Дәріс №13. Материалдардың композициясы бойынша жұмыс істеу



Дата28.04.2020
өлшемі73,41 Kb.
#65012
Байланысты:
Дәріс №13 (2)


Дәріс № 13. Материалдардың композициясы бойынша жұмыс істеу

Қазақ публицистикасын зерттеушілер назарынан осы күнге дейін мерзімді баспасөз бетінде жарияланған мәтіндердің фабуласы, журналистік шығарманың композициясы тыс қалып келеді. Кейінгі жылдары орыс зерттеушілері В. В. Ворошилов пен М. Н. Ким масс-медиа туындыларының композициясына назар аударып, өз тұжырымдарын көпшілікке арналған «Журналистика», «Жанры современной журналистики» оқу құралдарына енгізді. Дей тұрғанмен ол байламдар әлі де болса ғылыми көпшілік мойындар деңгейде емес. Сондықтан шығармашылық ақыл-ойдың деректі жемісі – журналистика жанрының (мәтінінің) фабуласы, композициялық мүмкіндігі мен құрылымы эстетикалық талдау санаттарының ішіндегі ең құйқалысы екендігін ескере отырып, оны әрі қарай зертеуді өрістете берген абзал. Бір қынжыларлығы, бұл мәселе дәл осы тұрғыда қазақ публицистикасы теориясында да, әлемдік журналистика ізденістерінде де сараң сөз етіледі. Сондықтан журналистиканың жанрлық мәтіндеріне қатысты құрылымдық сараптау осы салада талай-талай сонылыққа қол жеткізеді деп ойлаймыз.Баянды сонау классицистер дәуірінен бастасақ, олар сюжет пен фабуланы поэтикалық константа ретінде қарастырады. Сюжет пен фабула бар, болады, олардың дүниеде барлығы даусыз дей отырып, сөз етілген тұрақтылықтың мән-мағынасына үңіледі. Егер классицистердің өздері зерттеген категориялары туралы түрлі-түрлі пікірлерін жүйелесек, онда төмендегідей үш ұғымдық аспектіге назар аударамыз. Біріншісі – сюжет пен фабула шығармадан озық жүретін құбылыс, екіншісі – шығармадағы іс-әрекеттің дамуы, үшіншісі – шығарманың өзі. Әрине, бұл жүйелеуді әбден піскен ғылыми байлам ретінде қабыл алу қиын, өйткені бұл жердегі әңгіме тек классицстердің поэтикасына ғана байланысты емес, ең алдымен олардың шығармашылық үдеріске деген көзқарастарының әркелкі және қайшылықты болғандығына қатысты.

Классицистердің осы қайшылықтарын жіті аңғара білген, әдеби процеске жаратылыс пен саналылық биігінен қараған В. Г. Белинский «Поэзияны тек пен түрге бөлу» еңбегінде: «Поэзия идеяның мән-мазмұнын сырттай жүзеге асырады және рухани әлемді жыға танырлық, икемді образдармен ұйыстырады. Бұл жерде ішкі сыртқыға терең бойлайды және осы екі жағы – ішкісі мен тысқысы – бір-бірінен бөле-жара көрінбейді, бірақ тікелей тұтасымда олар айқын, өзімен-өзі тұйықталған реалдылық – оқиға болып шығады», — деп атап көрсетеді [1]. Кез келген жанрдың ұйысуына ішкі және сыртқы факторлардың әсер ететінін, ол белгілі бір дәрежеде жинақы шынайылыққа айналатынын қадап айтады.

Әр жанр заман мазмұнын өзінше береді, дәуір үнін өзінше жеткізеді. Саналы жанның айналаны тану мүмкіндігі де бұл мәселелерге сапалық өзгерістер ала келеді. Осы ретте көркем ойлау сияқты, деректі ойлау да даму, өркендеу барысында өзін-өзі ұйыстырады, әр дәуір, әр формация туындатқан теорияларға ғана бас имейді, ол сонау өткендегі дәстүрлердің, бүгінгі күні қалыптаса бастаған танымдар бастау-бұлақтарының ішкі ағыстарымен есептеседі. Әр жанрлық мәтін – өмір шындығының репродукциясы, есте қаларлық фрагменті. Фрагменттің өз ішінде де өзін-өзі ұйыстырар құрылым бар, ол да әрбір жанр сияқты «өзінің өткенін ұмытпайды». Ол өзінің арғыжанрлық әмбебаптығын, ұдайы даму мен қалыптасу үстінде екенін естен шығармайды. Ол кейде журналистика жанрларын бастапқы формаларына, синкретті әдіске жетелейді, поэтика ережелерін емес, табиғатқа еліктеу қағидаларын ұсынады. Оның өзі регресті емес, прогресті айқындайды, табиғат пен адамның одағын нығайтады, экологиялық проблемаларға назар аудартады.

Сондықтан әрбір жанр, не жанрлық-тақырыптық цикл өзінің формалық өзгешелігін және фабулалық тұтастығын көрсететін «егемендігіне», мазмұндық және оқиғалық тұйықталуына қарамастан, шығарманың біртұтас мәнмәтініне кірігеді және басты публицистік мақсатқа бағынады. Осыдан барып журналистің адамгершілік позициясы, бет-ажары, қаламгердің тікелей декларациялық мәлімдемелерін былай қойғанда, өз шығармаларының күрделі эстетикалық құрылымы арқылы анықталады.. Сол туындылардың «сырты мен ішін» сауатты талдау арқылы біз автордың дүниетанымдық характерін сипаттай аламыз.

Белгілі әдебиеттанушы Б.В. Томашевский: «Оқырман шығарманың қай тұсында оқиғадан хабардар болады, ол оған автордың тікелей хабарлауы, немесе кейіпкердің әңгімесі, немесе орағытпа ишара жүйесі арқылы жете ме – ол фабула үшін маңызды емес. Сюжетте осы мотивтердің өзін оқырман назарына іліктіру де роль ойнап кетеді. Автор ойдан шығармаған шынайы оқиғалар да фабула қызметін атқара алады. Сюжет толығымен көркем конструкция», — деп сюжет пен фабуланың ара-жігін ашады, деректі жанрларға қайсысы жарасатынын анық жазады [2]. Осыдан сәл бұрынырақ ол: «Фабула үшін уақыт сипаты ғана емес, себеп сипаты да қажет. Сапар шегу де уақыт сипатына қарай әңгімеленуі мүмкін, бірақ, егер сапаршы өз басынан өткен қызықтарды баяндамай, тек көргендерін ғана баяндаса, біз фабуласыз баяндауға ие боламыз», — деп теориялық түйін тастаған [3]. Осы қисынды практикалық журналистиканың құры- лымымен тілдестірсек, жол-жөнекей очерк пен жол-сапар очеркінің айырмасы анықталып шыға келеді. Егер сапар шегіп бара жатқан қаламгер тек көзкөргендерін ғана жазса, онда ол жол-жөнекей очерк, ал, оған қоса басынан кешкендерін, білгендерін талдап жазса, онда ол очерктің жол-сапар түріне жатады.

Сонымен, жоғарыда аталған ойлар мен пікірлерден біз қандай қажетін екшеп ала аламыз. Керегіне қарай классицистер жіктемесіндегі сюжет пен фабула оқиғадан озық жүреді формуласын, В.Г. Белинскийдің ішкі мен тысқының реалдыдылыққа айналуы туралы тезисін, Б.В. Томашевскийдің ойдан шығарылмаған оқиғалар да фабула қызметін алып жүреді деген пікірін сұрыптап шығаруға әбден болады.

Өмірлік тәжірибе, білім мен білік, тіпті интуиция шығармашылық тұлғаға идея ұсынады. Идея ойбітімге (замыселге) жол бастайды. Кезінде К. Паустовский: «Ойбітім қалай туады? Бірдей қылтиып, бірдей дамитын қос ойбітім жоқ дерлік. Анығында, «ойбітім қалай туады» деген сұраққа жауапты жалпылама емес, әр бір жеке әңгіме, роман немесе повеске байланысты іздеу керек. Оның пайда болуын әрдайым жазушының ішкі жағдайы қамтамасыз етеді. Ойбітім – бұл найзағай. Әуеде талай күн электр жинақталады. Атмосфера оған әбден тойынғанда, аппақ қазбауыр бұлттар каһарлы күркіреме бұлтқа айналады да, соның ішіндегі қою электр тұнбасынан алғашқы ұшқын – найзағай жарқ ете түседі»,- деп идеяның жетілу үдерісін көркемдеп берген [4]. Міне, осы ойбітім пісе, жетіле келе журналистика жанрларының фабуласына айналады, жазылар жайттың сұлбасы ойша пісіріледі. Ұлы театр реформаторы К.С. Станиславский: «Дәннен өсімдік жарып шығатыны сияқты жазушының жеке ойы мен сезімінен оның шығармасы дәл сол сияқты өніп шығады… Осы негізгі, басты, жаппай қамтыр нысананы, ештеңені қалдырмай өзіне тартатын міндетті жазушы міндетінің міндеті деуге… келісейік», — деп дәл осы сәтті хаттап кеткен [5]. Оның «сверхзадача» дегені де осыдан бас көтереді. Ал белгілі қазақстандық қаламгер Г. Бельгер алдын ала дайындықтың, еңбектің маңызын баса көрсетеді. Оның: «Күнделік жазуымның өзі менің жазушы болуыма зор септігін тигізді. Себебі күн сайын көргеніңді түртіп отырсаң, ол өзіңді тәрбиелейді, өзіңді аңғарымпаздыққа баулиды. Бұған қоса, жан-жағыңдағы өзгеріс-жәйттерді аңғарып қана қоймай, өзің араласып жүрген адамдардың аузына, мұрнына, бір сөзбен айтқанда, бет-пішініне назар аударасың. Сонда, оның ішкі дүниесін түйсініп қана қоймай, қандайда бір қасиеттерін танисың», — дегені де көкейге қонады [6].

Сонымен, осы айтылған құнды пікірлерді жинақтай отырып, журналистік мәтіндегі фабулаға келетін босақ, ол – адам характерлері, индивид тағдыры, қоғамдық қарама-қайшылықтар, әлеуметтік текетірестер арқылы көрсетілетін оқиғалар мен ойдың, эмоцияның динамикалық аясы. Фабуланың арқасында журналист оқиғаны, кейіпкерлерінің мінез-құлқын даму үстінде жан-жақты көрсетіп қана қоймайды, сонымен қатар олардың арасындағы байланысты барынша аша алады.
Біздің ойымызша, мәтінді субъективті ұйыстыру жолында фабула бейтарап қалмайды: ол өз бойындағы идеяларды, пікірлерді, қоғамдық, адамгершілік, эстетикалық позицияларды жандандырады, ол авторға баяндау барысында шешімін табар тартыс құруға септігін тигізеді, оқырманға таңдап алар мүмкіндік беретін сан түрлі үн, пікір, бағалау өлшемін ұсынады. Мәселен, философия ғылымдарының докторы, профессор А. Айталымен жүргізілген сұхбат пікір тартысына, бағалау, салыстыру позициясына құрылған. Қазақ тілінің болашағы туралы түйіндер тарихи және қазіргі заман аналогиясына иек артады, сұрақ мәні де, жауап мағынасы да бірте-бірте қоюлана түседі, ой оқиғалық рең алады [7].

Қазіргі журналистика жанрларында оқиғалық фабула, ой фабуласы, лирикалық фабула, өмір белестері фабуласы сияқты оқиғалар схемасы бар. Сонымен қатар зерттеуші А.М. Штейнгольд «сюжет» сөзінің диапазондық мәні тым ауқымды екенін айта келіп, кез келген сыни мақалада, тіпті сыни пікірлесу жанрында дәлелдеудің жетекші әдісі логикаға – тезисті мәлімдеуге және оны уәждеу мен иллюстрациялауға – сүйенеді дейді. Ол: «Өнер жайлы сөйлескенде, ең сенімді дәлел эмоция болып шығады, кейде өзіңіздің эстетикалық көңіл-күйіңізді білдіре алу да емес, пейілдестік пен түсіністік ауанын орнату иландыра алады, ең мықты аргумент – көркем мәтіннің өзі», — деп жазады.[8]. Фабуласы эмоциялық принципке, көңіл-күй ағымына құрылған журналистік шығарманың бірі – «Сыған серенадасы» қалай туған?» эссесі. [9]. Эссеист шығармасы психологияға, бұғып жатқан эмоцияға, мұң мен трагедияға құрылған. Осының өзі фабулалық логиканың «адамның кейбір кездерімен» іштей жалғасып жатқанын, оның да өзіндік өрісі барлығын аңғартады.

Фабула нобайы шығарма құрылымына әсер етеді, журналистика жанрларында тіпті композициялық ғимараттың сүйегін елеулі жаңалық тіреп тұрады, бүкіл ой ағымы соның айналасына жиналады. Мысалы, белгі спорт журналисі Ө. Жолымбетовтің портреттік очеркінің композициясына тұлға мен жаңалық уық шаншиды. Ол: «Енді Айтбай ағамыз туралы айта кетейін. Бала кезімнен шығармаларымен жақсы жақсы таныс болғандықтан ба, әрқашан ортақ әңгіме табатынбыз.

Осындай бас қосуларымның бірінде ашқан жаңалығым – Айтбай ағаның алғашқы спорт комментаторы болғандығы. Рас, қазақта бұрынғы тойлар мен мерекелерде, бәйгелер мен балуан күрестерінде жаршылар болған, түптеп келгенде «жаршы», «жар салу» сөзі қазіргі комментаторға төркіндес. Бірақ радио арқылы спорт жайлы, оныі ішінде футбол жайлы радиодан алғаш рет әңгімелеген адам Айтекең екен.
ХХ ғасырдың 20-сыншы жылдарының басында шығыс жастарының көсемі, Туркомолдың бірінші хатшысы Ғани Мұратбаев Ташкентте оқып жүрген жастардан бірінші рет «Қазақ» деп аталатын футбол командасын ұйымдастырыпты. Осы «Қазақ» командасы бірнеше жыл қатарынан Ташкенттің чемпионы болады. Сол жылдары Ташкент радиосынан хабарлар өзбек және қазақ тілдерінде бірдей уақыт алып қатар жүрген көрінеді. Стадионда ойын аяқталған бойда сол «Қазақ» командасының шабуыл шебінде ойнайтын жас футболшы Айтбай Хангелдин радиокомитетке жүгіріп жетіп қазақ редакциясынан әлгінде ғана аяқталған ойын туралы әңгімелеп береді екен. Ол уақытта қазіргідей стадион мен радиоторабы арасында тікелей байланыс жоқ, репортаждар радио үйінен осылай студиядан тікелей әңгімеленетін көрінеді.

Бір жолы Айтекең тек футбол ғана емес, күрес туралы да, күш атасы Қажымұқан мен орыстың атақты балуаны Климентий Бульдың арасындағы белдесу жайлы осындай репортаж бергендігін айтты. Мен артынан қалмай, қоярда қоймай жүріп сол күндері радиодан айтқан әңгімесін қағазға түсіргізіп (16 бет) «Балуандар баһадүрі» атты әңгімені «Лениншіл жасқа» жариялаттым, Қазақ радиосынан оқыттырдым. Осы күні өкінетінім – ағаның сол дауысын сақтай алмаппын.

Радиодан хабар жүргізумен осылайша студент кезінен байланысы болғандықтан ба, Қазақстанда алғаш рет республикапық радио комитеті құрылғанда Айтбай Хангелдин оның төрағасы болып тағайындалады», — деп формалық және мазмұндық құрылымын индивид еңбегі және жаңа дерек анықтайды [10].

Журналистік шығарманың фабулалық-композициялық құрылымы нақты ойбітімге байланысты. Автор өзі жинаған фактілерін, деректерін, оқиғалық материалын әдеби ажарлап, уақыт пен кеңістік аумағына сай орналастыруды көздейді. Дербес шығармашылық міндетті орындау жолында автор қолда бар элементтерді реттейді, синтездейді, белгілі бір қатарларға қалап шығады. Осы творчестволық үдеріске септігін тигізетін бірқатар формальды құралдардың ішінен фабула мен композицияны бөле-жара айтуға болады. Жалпы, композиция дегеніміз – шығарманың ішкі құрылымы (идеялық-көркемдік тұтастықты ұйыстыратын бейнелеу тәсілдерін іріктеу, топтастыру және бір ізге түсіру). Тұтастық, әрине, пішін мен мазмұн бірлігінен туындайды. Сонымен қабат журналистика саласында, композициялық ғимарат тұрғызу барысында дизайндық жобаның мәтінге, публицистика жанрларының басылымдардың безендіру үйлесіміне әсері анық байқалады. Көсемсөз жанрларының ірілі-ұсақты, үлкенді-кішілі формаларын басылым кеңістігіне көркем де сайлы орналастыру, мән-мазмұн саясатын ескеру көсемсөз жанрлары туындыларын даралай түсуге себепші болады. Сөздік қорды, лексикалық мүмкіндікті әр жанрдың әуселесіне және оның газет бетіндегі алар орнына қарай іріктеу, ұтымды пайдалану жағы да қарастырылады. Кейде жанрлар мәтіндерін дайын рама, қажетті шаблонға сай орналастыра салу тәжірибесі де бар. Ең бастысы, кетігін тауып қаланған шығарма басылым картинасын ажарландыра түскені абзал. «БАҚ тілі – белгілі бір дәрежеде ұлттық тілді модельдейтін іргелі-стильдік құрылымның көрінісі», — деп И.М. Дзяшолинский Г.Я. Солганиктің бір кездегі пікірін айна-қатесіз қайталайды, дайын ойды дайын арнаға салады [11]. Біз бұл жерде тілдің модельдеуші қасиетінің мәтінге, мәтіннің модельдеуші әдісі композицияға көшетінін айтқымыз келеді. Техника ғылымдарының докторы, профессор А. Шәріпбаевтың «Kak my budem pisat’ po-kasahski?» атты проблемалық мақаласының лексикасы, мәтін құрылымы мен мотивациясы біздің пікірімізді растай түседі. Ғалым қазақ тілі әліпбиін ағылшын тілі әріптерінің реттік негізінде реформалауды күн тәртібіне қояды, ақпараттық ресурстар жасау тәсілдеріне бірсыдырғы тоқталады, қазақ тілінің дыбысталу ерекшеліктерін математикалық модельдеу арқылы жаңа әліпбиге көшіру жолдарын барынша қарастырады. Сөйтіп ұлттық проблема жүйелі түрде ұлтаралық кеңістікке көшеді, ұлттық тіл интонациясын қазіргі ақпараттық сұранысқа қажетті графикалық символдар арқылы беруге ұмтылыс жасалады [12].
«Айқын» басылымының «Ақ сөйле!» айдарымен берілетін сұхбаттың сөз етер тақырыптары әр түрлі болғанымен, оның композициялық құрылымы әлдеқашан белгіленіп қойылған. Солай бола тұрғанмен бағыт-бағдар беруші сұхбаттардың демеуімен шығарма интерьеріне жаңа айшықтар шегеленеді, бастапқы фабулаға да кейбір өзгерістер енгізіледі. Жалпы, сұхбатта композициялық құрылымды негізінен сауал жобалап отырады. Мысалы, журналист К. Тасболатованың Парламент мәжілісінің депутаты Б. Бекежановқа қойған сұрақтарына назар аударайық [13].
«Өзіңіз заңгер ретінде өзімізде жүзеге асып жатқан сот реформаларына көңіліңіз тола ма? Жалпы, отандық сот жүйесі қандай болуы керек?», «Сіздің ойыңызша, неліктен халық соттардың әділдігіне көбіне күмәнмен қарайды? Судья, заңгердің имиджін қалай жақсартуға болады?», «Сіз Парламент төрінде елімізде қаптап кеткен ағым-секталар мен миссионерлердің мәселесін жиі-жиі көтеріп жүрсіз. Сіздің ойыңызша, «дін мемлекеттен бөлек» қағидасын ұстанатын Қазақстан дәл бүгін дін мәселесін мемлекеттік тұрғыдан реттеуге пісіп-жетілді ме?», «Ал сіз өзіңізді діндар адамға жатқызасыз ба? Мешітке барып тұрасыз ба?», «Қазақстан 2010 жылы ЕҚЫҰ-ға төрағалық етпек. Есімізде, төрағалық мәселесі ЕҚЫҰ-ның Венадағы үшінші штаб-пәтерінде қаралып жатқанда, Алматы облысында заңсыз жер басып алған кришнаиттердің шетелдегі өкілдері Варшавада бұған қарсылық танытып жатты. Халықаралық ұйымдар елімізге қаншалықты қысым жасай алады? Бұның заңды аспектілері бар ма?», «ЕҚЫҰ демекші, бұл ұйымның елімізге қатысты өз талаптары бар ғой. Бұл тұста қандай қаңдарды күрделі өзгерістер күтеді? Сіздің ойыңызша, алдағы уақытта «БАҚ туралы» Заңға өзгерістер енгізілуі мүмкін бе?», «Еліміздегі өзекті мәселелердің бірі – қазақ мәселесі. Өкінішке қарай, қазіргі Парламентте ұлттық проблемаларды жүйелі түрде көтеріп жүрген азаматтар некен-саяқ. Неліктен бірпартиялы Парламент көбіне орысша сөйлейді? Бұл «Нұр Отанның» ресми тілі – орыс тілі деген сөз бе?» сияқты көкейтесті сауалдар тілші позициясын, интервью мақсатын айқындап береді, солар арқылы біртұтас композиция бөліктері монтаждалып, фабулалық алғашқы ой (задумка) шырайлы шығармаға айналады.

Демек, композиция журналистік жанрлардың бәрінде, кәдімгі ақпараттан бастап очеркке дейін бар. Оны әртүрлі мазмұндағы, сан түрлі форматтағы журналистік мәтінді орналастыру, аудиторияға ұсыну шеберлігінен, ойды дамыту логикасынан көре аламыз.

Достарыңызбен бөлісу:




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет