Байланысты: 5. Ұлттық- мәдени деңгейдің құрастырушы бөліктері 15. Ұлттық -мә-engime.org
символдық қимылдар туралы. Егер бейнелеу қимылдары нақты белгілермен байланысты болса, ал символдық қимылдар абстрактылық белгілермен байланысты болып келеді. Мұның мағынасы белгілі бір адамдардың тобына, не белгілі бір ұжым мүшелеріне ғана түсінікті болып келеді. Бұған амандасу, қоштасу, бекіту, қарсы болу, шақыру не үндемеу жатады. Мысалы, ер-азаматтар қол алысып амандасады, егер олар бір бірінен алыс тұрса, онда алақандарын біріктіреді де бастарын изейді немесе жасы кіші адам бас киімін шешіп, я сәл көтеріп және басын аздап қана иеді.
Театрда, концерттерде, теледидар арқылы берілген қойылымдардан соң, артистердің көпшілікпен иіліп қоштасқандарын көреміз. Бұл - олардың халықтың өздерін жылы қабылдағанына, қол соғып қошеметтеп отырғандарына көрсеткен құрметтері. Немесе артист ең соңында сахнаға шығып, халыққа қарап екі қолын екі жаққа созып, құлашын жаяды. Бұл «мен сіздердің барлығыңызды құшағыма аламын, себебі бәріңді де жақсы көремін, ризамын» деген қимылдың жауабы іспетті. Немесе оң қолын кеудесіне қойып, иіледі. Бұл да артистің көрермендерге шын жүрегінен риза екендігінің белгісі болып табылады.
Көмекші құралдар көп мағыналы, мағынасы күрделі және жағдаятты болып келеді. Мысалы, жағдаятты ым-қимылдарға 9 май Жеңіс күніндегі үлкен адамдардың құшақтасуының бірнеше мағынасын келтіруге болады: а) сәлемдесу;
ә) кездесу қуанышы;
б) көптен көрмегендік;
в) соғыс жылдарындағы байланыстың сақталуы.
Ал көп мағыналылыққа:
а) сөз араластырмай-ақ сәлемдесуді де, қоштасуды да,
ә) сөзбен бірге танысу мен құттықтауды да білдіре алады.
Кейде ым-қимылдар қызметтері жағынан бір біріне ұқсас келіп, синонимдік қатар құрайды. Мысалы, «сәлемдесу» ымдары – қол алысу, бас изеу, күлімсіреу, иілу, бас киімді көтеру не шешіп – кию. Сондай-ақ ымдардың кейде бір біріне антоним болып келетінін де байқау қиын емес: қол алысу амандасуды да, қоштасуды да білдіреді. Ымдарға сондай-ақ стилистикалық жағынан бөлшектерге бөліну, мүшелену де тән. Мысалы, әдепті және тұрпайы ымдар, көңіл күйді көтеретін және дөрекі ымдар да бар. Егер синонимдік ымдарды олардың стилистикалық нұсқаларын өзіндік ерекшелігі бар парадигматикаға жатқызсақ, онда оларға тән синтагматиканы да атап айту қажет. Ол – ым, қимыл, ишаралардың бір бірімен қосылу ережесі мен олардың сөзбен берілетін айтылысқа ену ережесі.
Бұдан шығатын қорытынды, сөзбен айтылатын кез келген айтылысқа, көркем әдебиеттерде суреттелетін оқиғаларға ым, ишара, қимылдардың кешенді түрде енетіні және оларды күшейтіп, толықтырып, сүйемелдеп отыратыны. Сондықтан тілді өзге тілді дәрісханада оқытуда ым, қимыл, ишараларға да мән беріліп, орын беріліп, олардың сұхбаттық тілдесімге еркін араласа алатындығын, тіпті оларсыз айтушы да, тыңдаушы да өз ойларын бере алмайтынын, бере қалса, жеткіліксіз болып шығатынын түсіндіріп, айтып, көрсетіп отыру қажет. Студенттердің сұхбаттық тілдесім мәдениетін қалыптастыруда ым, қимыл, ишараларды өз сөздерінде пайдалануды меңгертуді жолға қою керек. Оқытушылардың оларды сабақ үрдісінде орынды, сабақ тақырыбына лайық енгізе алуларына арнап сабақ жоспарларының үлгілері, әдістемелік құралдар шығарылса, сұхбаттық тілдесім мәдениетін қалыптастыру тиімді жүзеге асар еді.
http://engime.org