Дәріс №1 Пәнге кіріспе. Отандық тарихты оқудың


Республика экономикасын майдан мүддесіне бағындыру, халықтың тылдағы ерен ерлігі



бет23/52
Дата02.01.2022
өлшемі174,91 Kb.
#107802
түріСабақ
1   ...   19   20   21   22   23   24   25   26   ...   52
Байланысты:
дәрістер жинағы (1) (1) (2) (1)

Республика экономикасын майдан мүддесіне бағындыру, халықтың тылдағы ерен ерлігі. Ұлы Отан соғысы майдандарында Кеңес қарулы күштерінің жеңіске жетуіне елде қалған еңбекшілер жанқиярлық еңбегімен үлкен үлес қосты. Соғыстың алғашқы айларынан бастап, Қазақстандағы экономиканы соғыс мүддесіне бейімдеп қайта құру, материалдық және адам ресурстарын қайта бөлу шаралары жүргізілді. Сонымен қатар неміс фашистері басып алған жерлерден кәсіпорындар көшіріліп әкелінді. 1941 жылдың екінші жартысында республикаға барлығы 142 кәсіпорын көшірілді. Тек Алматының өзінде 34 зауыттың, фабрика мен цехтың жабдықтары орналастырылды. Олардың ішінде Луганск паровоз жасау зауытының бір бөлігі, Харьков вагон жөндеу зауыты жөне басқалар бар. Сондай-ақ жеңіл және 14 тоқыма өнеркәсіп орнының жабдықтары келді. Украинадан әкелінген үш фабрика негізінде Семей аяқ киім фабрикасы құрылды.

Майдан шебінен көшіп келген кәсіпорындарды орналастыруға республикада 2 300 мың шаршы метр өндіріс аудандары босатылды. Кәсіпорындармен бірге келген адамдарды Қазақстан еңбекшілері жақын бауырындай қабылдап, қамқорлық көрсетіп, тұрғын үймен, басқа да қажет нәрселермен қамтамасыз етті.

Республикаға 1,1 млн. астам адам көшіріліп әкелінді. Қазақстан өнеркәсібінде 1940 жылы 158 мың адам жұмыс істесе, 1945 жылы 255 мың жүмысшыға дейін жетті. Олар соғыс жылдарындағы қысылтаяң кездің қиындықтарын жеңе отырып, еңбекте жаппай ерлік көрсетті. Қазақстанды майданның сенімді тірегіне, елдің ең негізгі әскери өнеркәсіп ошағына айналдырды. Мұның өзі жалпы одақтық экономиканың, өндірістің бар саласында да, сол сияқты жаңадан құрылған саласында да, оның үлесін арттыруды талап етті. Оған Батыс аудандардан соғыс кезінде көшіріліп келген 220-дан астам кәсіпорындарды қатарға қосудың үлкен маңызы болды. Қазақстанда 1943 жылы қорғаныстық маңызы бар ондаған кәсіпорындар іске қосылды, бұрыннан істеп тұрған кәсіпорындар өнім өндіруді арттырды. Мәселен, сол жылы республикадағы қара металлургия өндірісінің тұңғышы Актөбе ферросплав зауыты іске қосылып, өнім шығара бастады. Ақтөбе химия комбинаты бор, фосфор қышқылдарын, сода шығаруды жолға қойды. Шымкент дәрі-дәрмек жасау зауыты шөптен дәрі жасауды игерді. Теміртауда Қараганды металлургия комбинатын салу қолға алынды. Машина жасау зауыттары Алматыда, Шымкентте, Қарағандыда іске қосылды. Жаңа рудниктер мен байыту фабрикалары салынып, мыс, қалайы, күміс, алтын шығару артты. Балқаш, Қарсақпай мыс қорыту зауыттары күшейді. Түсті металл шығару өсті. Тамақ өнеркәсібінің: Шымкентте жеміс-жидек консерві комбинаты, Алматы, Қарағандыда кондитер фабрикалары, Петропавлда темекі фабрикасы пайдалануға берілді.

1944 жылы Текелідегі қорғасын-мыс комбинатының бірінші кезегі, Өскемен мыс зауыты іске қосылды. Республикада қара металлургия, мұнай өңдеу өнеркәсібі қалыптасты. Ертісте халықтық құрылыс Өскемен ГЭС-і салынып бітті. Соғыс жылдары Қарағанды көміршілері Сібір, Орал, Поволжье өнеркәсіп аудандарын жоғары сапалы кокстелген көмірмен жабдықтап тұрды. Жер астында жұмыс істеген лавалардың саны 1941-1945 жылдары 63-тен 158-ге дейін өсті. 19 жаңа шахта мен 3 көмір разъезі іске қосылды. Шын мәнінде тағы бір жер асты Қарағандысы пайда болды.

Соғыс жылдары Қарағанды көмір алқабында 34 млн. тонна көмір шығарылды, бұл соғыска дейінгі бассейнде шығарылған көмірден 3 млн. тонна артық деген сөз. Мұнай кәсіпшілігінің қуаты артты. Қошқар, Комсомольск, Жолдыбай мұнайшылығы іске қосылды. Соғыстың соңғы үш жылында Қазақстан 2472,2 мың тонна сапалы мұнай өндірді. 1943 жылы мамырда Қарағандыға жақын жерде металлургия (қайта өңдеу) зауытының құрылысы басталды, оның қорғаныс өнеркәсіп үшін зор маңызы болды. Бұл кезде сондай-ақ Қаратау химия комбинатының құрылысы тоқтамастан жүріп жатты. Алматы ауыр машина жасау зауыты өзінің өндірістік қуатын арттыра түсті. Ол жұмыс істей бастаған 1941 жылдың өзінде-ақ өнім өндіруді 2,2 есе арттырды. Шымкент пресс-автомат және Көкшетау механикалық зауыттары өнім шығаруды едәуір ұлғайтты. Кенді Алтай мен Орталық Қазақстандағы Балқаш, Жезқазған, Қарсақпай кәсіпорындарында қорғасын және вольфрам рудаларын өндіру және байыту жөніндегі жаңа қуаттар іске қосылды. Сондай-ақ Қазақстан вольфрам мен қалайы өндіретін негізгі базаға айналды. Марганец пен хром өндіру арта түсті.

Соғыс кезінде Қазақстан өнеркәсіп потенциалының күрт артуы электр қуатын көп тұтынуды қажет етті. 1941 жылғы қаңтардан ‒ 1945 жылғы қаңтарға дейінгі аралықта Қазақстанның электр энергиясын өндірудегі Одақ бойынша үлес салмағы 1,31-ден 2,67 пайызға дейін өсті. Соғыс кезінде барлығы 460 зауыт, фабрика, кеніш, шахта және басқа өндірістер салынды. Өнеркәсіптің өсу қарқыны артуы нәтижесінде оның республика халық шаруашылығындағы үлес салмағы 60 пайыздан 1945 жылы 66 пайызға дейін өсті. Тек руда мен мұнай өнімдерін тасымалдау 4 есе, көмір мен қара металды тасымалдау екі есе артты. Қазақстан өнеркәсібінің соғыс жылдарындағы жеңіске қосқан үлесі Кеңес халқының ауыр күндердегі сүйеніш, тірегі болғандығын қазақ халқы орынды мақтан етеді. Ұлы Отан соғысы жылдары Қазақстанның темір жол транспорты майдан мен тыл қажеттерін қамтамасыз етуде маңызды рөл атқарды. 1943 жылы темір жолда әскери жағдай енгізіліп, әскер тәртібіне көшу темір жол арқылы жүк, шикізат тасуды жақсартты. Ескі жолдарда поездардың өтуі жиіледі. Темір жолдағы жұмыстың көбін әйелдер атқарды. Олар теміржолшылардың 35 пайызын қамтыды. Республикада көптеген өнеркәсіп орындарының іске қосылуына байланысты темір жолдың жаңа желісін салу жұмыстары қарқынмен жүргізілді. Ақмола-Қарталы, Гурьев-Қандағаш, Орск-Қандағаш темір жолдары іске қосылды. Бұлардан басқа жергілікті маңызы бар Жамбыл-Шолақтау, Талдықорған-Текелі, Лепсі-Андреевка, Ағадыр-Ақтау, Сазтөбе-Келтемшат темір жол желілері салынды. Жалпы темір жолдың ұзындығы 1940 жылғы 6 581 шақырымнан 8 200 шақырымға дейін өсті.

Қазақстанның колхозшы шаруалары соғыстың жеңіспен аяқталуына қомақты үлес қосты. Село еңбеккерлеріне көмекке қала тұрғындары келді. Республиканың колхоз-совхоздарында жыл сайын 300 мыңға жуық қала халқы еңбек етті. Жау басып алған аудандардан көшіп келген шаруалар еңбекте ерліктің үлгісін көрсетті. Солардың бірі ‒ Батыс Қазақстан облысының Теректі МТС-інде істеген Украинаның атақты тракторшысы Полина Ангелинаның бригадасы. Оның берекелі бастамасы мен тәжірибесі жергілікті механизаторлар тарапынан қызу қолдау тапты. Украинаның даңқты қызылшасысы М. С. Демченко Жамбыл облысы Талас өңірінде қант қызылшасын өңдеу әдістерін өндіріске енгізуде шынайы шеберлік танытты.

Қазақстан еңбекшілері тары өсірудің шебері ‒ Шығанақ Берсиевті, атақты күрішшілер ‒ Ыбырай Жақаев пен Ким Ман Сам сияқты үздік шыққан жаңашылдар мен астықтан мол өнім алудың майталмандары Мунира Сатыбалдинаны, Анна Дацкованы, Нүрке Алпысбаеваларды т.б. орынды мақтан етті. Ақтөбе облысы Ойыл ауданының озат тары өсіруші Ш. Берсиев тарының қуаңшылыққа төзімді, жоғары өнімді, жергілікті ауа райына икемді сортын өсіріп шығарды. Ол 1942 жылы әр гектардан - 175 ц, ал 1943 ж. 202 ц. өнім жинады. Қызылордалық күріш өндіруші Ы. Жақаев 1943 жылы әр гектардың өнімін 192 ц. жеткізді.

Мал шарушылығы өнімдерін өндіру мен қоғамдық мал басының өсу жоспарлары ойдағыдай орындалып отырды. Малшылар арасынан көптеген республикаға танымал еңбек озаттары шықты. Мысалы, Жезқазған ауданы Аманкелді атындағы колхоздың шопаны Ж. Мұқашев жыл сайын жүз қойдан 180-ге дейін қозы алып, аман өсірді. Атырау облысы «Жаңа талап» колхозының жылқышысы Ш.Шүғаипова бір мыңнан астам жылқыны ешқандай шығынсыз бақты. Қоғамдық мал басы Республикада соғыс жылдарында 3 млн. басқа жуық өсті. Қазақстанның колхоздары мен совхоздары бұл тұста соғыстан бұрынғы бес жылмен салыстырғанда астықты - 30,8 млн. пұт, етті - 15,8 млн. пұт, картоп пен жемісті - 14,4 млн. пұт, сүтті - 3 194 мың центнер, жүнді - 17,7 мың центнер артық берді. 1944 жылы Бүкілодақтық еңбек жарысында мал шаруашылығын өркендетудегі орасан зор табыстары үшін Батыс Қазақстан облысының Жаңақала, Гурьев облысының Қызылқоға аудандары КСРО Қорғаныс комитетінің ауыспалы Қызыл Туын жеңіп алды. Жалпы соғыс кезінде Қазақстанның ауыл-село еңбеккерлері өздерінің патриоттық және еңбек ету парыздарын айтарлықтай өтеді. 1941-1945 жж. олар майдан мен елге 5 829 мың тонна астык, 734 мың тонна ет және басқа да азық-түлік, өнеркәсіп үшін шикізат берді.

Жауды жеңуге республиканың оқыған зиялылары да өздерінің үлкен үлесін қосты. Олардың қатары еліміздің батыс аудандарынан уақытша көшіп келіп паналаған ғалым, жазушы, әртіс, ұстаз, дәрігерлермен т. б. толықтырылды.

Еліміздің шығыс аудандары мен Қазақстанның халық шаруашылығының түбегейлі мәселелерін зерттеп, соның негізінде жасалынған ұсыныстарды іске асыруға академик В.Л.Комаров бастаған КСРО Ғылым Академиясының Қазақ бөлімшесі Президиумының төрағасы, көрнекті ғалым Қ.И.Сәтбаев басқарған республиканың жүзден аса ғалымдары қатысты. Олар қазба байлықтың көптеген жаңа орындарын ашты, олардың майдан мүддесі үшін тез игерілуіне үлес қосты.

Ғалымдар, жоғары оқу орындарының ұстаздары, мектеп мұғалімдері және тағы басқалары халық арасындағы идеялық-тәрбие беру саласында үлкен жұмыс жүргізді. Денсаулық сақтау қызметкерлері қажырлылықпен еңбек етті. Соның арқасында емханаларда емделуде болған жаралы жауынгерлердің жетпіс пайыздан астамы қайтадан қатарға қосылды. Соғыс кезінде 118 техникумнан 92-сі сақталды, онда оқитын оқушылар саны тек 389 адамға ғана қысқарды. 1941 ж. дейінгі 20 жоғары оқу орнына 1944 ж. жаңадан 5 институт қосылды. Олар: Алматы шетел тілдері, Шымкент технологиялық, Қазақ дене тәрбие институттары, Алматы консерваториясы, Қазақ педагогикалық қыздар институты. Республика жоғары оқу орындарында оқитын студенттердің саны 1941 ж. 10,4 мыңнан 1945 жылы 15 мыңға дейін өсті.

Осындай қиын-қыстау күндерде қазақ кеңес әдебиетін дамытуға үлкен көңіл бөлінді. Соғыс кезінде А. Толстой айтқандай, кеңес поэзиясының алыбы Жамбылдың өлеңдері Отан қорғауға шақырған қаһарлы дабыл іспеттес болды. Оның «Ленинградтық өрендерім» атты өлеңінің өнегелік те, тәрбиелік те мәні зор еді. Майдангер ақын Қ. Аманжолов «Жеңістің, дауыл мен оттың жыршысымын» деп орынды айтты. Н. Тихонов айткандай, оның «Абдолла» поэмасы қазақ поэзиясының інжу-маржанына айналды. Партизан шоғырының комиссары Ж.С.Саинның шығармаларын есімі естен кетпейтін Назым Хикмет «Кеңес Одағының барлық халықтарының мызғымас достығының белгісі» деп атады. М. Әуезовтің соғыс кезінде «Абай» эпопеясының бірінші кітабын жазуы қазақ әдебиетінің әлемдік аренаға шығуына жол салды. Қазақ әдебиетімен бірге қазақ өнері де дамыды. Соғыстың алғашкы үш жылы ішінде Қазақстан өнер шеберлері өздері қамқорлыққа алған ұжымдарда 20 мың спектакль мен концерттер көрсетті, олардың ішінде мыңнан астам концерт майдан шебінде берілді.

Республика еңбекшілері өздерінің жеке жинағынан майдан қорына 4,7 млрд. сом ақша берді. Сонымен қатар олар майдангерлерге 2 миллионнан аса жылы киім, 1600 вагон сыйлық жөнелтті. Республика еңбекшілерінің жеке қаражаттарына «Қазақстан комсомолы», «Түрксибші», «Қарағанды шахтері», «Қазақстан мұнайшысы», «Қазақстан металлургі», «Қазақстан пионері» атты авиаэскадриялар жасақталды. Ол үшін 480 млн. сом қаржы жиналды.

Қазақстан еңбекшілері Ленинградты (қазіргі Санкт-Петербург) қорғаушыларға 400 вагон сыйлық жөнелтіп, жаудан тазартылған аудандардан көмегін аяған жоқ. Орел облысын қамқорлыққа алып, оларға 200 вагоннан аса жабдық, ауыл шаруашылығы машиналарын, азық-түлік, тұрмыстық заттар және 100 мың бас мал жөнелтті. Осындай көмек Украина мен Белоруссияға, Солтүстік Кавказға және Ленинград, Курск, Калинин облыстарына көрсетілді. Мұның барлығы майдан мен тылдың бірлігін, халықтар достығын нығайтуға үлкен әсерін тигізді. Қазақстан еңбеккерлерінің майданға көмегі қызыл әскерлердің жағдайын жақсартып, олардың жауынгерлік рухын көтерді, Қызыл Армия бөлімдерінің жауды талқандау үшін мүмкін болған нәрсенің бәрін істеуге жігерлендірді. Сөйтіп, Қазақстан соғыстың алғашқы күнінен бастап-ақ Кеңестер Одағы арсеналдарының біріне айналды, оның экономикалық тіректерінің бірі болды. Республикадан майданға әскер, оқ-дәрі, киім-кешек және азық-түлік тасыған эшелондар үздіксіз ағылып жатты. 1943 жылғы 6 ақпанда Кеңестер Одағының ең беделді газеті «Правда» өзінің бас мақаласында былай деп жазды: «Майдандарда қазақтар жақсы соғысуда, олардың әкелері, шешелері мен әйелдері майдан үшін тылда аянбай еңбек етуде. Қазақстан өз жерінің барлық байлығымен, тауарларының барлық қазынасымен майданның қуатты таянышы болуда». Қазақстанның бүкіл экономикасы мен адам күшін Ұлы Отан соғысы майдандарының талаптарына сай жан-жақты жұмылдыруда республика партия, кеңес және шаруашылық органдары үлкен айтуға тұрарлық ұйымдастыру жұмыстарын жүзеге асырды. Соғыс жылдары республика басшылары Н.А.Скворцов, Н.Оңдасынов, Ө.Қазақбаев, Ж.Шаяхметов және басқалары соғыстың қиын-қыстау жағдайында әскери-мобилизациялық жұмыстарын жүргізді. Олар Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық және қоғамдық өмірінің барлық салаларына басшылық етуде өздерінің жоғары ұйымдастырушылық қабілеттерін көрсете білді.



Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   19   20   21   22   23   24   25   26   ...   52




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет