Бидай-бидайық буданы (Пшенично-пырейный гибрид, Trіtіcum agropurotrі). Бидай-бидайық буданы (пшенично-пырейный гибрид, ППГ) мал азықтық ерекшелігімен белгілі. Оның авторы орыс ғалымы Н.В.Цицин. Бидай дақылына қарағанда ол бірінші жылы жақсы қыстайды да көк азыққа шабылып алынады. Содан кейін де жақсы өседі. Келесі жылдары бидай-бидайық буданының қысқа төзімділігі нашарлайды да сиреп кетеді. Сол себептен оны біржылдық екі-үш рет орылатын мал азықтық дақыл ретінде пайдаланады.
Өзінің биологяилық негізгі ерекшелігі-алшыны тез өсуіне байланысты оны мал азығына жан-жақты пайдалануға болады. Мысалы оны бірінші рет дәнге жинап алғасын, екінші рет көк шөпке (немесе пішенге) шауып содан кейін алшынына мал жайылады. Вегетация кезеңінде оны 2-3 рет шауып көк шөп ретінде пайдалануға болады.
Бидай-бидайық буданының дәнінде 20-21% белок бар. Пішенінде ерітілетін көмірсуы (30-32%) және шикі протеин (14-16%) көп болады. Соңғы рет күзгі шабылған көк шөбінде жұмсақ жапырақ үлесі көп болғандықтан ондағы протеин мөлшері ең жоғары болады (19-20%).
Оның сабаны басқа астық дақылдарының (бидай) сабанынан мал азықтық құны жоғары. Сабағы көк күйінде сақталады да соның әсерінен онда протеин (5,7%), витаминдер және де азықтық заттар 1,5 еседен көп кездеседі.
Орташа өнімі әр гектардан 300-400 ц көк балауса. Дәнінің орташа өнімі 15-18 ц оған қоса 40-45 ц көк шөп немесе 8-10 ц пішен жиналады.
Бидай-бидайық буданын солтүстік және орталық облыстарда көк конвейер, шөп, пішен және құрама жем алу үшін өсіруге болады. Оңтүстік облыстарда суармалы танаптарда жақсы өнім жиналады.
Ботаника-биологиялық ерекшеліктері.Бидай-бидайық буданы жұмсақ бидай мен бидайық- шөбін алшақ будандастыру арқылы алынған мал азықтық өсімдік. Түптенуі өте жоғары, бір өсімдікте 60-қа дейін сабақ болады.
Сабағының биіктігі 80-150 см дейін өседі, аздап балауыз қабатты, түсі көкшіл.
Жапырағы ұзынша келген : ұзындығы 12-30 см, көлденеңі 0,6-2,0 см дейін. Жапырақтануы жақсы (40-50%).
Масағы ұзын (13-24 см) қылшықты немесе қылшықсыз, пішіні ұршық тәрізді. Масағында 12-27 данаға дейін масақша болады.
Дәні ұзынша жұмыртқа пішінді, жасыл, қызыл, күлгін, ақшыл түсті. Ірілігі орташа, 1000 дәннің массасы 26-35 г.
Бидай-бидайық буданы қысқа өте төзімділігімен ерекшеленеді. Және де ол саңырауқұлақ және бактериялық ауруларымен зақымданбайды. Ылғал сүйгіш өсімдік.