Дәнді дақылдар – дәні үшін өсірілетін аса маңызды өсімдіктер тобы. Дәнді дақылдар – адам үшін негізгі азық, малға жем. Ұн тартатын, жарма, құрама жем өнеркәсіптері үшін шикізат болып табылады. Өңделген өнім нан пісіруде, макарон, кондитер
өнімдерін, тағамдықконцентраттар, консервілер әзірлеуге, сыра қайнатуға, спирт, крахмал алуға пайдаланылады.
Дән мынадай бөлімдерден тұрады:
Эндосперм -дәннің негізгі және ішкі бөлігі, дәннің 84-85% салмағын құрайды, құрамында көмірсулар, белоктар, май мен минералдық заттектердің аздаған мөлшері бар;
Қабықтары- олар бірнеше қабаттан тұрады, дән салмағының 14% құрайды, құрамында минералдық заттектері, витаминдер бар;
Ұрығы- дәннің 1,5% құрайды, ол дәннің негізінде бүршік түрінде орналасқан, құрамында биологиялық заттектері белоктар, майлар, витаминдер, минералдық заттектер бар;
Астық дақылында крахмалмен, майлармен, минералдық заттектермен ерекше химиялық байланыста болатын және суды ұстап тұратын белоктар бар.Осындай комплексті желімтік деп атайды. Ұнның нан пісіру қасиеті желімтіктің сапасы мен мөлшеріне байланысты болады. Желімтіктің әсерінен қамыр серпімді болады, нанды пісіргенде ол жұмсағына кеуектілік береді.
Дәнді дақылдардың майлары биологиялық белсенді заттектерге жатады. Себебі оның құрамында көп қанықпаған май қышқылдары бар. Олар тез тотығады.Сондықтан майдың ашып кетуін болдырмау үшін ұн тартар алдында дәннің бүршігін алып тастайды.
Минералдық заттектер
темір
фосфор
калий
кальций
магний
Олар қабықтары мен бүршіктерде жиналған. Дәннің басқа бөлімдерінде аздаған мөлшері кездеседі. Дәннің қабықтары мен бүршігінде В тобының витаминдері көптеп кездеседі.
Дәнді өңдеу өнімдерінің біріне жармалар жатады. Халықтың тамақтануында қарақұмық, арпа, сұлы,тары, ұнтақ жармалары пайдаланылады. Ұнтақ жарма бидай дәнінің орталық бөлігінен жасалады.
Тарыдан ақталған тары және түйілген тары дайындалады. Күріштен сыртқы қабығы алынған ақталған және дәннің барлық қабығы ажыратылған- жылтырлатылған күріш алынады. Жармалардан тез дайындалатын, жаншылған дәндер дайындалады.