Дене тәрбиесінің бұрынғы жүйелеріне тарихи шолу
Біздің дәуірімізге дейінгі (БДД) VI-V ғғ. Қазіргі Қазақстан жерінде тұрып, өмір сүрген біздің арғы ата-бабаларымыз – сақтардың кезінде өз заманына сай дене тәрбиесі жүйесі болған. Сақтардың дене тәрбиесі жүйесінің негізі әскери-жауынгерлік және жарыс-сайыс бағытында болды. Ашық аспан астында киіз үйлерде тұрып, негізгі кәсіптері мал өсіру болған сақтарға кенеттен келген жауларынан отбасын, елін, жерін қорғау үшін өте сезімтал, күшті, епті, төзімді, батыл болуы керек болды. Сондықтан да олар бала кездерінен атқа міну, садақ ату, күрес жаттығуларымен айналысқан. Сақтардың балалары 4-5 жастарынан атқа шауып, 7-8 жасынан ат үсті сайыс жаттығуларын үйреніп, меңгере бастаған. Он үш жаста «отау иесі» болатын боз балалар, ер қаруы бес қаруды еркін меңгерген. Сол кездердегі сақ жауынгерлерінің шабуыл жасайтын қарулары – айбалта, қылыш; соғатын қарулары – қалқан, сауыт, дулыға, тізелерін, аяқтарын қорғайтын қалқаншалар болған. Осы аты аталған қару-жарақаттарды соғыста пайдалану, оларды өте жетік меңгеру үшін сақ жауынгерлері өте көп жаттыққан. Садақ ату, найзамен, ақинақпен сұғу, қылышпен, айбалтамен шабу, шоқпармен соғу жаттығулары көп рет, әр түрлі жағдайларда қайталана орындалған. Жаудың қаруларынан жалтару, қалқанды тосу, сақтандыру жаттығулары жетілдірілген. Осы қаруды қолдану жаттығулары жерде, ат үстінде, атты тізгінін ұстап басқару кезінде орындалған. Соғыс жағдайына жақындатылған жағдайда шауып келе жатып қарулар қолдану, бірнеше адамдардан қорғану, шабуыл жасау жаттығулары сайыс түрінде орындалған.
Сол кездерде сақтармен қатар өз жерлерінде өмір сүріп жатқан гректердің «спартандық», «афиндық» дене тәрбиесі жүйелері болғанын біз білеміз. Сол спартандық құрбылары секілді сақтардың да қыз-келіншектері де ерлермен бірдей дене тәрбиесі жаттығуларымен айналысқан, жаумен соғысқан. Сақ патшайымы Томирис пен оның құрған «Шығыс амазонкалары» әйелдер әскер бөлімі, «Бабыл» Византия патшасы Кирмен соғыстың шешуші кезеңіндегі жеңісте өте үлкен рөл атқарғаны тарихта белгілі.
БДД II ғ. Шығыс Түркістанда пайда болып, біздің дәуірімізде Қазақстан жерінде қоныстанған ғұндардың дене тәрбиесі жүйесі сақтардың дене тәрбиесі жүйесіне ұқсас болған. Қылмыс жасап, тәртіп бұзған, ұрлық жасаған адамдардың беттері тілініп, жазаланған. Ғұндар ат үсті жаттығуларына өте жетік болған, шауып келе жатқан аттың үстінде ауысып, теріс отыру, тік тұру, жерге секіріп түсіп, қайта отыру, шауып келе жатып жерден қамшы алу, жамбы атып түсіру секілді жаттығуларды ғұндар өте жетік меңгерген. Осы кездегі Еуропа цирктеріндегі ат үсті жаттығуларын ғұн дене тәрбиесі жүйесінен алынған деген цирк өнерін зерттеушілердің дәлелдері бар.
Шыңғысхан құрған «Мың қол» империясы кезінде (XIII-XII) әскери - дене тәрбиесі жүйесі іске асырылды. Ол кезеңде әрбір ер адам, атымен, қару-жарағымен соғысқа аттануға дайын тұруы керек болды. Сол кезде «Ерлердің үш ойыны» дене тәрбиесі жүйесі болды. Ол – күрес, садақ ату және атқа шабу спорт түрлеріне негізделген болатын.
Әмір Темір билігі кезінде (XI ) жеке сайыс, шахмат (шатрантаж) өнерлері дамыды. Темірдің өзі де сайыс өнеріне жетік, дене қуаты жетілген, шахматты да жақсы ойнайтын адам болған.
XV ғ. бастап Қазақ хандығы кезеңінде дене тәрбиесі жүйесі ұлттық ойындарды және әскери-жауынгерлік өнерлерді жетілдіру сипатында болды. Сол кезеңде қазақ арасында батырлар, палуандар, шабандоздар, сал-серілер, ақындар қадірлі болды. Қазақтың ұлттық ойындары – ат бәйгесі, жорға жарыс, күрес дамыды. Ат үсті ойындары – көкпар, аударыспақ, күміс алу, қыз қуу, шауып келе жатып жамбы ату, ат үсті әр түрлі жаттығуларын орындау (ат үстінде тік тұра, теріс отыра, ат бауырынан өте, жерге түсе қайта шыға шабу) өнерлері дамыды. Жәрмеңкелерде, ас беруде, үйлену, сүндет т.б. той-жиындарда осы спорт түрлерінен жарыстар өткізіліп, жеңімпаздар марапатталып отырылды. Ол жеңімпаздар халық арасында аттары аталып, аңыз-әңгімелеріне арқау болып, ақындардың өлең-жырларында айтылып, өте жоғары сый-сияпатқа бөленді.
Қазақ хандығының дене тәрбиесі жаттығулары жүйесі тек қана жарыс сипатында ғана емес, күнделікті тіршіліктерінде де жетілдіріліп отырылды. Күнделікті атқа отыру барысында орындалатын әр түрлі ат үсті жаттығулары, күнделікті орындалатын бие байлау, бұғалық тастап құлын ұстау, жүгіріп малдарды жаю, мал қайыру, мал ұстау, аңға шығу, тауда, жазықта жүгіру, кешке ойналатын әр түрлі қазақтың ойындары (ақ сүйек, арқан тарту, алтыбақан тебу т.б. ойындар), қолдары босағанда күреспен айналысу, садақ ату, қару-жарақ түрлері жаттығуларын меңгеру жастарды шынықтырады, батырлыққа, батылдыққа тәрбиелейді, дене қасиеттерін жетілдіреді. Сол кездегі дене тәрбиесі жүйесінің өз заманына сай болғанының дәлелі қазақ халқының ұлан-байтақ жерді сақтап қалғаны, өздеріндей саны бар, тұрақты әскері бар, темірдей тәртібі бар, бір орталыққа бағынған жоңғар әскерін, жоңғар елін жеңуі.
XVIII-XIX ғғ. Ресей патшалығына қосылған кезеңдерде қазақ жеріндегі дене тәрбиесі орыс дене тәрбиесі арқылы түрленіп, күрделілене түсті. Ресей мемлекетінің дене тәрбиесінің негізін қалаған П.Ф. Лесгафт он алты Еуропа елдерін аралап, дүниежүзі дене тәрбиесі мен спорт жүйелерін орыс жеріне әкелсе, енді сол классикалық спорт түрлері, дене тәрбиесі жүйелері орыстар арқылы қазақ жеріне тарады.
XX ғ. Кеңес дәуірінің де өзіне тән ерекше социалистік дене тәрбиесі жүйесі болды. Оның бір ерекшелігі дене тәрбиесі және спорт түрлерімен айналысу тегін, коммерцияланбаған болды. Барлық спорттық құрылыстар, құрал-жабдықтар мемлекет қарауында, иелігінде жұмыс істеді. Жұмысшы, шаруа, студент, оқушы, барлық адамдарға спорттық құрлыстардың есігі ашық тұрды. Кеңес Одағының спортшылары соның арқасында Олимпиада ойындарында, халықаралық жарыстарда басқа мемлекеттің спортшыларын ұтып, тұрақты жеңімпаздар қатарында болды.
Қазақстан Республикасы егемендігін алып жеке дербес мемлекет болғалы он тоғыз жылда өз Конституциясы, Ата заңы шығарылып, өзіне тән дене тәрбиесі жүйесі дамыды.
Достарыңызбен бөлісу: |