Өсірі технологиясы. Ауыспалы егістегі орны. Малазықтық бөрібұршақты дән алу үшін өсіргенде оған жақсы алғы дақылдар отамалы және күздік дақылдар. Көк балауса алу үшін оны әртүрлі ауыспалы егісте өсіріп, екпе пардан, жаздық дақылдардан кейін себеді. Және оны аңыздық, шабыннан кейінгі егісте, тығыз егісте өсіреді.
Топырақ дайындау. Күзде алғы дақыл жиналып алынғасын танапты негізгі жырту алдында аңызды сыдыра өңдейді. Содан кейін топырақты тереңдетіп сүдігер жыртады. Көктемде тырмаланып ылғал жабылады. Арамшөптер көктей бастағанда, тұқым себу алдында культивация жіберіп топырақты қопсытады, тегістейді, тығыздайды. Арамшөптерді толықтай жою үшін культивация кезінде топыраққа гербицидтер шашады (прометрин, линурон немесе басқа түрі).
Тыңайтқыштар беру. Танапқа фосфор-калий тыңайтқыштарын берген тиімді (Р90-120К60-90 кг/га ә.з.). Тыңайтқыштарды күзде сүдігер көтергенде береді. Не болмаса көктемде себер алдындағы культивация кезінде береді. Қышқыл торпыраққа себілген егістікті ерте көктемде азот тыңайтқышымен (N12-20 кг/га ә.з.) үстеп қоректендіру өте тиімді.
Тұқымды себуге дайындау және себу. Тұқымдық материал жақсы іріктелген, дәріленген болуы керек. Тұқымды себер алдында бөрібұршаққа арналған нирагинмен өңдейді. Себу мерзімі ерте астық дақылдарын сепкен кезге сәйкес болады. Орташа себу мөлшері әр гектарға 1-1,2 млн. өнгіш тұқым, немесе сары бөрібұршақ үшін 150-180 кг, ақ және жіңішке жапырақты бөрібұршақ үшін 180-200 кг өнгіш тұқым. Сары және жіңішке жапырақты бөрібұршақ үшін себілу тереңдігі құмдақ топырақта 3-4 см, саздақ топырақта- 2-3 см. Ақ бөрібұршақты 3-5 см тереңдікке себеді.
Егістікті күтіп-баптау. Бөрібұршақтың егістігін күтіп-баптау жұмысы ең алдымен арамшөптерді жоюға бағытталған болады. Тұқым өніп шыққанға дейінгі танапты көлденеңінен тырмалау жұмыстары сазды топырақта жүргізіледі. Құмдақ топырақтағы егістікте тырмалау жұмыстары жүргізілмейді.
Егістікті жинау. Бөрібұршақтың дәні ерте және бірқалыпты піскен кезде оны комбайнмен тура орады. Ору мерзімі орталық сабақтағы барлық бұршаққынның қоңырланып піскен кезінде жүргізіледі. Егер егістіктегі өсімдік бұршаққыны біркелкі піспеген жағдайда бөлектеп ору әдісін қолданады. Бөлектеп жинау бұршаққын 70-80% қоңырланып піскенде басталады. Дестеге салынған массаны 6-10 күннен кейін комбайнмен бастырады. Мал азықтық бөрібұршақты көк балаусаға шанақтанған кезеңінде жинайды. Сүрлемге жинау кезі тұқымының сүттеніп піскен кезінде жүргізіледі.