезінде көп нүкте қойылған сөйлемге кенет тоқталып үзіліс жасалады. Сол кезде тыңдаушы ой аяқталмағанын, оқушы немесе сөйлеуші белгілі себеппен әрі қарай жалғастырмағанын түсінеді де, жалғасын өзі топшылайды.
Бұндай сөйлемдер көркем сөз шеберлерінің шығармаларында жиі кездеседі.
Мысалы: «Егер жұрттың бәрі жаңағы шалдай пейілмен істесе, бұл колхоз дүрілдеп-ақ кетер еді. Бірақ не керек, жанның бәрі бірдей емес, біреу олай, біреу бұлай, көрмейсің бе, жаңағылардың жанжалын… Сонсоң екі арада момын сорлайды. Әйтпесе… (Ғ. М ұ ст а ф и н. «Шығанақ»),
Үтір (,) сөйлем ішіндегі сөз арасында көп қолданылатын, атқаратын қызметі мол белгі.
а) Құрмаласқа енген жай сөйлемдерді ажыратып тұрады;
ә) Сөйлемнің бірыңғай мүшелерінің арасын ажыратады;
б) Оңашаланған айқындауыш мүшелерді ажыратуға қойылады;
в) Оқшау сөздерді, одағай,қаратпа, қыстырма сөздерді ажыратады т. б.
Үтірдің осы қызметтерінің бәрі де ойдың мағынасын саралауға, жіктеуге әсер етеді.
Мәнерлеп оқуға баулудың келесі бір тәсілі-дикцияны қалыптастыру.
Бұл – айтудың (дикция) ашықтығы мен тазалығы. Мұғалім оқушылардың дикциясын қалыптастыруда бірден–бір жол шығармаларды, өлеңдерді мәнерлеп оқыту үшін ережелерін үйретеді. Мұғалім балаға нені қалай үйретсе, солай қалыптасады. Сондықтан мұғалімнің өз сөзі анық, ашық айтылуы тиіс. Оның сөйлеу тілінде, сөзінде, дыбыстарында мүкіс болмауы керек, себебі шәкірт өз ұстазына еліктейді. Шәкірттер алдында сөйлеген әрбір сөзіне жауапкершілікпен қарап, асықпай сөйлеуге, әрбір тіл дыбыстарын анық, таза айтуға қалыптасуы міндетті. Егер әрбір тіл дыбыстарының артикуляциясын (жасалуын) дұрыс меңгеріп дыбыстаса, әрбір тіл дыбысы анық айтылады. [4]
Дыбыстың анық, ашық таза айтылуы буындардың анық, ашық айтылуына, буындардан тұратын сөздердің анық айтылуына, сөздер мен сез тіркестерінен тұратын сейлемдердің анық, таза естілуіне жағдай жасайды. Сол арқылы тұтас текстің мән-мағынасын тұсініп оқуына жетелейді. Оқушы тіл дыбыстарын дұрыс меңгеру үшін жас кезінен өлең айтып, тақпақ, жаңылтпаш, жұмбақтар шешіп, ертегілер айтып өссе, дыбыстау мүшелері жетіліп, тіл дыбыстарын дұрыс айту дағдысы қалыптасады.Қазақ халқының әр әжесі ұрпағын мәнерлеп оқуға баулығаны сөзсіз,олар баланың тілі шыққанннан –ақ мақал-мәтел,жаңылтпаш,тақпақ айтқызып,жұмбақ шешкізіп,ертегі айтып әдебиетпен сусындатып тәрбиеледі. Тәрбиелей отырып,тілдерінің дұрыс қалыптасуына әсер етті.
Көркем сөз оқу өнері сөйлеу техникасын әбден меңгеруді талап етеді. Сөйлеу техникасы сөйлеу мүшелерінің қызметімен тығыз байланысты. Сөйлеу техникасына жақсы жаттықпаған адам,дағдыланбаған адам көркем шығарма тексін тыңдаушыларына ауызша,мәнеріне,нақышына келтіріп жеткізе алмақ емес. Мәнерлі сөйлей білу мен оқи білу деңгейіне көтерілу үшін,тілдің дыбыс шығаратын мүшелерін көп жаттықтыру,сөйлеу техникасын жақсы біліп, игеру міндеті қойылады. Тексті мәнерлеп оқушы, әңгімелуші сөйлеу техникасына ұдайы,үздіксіз жаттығып,дағдылануы тиіс. Сонда ғана дикциясын жетілдіреді,сөйлегенде дұрыс тыныс алуға әбден машықтанады,әдеби тілдің дұрыс дыбысталуына төселеді. Сөйлеу аппаратының мүкіссіз болуы мәнерлеп оқу мен оның техникалық жағының дұрыс ұйымдастырылуының негізгі шарты-дұрыс тыныс алу.
Тыныс алудың үш түрі бар.Олар-диафрагма арқылы,көкірек арқылы,қабырға арқылы тыныс алу. Тыныс алуда диафрагманың ролі күшті.Ауа өкпеге мол кірсе,диафрагма көтеріліп,дем тереңдейді,ал дем шығарғанда ол қаз қалпына түседі.Мұны диафрагмалық тыныс алу дейді.Көкірек арқылы тыныс алғанда, қабырға мен иық көтеріледі де,дем шыққанда төмен түседі.Қабырға арқылы тыныс алғанда,көкірек клеткасы кеңейеді,қабырғалардың қозғалысы өзгереді. Тыныс алу еріксіз,ерікті болып бөлінеді. Еріксіз тыныс алу дегеніміз-демді ішке жұту,дем шығару,шұғыл кідіріс жасау.Бұл кәдімгі сөйлеу процесінде болады. Ерікті тыныс алу дегеніміз-демді ішке тарту, кідіріс жасау, дем шығару.Тыныс алудың бұл түрі көркем шығарманы мәнерлеп оқуда, айтуда қолданылады.Демек,тыныс алуды адам өзі реттеп, қалауынша жұмсай білуі керек. Демді сыртқа мүлде сарқа шығармаған дұрыс. Немесе демді ішке алғанда иықты көтермеу керек.Табиғи толас кезінде ауа өкпеге тыныс жолы арқылы елеусіз кіреді де,көкірек пен қабырғаның,жоғары жағы көтеріліп,қозғалыссыз қалыпта тұрады,тек диафрагма арқылы ерікті тыныс алу делінеді. Сөйлеу мен дауыстап оқу кезіндегі ерікті тыныс алуға сәйкес жаттығып төселуге болады.Алғашқыда дағдылану,жаттығу,мұғалім басшылығымен өткізіледі.Одан кейін жаттығуды өз беттерінше жүргізуге болады.
Мәнерлеп оқуда зор роль атқаратын – интонация. Интонация – сөйлеу сазы. Ол сөйлеудің ритмі мен үнін, дауыстың бірде жоғарылап, бірде төмендеуін білдіреді. Интонация мына элементтерден тұрады: сөз бен ой екпіні, сөйлеудің қарқыны, ритмі, пауза, сазы.
Жалпы мәнерлеп оқу дегенде тек поэзияны ғана мәнерлеп оқи білу деп түсінбеуіміз керек. Сабақта әрбір кейіпкер сөзін сол кейіпкер бейнесінде толғай білу, әрбір мақалдың негізгі ойын дұрыс айтып жеткізе білу, әрбір өлең жолдарын мәнімен, ұйқас, ырғақтарын ұғып тұрып жеткізу жолдарын үйретуге тырысқан жөн. Ол үшін бала ең алдымен оқиын деп тұрған сөйлемнің, мақалдың немесе өлең жолдарының мағынасын, айтпақшы ойын анық түсіне білуі керек. Екіншіден, әрбір тыныс белгісінің мәнін ұғып, соны дұрыс пайдалана білуі тиіс.Үшіншіден, өлең сөздің ұйқас ырғақтарын, бунақ тармақтарын ажырата білуі керек. Демек, бұдан келіп шығатын қорытынды нағыз мәнерлеп оқи білетін бала қазақ тілі мен әдебиеті теориясынан толық білімді болып шығады екен. Бұлай дейтін себебіміз, егер оқушы қазақ тіліндегі тыныс белгілерін (пунктуация) не үшін қойылатынын, әдебиет теориясында теңеу, эпитет, метонимия, метафора, т.б. сияқты ұғымдардың қандай жерлерде не мақсатпен жазылатынын білмесе, онда оқушының мәтін мазмұнын дәл ұғып, түсінуі қиындау болар еді. Мысал келтірсек:
-Ия, алдымен айта кетейін: Отан, ата-мекен, ата-баба, ұрпақ, қазан-ошақ, ағайын-туыс деген қасиетті сөздер сол шақта да нақ осы күнгі сияқты мән-мағынада болған. Осы сөйлемді тыныс белгілерін алып тастап оқысақ, сөйлем өзінің жеткізейін деп тұрған қасиетті ұғымынан мүлде алыстап, түсініксіз былдыр болып шығар еді. Немесе, «Бидайдың кеудесін көтергені – дақылының жоқтығы, жігіттің кеудесін көтергені – ақылының жоқтығы»- деген мақалдағы сызықша мен үтірді алып тастасақ та, жоғарыдағыдай жағдайға душар болар едік.
Бірінші сөйлемді оқығанда бала түсінігінде « Отан, туған жер, туыс, ата-баба» сияқты сөздердің қасиетін ұғатындай ұғым болуы керек десек, мақалды оқығанда бала дарақылық, мақтаншақтық сияқты жаман қылықтардан жиренетіндей дәрежеде болуы керек. Сонда ғана мақал өз дәрежесіне сай жеріне жеткізіле айтылады. Сәкеннің «Сыр сандық» өлеңінен үзінді келтірейік:
«Сыр сандықты// ашып қара,
Ашып қара // сырласым.
Сым пернені// басып қара;
Басып қара// жырласын!
Сұлу сымда// перне әуені
Перне әуені// жыр айтар
Көңіл ашар// тербеу әні,
Тербеу әні //сыр айтар».
Міне, бұл жолдарды оқығанда оқушы сыр сандықтың адамның жан дүниесі (метофора), сым перненің көңіл – күйі ( метафора) және әр шумақтың бунақ, тармақтан тұратынын ажырата білуі керек, сонда ғана ол ақын жанын түсініп, сезіміне еніп, тыңдаушы жүрегіне сол сұлу сазды, сырлы назды жеткізе алады.
« Сөйлеудің екі түрі болады: бірі – жалаң, екіншісі - көрнекі. Көрнекі сөйлеуді жырлау – толғау дейміз. Жырлау – толғауда айтылатын әсерлі сөзді дарынды сөз деп айту қолайлы. Сөздің асыл болуы – адамға ұнауымен. Сөз мағына жағынан күштілігімен, көркемділігімен, ұнайды», - деп, А. Байтұрсынов айтқандай, мәнерлеп оқу жолдарын толық меңгерген оқушы «сөз асылын» табатын, «сөз мағынасын» ұғатын, «дарынды сөзді» тани білетін тұлға болып қалыптасады.
Мәнерлеп оқу – қандай мәтінді болмасын дұрыс оқып, сөздерді бұзбай, қалдырмай, сөз аяғын жұтып қоймай, әрбір сөзді, ондағы дыбыстардың анық етіп оқу.
Көркемшығарманың негізгі ой терегін анықтап алмай, оқығандағы мақсат айқын болмайынша бірде бір жолды мәнерлеп оқу мүмкін емес .
Оқушыны мәнерлеп оқуға үйретпейінше оны мәдениетті сөйлеуге үйретеміз деп айта алмаймыз. Ал мәдениетті сөйлеу дегеніміз – сөйлеудегі, жазудағы тіл жұмсаудың өнегелі үлгілері, болып табылады.
Мәнерлеп оқу пәні арқылы оқушылардың сөйлеу мәнері, дауыс ырғағы, кітаппен жұмыс істеуге, оқуға деген құмарлығы арта түсетіні белгілі. Мәнерлеп оқу барысында жүргізілетін жаттығулар, оқушы қауымның өз ойын нақты, жүйелі, әсерлі жеткізе алуына, мәнерлеп оқу пәнінің шартты белгілері тиімділігін жоғары дәрежеде көрсетті.
Достарыңызбен бөлісу: |