Дәріс №1 Пәнге кіріспе



бет1/48
Дата07.02.2022
өлшемі307,5 Kb.
#97776
түріСабақ
  1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   48
Байланысты:
тарих лекция


Дәріс №1 Пәнге кіріспе
(2 сағат)

1.Отандық тарихты оқудың тұжырымдамалық негіздері.


2.Қазақ мемлекеттілігінің тарихи бастаулары мен сабақтастығы: ежелгі және ортағасырлар, жаңа дәуір.
3.Қазақстанның қазіргі заман тарихының басты мәселелерінің өзектелігін айқындау.
1.Тарих - бұл адам қоғамының өткені мен осы уақыты туралы, нақты формадағы, кеңістік-уақыттық өлшемдегі қоғамдық өмірдің дамуының заңдылықтары туралы ғылым. Тарихтың мазмұны - бұл адам өмірінің құбылыстарындағы көрінетін тарихи процесс, тарихи ескерткіштер мен деректерде сақталған мәліметтер болып табылады. Бұл құбылыстар әртүрлі, яғни шаруашылықтың дамуына, елдің ішкі және сыртқы қоғамдық өміріне, халықаралық қатынстарына, тарихи тұлғалардың қызметіне қатысты болып келеді.
Қазақстанның қазіргі заманғы тарихы Қазақстан Республикасы аумағында өмір сүрген, қазірде өмір сүріп жатқан қазақ және басқа да халықтардың тарихы және бүкіл адамзат тарихының құрамдас бір бөлімі. Өйткені ол Еуразия және Орталық Азия елдері тарихымен тығыз байланыста ұштасып жатыр. Қазақстанның қазіргі заманғы тарихы – Ұлы Далада ХХ ғасырдан бастап бүгінгі күнге дейін орын алған тарихи оқиғаларды, құбылыстарды, фактілерді, үдерістерді, тарихи заңдар мен заңдылықтарды аша отырып, оларды тығыз байланыста тұтас қарастыратын пән. ХХ ғасыр қазақ халқының тарихи тағдырында өте маңызды кезеңдердің бірі. Өйткені, қазақ қоғамдық саяси ойдың дамуы, Қазақ мемлекеттілігін жаңғырту идеясы сол кезде пайда болды. ХХ ғасыр қайшылықтарға толы көптеген саяси-әлеуметтік бетбұрыстар мен мәдени төңкерістердің, дүниежүзілік соғыстардың, экономикалық өзгерістердің орын алған кезеңі болғандықтан және бүгінгі күнмен етене байланысып жатқандықтан, осы үдерістерді оқытуға аса көңіл бөлу қажет.
«Қазақстанның қазіргі заманғы тарихы» пәнінің негізгі мақсаты – отандық тарихтағы негізгі оқиғалардың мазмұны туралы ғылыми дәлелденген фактілер негізінде міндетті толық білім беру, тарихи-мәдени дамудың үздіксіздігі мен сабақтастығын дәлелді көрсету, рухани мұрагерліктің терең тамырларын, бұрынғы ұрпақтың қажырлы еңбегін, халықтың жеке тұлғаларын, тарихи тәжірибені және ұлттық дәстүрлерді құрметтейтін жастардың ұстанымын қалыптастыру.Осыған байланысты төмендегідей міндеттерқойылады:

  • студенттерді қазіргі тарих ғылымының жетістіктерін пайдалана отырып, хронологиялық тәртіпке сай ауқымды және нақты материалдармен таныстыру;

  • проблемалық дәрістер әдісін қолдану жолымен студенттерді шығармашылық ойлауға жаттықтыру;

  • Қазақстанның қазіргі заманғы тарихының гуманитарлық пәндер жүйесіндегі орнын, оның объектісі мен пәнінің ерекшеліктерін, ең өзекті проблемаларын анықтау;

бүгінгі тарих және тарих ғылымының рөлі, оның салалары мен бағыттары, тарихтың белгілі кезеңдеріндегі әлеуметтік және саяси проблемалар туралы түсінік қалыптастыру.
Тәуелсіз Қазақстан тарихын жоғары оқу орындарында пән ретінде студенттерге оқыту барысында Қазақстан Республикасының тәуелсіздік кезеңі тарихын оқытудың тұжырымдамалық ұстанымдары сараланады. Тарихты оқытудың қалыптасқан жүйесі және негізгі қағидалары Тәуелсіз Қазақстан тарихы пәнін оқыту барысында да қолданылады. Қоғамдық-гуманитарлық салалардағы зерттеулер мен оқулықтарда пайдаланылатын бірнеше ұстанымдар бұл пәнде де өзекті болып табылады. Олар:
- объективтілік (шынайылық) – бүгінгі күрделі әлемде адам қабілетіне, ұлт жігеріне бағынбайтын заңдылықтар бар. Қазіргі заман ақпараттар заманы, адамзат баласы бір ақпараттық кеңістікте, бір-бірімен тығыз байланыста өмір сүруде. Бұл мәселе - Тәуелсіз Қазақстан тарихын оқып түсінудің басты шарттарының бірі;
- субъективтілік (жеке көзқарас) – тарихи үдерістердегі тұлғаның орнын көрсету осы ұстанымның негізгі мақсаты. Сонымен бірге, Қазақстан Республикасының басынан кешкен күрделі кезеңге қатысты жеке тұлғалардың, қайраткерлердің еңбектерін пайдалану бұл тақырыпты ашып көрсетудің қайнар көздерінің бірі;
- тарихилық – Қазақстан тарихы дүниежүзілік тарихтың заңдылықтарына бағынышты, дегенмен ұлы далада бірнеше мыңдаған жылдар бойы өмір сүрген және өмір сүре беретін қағидалар бар. Тарихилық ұстанымы Тәуелсіз Қазақстан тарихының әлемдік тарихтың заңдылықтарымен және ұлы дала тарихының қағидаларымен байланысты екенін көрсетеді;
- сабақтастық – бұл ұстанымның негізі Қазақстан халқының этникалық және мәдени-рухани тамырының көне және бұрынғы заман үлгілерге барып ұштасатынын дәлелдеу. Сонымен бірге, Тәуелсіз Қазақстан тарихы өзіне дейінгі ірі тарихи кезеңдермен, мемлекеттермен және өркениеттермен сабақтас құбылыс;
- өркениеттік – қазіргі заман адамзат баласының дамуын постмодернистік, техногендік өркениетке бастайды. XIX-XX ғасырлардан басталған бұл құбылыс бізге де өз әсерін тигізуде. Әлемдік өркениет факторын есепке алмай Тәуелсіз Қазақстанның толыққанды тарихын жазу мүмкін емес;
- жүйелілік – адамзат қоғамы тұтас жүйе. Тәуелсіз Қазақстан осы жүйенің құрамдас бөлігі. Сондықтан ұлттық-мемлекеттік тарихты оқытуда жүйелі-құрылымдық ұстанымды пайдалану қажет.
Тәуелсіз Қазақстан тарихын оқыту қалыптасқан әдістемелік негіздерге сүйенеді. Оның әдіснамалық, теориялық, әдістемелік проблемалары оқулықта толық ашып көрсетілген. Оқулықтың басты мақсаты – студенттерге терең білім, талғамды түсінік беру, түрлі ұстанымдар мен күрделі тарихи мәселелерді талдауға және өз бетінше пайымдай білуге дағдыландыру. Қазіргі уақытта оқытушылар мен студентттердің түрлі деректер мен зерттеулерді қолдануына және оларды салыстыра зерделеуіне көптеген мүмкіндіктер бар.
Қазіргі қоғамда өркениет проблемасы терең пайымдаулардың пәніне айналып отыр. Адамзат өркениетінің болашағын зерделеумен айналысатын ғалымдар арасында түрлі көзқарастар да бар. «Тарихтың ақыры» немесе парасатты тарихтың басталуы туралы пікірлердің, «өркениеттер қақтығысы» жайындағы болжамдардың да бар екендігі белгілі. Әлемдік қоғамдастыққа ықпалдасу үрдісінде ұлттық – этникалық және мәдени құндылықтарды сақтау аса маңызды.
ХХІ ғасырдың басында әлем көптеген өзгерістерге ұшырады. Қазіргі Қазақстан тарихын оқыту үрдісінде салыстырмалы әдіс арқылы өткен, қазіргі және болашақ арасындағы өзара байланысты көрсету, сонымен қатар тарихтың ұлттық, өңірлік және ғаламдық қырлары арасындағы шынайы байланысты көрсету де аса маңызды.
2.Қазақ халқының мемлекеттігі-Қазақстан аумағында ірі-ірі көшпелі империялар мен жеке хандықтар ретінде ежелден өмір сүрген мемлекеттердің заңды жалғасы. Қазақ тарихын мемлекеттіліктің дамуы тұрғысынан қарастырсақ, онда ол жалпылама түрде Қазақстанның ежелгі тарихындағы сақ, ғұн, үйсін, қаңлы мемлекеттіліктерінің, ерте орта ғасырлардағы Түрік, Батыс Түрік, Түргеш, Қарлұқ, Оғыз, Қимақ, Қыпшақ, Қарахандар мемлекеттерінің, одан кейінгі Алтын Орданың, ал нақты түрде, Ақ Орда мемлекеттерінің тарихымен тығыз байланысты. Мемлекеттердің атауы әртүрлі болса да, оларға тән ортақ нәрсе - бір территория мен сол территорияда өмір сүрген ру-тайпалар мен тайпалық бірлестіктердің тегі мен тілі, шаруашылығы мен мәдениеті, діни-рухани өмірлерінің тұтастығы. ХІІІ ғасырдың басына дейінгі мемлекеттердің бәрінің әулеттерді шығарып отырған тайпалар атауларымен байланысты болып келсе, Қазақ хандығы алғаш рет қазақ халқының құрамына енген тайпалардың бірінің емес, барлық тайпаларға ортақ жиынтық атаумен атала бастайды. Бұл дегеніміз - Қазақ хандығын бір тайпаға емес, көптеген туыс тайпалардың бірігуінің нәтижесінде пайда болған жаңа этноқауымдастық немесе жаңа этнос атауына қатысты екендігін көрсетеді.
XV ғасырда орнаған Қазақ хандығы-жерінің тұтастығы, саяси құрылымы, халқының мәдениеті, діні мен тілі ортақтығы сияқты белгілері жағынан алғанда, дербес мемлекетке қойылатын талаптарға толық сәйкес келеді.3,5 ғасырдан аса тарихы болған Қазақ хандығы, біріншіден, б.з.д. І мыңжылдықтың басынан - б.э. ІІ мыңжылдығының ортасына дейін Қазақстан аумағында өмір сүрген мемлекеттік құрылымдар мен мемлекеттердің заңды мұрагері болса, екіншіден, ХV ғасырдың ортасынан ХІХ ғасырдың І ширегі аралығындағы қазақ халқының ұлттық сипатта қалыптасқан мемлекеті болып саналады.Хандықтың құрылуы Қазақстан аумағында желгі замандардан бері үзілмей үздіксіз жүріп келген этникалық процестер мен XIV–XV ғасырлардағы Шығысы Дешті Қыпшақ аумағы мен оған көршілес аймақтардағы саяси құрылымдар дамуының заңды қорытындысы болып есептелінеді. Сонымен бірге бұл маңызды оқиға мемлекеттіліктің дамуындағы белесті бір кезең болуымен ерекшеленеді.
1991 жылы тәуелсіздік алғанға дейінгі Қазақстан тарихы – бұл рухани дамудың, күрес пен табандылықтың және жасампаздықтың жылнамасы. Мемлекеттік тәуелсіздікке қол жеткізу Қазақстанның сан ғасырлық тарихының дәуірлік оқиғасы болды. Сондықтан ғасырлар тоғысындағы, ХХ ғасырдың соңы мен ХХІ ғасырдың басындағы егемен Қазақстан тарихы – бұл тәуелсіздік алған және жаңа мемлекетті құрған республика азаматтары жетістіктерінің заманауи жылнамасы.
Тәуелсіз Қазақстан тарихы – бұл Отандық тарихтың заңды жалғасы және маңызды бөлігі болып табылады. «Өткенсіз бүгін, бүгінсіз ертең жоқ» деген қанатты сөз қоғам мен мемлекеттегі тарих ғылымының міндеттерін нақты анықтап тұр. Қазақстан Республикасы тәуелсіздігінің іргетасын әлемнің елеулі бөлігіне ықпал еткен ұлы дала көшпелілерінің мемлекеттік дәстүрі және бірнеше жүз жылдық барысындағы қазақтардың азаттық жолындағы күрес тарихы, Ресей және Кеңестік Социалистік Республикалар Одағы құрамында өмір сүрген тәжірибесі құрайды.
3. Жоғары оқу орындарында «Қазақстанның қазіргі заманғы тарихын» оқыту студенттер бойында патриотизм мен азаматтық позицияны қалыптастыруға, Қазақстанның сан ғасырлық тарихы бойынша терең ғылыми білімдерді бекітуге ықпал етуші фактор болуы тиіс. Әсіресе, Қазақстанның егеменді мемлекет ретінде қалыптасуы мен дамуы, қоғамның саяси, экономикалық және әлеуметтік салаларындағы реформалар үрдісі, ішкі және сыртқы саясаттағы жетістіктері өскелең ұрпақ санасына құйылуы тиіс. Осыған орай, төмендегідей міндеттер туындайды:

  • проблемалық көзқарас негізінде, тарихи дамудың жалпы заңдылықтарын талдау арқылы ежелгі заманнан бүгінгі күнге дейінгі Қазақстан тарихы кезеңдерін, мазмұнын және мәнін ашу;

  • тарихтың ежелгі кезеңдерінің негізгі проблемаларын зерделеу арқылы сол дәуірді халқымыздың бесігі, кейінгі тарихи дамудың алғышарты ретінде көрсету;

  • қазақ ұлты мен мемлекеттілігінің қалыптасу үрдісінің басты бағыттарын ашу;

  • қазақ хандығының өмір сүрген кезеңі мен отарлық қыспақпен тәуелсіздікті жоғалту барысындағы тарихи даму ерекшеліктерін дәйектеу;

  • кеңестік кезеңдегі Қазақстан тарихының мәні мен қайшылықтарын айқындау;

  • тәуелсіздіктің қалыптасу жағдайындағы өтпелі (транзитті) қоғамдағы тарихи үрдістердің (саяси, экономикалық, социомәдени) негізгі заңдылықтарының мазмұнын зерделеу;

  • мемлекеттік тәуелсіздіктің саяси – құқықтық негізін құрайтын құжаттарды (деректерді) білуді қамтамасыз ету;

  • Қазақстан Республикасының тұңғыш Президенті, Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың егемен мемлекетті нығайтудағы, еліміздің халықаралық қауымдастықтағы лайықты орын анықтаудағы тарихи рөлін көрсету;

  • мемлекет эволюциясын және оның тәуелсіздік кезеңіндегі институттарын қарастыру;

  • Қазақстан Республикасының саяси, экономикалық және әлеуметтік-мәдени реформалау үрдістерінің барысы мен нәтижелерін және экономикалық қуатының өсуін айқындау;

  • еліміздің әлемдік және өңірлік қоғамдастыққа халықаралық қатынастардың дербес субьектісі ретіндегі кіру үрдісін ашу.



Достарыңызбен бөлісу:
  1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   48




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет