Дәйексөз жэне оны мәтінде келтірудің ерекшеліктері. Қадыржан Гүлнұр 301 Дәйексөз мәселесі қазақ тіл білімінде арнайы қарастырылған жоқ десе болады. Анықтамалық, оқулық, оқу құралдары деңгейінде бөгде сөздің құрамында қаралғаны болмаса [1, 73-б.; 2, 92-б.], дәйексөздің қызметі, оныңтілдік тұрғыдан алатын мән-мағынасы, ақпараттық әлеуеті, тіпті дәйексөздің келтірілу жолдары т.т. мәселелер төңірегінде бұл ұғым жете зерттелмеді. Дәйексөз жалпы зерттеулерде бөгде сөз аясында қарастырылады, төл сөздің бір түрі болып саналады. Бұл дәйексөзді кең мағынада түсінуден туындайды. Дегенмен функционалдық стильдің қолдану түріне қарай дәйексөздің қаншалықты маңыздылығын атап өтетін пікірлер кездеседі. Акад. М.Серғалиев: «Функционалдық стильдің түрлеріне қарай дәйексөздің қолданылу түрлері түрліше болып отырады. Ғылыми әдебиетте дәйексөздің қайдан келтіріліп отырғаны толық көрсетілуі керек... Стильдің басқа түрлерінде мұндай нақтылық пен дәлдік талап етіле бермейді» [1, 73-б.] – деп жазады. Бұдан дәйексөздің ғылыми стиль үшін маңыздылығын түсіну қиын емес, автор басқа стиль түрлеріне қарағанда дәйексөздің ғылыми стильдегі ерекшелігін аңғартып өткен. Әлемдік тіл білімінде дәйексөзді ғылыми тұрғыдан бірнеше бағыт аясында қарастырады [Мына еңбектерді қараңыз: 3; 4]. Дәйексөз мәселесінің әсіресе әдебиеттануда жеткілікті зерттелгендігі сөз болады. Ал дәйексөзді тілдік құбылыс ретінде тану лингвистикалық еңбектерде тіл білімінің арнайы нысаны ретінде зерттелуіне жол ашты. Сол зерттеулерге сүйене отырып, қазіргі кездегі дәйексөздің табиғаты мен мәні зерттеу бағыттарына қарай бірнеше топқа бөліп қарастырылады. Тіл білімінде дәйексөзді зерттеудің алғашқы кезеңі – олардың құрылымдық синтаксистің нысаны ретінде зерттелуін атайды. Осы орайда дәйкесөз бөгде сөз синтаксисінің мәселелері ретінде назарға алынады (Л.Н. Мурзин, Г.М. Чумаков). Сондай-ақ, дәйексөздің графикалық ресімделуі мен оның мәтінге кірігу жолдары, бөгде сөздің формалды маркерлері, дәйексөз бен оны қоршаған мәнмәтіннің синтаксистік қатынасы сөз болады. Мәтін лингвистикасы аумағының кеңеюіне қарай тіл білімінде мәтіннің контексті-вариативті мүшеленуінің бір түрі – дәйексөзге – қызығушылығы артты. Дәйексөз мәтіннің құрылымдық-композициялық ұйымдасуының табиғи компоненті ретінде қарастырылып, оның формалды-мазмұндық байланысын жүзеге асырады (М.И. Булах, И.Р. Гальперин, К.Н. Даирова, F.G. Kilgour,N.L. Feder). Дәйексөз бөгде сөздің берілу формасы ретінде кез келген функционалдық стильдің тілдік жүйесінде пайдаланылады. Функционалды стилистика аясында дәйексөз – көркем (Н.Д. Арутюнова, В.П. Андросенко, С.Т. Золян, Н.А. Кузьмина, Е.А. Козицкая, И.М. Михалева, Н.В. Семенова, A. Lehrer, M. Short), ғылыми (Е.А. Баженова, С.С. Гусев, Е.В. Петрова, Г.С. Салова, В.Е. Чернявская, W.S. Haas, K. Hyland, S.Jacoby) және публицистикалық (И.В. Алещанова, С.Ю. Зайцева, Г.И Вальц, Е.А. Земская, M. Short) мәтіндердегі ерекшелігі зерттеу назарына алынып жүр. Бұл зерттеулерде функционалдық стильдердегі дәйексөздердің қызмет ету ерекшеліктері, дәйексөзді мәтінге енгізу тетіктері сипатталады, олардың ұқсастықтары мен ерекшеліктері, инварианттары мен варианттары бөлініп көрсетілді, мәтіндегі олардың негізгі қызметі анықталады. Лингвомәдени бағытта дәйексөз белгілі бір мәдени ақпаратты тасымалдаушы құбылыс ретінде қарастырылып, олардың тілдік ұжым үшін маңызды әлеуметтік және тарихи аспектілері айқындалды (Г. Майер, З.Г. Минц, Ю.М. Лотман). Әрине, дәйексөз теориясындағы осындай зерттеулерге қарамастан, бұл саладағы әлі шешімін таппаған мәселелер де баршылық. Айталық, дәйексөзді лингвистикалық тұрғыдан зерттеушілер дәйексөздің тілдік жағына көп назар аударады, ал оның мәтіндегі қызметіне көп назар аудара бермейді. Біздің басты назар аударатынымыз, акад. М.Серғалиев атап көрсеткендей, дәйексөздің ғылыми тілдегі мәнмәтін тұрғысынан қарағандағы ерекшеліктері, ғылыми мәтінді құрастырушылардың бірі ретіндегі сипаты, оның «интертекстуалдылық» қырлары, танымдық тұрғыдан келгендегі құрылымдықсемантикалық ерекшеліктері т.т. Қазіргі лингвистикада ғылыми функционалдық стиль көп жағдайда негізінен мәтінге дейінгі деңгейде ғана қарастырылған. Дәйексөздің «мәтін ішіндегі мәтін» түзуіне орай мәтін бірлігі болып саналады, оны зерттеу арқылы ғылыми мәтінді құрастырушылардың көпқырлылығын талдауға мүмкіндік туатындығы сөзсіз. Осы тәріздес дәйексөз мәселелері қазақ тіл білімінде тиянақты зерттеуді қажет етеді, бұл барлық сала бойынша қазақ тілінде ғылыми еңбектер жазу өріс алып отырған қазіргі кезде аса өзекті, оның қолданбалылық мәні де жоғары болмақ. Біз өз мақаламызда негізінен гуманитарлық салалар бойынша жазылған ғылыми мәтіндерге сүйене отырып, соның материалдары негізінде дәйексөздің танымдық қызметінің мән-жайын ашуға талаптандық. Дәйексөзді ғылыми мәтінге кіріктіру негізінен үш түрлі жағдайда жүзеге асатыны белгілі: тікелей дәйексөз алу, еске салу және сілтеме арқылы беру. Тікелей дәйексөз алу дереккөз ғылыми әдебиеттен сөзбе-сөз алынған үзінді болып табылады, алушы мәтінде дереккөзге сілтеме жасайды. Мысалы: Интонацияның сипаттамасын М.В. Ломоносов өзінің «Российская грамматика» деген кітабында береді. Онда Ломоносов интонацияның төрт қасиетін белгілейді: «Дәйексөз» (З.М.Базарбаева, Тіл жүйесіндегі интонацияның орны, 5-б.). Тікелей емес дәйексөзге бөгде ойды төлеу сөз арқылы немесе өз сөзімен беру жатады. Еске салу – гипермәтіндік ақпаратты неғұрлым тұжырымды, ықшам күйде енгізу, ол қысқа және жинақы болады: Ағылшын оқымыстысы Джошуа Стильдің 1776 жылы шыққан «Prosodia Rationalis» деген еңбегінде ең алғашқы рет интонацияны ерекше символдар арқылы қағазға түсіру әрекеті жасалады. Оның әдістемесі интонацияның
қарқынын, әуенінің жоғарылығын, созыңқылығын, екпінді-екпінсіздігін, паузаны белгілей алған. Д. Стиль интонация әуенінің жоғары-төмен өзгеруі сөйлеу сөздерін өзгертпей-ақ оның мәнін басқаша алуға мүмкіндігі бар екенін дәлелдейді (Сонда, 5-б.). Сілтеме арқылы беру авторларды көрсетумен шектеледі. Мысалы: Осы талапқа орай түркітану саласында дүниеге келген бірнеше ірі-ірі мақалалар мен арнайы монографиялық зерттеулерді атауға болады. Олардың қатарында біз неміс ғалымы Карл Фойдың осман түрік тілі [сілтеме], неміс ғалымы Р.Шоудың ұйғыр тілі [сілтеме], итальян ғалымы Л.Боннелидің болғар түрік тілі [сілтеме], поляк ғалымы Т.Ковальскийдің жалпы түркі тілдерібойынша [сілтеме] қос сөздерге арналған зерттеулерін, орыс түркітанушыларынан Н.К.Дмитриевтің башқұрт тіліндегі және Е.И.Убрятованың саха тіліндегі қос сөздерге бағышталған еңбектерін [сілтеме] атаған болар едік (Ә.Қайдар. Қазақ тіліндегі қос сөздер: зерттеу және сөздік, 13-б.). Келтірілген мысалдарда дәйексөздің белгілі бір қызмет атқарып тұрғаны сөзсіз. Г.С. Салова өзінің мақаласында гипермәтіндік ақпаратты дәйексөз арқылы түсіндірудің (интерпретациялаудың) мынадай типтерін атайды: 1) ойды қайта акцентуациялау – жаңа мәнмәтінде дәйексөздердің мазмұнындағы жекелеген компоненттерді арасындағы қатынасты өзгерту; 2) ойды ықшамдау – дереккөзге қарағандағы жаңа мәнмәтіндегі дәйексөз мазмұны; 3) ойдың өсуі – дәйексөздің бұрынғы мазмұнына толықтырулар, жаңа мазмұн енгізу; 4) ойды нақтылау – дереккөздегі абстракті мазмұнды жаңа мәнмәтіндегі дәйексөз мазмұнында азайту; 5) ойды жинақтау – дереккөздегі мазмұнға қарағанда жаңа
мәнмәтіндегі дәйексөз мазмұнындағы жинақтау; 6) ойды экстрароляциялау –
дәйексөздің бұрынғы мазмұнын толықтай өзгерту [4, 119-б.]. Қазіргі тіл біліміндегі когнитивтік бағытқа сәйкес дәйексөздердің танымдық қызметі ерекше назар аудартады. Дәйексөздердің танымдық қызметі ғылыми білімді одан әрі өрістетумен тікелей байланысты, таным субъектісі (автор) белгілі бір мәселе жайында дәйексөздерді қолдана отырып, ғылыми білімді дамытады, сондай-ақ өзінің де танымдық ойлау қызметін дамыта түседі. Осыған байланысты «ескі білім», «жаңа білім» деген ұғымдар туындайды. Дәйексөз – ескі білімнің көрінісі, оларды келтіре отырып, яғни ескі білімді жаңғырту арқылы жаңа білімнің өрістеуіне, қалыптасуына жол ашады. Демек, дәйексөз ескі білімді ғылымның кәдесіне жаратудың тәсілдерінің бірі. Әрине, дәйексөз арқылы берілген ескі білім еш өзгерместен сол қалпында қайталанбайды, зерттеушілер ескі білімді өзектей (актуалдандыра) отырып, жаңа білім алу немесе қалыптастыру үшін пайдаланады, ескі білім жаңа біліммен қатынасқа түседі, таным субъектісі – автор арқылы танымдық қызметтің түрлі кезеңдерінде пайдаланылады, ғылыми ақпаратты жеткізуге көмектеседі және осының бәрі дәйексөздің когнитивтік қызметін айқындайды. Мысалы: 1) Ал зерттеушілеріміз Н.Оралбаева, С.Маралбаевалар бұл көрсеткіштерді шылауға қосқанын қаламайды. Бұлардың пікірінше: «Дәйексөз»... Біз де осы пікірді қолдаймыз. Шынында ... Өйткені ... (А. А.Бексейітова. Байтұрсыновтың шылау сөздері жайындағы ілімі). 2) Абай прозасының тілін әңгімелеуімізге ұлы Мұхтар Әуезовтің мына сөзі «қамшы болды»: «Дәйексөз» – деп, алдыңғы айтқандарының мән-мәнісін ашып береді. Әр сөзіне мән беріп жазатын Мұхаңның бұл жерде қара сөздердің өзі демей, «тілі» деуінде, біздің байқауымызша, айрықша астар бар: мұндағы «тілі» деп отырғанының өзі көрсеткеннен басқа және бір сыры қазақта әдебиеттің бұрын жоқ жанрының сөйлеу мәнері (стилі) дегеннің пайда болып, оны ұлы сөз зергерінің қалай алып кеткенін меңзегенінде болар дейміз. Абайтанушы ғалым бұл тұста қазақтың ұлттық әдеби тілінің тағы бір функционалдық стилі пайда болды, оған Абай қаламының ұшы тиді деп отыр. Демек, Абайдың прозалық туындыларының өзі де қазақ тілі үшін соны әдебиет үлгілері болса, оның сөз өрнегі де өз алдына әңгіме етерлік объект болып шықпақ... (Р.Сыздықова. Абайдың сөз өрнегі, 527-б.). Келтірілген мысалдардағы ескі білім зерттеушілердің көзқарастарынан (біріншісінде, Н.Оралбаева, С.Маралбаева; екіншісінде Мұхтар Әуезовтің Абайдың тілі жайында айтқандары) көрінеді, мәтін авторлары соларды келтіре отырып, оны әрі қарай өрістету үшін келтіреді. Бұл дәйексөздерде ескі білім мен жаңа білім қатынасқа түскен және танымдық қызметтің, яғни автордың өз ұсынысын негіздеу барысында пайдаланылған. Ескі білім мен жаңа білім деген ұғымдар ғылымдағы сабақтастық ұғымын көрсетеді. Осы орайда Абайдың мына бір сөзін еске алсақ болады: «Біз жанымыздан ғылым шығара алмаймыз, жаралып, жасалып қойған нәрселерді сезбекпіз, көзбен көріп, ақылмен біліп» [5, 153-б.]. Ғылым дегеніміздің өзі бұрыннан бар нәрсенің негізінде жасалады, белгілі бір сала бойынша жазылатын ғылыми мәтін өзімен генетикалық байланыстағы көптеген мәтіндермен қатынаста болады, сабақтастық ұғымы осыны көрсету үшін пайдаланылады. Ғылыми мәтіндер арасындағы байланыстырушы осындай бір дәнекер құрал – дәйексөз. Дәйексөздің танымдық қызметін оның қолданысына байланысты бірнеше топқа саралап көрсетеміз. Олар: 1) Шолу қызметіндегі дәйексөздер; 2) Мәселені қалыптастыру қызметіндегі дәйексөздер; 3) Құралдық немесе бағдарлық қызметіндегі дәйексөздер; 4) Ғылыми ұғымдарды нақтылау қызметіндегі дәйексөздер; 5) Дәйектеу қызметіндегі дәйексөздер; 6) Болжау қызметіндегі дәйексөздер.
Дереккөз әдебиет: 1. Базарбаева З.М. Тіл жүйесіндегі интонацияның орны // ҚР ұҒА Хабарлары. Тіл, әдебиет сериясы. 1994, №5, 3-11 беттер.
2. Қайдар Ә. Қазақ тіліндегі қос сөздер: зерттеу және сөздік. – А.: «Сардар» баспа үйі, 2013, 13-б.
3. Бексейітова А. А. Байтұрсыновтың шылау сөздері жайындағы ілімі // ҚР ұҒА Хабарлары. Тіл, әдебиет сериясы. 1994, №5, 52-57 бб.
4. Сыздықова Р. Абайдың сөз өрнегі // Сыздықова Р. Абай және қазақтың ұлттық әдеби тілі. А., Арыс, 2004, 527-б.
5. Рахметова Р.С. Қазақ тілі синтаксисін қатысымдық-танымдық тұрғыдан оқытудың ғылыми-әдістемелік негіздері (ЖОО филолог мамандықтары үшін). ДДА., Алматы, 2010.