Дәріс №1 Пәнге кіріспе


Ф.И.Голощекиннің  «Кіші Қазан» идеясы және оның қатерлі мазмұны



бет11/48
Дата14.12.2021
өлшемі365,17 Kb.
#127167
түріСабақ
1   ...   7   8   9   10   11   12   13   14   ...   48
Байланысты:
Д ріс №1 П нге кіріспе

1.Ф.И.Голощекиннің  «Кіші Қазан» идеясы және оның қатерлі мазмұны.

2.Қазақстанды индустрияландырудың ерекшеліктері.


3. Көшпелі және жартылай көшпелі қазақ шаруалары қожалықтарын күшпен отырықшылыққа көшіру.

4.Қазақтардың шетелге ауа көшулері. Қазақтардың аштан қырылуы.


1. Голощекин Қазақстанға бірінші басшы болып келісімен қазақ ауылының экономикалық-әлеуметтік жағдайымен атүсті танысып, Қазақстанда қазан төңкерісі жүргізілмеген екен деген қорытындыға келеді. Ол Қазақстанда қазан төңкерісі болмағанын қазақ байларының тап ретінде жойыла қоймағанымен, партия, кеңес орындарына ескі интеллигенция өкілдерінің молынан орналасқанымен, елдің саяси, әлеуметтік-экономикалық, рухани өміріне қазан төңкерісінен соң таптық, партиялық принциптерге сай басқа да өзгерістер жүзеге аспай отырғанымен дәлелдемек болады.

Таптық, партиялық деп отырғаны практикада социализм принциптерін күш қолдану арқылы жүзеге асыру деген мағына береді. Голощекиннің бұл әрекеті тарихта “кіші қазан” саясаты деп аталды. “Кіші қазан” саясатына сай Қазақстанда қазақ байларын тәркілеу, ауыл шаруашылығын ұжымдастыру, ұжымдастырған шаруашылықты отырықшыландыру тәрізді шаралар социалистік жолмен немесе күшпен, әкімшілік әдіспен жүргізіліп, қазақ халқына аса ауыр зардап әкелгені белгілі.

1927 жылдан бастап ұжымдастыру шарасы басталды. Қазақстанда ұжымдастыру саясатын жүргізу барысында ірі қателіктердің жіберілуі 1931-1933 жж. Қазақстан қасіретіне әкеліп соқты.

1928 жылы қыркүйектің 20-нан тәркілеу науқаны басталып кетті. Қазақ байларын тәркілеуден бұрын Қазақстанның Орталық Атқару Комитеті мен Комиссарлар Кеңесі Мемлекеттік саяси басқарма мен мемлекеттік жоспарлау комитетінің жинаған мәліметіне сүйеніп, бүкіл Қазақстан бойынша 700 шаруашылық тәркілеу туралы тізім жасаған. Тәркілеуге тиісті байлар әртүрлі әрекеттер жасап, тәркілеуден құтылуға тырысты. Олар мал-мүлкін туыстарына бөліп берді, балаларына еншіге берді, сөйтіп қаулыда көрсетілген мөлшерден малдың санын азайтуды көздеді.

Қазақ байларын тәркілеу науқаны 1928 жылы қыркүйектен басталып 1929 жылдың сәуір айына дейін 7 ай бойы жүргізілді.
2. Партияның 1925 жылы (18-31 желтоқсан) өткен XIVсъезі елді соцалистік индустрияландыру жоспарын жүзеге асыру міндетін қойды. Социалистік индустрияландыру саясаты өзінің мазмұны жағынан ірі машиналы өнеркәсіпті, ең алдымен ауыр индустрияны бүкіл халық шаруашылығының салаларын түбегейлі қайта құруды қамтамасыз ететіндей дәрежеде дамытуға бағытталды. Кеңестер одағының экономикалық тәуелсіздігі мен қорғаныс қабілетін камтамасыз ету үшін алдыңғы қатарлы капиталистік елдерді индустриялды даму жағынан барынша қысқа тарихи мерзімде қуып жетіп, елді индустриялды державаға айналдыру міндетін қойды. Партия мұндай міндетті орындау үшін елдің бүкіл материалдық және өндіргіш күшін толығымен осы мақсатқа бейімдеу қажет деп шешті.

Алайда социалистік индустрияландырудың капиталистік индустрияландырудан ерекшелігі болды. Капиталистік мемлекеттер өздерінің индустриялды дамуын, әдетте, пайда тез түсетін жеңіл өнеркәсіп салаларын дамытудан бастайды. Осы салаларға тән болып келетін кәсіпорындардың шағындылығы мен оған жұмсалатын қаржының (капиталдың) айналымдылығы әуелгі кезде жеңіл өнеркәсіпті өте тиімді салаға айналдырады. Тек уақыт өткен соң ғана жинақталған қаржы біртіндеп ауыр өнеркәсіпке ауысуына байланысты ауыр индустрия салаларын дамытуға мүмкіндік туады.

Кеңестік тарихнамаға партияның 15-съезі елді индустрияландыру съезі болып енді. Көптеген кеңестік кезеңдегі зерттеулерде лениндік индустрияландыру саясаты республикалардың ұлттық ерекшеліктерін қатаң ескерді деген пікір басым болды. Алайда большевиктер партиясының басшылығымен жүзеге асырылған елді индустрияландыру саясаты шеткері орналасқан ұлттық аймақтар, оның ішінде, әсіресе, Қазақстан үшін отаршыл бағытта болды.

Жалпы Қазақстанда индустрияландыру саясатының бағыты қандай болу керек деген мәселе сол кездің өзінде өте үлкен пікір-таластар туғызды. Бір топ өлкедегі кеңес және партия қызметкерлері көшпелі халық бірден социализмге өте алмайды деп есептеді, яғни қазақтың көшпелі өмір салты ұлттық ерекшелік болып табылады, олай болса елді индустрияландыру бағыты оның осы ұлттық ерекшелігін жояды деп есептеді. Мұндай пікірдегі партия мүшелерін большевиктер негізгі партиялық жолдан ауытқушылар, яғни "уклонистер" деп айыптады.

Келесі бір топтың өкілі С. Садуақасов өнеркәсіптің дамуы қазақ халқын ауыл шаруашылығынан алыстатып, қазақтардың дәстүрлі мал шаруашылығының құлдырауына әкеледі деп есептеді. Бірақ, ол мүлде индустрияландыру саясатына қарсы болды деуге болмайды. Оның пікірі бойынша Қазақстанның өндірістік бағытта алға жылжуы үшін республикада индустриялық өнеркәсіптерді көптеп салып, оны ары қарай дамыту қажет. С. Садуақасов шикізат қоры көздеріне өнеркәсіптерді жақындату мақсатын көздеді. Ол өлкеден шикізаттарды өндірістік аймақтарға тасып, одан кейін ол жақтан дайын өнімді қайта алып келуге кететін шексіз транспорттық қаржы жұмсауға, яғни өлкені тек шикізат көзі ретінде пайдалануға қарсы болды.

Қазақстанға өнеркәсіпті күштеп ендіру мүмкін емес, ол қазақ қоғамының табиғи қалыптасқан жағдайына жат деп есептегендер болды. Олардың пікірінше артта қалған көшпелі халық индустрияландырудың өте жоғарғы қарқынына ілесе алмайды. Сонымен қатар өндіріс орындарына жергілікті ұлт өкілдерін көптеп тарту, яғни жергіліктендіру (коренизация) саясаты өндірісті өте-мөте қымбаттатады, қазақтар жұмыс істей алмайды, олар бәрібір даланы аңсайды деген көзқарас та болды. Мұндай пікір айтушы топты большевиктер "ұлыдержавалық шовинистер" деп айыптады.

Осылайша большевиктер социалистік индустрияландыру саясатының бағыттары жөнінде пікір айтушыларға әртүрлі айдар тақты. Ал өздері белгілеген елді "социалистік индустрияландыру" бағытын ешбір қатесі жоқ, толық аяқталған саясат деп қарастырды. Большевиктер белгілеген индустрияландыру саясатында Қазақстан Одақтың шикізаттық бөлшегіне айналуы керек болды. Орталық ұсынған бұл көзқарасты осы кезде өлкенің партия ұйымының басшылығына тағайындалған Ф. Голощекин де қолдады. Республика өмірімен мүлде таныс емес Ф. Голощекин өлкенің шаруашылық жүйесіндегі ерекшелікті мойындамады.

Қазақстанда индустрияландыру саясатын жүзеге асыру барысы елдің орталық аудандарымен салыстырғанда өте құрделі жағдайда жүргізілді. Біріншіден, өлкенің әлеуметтік-экономикалық дамуы Ресейдің орталық аудандарымен салыстырғанда артта қалған еді. Екіншіден, өлкеде соғыстан қираған шаруашылықтарды қайта қалпына келтіру шаралары созылып кетті. Яғни, ол уақыт жағынан бірінші бесжылдықпен сәйкес келді.

Осындай жағдайларға қарамай большевиктер Қазақстанды бүкілодақтық көлемдегі елді индустрияландыру бағытында жетекші орынға қойды. Қазақстанды индустрияландырудың ең алғашқы қарлығашы Түркістан-Сібір темір жолы болды. Индустриаландыру жылдарында Қарағанды-Балқаш, Гурьев-Доссор, Ақмола-Қарағанды, Жарық-Жезқазған, Рубцовка-Риддер темір жолдары салынды. Өлкені индустрияландыру барысында кеңес үкіметі түрлі-түсті металлургия, көмір және мұнай өндіріс орындары мен теміржол саласын одан әрі өркендету міндеттерін қойды. Осыған байланысты жаңа өндіріс орындарын салу және жұмыс істеп тұрған өндіріс орындарын қайта кұру үшін тек 1933—34 жылдары 566,6 млн сом қаржы бөлінді. Оның бестен төрті ауыр индустрияны дамытуға жұмсалды. Олардың ішінде Қарағанды шахталары, Шымкент қорғасын және Балхаш мыс қорыту зауыттары, Ақтөбе химия комбинаты болды.

Екінші бесжылдық кезінде республикада Қарағанды көмір бассейні мен Балқаш мыс қорыту комбинатын салу жоспарланды. Республиканың сол кездегі экономикалық ресурстары мұндай құрделі құрылыстарды салуға мүмкіндік бермейтін еді. Алайда соған қарамастан Кеңес үкіметі бұл құрылыстарды тез аяқтау міндетін қойды. Қарағанды көмір өндіріс орындарын да тез қарқынмен дамыту қажет болды. Себебі түрлі-түсті метал өндіру саласын тез дамыту барысы елде көмір өнімдеріне деген сұранысты ұлғайтты. Ал сол кездегі елдегі көмір өндіріс орындары сұранысты қамтамасыз ете алмады. Осыған байланысты большевиктер төтенше жағдайда Қарағанды көмір өндірісінің бар мүмкіндіктерін жұмылдыруға тырысты.

Қазақстанды индустриаландыру барысында Текелі полиметалл және Жезқазған мыс қорыту комбинаттары, Өскемен қорғасын-мырыш зауыттары салына бастады. 1933 жылы ақпан айында Шымкент қорғасын зауытының алғашқы пеші жұмыс істеді. Бұлар Қазақстанда ғана емес бүкіл ел көлеміндегі түрлі-түсті металдарды өндіруші өте ірі өндіріс орындары болды. 1939 жылы Шымкент зауыты бүкіл Одақтағы қорытылған қорғасынның 73,9 процентін берді. Балқаш мыс қорыту зауыты республикадағы қорытылған мыстың 51 процентін берді. Осының бәрі Қазақстанды түрлі-түсті металдар шығарудан одақ көлемінде 2 орынға шығарды.

Мұнай өндірісінен де Қазақстан алдыңғы орынға шықты. 1940 жылы мұнай өндірудің көлемі 700 мың тоннаға жетті. Мұнай өндіруден Қазақстан Одақ көлемінде 3 орынға шықты. Ембі мұнай орны игерілді. Сағыз және Құлсары мұнай орындары ашылды.

Қазақстанда химия өндірісі қалыптасты. 1933 жылы қарашада Ақтөбе химия комбинаты мен Аралсульфат комбинаты да іске қосылды. 1928—1940 жж. темір жолдардың өсуі 50 процентке артып, оның ұзындығы 6581 км-ге жетті.

Қазақстан 20-жылдардың аяғы мен 30 жылдары, өте қысқа мерзімде аграрлы елден индустриялы елге айналды. Большевиктер өлкені индустрияландыруды өте жоғарғы қарқынмен жүргізді. Мысалы: Одақ көлемінде мұнай өндіру 1926—1940 жж. 3 есе көбейсе, Қазақстанда — 5,9 есе көбейді; көмір өндіру Одақ бойынша 5,7 есе артса, Қазақстанда ол 77,4 есеге артқан; электр қуатын өндіру Одақ көлемінде 23,7 есе артса, Қазақстанда — 486 есе артқан, яғни одақтық көлемнен 20 еемде және жоғарғы қарқында жүзеге асырылуы инженер-техникалық маман кадрларды қажет етті. Әсіресе, 1933—1934 жылдары өндіріс орындары мен ауыл шаруашылығы жаңа құрал-саймандармен, машиналармен қамтамасыз етілді. Оларды игеру үшін маман кадрлар қажет болды. Бұл мәселені шешу үшін қысқа мерзімді курстар, фабрика-зауыт мектептері, техникалық минимум үйірмелері ашылды. Өнеркәсіп орындары шоғырланған қалаларда орта мамандандырылған оқу орындары ашылды. Жоғары дәрежедегі маман кадрларды даярлау үшін республикада Қазақ мемлекеттік университеті, Тау-металлургия институты сияқты алғашқы жоғары оқу орындары ашылды. 1933—1937 жылдары жоғары оқу орындары мен техникумдар 13 мың маман кадрларды даярлады. Сонымен қатар республиканың өндіріс орындары үшін маман кадрларды Рессейдің орталық аудандарындағы жоғары оқу орындарында даярлады. Алайда айта кететін бір жәй, Кеңес үкіметі өте құрделі инженер-техникалық маман кадрлар даярлайтын жоғары оқу орындарын республикада ашпады. Бұл мәселеде республика орталыққа тәуелді болды.

Қазақстанда өндірілген шикізаттарды өңдейтін өндіріс орындары салынбады. Өлкені индустрияландыру барысында өнеркәсіп өндірісінің жүрегі болып саналатын машина жасау бағыты, оның жетекші салалары: станок жасау, автомобиль шығару, трактор, ауыл шаруашылығы машиналарын жасау мүлде қамтылмады. Республиканы индустрияландыру тек шикізаттық бағытта болды.

Осындай сипатта жүргізілген өлкені индустрияландыру саясатының қазақ халқы үшін салдары да болды. Біріншіден, өлкенің экономикалық дәстүрі толық өзгерді, өнеркәсіп саласының өркендетілуі ауыл шаруашылығы өнімдеріне қарағанда өнеркәсіп өнімдері үлесінің көбеюіне әкелді. Екіншіден, қала халқы санының артуына, қалалардың урбанизациялануы мен күшеюіне әкелді. Қала халқының жартысы дерлік (47,5 %) 50 мыңнан астам халқы бар қалаларда жинақталды. 1928—1939 жж. Қазақстан қалалары тұрғындарының санының көші-қонымның нәтижесіндегі механикалық өсуі 1,8 млн адамнан асты. Үшіншіден, көші-қонымның нәтижесінде демографиялық өзгерістер болды, яғни Қазақстан көп ұлтты республикаға айналды. Большевиктер өлкеге жұмысқа басқа ұлттардың алдыңғы қатарлы өкілдерін әкелді деуге болмайды. Себебі, кеңес үкіметі әртүрлі қылмысы үшін сотталып, түрмеде отырғандардың еңбегін арзан жұмыс күші ретінде пайдаланды. Сонымен қатар индустрияландыру саясаты республикада жергілікті ұлт өкілдерінің санының азаюына да әсер етті. Төртіншіден, индустрияландыру саясаты нәтижесінде өлкедегі ұлтаралық қарым-қатынас шиеленісті. Оның себебі, Орталықтан әкелінген еуропалық ұлт өкілдерінен шыққан партия, кеңес қызметкерлері мен жұмысшылар қазақ қызметкерлері мен жұмысшыларына менмендікпен жоғарыдан қарады. Мұндай көзқарас туралы фактілерді құжаттардан көруге болады. Большевиктер, сонымен қатар ірі өндіріс орындарының басшылығына жергілікті ұлт өкілдерін жібермеуге тырысты. Орталық үкіметтің нұсқауын бұлжытпай орындайтын адамдарды орталықтан жіберіп отырды.

Қорыта айтқанда, большевиктер индустрияландыру саясатын жүзеге асыру нәтижесінде өлкенің экономикалық даму үрдісіне толық өзгеріс әкелді. Бұрынғы кезеңде жетекші орында болған ауыл шаруашылығы, әсіресе, көшпелі мал шаруашылығы және оның өнімдері әрі қарай дамытылмай, дағдарысқа ұшырады. Оның себебі, большевиктік саяси басқару жүйесі өлкенің экономикалық дамуының бағытын өзгертті, яғни халық шаруашылығының жетекші саласы етіп өнеркәсіп өндірісін белгіледі және оның қарқынын жеделдетті. Кеңес үкіметі экономикалық дамудың объективті заңдылықтарын мүлде жоққа шығарды. Халық шаруашылығының барлық саласы әкімшіл-әміршіл большевиктік басқару әдісіне бағынышты болды. Өлкенің бұл кездегі өнеркәсіп өндірісінің дамуы шын мәніндегі индустриялық даму жолымен жүргізілмеді. Кеңес өкіметі республиканы тек шикізат көзі етіп пайдаланды. Сөйтіп, большевиктер патшалық Ресейдің өлкені экономикалық тұрғыдан отарлау саясатын одан әрі жалғастырды.
3. Большевиктер ЖЭС аясында шаруа қожалықтарын біртіндеп кооперативтендіру арқылы ауыл шаруашылығын социалистік жолмен қайта құруды көздеді. Шаруалар кооперациясы мемлекеттік тұрғыдан еріксіз күштеу арқылы емес, керісінше экономикалық қажеттіліктен туындайтын қозғалыс болу керек еді.

Қазақстан Орталық Атқару Комитеті (ҚОАК) және Халық Комиссарлар Кеңесі (ХКК) 1926 ж. 20 мамырда "Жерге орналаспай жерді пайдаланатын көшпелі және жартылай көшпелі аудандардың шабындық және егістік жерлерін уақытша қайта бөлу туралы" заң қабылдады. Оған сол кездегі Халық Комиссарлары Кеңесінің төрағасы және Орталық Атқару Комитеті төрағасы қызметін уақытша атқарушы Н. Нұрмақов қол қойды. 1927 ж. 3 ақпанда бұл заңға ішінара толықтыру енгізілді. Онда шабындық және жайылымдық жерлер жан басына қарай бөлінетінін, мұндай бөлініс мүмкін болмаған жағдайда үй басына қарай бөлінетіні туралы атап көрсетілді. Бұл жұмысты жоғарыдан жүргізу Қазақстанның Егіншілік халық комиссариатына тапсырылды және бұған жоғарғы қарқын беру үшін губерниялық, уездік және округтік атқару комитеттері жанынан ерекше жедел "бестіктер", ал болыстық атқару комитеттері мен ауылдық кеңестер жанынан "үштіктер" ұйымдастырылды. Конституциялық тұрғыдан мұндай заңсыз құрылған бұл "бестіктер" мен "үштіктер" құрамдары жергілікті атқару комитеттері мен ауылдық кеңестерде бекітілді. Шабындық және жайылымдық жерлерді бөлу науқанына байланысты құрылған бұл төтенше және заңсыз органдар Кеңес үкіметінің басқа да шараларын жүзеге асыруда таптырмас әдіс болды. Қазақстанда большевиктер 1926—1927 жылдары 1250 мың десятина жайылымдық және 1360 мың десятина шабындық жерлерді бөлді. Бөлінген шабындық жердің 61,6 %-ін кедейлер, 8,8%-ін ауқаттылар алды. Ал жайылымдық жердің 59,3% кедейлерге, 31,7% орташаларға және 9% ауқатты қожалықтарға берілді.

Ф.Голощекин бастаған Қазақстан большевиктерінің қазақ қоғамына байланысты жүргізген бұл шаралары қазақ ауылында Кеңес өкіметінің жеңісін қамтамасыз ете алмады. Оның себебі, бұл реформа алғашқы кезден-ақ қате тұжырымдарға негізделген еді. Біріншіден, қазақтың дәстүрлі шаруашылық жүйесі сақталып отырған жағдайда шабындық және жайылымдық жерлерді жай бөліске салу еш нәтиже бермеді. Екіншіден, шабындық және жайылымдық жерді бөлудің өзі дәстүрлі егін шаруашылығы жүйесіндегі заңдылықтар жетегінде қалып қойды, яғни шабындық және жайылымдық жерлерді бөлу шаруа қожалығындағы отбасы мүшелерінің санына байланысты жүргізілді. Ал қазақтың дәстүрлі шаруашылығында, керісінше, жерді малдың санына қарай иемденді, яғни көшпелілер үшін жайылымға сұраныс мал басының санына және оның құрамына байланысты болды. Үшіншіден, жартылай көшпелі аудандардағы жер бөлінісі нәтижесінде жерге ие болған шаруалар үшін бұл кезеңде ол жерлерден келер пайда жоқ еді. Себебі, ауылдағы кедей шаруалардың қожалықтары ғана емес, тіпті орта шаруа қожалықтары да бұл кезеңде ауылшаруашылық құрал саймандарына, егетін тұқым және т.б. заттарга өте зәру болды. Мысалы, 1928 жылы республикада 1927 жылғы есеп бойынша 800 мың қазақ шаруа қожалықтары бар болғаны 124 мың өте қарапайым еңбек құралдарына ие болды. Олар 54 мың соқа, 0,5 мың тұқым себетін машина, 13,5 мың шөп шабатын шалғы, 9,4 мың тырма т.б. Бұл еңбек құралдары сан жағынан алғанда көлге тамған тамшыдай ғана еді және оның сапасы да өте төмен болды. Тіпті әлеуметтік тұрғыдан келгенде Петропавл округінде еш құрал-сайманы жоқ шаруа қожалығының мөлшері 95,5%, ал орта шаруа қожалықтары 83,2 % болса, Павлодар округінде 99,45% және 85,8 5%, Қызылорда округінде 72,95% және 69,15% болған. Шаруашылық құралдардың жетіспеуі, әрине, кедей қожалықтарын өз үлесінен бас тартып, бөлінген жерлерді бұрынғы иесіне қайтаруға мәжбүр етті.
4. Большевиктер жүргізген күштеп ұжымдастыру мен солақай отырықшыландыру саясаты қазақ ауылына үлкен соққы болды. Әсіресе, мал шаруашылығы қатты күйзеліске ұшырады.

Ұжымдастыру мен отырықшыландыру кезінде дәстүрлі мал шаруашылығының ерекшелігі есепке алынбай, түгел қауымдастырылған мал шығынға ұшырады. Сонымен қатар, малдың көп бөлігі үкіметтің ет салығын орындауға жұмсалды. О. Исаев Қазақстан өлкелік комитетінің VIПленумында 1929 жылы Қазақстанда 40 млн. бас мал болғанын, содан 1933 жылы 4 млн. ғана мал қалғанын мойындауға мәжбүр болды.

Ұжымдастыру саясатының зардаптары қазақ халқының басына үлкен апат әкелді. Күшпен ұжымдастырылған және материалдық жағынан өте әлсіз шаруашылықтар күйзеліске ұшырап, нәтижесінде 1932—33 жылдары халық аштыққа ұшырады. Сол кездегі мәліметтерге қарағанда аштық жайлаған аудандарда халық баудай түсіп қырылған. Аштықтан өлген адамдарды жинап, көмуге мүмкіндік болмаған. Аштықтың салдарынан адам етін жеу фактілері де өте көп болған. Осындай жантүршігерлік көріністер туралы мәліметтерді зерттеушілер тэуелсіздік алғаннан кейін архив қойнауынан алып жариялады. Аштыққа ұшыраған қазақтар босқын болып, елден шет аймақтарға үдере көшті. Қазақстаннан шет аймақтарға кеткен қазақ босқындарының ауыр да жанкешті тұрмысы туралы да деректер жеткілікті. Зерттеушілер 1930—1932 жылдары шетелге кеткен қазақтар санын, қайтып келгендерді шығарып тастағанда 1,3 млн. адамға жеткізеді.

Қазақтардың аштықтан қырылуы және шет аймақтарға үдере көшуі нәтижесінде халық саны күрт азайды, яғни демографиялық апатқа әкелді. Мысалы, 1937 жылдың басында халықшаруашылығы есебінің бастығы М. Саматовтың Л. Мирзоянға берген мәліметі бойынша 1930 жылдың 1 маусымы мен 1933 жылдың 1 маусымы аралығында халық саны 2 есеге кеміген.

Қазақ халқының ауыр жағдайын Қызыл крест және Қызыл жарты ай қоғамының баяндама хаттарынан және Ресейдің басшы мемлекет қайраткері ретінде жергілікті жерлерден Мәскеуге келіп түсіп жатқан басқа да мәліметтерден хабардар болған Т. Рысқүлов, көп кешікпей-ақ Сталинге хат жазады. Аштыққа байланысты жоғарғы партия мен үкімет басшыларына жазылған хаттар қатарын О. Исаевтің және "Бесеудің хаты" толықтырады.



Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   7   8   9   10   11   12   13   14   ...   48




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет