Дәріс №1 Пәнге кіріспе



бет6/48
Дата29.03.2022
өлшемі275,59 Kb.
#137149
түріСабақ
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   48
Дәріс № 2,2
1.Бірінші дүниежүзілік соғыс жылдарындағы Қазақ өлкесі.
2.1916 жылғы ұлт-азаттық көтеріліс, оның себептері, қозғаушы күштері, басталуы, барысы және негізгі кезеңдері.
3.Ресейдегі ақпан буржуазиялық-демократиялық революциясы және оның Қазақстанға ықпалының ерекшелігі.
4.1917 жылдың жазындағы саяси дағдарыс. Шілдедегі Жалпықазақ съезі және оның Алаш партиясын құру туралы шешімі.
1. Бірінші дүниежүзілік соғыс 1914 жылғы 19 шілдеде (1 тамызда) басталды.Оған 38 мемлекет тартылды. Соғысқа қатысушы басты елдер (одақтар):Үштік одақ (Германия, Австрия-Венгрия, Италия).Антанта (Англия, Франция, Россия).
Соғыстың сипаты- басқыншылық, агрессиялық, империалистік соғыс болды.
Соғыстың себептері:Империализмнің барлық қайшылықтарының күрт шиеленісуі.Капиталистік өндіріс тәсілінің әркелкі және секірмелі болуы.Империалистік державалардың бөлініп қойған дүние жүзінің шекараларын қайтадан бөлуге тырысуы.
Бірінші дүниежүзілік соғысқа Россия дайындықсыз, әскери - өнеркәсіптік әлеуеті (потенциал) төмен, көлігі нашар дамыған жағдайда кірісті, армия әскери-техникалық жағынан нашар қамтамасыз етілген еді. Бұл соғыс (империалистік) барлық халықтарға, соның ішінде Қазақстанға да аса ауыр зардаптарын тигізді. Қазақстан майданды шикізатпен қамтамасыз ететін ірі өңірлердің біріне айналды. Соғыс қажетіне жергілікті халықтан алынатын салық 3-4 есе көбейді. Россияның дүниежүзілік империалистік соғысқа кірісуі Қазақстанды тонауды күшейтті. Соғыс қажетіне деп өлке еңбекшілеріне 10-ға жуық салығы енгізілді:
1. 40899244 пут мақта 
2. 38 мың шаршы аршын киіз 
3. 3 млн. пут мақта майы 
4. 229 мың пут сабын 
5. 300 мың пут ет 
6. 473928 пут балық 
7. 70 мың жылқы 
8. 12797 түйе алынды 
9. 14 мың киіз үй салынды
Жетісудан 34 млн. сом мөлшерінде мал және мал өнімдері 1917 жылы шаңырақ салығы 100209 сом болды. Осының бәрі егістік жердің қысқаруына, ірі қара мал басының азаюына әкеп соқты. Осы жылдары (соғыс жылдары) жұмысшылардың жағдайы өте ауыр болды. Бір күндік орташа жалақы – 20 тиын. Жұмыс күнінің ұзақтығы – 12-14 сағат. Қымбатшылық артты: ұн-70%, қант-50%, сабын-200%-ға өсті. Кен өндіру, мұнай, көмір өндіру құлдырады. Өндірістегі мамандығы бар жұмысшылар үлесі күрт азайды. Елдің өнеркәсібіндегі жалпы күйзеліс пен ауыл шаруашылығының құлдырап күйзелуі Қазақстан экономикасын құлдыратты, өндіргіш күштердің даму деңгейі бірте-бірте кеми берді.
Сонымен қатар Қазақстан жеріне Үштік Одақтың әскери тұтқындары орналастырылды. Олар, негізінен, Павлодар, Семей, Ақмола қаларына орналастырылды. Мысалы, Омбыда- 20000 әскери тұтқын, Ақмолада 8612 тұтқын, ал Түркістан өлкесінде 200 мың-ға жуық әскери тұтқын болған. Соғыс жылдары Австрия-Венгрия, Германия тұтқындарының қазақ жеріне әкелінуі өлкенің қоғамдық – саяси жағдайына әсер етті.
Қазақ өлкесінде ерлердің майданға шақырылуы шаруашылық жағдайы дағдарысқа үшыратты. Мысалы, Семей, Ақмола облыстарында жұмысшылардың 50%-ы, Орынборда 40%-ы, Жетісуда-үштен бірі шақырылды. Сондықтан патша үкіметі әскери тұтқындарды жұмысқа пайдалана бастады. Қазақстан жерінде болған әскери тұтқындардың жағдайы қиын болды. 1915 жылы Риддерде ауыр тұрмыстық жағдайға байланысты әскери тұтқындардың ереуілі болды. Соғыс жылдарында әскери тұтқындарға арналған Челябі мен Қостанай аралығында орналасқан Троицк лагері «Өлілер лагері» деп атанды. Сөйтіп, соғыс елдегі жалпы ұлттық дағдарысты тереңдетіп, 1916 жылғы көтеріліске алып келді.
2. 1916 жылғы Қазақстандағы ұлт-азаттық көтеріліс қазақ халқының азаттық қозғалысы жылнамасының жарқын беттерінің бірі. Ол әлемдік империалистік соғыстың шиеленіскен уақытында, Ресейде шаруалар мен жұмысшылар қозғалысының белең алған кезінде өтті.
1914 жылы патшалық Ресей дүниежүзілік соғысқа тартылды. Бұл бірінші дүниежүзілік империалистік соғыс барлық халықтарға, соның ішінде Қазақстанға да аса ауыр зардаптарын тигізді. Соғыс қажетіне Қазақстаннан орасан көп жылқы, ауыл шаруашылық өнімдері жөнелтілді. Жергілікті халықтан алынатын салық 3-4 есе көбейді. Қалалар мен ауылдардағы еңбекші бұқараның жағдайы күрт төмендеді. Ресейден шаруаларды жаппай қоныс аудару саясаты, қазақ шаруашылығының құлдырауы, азаматтық құқықтың шектелуі Қазақстанда ұлттық қатынастың шиеленісуіне алып келді.
19-43 жас аралығындағы барлық бұратана ер адамдарды майдандағы тыл жұмысына алу мен әскер үшін қорғаныс құрылыстарын салу жұмыстарына шақыру жөніндегі патшаның 1916 жылғы 25 маусымдағы жарлығы халықтың шыдамын тауысып, оларды отарлау езгісі мен орта ғасырлық қанауға қарсы көтерілуіне себеп болды. Бұл жарлық қазақ даласын ауыр жағдайға душар етті. Әскерге шақыру шөп дайындау, егін ору, малды қоңдандыру уақытымен тұспа-тұс келді. Еңбекке жарамды ер адамдарды әскерге алу, шұрайлы жерлерді орыс қоныс аударушыларына тартып алып беру тоқырап тұрған қазақ шаруашылығын одан әрі күйзелте түсті. Тыл жұмысына алу қазақ және Орат азияның басқа халықтарының Ресей отаршылдығына қарсы қуатты қозғалысының басталуына түрткі болды.Қазақстандағы бұл қозғалыс көпшілік аудандарда ұлт-азаттық сипатта болып, патша өкіметіне, отаршылдыққа, империалистік соғысқа және жергілікті жерлерде патша өкіметінің сүйеніш болып отырған феодал байларға қарсы бағытталды.
Бұл қозғалысты еңбекші халыктың өкілдері басқарды. Торғай даласында қазақ жасақтарын Әліби Жангелдин мен Амангелді Иманов, Орал облысы мен Бөкей ордасында Сейтқали Мендешев, Абдрахман Әйтиев, Маңғыстауда - Жалау Мынбаев, Ақтөбе даласында - Әділбек Майкөтов, Жетісуде - Тоқаш Бокин, Бекболат Әшекеев, Ұзақ Саурықов, Тұрар Рысқұлов т.б. басқарды.
Қозғалыс стихиялы түрде басталып 1916 жылғы шілденің аяғы мен тамыз айының басында барлық Қазақстанды қамтыған көтеріліске ұласты. Оны басу үшін патша өкіметі жазалаушы экспедициялар жіберді. Көтерілісшілер патша әскерлеріне қарсы кескілескен ұрыстар жүргізді. Осы шайқастарды жүздеген қазақ жігіттері өздерінің батыр бабаларының ерлік дәстүрін жалғастырып, есімдерін өшпес даңққа бөледі. Торғай өңірінде Кенесарының қолбасшыларының бірі Иман батырдың немересі Амангелді, оның жауынгер серігі Кейкі батырдың аттары аңызға айналды. Үлкен қолбасшылық дарынымен бүкіл қазақ халқына танымал болған Амангелді бастаған Торғайдағы көтеріліс 1917 жылғы ақпан революциясына дейін жалғасты.
25 маусымдағы жарлық бойынша Қазақстан мен Орта Азия­дан алынатын 400 мыңдай адам болса, соның 240 мыңы қазақтар. Сол жарлықтан кейін барлық жерлерде тізім жасала бастады. Бұл тізімнің кейбіреулері үлкен қарсылыққа тап болса, кейбір болыстықтарда осы тізімді жасауға қолдау көрсетушілер де болған. Ал, қара жұмысқа алынғандардың өздері кетер кездерінде талаптарын айтқан. Бұл талаптың бірі, қара жұмысқа баратындар 1916 жылы 27 шілдеде Түркістан өлкесіндегі Черняев уезінде үлкен жиылыс өткізіп, осы жиылыста 25 талап қойған екен. Ол талапта: «Біріншіден, бізді барған кезде қыстық киіммен қамтамасыз етсін. Екіншіден, сол жерді білетін жолсерік тағайындалып берсін. Үшіншіден, барған жұмыскерлерді жан-жаққа шашыратпай, бір топ қылып орналастырып, тиісті жағдайдың бәрін жасасын. Төртіншіден, біз барған жерімізде мұсылман халқы болғандықтан, өзіміздің дінімізді, ділімізді ұстаймыз, соған байланысты бір діннің ісін білетін имамдар тағайындалып, сол жерге жіберілсін. Ең бастысы, бесіншіден орыс тілінде жақсы білетін, бізді түсінетін адамды жұмысқа бірге жіберіп, біздің қасымызда жүріп бағыт-бағдар беріп, біздің жағдайымызды патша үкіметіне жеткізіп тұрса», – деп өздерінің талаптарын қояды. Бұл талаптың ішінде, тағы да айта кететіні, жұмысшылар барып, ол жерге орналасқаннан кейін, отбасымызбен хабарласуымыз керек дейді. Осы жағдайда оларға барлық мүмкіншіліктер жасалып, пошта ақылы емес, тегін болса деген талаптарын айтады. Әрине, бұл талаптардың бірі орындалды да, екіншісі көп жағдайларда орындала қойған жоқ. Біздің ұлт зиялыларымыз да екіге бөлінді. Бірі қантөгіске қарсы шығып, бостан-босқа қырылып қал­мауды ойлады. Бұл Әлихан Бөкейханов пен Ахмет Байтұрсыновтардың көзқарасы. Екіншісі, кейіннен мемлекеттік құры­лымда жұмыс істеген Сейітқали Мең­дешев, Тұрар Рысқұлов сияқты азаматтар (ол кезде жас болатын) керісінше көтеріліске шығып, патшаға қарсы тұру керек деген пікір ұстанды.
Ә. Бөкей­ханов бастаған топ, 1916 жылы 7 тамызда Орынборда үлкен жиналыс өткізген. Осы жиналыста Торғай, Орал, Ақмола, Жетісу облыстарының жұмысшыларынан өкіл­дер сайлап алып, сол жерде патша үкі­метіне өздерінің басты-басты талаптарын қояды. Бұндағы ең үлкен басты талап – барған қазақтарды отыз-отызға бөліп, артель құрып, сол арқылы тізімге алып, не бір мекемеге тіркеп, ақы берсе деген болатын.  Яғни, істеген қара жұ­мыстарына ақы төленсе дегенді меңзеді. Одан барғаннан кейін қазақтарға діни мейрамдар мен өздерінің өткізетін іс-шараларына тыйым салынбаса деген талап қояды. Келесі бір талабы жұ­мысшыларға лайықтап киім беру, әсіресе қыста суық түсуіне байланысты киіммен қамтамасыз етуін міндеттеді. Міне, осындай өздерінің басты талаптарын жоғары жаққа жібереді. Біздің қазақтар ол жаққа барғаннан кейін көбі ағаш шеберлері болған, ұсталар болған. Олар көпірлер, жолдар және барактар салумен айналыс­ты. Ең басты, негізгі істеген жұмыстары – окоп қазу болды. Алғашқы күннің өзінде 7 қыркүйекте мың адам Минскінің түбінде жол қатынасын салуға жіберілген. Сол сияқты көп мәліметтер бар. Бірақ, тылға жі­бе­рілгендердің мәліметі толық емес. Қолда бар мәліметтерге сүйенсек, 1916 жылдың қазан-қараша айларында Батыс өңірде Сол­түстік майданға – 18 мың қазақ, Батыс майданға да – 18 мың қазақ, ал, Оңтүстік-Батыс майданға – 9 мың қазақты жіберген екен. Олардың әрқайсысын топ-топқа, яғни, партияға бөліп (ол жерде топты партия деп атаған), орналастырған екен. Мұнда, әрине, қиыншылықтар болды. Себебі, бұрын жол жүріп көрмеген жұмысшылар жолдың жүру азабына тап болды, онда жұқпалы аурулар тарады. Көбінің кетіп бара жатқан жолда қаза табуына байланысты, жолдың жиегіне жерленулеріне тура келді. Тізім жасалғанда көптеген әділетсіздіктерге жол берілді. Мысалы, жарлық бойынша 19 бен 43 жас арасы деп көрсетілгенмен, 16 мен 50 жас арасындағы ер адамдар қара жұмысқа алынып жатты. Тіпті, аурушаң, керең, мылқау, бір жақ көзі көрмейтін, жұмысқа жарамсыз адамдардың майданға алынуы қиыншылық тудырды. Осы туралы Әлихан Бөкейханов баяндама жасаған болатын. Жұмысшылар ол жақта үш түрлі жерде орналасты. Біріншісі, белуардан қазған топырақтың үстін тепелеп жапқан үйде 100-200-ге жуық адам тұрды. Екіншісі, бұл арнайы салынған барактар, үшіншісі, палаткалар. Осы палаткаларда тұрғандардың арасында киімдерінің кептірілмеуінен суық тиіп ауыруы, өкпе қабынуы, жұқпалы ау­руларға шалдығуы жиі кездесті. Бас­тапқы кезде ақы төленгенімен, кейіннен соғыстың үдеп кетуіне байланысты ақылары да берілмей, үйлерінен әкелген тамақтары да бітіп, киімдерінің тозуына байланысты жағдайларының ауырлап кету фактілері де кездесті. Әлихан Бөкейханов, Мырзағазы Есболов бастаған көптеген зиялылар 1916 жылы, 23 желтоқсанынан 1917 жылдың 12 қаңтары аралығында бүкіл Батыс өңірі, Минскінің түбіндегі 9 корпустағы қазақтардың топтарын аралаған екен. Жағдайларының қандай болғанын көзімен көріп, Мәскеуге барып, сол жерде үлкен баяндама жасаған. Қазақ жұмысшыларының жағдайларын жеңілдетуді, демалысқа жібертуді, ақысын төлеуді, майдангерлердің барлығына бір­дей қылып жағдайларын жасап беруін өтінген. Кейіннен осы ұсыныс «Қазақ» газетінде 1917 жылдың 20 қаңтарында «Жұ­мыс­шылар жайында» деген тақырыпта жарияланған.
Көтерілістің негізгі факторы, негізгі себебі - жер мәселесі. Одан кейін, әлеуметтік-экономикалық езгі. 25 маусым күнгі жарлық соңғы тамшы ретінде, халықтың бұрқ етіп шығуына әсер еткен болатын. Өйткені, жерін алды, малын алды. Енді, жанын аламыз дегенде, халық көтеріліске шыққан болатын. Көтерілістің тағы бір себебі, орыс отаршылдық әкім­шілігі. Өйткені, ол да бұратана халыққа менсінбей қарап, екінші сорт ретінде бағалады. Одан кейін, жергілікті халықпен келімсек орыс шаруаларының арасындағы қарым-қатынас. Ол да үлкен шиеленіскен мәселе болатын. Кезінде үйі жоқ, күйі жоқ жер сызған шаруалар осында келіп бірден байып шыға келді. Мұның бәрі көтерілістің негізін қалады. Ал, көтеріліс «маусым жарлығынан» кейін шықты. Жетісуда таза орыс уезін құру туралы жоба жасалған.
Кеңестік кезеңде 1916 жылғы көтеріліске байланысты зерттеулерде айтыс-тартыс оның әлеуметтік-таптық сипатына байланысты жүрді. 1926 жылы көтерілістің он жылдығына байланысты Т.Рысқұлов «Восстание туземцев Туркестана 1916 году» атты мақаласын жариялап, большевизм идеологтарының аяғын басқандай қарсылық тудырды. Оларға ұнамағаны Т.Рысқұловтың Орта Азия халықтарының 1916 жылғы 25 маусым жарлығына байланысты кенеттен және жаппай көтерілуін «бұратаналардың көтерілісі» ретінде бағалауы, яғни көтерілістің жаппай ұлттық сипат алғандығына басымдылық беруі еді.
Т.Рысқұлов аталған еңбегінде 1916 жылғы патша жарлығына байланысты жергілікті халықтардан соғыс қажеттілігіне жұмысшылардың алынуын көтерілістің шығуына түрткі болған оқиға ретінде қарастырып, ал көтерілістің негізгі себебі «патшалықтың Түркістанды 50 жыл бойы тоқтаусыз отарлық қанауға алуы болды» деп көрсетті. Түркістан Ресей үшін «айтарлықтай кең қанау объектіне, өз өнімдерін өткізетін базарға және шикізат көзіне, сондай-ақ еркін үлестіріп, иемденуге болатын мол жері бар өлкеге айналды», - деп жазды.
1916 жылғы көтеріліс қазақ халқының мемлекеттік дербестігі мен территориялық тұтастығы үшін жүргізіп келе жатқан ұлт-азаттық қозғалысының табиғи жалғасы, кезекті көрінісі, жалпыұлттық ауқымда көрінген тарихи қозғалыс болды және ол отаршылдық езгіге қарсы бағытталды. Сол себептен де, бүкіл Қазақстан аумағын қамтып, ұлттық мемлекетті сақтау үшін талпынған ең ірі көтеріліс ретінде төл тарихымызда сақталды.
3. Ресейдегі патша билігіне қарсы екінші көтеріліс ретіндегі 1917 жылы 24 ақпанда Петроградта болған буржуазиялық-демократиялық революция жеңіске жетті. Патша өкіметі құлатылып, министрлер мен көрнекті шенеуніктері тұтқынға алынды. Ресей империясының барлық саяси жүйесіне тән дағдарыстың салдары болып табылатын 1917 жылғы Ақпан революциясы Ресей халықтарының, оның алдыңғы қатарлы күштерінің патша билігіне, крепостниктік құрылысқа және отарлық езгіге қарсы көп жылдық күресінің жеңісімен аяқталды.
Патшалық билікті құлатқан Ақпан революциясын қазақ қоғамы қуанышпен қарсы алды. “Қазақ” газеті 9 наурыздағы санында: "…Киіз туырлықты қазақтың оң жағынан ай, сол жағынан күн туды, жақсылық, қуаныш тек қана орыстікі емес, отаны Руссия болған жұрттың бәріне тегіс жақсылық, бәріне тегіс қуаныш" - деп жар салды. Ақпан революциясы қалың бұқараның саяси құқықтарын кеңінен пайдалануына мүмкіндік жасады, олардың саяси күреске ашық араласуын қамтамасыз етті. Елдегі қоғамдық өмірде саяси партиялардың ролі орасан өсті. Революция патшалық цензураны жойды. Жұртшылық сөз және жиналыс бостандығын кеңінен пайдаланды. Ақпан төңкерісінің қазақтар үшін қаншалықты маңызды болғанын А.Байтұрсынов: “Алғашқы революцияны қазақтар тура түсініп, қуанышпен қарсы алса, ол, біріншіден, бұл революцияның оларды патша өкіметінің қанауы мен зорлығынан құтқаруында және, екіншіден, оларды өзімізді басқарсақ деген ескі үмітінің нығая түскенінде еді”, - деп түсіндіреді.
Патша өкіметі құлатылғаннан кейін бүкіл Ресейдегі сияқты Қазақстанда да қос өкімет орнады. Бұрынғы патша чиновниктері, эсерлер, меньшевиктер және буржуазиялық ұлтшылдар басқарған буржуазиялық Уақытша өкіметтің органдары мен бірге халықтық өкіметтің жаңа органдары жұмысшы, шаруа және солдат депутаттарының Кеңестері құрылды. Патша өкіметін құлату Ресей мен оның ұлттық шет аймақтарындағы саяси күштердің орналасуын түбірімен өзгертті. Ақпан революциясының нәтижесінде қосөкімет қалыптасты, бір жағында буржуазия мен буржуазияланған помещиктердің Уақытша үкіметі пайда болса, екінші жағында жұмысшы және солдат депутаттарының мүддесін көздейтін Кеңестер құрылды. 
Ақпан революциясы қалың бұқараның саяси құқықтарын кеңінен пайдалануына мүмкіндік жасады, олардың саяси күреске ашық араласуын қамтамасыз етті. Елдегі қоғамдық өмірде саяси партиялардың ролі орасан өсті. Қазақ халқының Ақпан төңкерісін зор қуанышпен қарсы алуының мәні де осында болатын. Ақпан төңкерісінің қазақтар үшін қаншалықты маңызды болғанын А.Байтұрсынов: “Алғашқы революцияны қазақтар тура түсініп, қуанышпен қарсы алса, ол, біріншіден, бұл революцияның оларды патша өкіметінің қанауы мен зорлығынан құтқаруында және, екіншіден, оларды өзімізді басқарсақ деген ескі үмітінің нығая түскенінде еді”, - деп түсіндіреді.
Ақпан революциясының жеңісінен кейін Қазақстанда қоғамдық-саяси өмірдің біршама жандануында Ресейдің саяси партиялары, әсіресе, олардың жергілікті ұйымдары мен топтары өз әсерін тигізді.
4. 1917 жылғы Ақпан революциясынан кейін Қазақстанның қоғамдық-саяси өмірінде белсенділіктің айтарлықтай арта түсуіне облыстық, уездік қазақ комитеттері үлкен әсер етті. Мысалы, 1917 жылдың 10 наурызында - Оралда (төрағасы - Әлібеков); 11-наурызында - Семейде (төрағасы - Р.Мәрсеков); Омбыда (төрағасы - Е.Итбаев); наурыздың аяғында - Верныйда (төрағасы - И.Жайнақов) құрылған және т.б. облыстың қазақ комитеттері "Қазақ" газетінің көмегімен бірден-ақ қазақтардың облыстық съездерін дайындауға кірісті. Олар съездерге дайындалу барысында облыстық қоғамдық және басқа комитеттермен де, Уақытша үкіметтің органдарымен де ынтымақтастық жасады. Мысалы, Ә.Бөкейханов - Торғай облысы бойынша, М.Тынышбаев Жетісу облысы бойынша (эсер А.Шкапскиймен бірге) Уақытша үкіметтің комиссарларыболды. Ал, А.Байтұрсынов, М.Шоқаев, М.Дулатов, Ж.Досмұхамедов, Х.Ғаббасов, Ж.Ақпаев, А.Бірімжанов, Ә.Кенесарин, Р.Мәрсеков, тағы басқа қазақ зиялыларының өкілдері Уақытша үкіметтің жергілікті органдарында жұмыс істеді. Осындай байырғы қазақ халқының, әсіресе, ұлт зиялыларының саяси белсенділігі өскен жағдайда 1917 жылдың көктемінде: Торғай (Орынбор қаласы, 2-8 сәуір, 300-ден астам делегат, төрағасы - А.Байтұрсынов), Жетісу (Верный қаласы, 12-13 сәуір, 81 делегат, төрағасы - И.Жайнақов), Орал (Орал қаласы, 19-22 сәуір, 800-ден астам делегат, төрағасы - Ж.Досмұхамедов), Ақмола (Омбы қаласы, 25 сәуір-5 мамыр, 150-ге жуық делегат, төрағасы - А.Тұрлыбаев) қазақ облыстық съездері өткізілді. Бұл съездер ұлт азаттығын, жер мәселесін, діни, мәдени, қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық және басқа да проблемаларды шешу жолындағы күрестегі қазақ қоғамының қалың топтарының стратегиялық міндеттерін белгілеуге ұмтылуымен қатар, олардың осы мақсаттарға жетудегі тактикалық бағыттарын жасау жолында өздерінің одақтастары мен қарсыластарын да ашық көрсетуге тырысты. Облыстық съездердің ішінде Торғай съезі көлемі мен қабылданған шешімдері бойынша айрықша ерекшеленді. Съезд жұмыстарына Ә.Бөкейханов, А.Байтұрсынов, М.Дулатов, А.Қалменов, М.Шоқаев, М.Жұмабаев және басқа да сол кезеңдегі жас қазақ ойшылдары шешуші ықпал жасады. Соның арқасында съезд шешімдерінде "Алаш" қозғалысының бағдарламалық талаптары өз көрінісін тапты.
1917 жылы 21- 26 шілдеде Орынборда болған "Бүкіл қазақтық" съезде "Алаш" партиясы қалыптасып, басшы органдарын сайлады. Оған Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов, Елдос Омаров, Мұстафа Шоқаев, Мұхамеджан Тынышбаев, Халел Досмұхамедов, Жанша Досмұхамедов, Халел Ғаббасов, т.б. кірді.


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   48




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет