Дәріс № Тақырыбы: Қазақстан тарихы пәніне кіріспе (2 сағат). Мақсаты



бет5/6
Дата15.02.2022
өлшемі31,63 Kb.
#131803
1   2   3   4   5   6
Байланысты:
daris 1-2 kazakstann n kazirgi zaman tarih nan 20.09.2021 zh.

Кілтті сөздер: мобилизация, сардарбек, сарбаздар, қарулы көтеріліс, жасақшы, революция, петиция, ереуіл, интеллигенция, монархия, қос үкімет.


Жоспар:
1. Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық жағдайы
2. Орыс шаруаларын қазақ жерлеріне қоныстандырудың күшеюі
3. Қазақ жерлерінде өнеркәсіп дамуының ерекшеліктері және оның отарлық сипаты
4. Қазақ зиялы қауымының қалыптасуы
5. Қазақстанның ХХ ғ. алғашқы он жылдығындағы саяси жағдайы

ХХ ғ. бас кезінде Ресей азиялық Шығысты отарлауды жедел қарқынмен жүргізе бастады. 1907-1912 жылдардың өзінде ғана елдің еуропалық бөлігінен 2 млн. 400 мың адам әкеліп қоныстандырылды. Отарлау Қазақстанда кең көлемде жүзегет асырылды. Патша өкіметі 1916 ж. қарай қазақтарды 40 млн. га шұрайлы жерінен айырып, қоныстану қорын құрды. Қазақтар шөл дала мен тауларға тықсырылды. 1917 жылға қарай Қазақстанда қоныстану учаскелеріне, ормандағы, саяжайларға, казак әскерлеріне, помещиктік имениелерге, монастырьлық учаскелерге, қалалар мен темір жолдар үшін бөлінген өңірлерге ең жақсы егістік жерлер мен жайылымдардың 45147765 десятинасы тартып алынды. ХІХ ғ. аяғы мен ХХ ғ. бас., Хиуа мен Бұхарды қоспағанда, бұрынғы Түркістан шегінде 941 қоныстанушы қоныс пайда болды. Түркістанда әрбір келімсекке орыс қоныстарында, 3.17 десятина, ал байырғы халықтың әрбір жанына 0,21 десятина өңделетін жер тиді.


Өлкені талап-тонау бірінші дүниежүзілік соғыс (1914-1918 жж. дүние жүзін қайта бөліске салу жолында «Үштік Одақ» (Австро-Венгрия, Германия, Италия) пен Англия, Франция, Ресей коалициясы арасындағы саяси-экономикалық қайшылықтардан туындаған соғыс) жылдарында бұрынғысынан да жеделдете жүргізіліп, ауқымды сипат алды. Қазақ даласынан орасан көп мөлшерде арзан бағамен мал сатып алынды. Патша Армиясы үшін киіз үй мен киіз бұйымдар жиналды. 1916 ж. өзінде ғана айқасып жатқан армияға Түркістаннан 40899244 пұт мақта, 38 мың шаршы аршын киіз, з млн. пұттан астам мақта майы, 229 мың пұт сабын, 300 мың пұт ет, 473928 пұт балық, 70 мың жылқы, 12797 түйе жөнелтілді. Батырақ-қазақтарды кулактар шаруашылықтарына, кәсіпорындарға «ерікті түрде» жұмысқа тарту жүргізілді. 1916 ж. патша әкімшілігі славян отаршылдары үшін жаңадан жер тартып алуды ойластырды. «Қазақ ұлтының өмір сүруінің өзі проблемаға айналды», - деп жазды А. Байтұрсынов сонау 1913 жылдың өзінде.
Соғыс елде өнеркәсіптің қожырауын, ауыл шаруашылығының құлдырауын, тасымал дағдарысын, ашаршылықты туғызды. Жергілікті шенеуніктердің алымы күрт көбейіп, ұлтаралық арандату саясаты жүргізілді. Қазақ даласында жалпыұлттық дағдарыс пісіп-жетілді. Соғыс ауыртпалықтары Қазақстанда жұмысшы және шаруалар қозғалысының өрістеуіне түрткі болды. 1915 жылғы маусымда Екібастұз бен Спасск мыс кеніштерінің және Орынбор-Ташкент темір жолының жұмысшылары ереуіл жасады. Қалалар мен қыстақтарды солдаттардың әйелдері мен қала кедейлерінің наразылығы күшейіп, соғысқа, қымбатшылыққа және жақындап келе жатқан ашаршылыққа қарсы шықты. 1916 ж. қаңтарда Верныйда (қазіргі Алматы), Семейде осындай толқулар болды. Ақбұлақ елді мекенінің (Орынбор обл.) және Лепсі уезінің бірқатар ауылдарының солдат әйелдері мен ауыл кедейлерінің толқуына қатысушылар жергілікті көпес-алыпсатарлардың дүкендерін қиратты. Қоғамдағы тайталас барған сайын неғұрлым табанды және бұқаралық сипат ала түсті. Патша өкімітіне қарсы күресті патша режимін құлату үшін империалистік соғысқа қарсы жұмысшылар, украин қарашекпенділері арасындағы үгітті өрістеткен ресейлік солшыл саяси партиялар жүргізді.
Көтерілістің басты себебі қазақ жерін отарлау, қазақ жерін қоныс аударған орыс шаруаларына күшпен тартып әперу саясатының салдары еді. Көшпелі тұрмыс жағдайында қазақтардың өмір сүруін қамтамасыз ететін жердің заңмен Ресей империясының мемлекеттік меншігі болып жариялануы, артық жердің тек қазынаның пайдасына кетуі жағдайды шиеленістіре түсті. Мал шаруашылығы құлдырап, жақсы жерді алып қойған соң егіншілік азая түсті. Бір сөзбен айтқанда, аграрлық мәселенің шиеленісуі және ұлттық езгінің күшеюі елді дағдарысқа тіреді. Бұл дағдарыстың айқын көрінісі. Қазақстан және Орталық Азия халықтарының 1916 жылғы жалпы бұқаралық сипат алған ұлт-азаттық қозғалысы болды. Қоғамның барлық әлеуметтік топтарын қамтыған қозғалыс барысында жалпы ұлттық ұрандар көтерілді. Күн тәртібіне жалпы ұлттық мәні бар ұрандар қойылуы және жергілікті халық мүдделерінің ортақтығы қозғалыстың дербес дамығандығын көрсетеді. Оның негізгі қозғаушы күші-қазақ ауылының еңбекші шаруаларының, оған ішінара жұмысшы табы өкілдері, байлар да, билер де, молдалар да, болыс басшылары да, зиялы қауымның әртүрлі топтары да белсене араласты. Көтеріліс ең алдымен отаршыл жүйеге қарсы бағытталды да, қазақ халқының ұлттық және саяси тәуелсіздігін көздеді. Ал оның әлеуметтік мәні - өз билеушілеріне қарсы күрес екінші кезекке ысырылды.
Қазақстанның барлық аймақтарын қамтыған үлкен қозғалысты – Жетісу облысында Ж. Мамбетов, Ұ. Саурықов, С. Қанаев, Қ. Шорманов, Қ. Құдайбергенов, Т. Бокин , Б. Әшекеев; Торғай облысында Ә. Жанбосынов, А. Иманов, Ә. Жангельдин; Ақмола облысында Ә. Майкөтов; Бөкей даласында С. Мендешев; Ақтөбе облысында Б. Аманов; Сырдария облысында Т. Рысқұлов; Орал облысында Ә. Әйтиевтер басқарды.
Ұлт-азаттық қозғалыстың басталуына түрткі болған-Петербург сарайының «бұратаналарды» қара жұмысқа тарту туралы 1916 жылғы 25 маусымдағы Жарлығы ашық күнде төбеден түскен жай отындай әсер етті.Тым асығыс жағдайда жергілікті тұрғындардан майданға қара жұмысқа аттандыру туралы шешім халықты да, отарлық әкімшілікті де тығырыққа тіреді. Адамдар тізімінің, 19 және 31 жас арасындағы ер азаматтар тіркелген құжаттардың жоқтығы қосымша қиындықтар әкелді. Торғай, Ақмола, Орал, Семей және Жетісу облыстары өкілдерінің арнайы мәжілісінің шешімін дайындауға Ә.Бөкейханов, М. Дулатұлы, О. Алмасұлы қатысты. Осы мәжіліс хаттамасының алғашқы үш бөлімінде патша үкіметі шешімінің асығыстығы, халық мүддесіне қайшылығы ашып көрсетілген 1916 жылы Түркістан өлкесінің генерал-губернаторы А.М. Куропаткиннің патшаға жазған рапортында «бұратана» жұмысшылар майдан шебінің соғыс оты мейлінше қайнаған шептеріне жеткізіліп қырылады, олардың иеліктері «жерлері» қазақтарға үйлестіріліп беріледі деген үрейлі хабарлар жергілікті халықтың көтерілуін жылдамдатты делінген.
М. Әуезовтың «Қилы заман», Ж. Аймауытовтың «Қартқожа» романдарында осы кезеңдегі халықтың жан дүниесіндегі аласапыран толқыныс шынайы суреттеледі. 1916 жылғы көтерілістің Жетісудағы ірі ошағы – Қарқара аймағындағы Ереуіл төбеде болды. Ол тарихта Қарқара көтерілісі деп аталынады. Қарқара көтерілісінің алғышарттары мен ерекшеліктері:
1) бұл өңірдің Қытай жеріне жақындығы (Қытайға қашып бас сауғалау мүмкіндігі );
2) таулы жерде патшаның қарулы күші - пулемет, зеңбірек сияқты қаруларды пайдаланудың қиындығы;
3) бұл өңірдің патшалық құрамына басқа қазақ жерлерінен әлдеқайда кеш қосылуы себепті бостандық, тәуелсіздік сезімі әліде басыла қоймағандығы әсер етті.
Жетісуда сол кездегі Верный, Жаркент, Лепсі, Қапал уездеріне қарасты кейбір болыстарда ірі көтерілістер орын алды. Жетісуда бүліктің басталғандығы туралы ресми мәлімет Ташкентке тамыз айының 6-сында жеткен. Осы күні Верный уезінің оңтүстік-шығыс өңірінде Самсы өзенінің бойында екі болыстың тізімін дайындау үшін келгендерге қарулы қарсылық көрсеткен. Сол күні Самсы өзені бойында Верныйдан 100 шақырым жерде қазақтар бағаналарды құлатып, байланысты үзіп тастайды. Осы айдың 9-да көтерілісшілер қолы Қордай асуынан Верный қаласына дейінгі барлық пошталарды талқандайды.
1916 жылы 9 тамызда көтеріліс біртіндеп Шу өңіріне ауысты. Әулиеата уезінің Жетісу облысымен шекаралас ауылдарында көтеріліс кезінде Әулиеата-Пішпек уездерінің аралығындағы келімсек шаруалар қоныстарының астан-кестені шықты. Орыс шаруаларының ірі қоныстарының бірі Новотроицк селосындағы көтерілісшілермен қақтығыста 40 шақты адам шығыны болды. Бұл аймақ көтеріліс ұшқынының орталық Азияға жайылуына өзіндік көпір іспеттес рөл атқарды. 1916 жылғы тамыз айының 21-інде Ташкентте жергілікті қауымның мәжілісіндегі өзінде Түркістан генерал-губернаторы А.Н. Куропаткин патшаның маусым жарлығын қандай кедергі болса да іске сырудан бас тартпайтындығын мәлімдеді. Күш көрсетуден тайынбайтындығын білдіреді. Сөзінде тұрған Түркістан генерал-губернаторлығы «бұратана» халықтардың көтерілісін қанға бояумен ерекше көзге түсті.
Қазақстан мен Орталық Азияның басқа аймақтарындағы көтерілістің кеңінен етек жаюы патша әкімшілігінің ерекше үрейін туғызды. Көтеріліс Түркістан өлкесінің құрамына кіретін барлық дерлік қазақ ауылдарын шарпыған болатын. Түркістан өлкесі соғыс жағдайында деп жарияланды. Олар бірден - ақ халық қозғалысын қатаң жазалау шаралары арқылы басып тастау керек деп шешті. Бұған дейін де талай уақыт бойы отарлық езгінің шектен тыс тауқыметін кешіп келе жатқан қазақ халқының тағы да ауыр күндер туды. Қозғалысты басуға негізінен, Түркістан, Омбы, Қазан, Пермь әскери округтерінде жасақталған әскери құрамалар, казак әскерлері қатысты. Жазалаушы топтар үш бағытта: Әндіжан қаласы мен Нарын бекінісі Тоқмақ қалалары бағытының; темір жолмен Семейге, осы қоныстан Сергиополь- Лепсы -Верныйға аттандырылған.
Көтерілістің екінші бір ошағы – Торғай облысындағы қозғалысты басу үшін генерал Лаврентьев бастаған арнайы жазалау экспедициясы жасақталды.Оның құрамында Қостанай, Ақтөбе,Торғай, Ырғыз, жасақтары мен қазақ жасақтары болды.Кейіннен 1916 жылы 13 қарашада әскери қимыл ауданына Қазан, Пермь, Орынбордан қосымша полктар тартылды.
Көтерілісшілер бірқатар жерде жазалау жасақтарына күшті қарсылықтар ұйымдастырды. әсіресе Торғай ошағында көтерілісшілер саны 1916 жылы қарашада 50 мың сарбазға дейін жеткен. Бас штаб бұл кампаниялардың жүйелі түрде ұйымдасқан негізде әрекет етуіне, техникалық құралдармен жабдықталуына ерекше мән берді.
Ақмола және Семей облыстарындағы көтерілісшілерге қарсы генерал Ягодкин бастаған 12 атты әскер жүздіктері, 11 жаяу әскер роталары жіберілді. С.Сейфуллиннің «Тар жол, тайғақ кешу» атты тарихи мемуарлық шығармасы 1916 жылғы жаздағы жалпыхалықтық қозғалыстың барысын көз алдымызға елестетуге мүмкіндік береді. Бірақ, Ақмола, Семей, Орал облыстарындағы жалпыхалықтық бас көтерулер үлкен қарулы қақтығыстарға апарған жоқ. Бұл жерлердегі Сібір, Орал, Қазан әскерлері өз бақылауын жіті жүргізіп отырды. Күшті қарсылықтар Торғай облысында ерекше байқалды. Амангелді Иманов бастаған көтерілісшілер жазалаушылармен әлденеше рет шайқастар өткізді. Мысалы, Татыр көлінің маңында болған шайқаста патша әскерлерінің бір жүздігіне тек қылыш және мылтықпен қаруланған 4 мыңдай көтерілісщі қарсы тұрды.
Түркістан өлкесіндегі жазалау жасақтарының қиянатын арнайы тексерген Мемлекеттік Думаның комиссиясы патша әскерлерінің айрықша қаталдықпен қимыл жасағанын, ер-азаматты ғана емес, әйелдер мен балаларды да аяусыз қырғынға ұшыратқанын атап көрсетеді. Патша генералдары әскерлерге қозғалысқа қатысушыларды аяусыз жазалауға тапсырма берді. Жетісу губернаторы Фольбаум уезд бастықтарына берген бұйрығында: «Бүлікті тез басу үшін әскерлер қозғалысқа қатысқан бір болыс елдің әлденеше жүз адамын бірден қырып салып, үлгі көрсеткені дұрыс болады», - деп атап көрсетті. Қанды шеңгел генералдың бұл бұйрығы қалай орындалғанын оның 1916 жылдың 14 тамызындағы хабарламасынан да көруге болады. «Верный уезінде алғашқылардың бірі болып Ботбай болысы көтерілді. Хорунжий Александров өз жүздігімен 10 тамыз күні Тарғаптың теріскей бетіндегі далада елді қуып жетіп, 3 ауылды түгел қырып салды. Қоныстарын өртеп, малын айдап әкетті».
Мұндай жазалау операцияларының озбырлығы Торғай уезінде де байқалды. Торғай уезінің қазақтары жазалау жасағының әрекеттері туралы жазған шағымында: «Уезд бастығының көмекшісі қырға шыққан кезінде бізге адам айтқысыз зәбір көрсетті, 100 – ден астам адамды өлтірді. Олардың көбі әйелдер мен балалар еді. Оған қоса келіншектер мен қыздарды жәбірледі.бірнеше қатысуларды өртеді» - деп атап көрсетті.
1916 жылғы көтерілісте ауыр зардап шеккен – қазақтар. Жазалаушы әскери бөлімдердің көтеріліске қатысы бар деген ауылдарды қырып-жою әрекеттері көшпенділердің басты өмір көзі – мал санын күрт төмендеткен. Далалық ауданда көтерілісшілерді қолға түсірудің қиындығын білген патша жендеттері бейбіт ауылдарға бас салып, олардың малдарын айдап әкетіп отырды. Бұл өз кезегінде халықтың жоқшылыққа, аштыққа, өлім-жітімге көп ұшырауына себепкер болды. Қозғалысқа қатысушыларға қарсы құқықтық , әкімшілік жазалау шаралары кеңінен қолданылды. Түрмелер қозғалысқа қатысы бар адамдарға лық толды. 1916 жылдың өзінде Торғай оьлысындағы түрмеге 3 мыңнан астам адам қамауға алынды. Патша соттары қозғалысқа қатысушыларға соғыс уақыты заңымен үкім шығарды. Көтерілісшілерді жазалау олардың жерін тартып алумен қатар жүрді. Шу өзені мен Ыстықкөлдің маңайында қоныстанған 200 мың қазақтар мен қырғыздар таулы, тасты Нарын ауданына көшіріліп, олардың орнына орыс шаруалары орналастырылды.
Көтеріліс жеңілгеннен кейін 1917 жылдың ақпан айының басында 110 мың жергілікті жұмысшылар майдандағы қара жұмысқа аттандырылды. Сонымен, жалпы саны 120 мың жұмысшы тыл жұмысына алынды. Қозғалыстың жеңіліс табуының ең басты себептері – оның бытыраңқылығы, көтеріліс ошақтары арасындағы байланыстың жеткілікті болмауы, патша үкіметінің қарулы жазалаушы күштерінің басымдылығы еді. Қазақ зиялылары қатарында бірлік болмады. Олар екіге бөлініп, революцияшыл радикалды бағыттағы Т.Бокин, Ә. Майкөтов , С.Сейфуллин , С. Мендешев, Ә. Жангельдин сиқты тобы қарулы күрес жолын тандады. Ал ұлттық – либералдық бағыттағы Алаш зиялылары Ә. Бөкейханов , М. Дулатұлы, А. Байтұрсынұлы бастаған топ елді қантөгістен сақтау үшін патша үкіметімен тіл табысу жолдарын іздеді , күрестің бейбіт саяси әдістерін жақтады.1916 жылғы көтерілістен кейін табуы бұл қауіптің орынды болғандығын растайды. Дегенмен 1916 жылғы ұлт-азаттық қозғалыстың тарихи маңызы зор, халықтың ұлттық сана-сезімінің өсуіне, өз еркіндігі үшін күрес жолында кемелдене түсуіне ықпал жасады.
Экономикалық күйзеліс және орыс эсерлерінің жалғасып жатқан империалистік соғыс майданындағы жеңілісі, сондай-ақ елде жұмысшы қозғалысы мен аграрлық қозғалыстың өсуі, соның ішінде жеңіліс тапқанына қарамастан, орта Азия мен Қазақстанның байырғы халқының 1916ж көтерілістері Ресейдің орасан зор апат алдында тұрғанын дәлеледеді, мұның бәрі демократиялық күштер соның ішінде жұмысшы табы да, шаруалар да патша үкіметіне қарсы шешуші штурмға дайындалып жатқан кездегі Ресейдегі революциялық дағдарыстың көрінісі болды.
1917ж. 23-27 ақпанда буржуазиялық-демократиялық революцияның жеңіп шығуы елдегі тап күшінің арасалмағын күрт өзгертті. Социалистік революцияның жолындағы басты кедергі самодержавие (патша үкіметі) жойылды. Бірақ революция негізгі мәселесі - өкімет туралы мәселе -өзінше шешім тапты. Еңбекшілердің бастамасымен пролетариат пен шаруалардың революциялық демократиялық диктатурасының (билігінің) органы-жұмысшы, сондай, кейін оған шаруалар депутаттарының кеңестері пайда болды. Кеңестердің басшылығына еніп кеткен меньшевиктер мен эсерлердің келісімпаздық саясаты буржуазия өзінің өкімет органы – Уақытша үкімет құруына мүмкіндік берді. Өтпелі кезеңнің аса күрделі саяси және әлеуметтік-экономикалық жағдайын білдіретін Қосүкімет дүниеге келді. Қазақстанда 1917ж. наурыз-сәуір айларында жер-жерде жұмысшы солдат депутаттарының Кеңестері пайда болды. Омбыда, Ташкентте, Семейде, Верныйда, Петропавлда, Перовскіде, Қазалыда, Қостанайда, Ақтөбеде тағы басқа қалаларда жұмысшы және солдат депутаттарының Кеңестері құрылды. Облыстық және уездік шаруалар съездерінде шаруа және қазақ депутаттарының Орал, Семей облыстық, Ақмола, Ақтөбе, Өскемен және Павлодар уездік Кеңестері сайланды.
Кеңестермен бірге (Бөкей ордасында Орталық Атқару комитеті құрылды) Уақытша үкімет органдары құрылды. Әлихан Бөкейханов Уақытша үкімтеттің Торғай облысындағы, ал, Мұхаметжан Тынышбаев – Жетісу облысында комиссарлары болып тағайындалды. Уақытша үкімет пен әр түрлі қоғамдық-саяси қозғалыстардың арасында қоғам дамуының белгілі бір жолын таңдау тұрғысында күрес басталды. Ресей капитализмі дамуының кенже қалып, соның салдарынан буржуазияның қуатты экономикалық және саяси күш болып қалыптаспағанын негізге алған Уақытша үкімет реформистік жолмен капитализмді дамытуға бет алу қажет деп санады. Алайда, монархияның қойнауынан шығып, көп жағынан буржуазия мен помещиктердің саяси және экономикалық мүдделерін білдірген Уақытша үкімет Ресейді қайта өрлетудің нысаналы балама бағдарламасын ұсына алмады.
Қазақстанда қазақ интеллигенциясы басқарған қазақтардың ұлттық облыстық және уездегі комитеттері ұйымдастырылды. Облыстар мен уездерде Уақытша өкімметті қолдаған Сібір, Орынбор, Орал және Жетісу казак әскерлері казактық комитеттер құрды. Татар, Өзбек, Ұйғыр саудагерлері мұсылмандық, татарлық комитеттерге бірікті. 1915-1917жж. Орынборда «Еркін дала», Омскіде «Бірлік», Оралда «Жас қазақ», Троицкіде «Үміт» деп аталатын жастар ұйымдары құрылды. Қазақстан кәсіпшілер одақтарының қалыптасуында Орынбор - Ташкент темір жол тарабы теміржолшыларының Құрылтай съезі үлкен роль атқарды. Ұлт мәселесінде Уақытша үкімет «Дін тұтудағы және ұлттық шектеулерді жою» туралы декрет жариялады, алайда ұлттың өзінің мемлекеттік құрылысын өзі шешу құқы, шағын халықтар мен ұлт азшылығының тағдырлары туралы және басқа мәселелер ескерілмей сол күйі қалды.
Ұлттық демократияшыл зиялылар ұлттың азаттық идеясын таратушы, қазақ халқының ұлттық сана-сезімін оятушы, отаршылдыққа қарсы күреске дем беруңші болды. Оны либералды - демократиялық қозғалысының жоғарғы білімді қайраткері, бұрын кадет партиясы Орталық Комитетінің мүшесі болған Ә. Бөкейханов басқарды. Көрнекті ағартушылар мен демократтар, революциялық қозғалысқа белсене қатысушылар А. Байтұрсынов, М. Дулатов, Ә. Ермеков, Жаһанша және Халел Досмұхамедовтар, Ж. Ақбаев және басқа көптеген адамдар оның пікірлестері мен серіктеріне айналды. Алаш қозғалысының әлеуметтік негізінің ауқымдылығын азаттық қозғалысының жалпы ұлттық көлемімен, оның демократиялық, ағартушылық және отаршылдыққа қарсы сипатымен түсіндіруге болады. Қазақ халқын отарлық езгіден азат ету, автономиялық ұлттық мемлекет құру идеясы қозғалыстың негізгі өзегіне айналды. Ақпан төңкерісінен кейін 1905 жылдан бастап өмір сүрген алаш қозғалысы қайта жанданды.
1917 жылғы шілденің 21-26 –сында Орынборда Жалпықазақ съезі болып, оған Ақмола, Семей, Торғай, Орал, Жетісу, Сырдария, Ферған облыстары мен Ішкі Бөкей Ордасынан өкілдері қатысты. І-ші Бүкілқазақтық съезд қазақтың ұлттық саяси партиясы «Алаш» съезі болып айқындалды. Ә. Бөкейханов, А. Байтұрсынов,Е.Омаров, М. Шоқай және буржуазиялық-демократиялық бағыттағы қазақ интеллигенциясының басқа да өкілдері «Алаш» партиясының жетекшілері болды. Съезд мемлекеттік басқару формасын, қазақ облыстары автономиясын, жер мәселесін, халықтық милиция ұйымдастыру, земство, халыққа білім беру, сот, рухани-дін мәселелерін және т.б. қарады. Съезд қазақтың «Алаш» саяси партиясын құру туралы мәселе қарап, оның бағдарламасын жасау қажет деп тапты. «Мемлекеттік басқару формасы» мәселесі бойынша съезд «Ресей демократияшыл феедрациялық парламенттік республика болуға тиіс»,-деп жазды; қазақ облыстары «облыстық ұлттық-аймақтық автономия алуға тиіс» деп тапты. Съезд Қытайдағы 83 мың қазақ босқындары және 1916 жылғы оқиғаларға қатысып, Жетісу казактары мен Уақытша үкімет органдары тарапынан кемсітушілік пен қуғындауға ұшырағандар жөнінде өз көзқарасын білдірді. 1917ж. күзінде Қазақстанда тағы бір ұлттық-саяси ұйым - өзін «қазақтың социалистік партиясы» деп атаған «Үш жүз» партиясы пайда болды. Оның жетекшісі К.Тоғысов болды. Бұл партия большевиктік бағыт ұстап, Қазақстанның қоғамдық-саяси өмірінің көптеген мәселелері бойынша «Алаш» партиясының негізгі оппоненті тұрғысында оған қарсы шығып отырды.
Ақпан революциясынан кейін Ресейдің ұлт аймақтарында мұсылмандар қозғалысы жандана түсті. 1917 ж. сәуірде Түркістан, Башқұртстан, Татарстан, Кавказ мұсылмандарының съездері болып өтті. Ақпаннан қазанға дейінгі кезеңде ұлттық демократия идеясы қалыптасты. Қыркүйекте мұсылман ұйымдарының съезі тұңғыш мұсылман партиясын – Түркістан федералистер партиясын құрды. Съезд Ферғана, Сырдария, Каспий сырты, Жетісу облыстары құрамындағы Түркістан өлкесін «Ресй республикасымен федерациялық байланыстағы автономиялы ел» деп жариялайтын тұғырнама қабылдады. Түркістан және қазақ мұсылмандарының Түркістан, Орал және Торғай облыстарының өкілдері қатысқан съезі (1917 ж., 17-20 қыркүйек) «Иттифок - и - муслимин» партиясы Ресей республикасы құрамындағы аймақтық автономия идеясын ұсынды. Діни сипатына қарамастан, бұл саяси ағымдар Түркістан мен Қазақстан жерінде тұратын халықтардың жалпы ұлттық мүдделерін де білдірді.
Өлкеде социал-демократиялық топтардың ескілері жанданып, жаңалары құрыла бастады. 1917 ж. наурыз айында облыстар мен өлкелердің орталықтарында: Омбыда, Оранборда, Оралда, Ташкент пен Верныйда социал-демократиялық ұйымдар құрылды. Қазақ халқының таңдаулы өкілдері: А. Асылбеков, Б. Серікбаев, С. Меңдешев, Т. Бокин, М. Жәнібеков, С. Арғыншиев, С. Сейфуллин, Т. Рысқұлов, Ә. Майкөтов және т.б. танымал саяси басшылар болды. Әулиетата мен Меркеде «Қазақ жастарының революцияшыл одағы» құрылды, Ақмолада «Жас қазақ» ұйымы жұмыс істеді. Ірі қалаларда, уездерде эсерлер ұйымдары пайда болды. Осы ұсақ буржуазиялық партияның «жерді оны өңдейтіндерге беру керек», «жер – бүкіл халықтың меншігі» деген ұрандары, Түркістандағы съезде патша өкіметінің отарлау саясатын айыптауы оның уақытша табысқа жетуін қамтамасыз етті. 1917 ж. жазына қарай барлық Кеңестер (Черняев Кеңесінен басқалары) солардың қолында болып шықты. Сонымен қоса Оралда, Атырауда, Петропавлда, Павлодарда, Көкшетауда, Семейде казак партиясының бөлімшелері жұмыс істеді.
Сөйтіп, Ресейдегі сияқты, оның ұлттық аймағы – Қазақстанда да көп партиялы жүйе қалыптасты. Қазақстанда ұлттық, діни, таптық, сословиелік негізде пайда болған әр түрлі партиялар мен топтар көптеген реттерде келісімге немесе ымыраға келе алмай, бір-бірімен шиеленіскен айтыс жүргізді. Сонымен бірге 1916 ж., оның ізінше болған 1917 ж. Ақпан революциясы Қазақстанның халық бұқарасының орасан көпшілігін дүр сілкіндіріп, тарихи прцестің дамуын жеделдетуге себепші болды.




Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет