7.4. Төзімділік және оны дамыту әдістемесі
7.4.1. Төзімділік, оны анықтау әдістері, түрлері
Адамның жұмысты ұзақ, қарқынын азайтпай орындай алу қабілетін төзімділік дейміз.
Адамның берілген қарқынды әрекетке және болдыруға қарсылық ете алатын уақытын төзімділіктің өлшемі деп атаймыз.
Төзімділікті анықтаудың тура және жанама деген екі әдісі бар. Тура әдісінде сыналатын спортшыға бір тапсырма беріледі де (мысалы, велоэргометрде жұмыс істеу, стадионды айналып берілген қарқынмен жүгіру т.с.с), сол жұмыстың орындалған уақытының ұзақтығы анықталады. Қай спортшы берілген қарқынмен, ұзақ уақыт жұмыс істесе сол төзімді деп есептеледі. Жанама жолмен төзімділік деңгейін білу әдісінде спортшыларды белгілі бір ұзақ қашықтыққа (500,1000, 3000 метр) жүгіртеді де, жүгірген уақыты анықталады. Неғұрлым аз уақытта берілген қашықтықты жүгіріп өткен спортшы соншалықты төзімді деп есептеледі. Немесе белгілі уақытта қарқынын азайтпай, әр түрлі жұмыстарды орындау тапсырмасы беріледі. Мысалы, палуандарға берілген уақыт бойынша жамбастан асыра лақтыру тәсілімен «манекенді» лақтыру тапсырмасы берілді. Берілген уақытқа шыдап, көбірек «манекенді» лақтырған палуан төзімді деп бағаланады.
Төзімділіктің екі түрі бар: жалпы және арнайы. Жалпы төзімділіктің сипаты спортшының ұзақ уақытқа, жай қарқында бұлшық ет топтарының көпшілігін қатыстыра жұмыс істей алу қабілеттілігі (жүгіру, шаңғы тебу, ескек есу т.с.с). Жалпы төзімділіктің физиологиялық негізі адамның аэробты (тыныс алу деңгейін жоғары дамыту және сол деңгейді ұзақ уақыт ұстап тұра алу қабілеттілігі) мүмкіншілігі.
Белгілі әрекетке арналған, спорт түріне бейімделген төзімділікті арнайы төзімділік дейміз. Мысалы, палуанның арнайы төзімділігі, шаңғышының арнайы төзімділігі, жүзгіштің арнайы төзімділігі т.с.с. Арнайы төзімділіктің көптеген түрлері бар: жылдамдылық төзімділігі, күш төзімділігі, жылдамдық күш төзімділігі, статикалық күш салу төзімділігі және аралас төзімділік.
Спортшы ағзасын жаттығу жасап жатқан кезде энергиямен қамтамасыз ету жағынан төзімділік: аэробты, анаэробты және аралас (аэробты-анаэробты) деп үшке бөлінеді. Дене тәрбиесі мен спортта жоғарғы шеберліктегі спортшыларды дайындауда өте маңызды төзімділіктің осы үш түрін жеке-жеке қарастырайық.
Достарыңызбен бөлісу: |