Жаңа буындағы «Денешынықтыру» әдістемелік нұсқауы төмендегі нормативтік құжаттар негізінде дайындалған:
Мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың мемлекеттік жалпыға міндетті стандарты (Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2016 жылдың 15 мамырындағы №292 қаулысымен бекітілген). Аталған стандарт Қазақстан Республикасындағы мектепке дейінгі және мектепалды білім беру жүйесінің жаңа әдістемелік негізін айқындап береді;
1 жастан 6 (7) жасқа дейінгі балаларға мектепке дейінгі тәрбие мен білім берудің үлгілік оқу жоспары (ҚР БҒМ 22.06.2016 жылғы №391 бұйрығы негізінде бекітілген);
Мектепке дейінгі тәрбие мен білім берудің үлгілік оқу жоспары (ҚР БҒМ 12.08.2016 жылғы №499 бұйрығы негізінде бекітілген).
Жаңартылған бағдарлама мектепке дейінгі білім берудің контекстегі 5 білімдік саласына жаңа мазмұн ұсынып отыр.
Мектепке дейінгі тәрбие және білім берудің типтік оқу бағдарламасы «Денсаулық» саласындағы «Денешынықтыру» сабақтарының міндеттері мен мақсаттарын төмендегіше белгіледі:
Мақсаты: баланың денсаулығын нығайту және қорғау, денешынықтыруға деген қызығушылығын ояту, қимыл-қозғалыс жасауға, денсаулық сақтауға көмектесетін технологияларды пайдалануға деген талпынысын күшейту. Міндеттері:
балалардың денешынықтыру қызметін ұйымдастыру барысында қимыл-
қозғалыстарды орындау қабілетін қалыптастыру және дұрыс орындауға үйрету;
жүру мен жүгіру, секіру мен лақтыру, лақтыру мен ұстау, еңбектеу мен өрмелеудегі негізгі қимылдарды, жеке бас тазалығы мен денсаулық сақтау негіздерін жетілдіру;
дене қасиеттерін қалыптастыру, икемділікке, төзімділікке, қозғалыс үйлесімділігі мен тепе-теңдік сақтауға үйрету;
денешынықтыруға арналған жаттығуларды орындауға деген қызығушылығын ояту, салауатты өмір сүруге дағдыландыру.
Осы орайда әдістемелік нұсқаудың мақсаты – аталған міндеттерді орындауға арналған тиімді әдістер, құралдар мен технологияларды көрсетіп беру.
Әдістемелік нұсқаудың құрамы:
Перспективалық жоспар;
Оқу жылына арналған ұйымдастырылған оқу қызметінің үлгі жоспарлары;
Қосымша.
ҰОҚ төмендегі кезеңдерінен жүйелі түрде өтуді қажет етеді:
бірінші кезең – ұйымдастыру кезеңі (сабаққа қолайлы эмоционалдық қарым-қатынас
қалыптастыру үшін, балалардың ұсынылған тақырыпты қуана қабылдауы үшін қажет); екінші кезең – негізгі кезең (қимыл-қозғалыс қабілеті мен дағдысын дамытуға, қимыл-
қозғалыс үйлесімділігін жетілдіруге бағытталған); үшінші кезең – қорытынды кезең (рефлексия) (ойындық әдістер арқылы өз-өзіне баға
беруге үйретеді).
Сабақтың кезең-кезеңмен ұйымдастырылып, бөлінуі педагогтің қызметін дұрыс жоспарлап, әр кезеңге сай келетін тәсілдерді таңдап алуына, нәтижесінде балалардан мынадай нәтижелер күтуіне мүмкіндік береді: жасайды, түсінеді, қолданады.
Денешынықтыру пәні бойынша ҰОҚ-ның құрылымдық негізі: сабақ барысында орындалатын жаттығулар мен қимыл-қозғалыс ойындарын іріктеу және бөлуге арналған жоспардан тұрады. ҰОҚ-ның құрылымы физиология және денешынықтыру жаттығуларының гигиенасы талаптарына сай әзірленген. Сондай-ақ онда жүктеме кезінде 4-5 жастағы бала денесінің жұмыс істеу қабілеті мен шаршау деңгейіне қатысты талаптар толық ескерілген.
Нұсқауда сабақтың мазмұны мен тәсілі жағынан әртүрлі түрлері – ойындық, сюжеттік, аралас ұсынылған.
Әдістемелік нұсқау педагогтерге әдістеменің инновациялық тәсілдері мен денсаулық сақтау әдістерін пайдалана отырып, сабақты ұтымды ұйымдастырудың ең тиімді жолдары туралы мәлімет алуға көмектеседі.
Мұнда қолданылатын денсаулық сақтау технологиялары аталған топтағы балалардың жасына қарай бейімделген және сенсорлық-моторлық үдерістерді үйлестіруге, бала организмін дамытудың негізгі түрткіжайттарын қалыптастыруға бағытталған. Әр сабаққа тыныс алу жаттығулары, омыртқаның қисаюы мен жалпақтабан, көздің көру қабілетінің төмендеуі сынды аурулардың алдын алуға мүмкіндік беретін жаттығулар енгізілген.
Ойындық қызметтің психологиялық тетіктері жеке тұлғаның өзін-өзі көрсету, өз мүмкіндігін іске асыруға деген негізгі талаптарынан негізделеді.
Балалардың жаттығу жасау үдерісін ұйымдастыру тәсілдері педагогтердің уақыт пен қажетті қондырғыларды тиімді пайдалануына мүмкіндік береді. Бұл сабақтағы іс-қимыл тығыздығын арттырады. Баланың өмірін қорғап, денсаулығын нығайтуға көмектесетін лайықты қимыл-қозғалыс ортасын қалыптастырудың да маңызы өте зор. Ол үшін стандартты және стандартты емес қондырғыларды, карточкаларды, музыка мен АКТ (ақпараттық коммуникациялық технологиялар) пайдалануға болады.
Нұсқауда: «Орамал», «Асық», «Сандық», «Тақия», «Қоржын» сынды ұйымдастырылған оқу қызметі енгізілген. Олар ұлттық компоненттерден тұрады, тақырыптық желісі бар, қазақтың ұлттық ойындарымен, музыкамен сүйемелденген. Бұл жас ұрпақты «Мәңгілік ел» жалпыұлттық идеясының негізі болып табылатын отансүйгіштік пен толеранттылыққа тәрбиелеуге көмектеседі.
Ұйымдастырылған оқу қызметі барысында баланың сабақтағы ұстанымы, педагогтің балаға деген қарым-қатынасының маңызы зор. Ол «Баламен бірге» жұмыс істеуі тиіс. Педагогтің мақсаты – дене тәрбиесіне қатысты мәселелерді шешіп қана қоймай, балаларды интеллектуалдық, әлеуметтік және жеке тұлға ретінде дамыту.