1.Сор топырақтар Сор топырақ деп 0-30 см қабатында 0,6%-дан артық сода, немесе 1%-дан артық хлоридтер, немесе 2%-дан артық сульфаттар бар топырақтарды айтамыз. Яғни тұзы мол топырақтарды сортаң дейміз. Тұзы мол топырақтар дегеніміз-тұз топырақта өсуге бейімделмеген, өсімдіктер үшін зардапты мөлшерде құрамында ерігіш тұздары бар топырақтар.
Қазақстанның жазықтық жерінде сор (сортаң) топырақтар төмен орналасқан нашар құрғатылған алқаптарда, ащы көлдердің жағалауында, өзендер аңғарында, көне өзен, теңіз террасаларында, кеуіп тартылып қалған көлдер орнында кездеседі.
Сортаң топырақтар мол мөлшерде тұздардың жиналуы әсерінен яғни сортаңдану процесі ықпалынан түзіледі. Сортаң топырақ түзілуі үшін біріншіден, ландшафта еркін күйінде тұздар пайда болуы, ал екіншіден, олардың топырақта жиналуы байқалуы керек.
Топырақ құрамына тұздардың түсу көздері келесідей:
тау жыныстарының үгілу процестерінің өнімдері;
құрамында тұздары мол аналық тау жыныстары;
жанартаулардың өнімдері;
желмен теңіздерден ұшып жер бетіне тұздар түсуі;
атмосферадан түсетін ылғалмен келуі;
минералданған (тұзы бар) ыза сулардың жер бетіне жақын
орналасып физикалық немесе өсімдіктер арқылы булануы;
құрамында көп күлі және Na, Cl, S элементтері бар өсімдіктер ықпалы;
қайта сортаңдану процесі (суландыру тәсілдерін дұрыс қолданбағанда адам әрекетінен жүретін құбылыс).
Жер бетіне тұздардың түсуі көп мөлшерде байқалады, бірақта сортаң топырақтардың алып жатқан жер ауданы онша көп емес. Өйткені, пайда болған тұздардың топырақта жиналуына жағдайлар әрқашанда бола бермейді.
Топырақтарда тұздардың жиналуы атмосферадан түсетін ылғалдың және оның булану мөлшеріне байланысты. Егер булану мөлшері түсетін ылғал мөлшерінен артық болса ғана топырақта тұздар жиналады. Ал керісінше болған жағдайда топырақта шайылмалы ылғал режимі қалыптасып тұздар жиналмай, астыңғы терең қабаттарына өтіп кетеді. Әсіресе тұздар топырақта шөл, шөлейт аймақтарда мол жиналады.
Тұздардың жиналуына жер бедері де әсер етеді. Ойпат жерлерде сумен шайылған тұздар жиналады, ал дөң, көтеріңкі жер бедері бар алқаптар сумен шайылып тұздан тазарады.
Құрамында тұздары мол ыза су буланғанда топырақ кескінінде әр гектарға 500т тұз жиналуы, ал сортаңда өсетін өсімдіктер ыдырағанда әр гектарға 0,5т тұз түсуі мүмкін.
Сор топырақтың айрықша морфологиялық белгілері келесідей:
топырақтың тік кескінінің өн бойында жеңіл еритін тұздар жиынтығының белгілері болады, соның әсерінен топырақ қабаттарының түсі ақшылт тартады;
генетикалық қабаттарға әлсіз жіктеледі;
тұз қышқылы ерітіндісінен топырақ үстінгі бетінен бастап қайнайды;
топырақ үстінде 0,5-1 см тұз қабыршақ болуы мүмкін.
Кейде тұздар топырақтың үстінгі бетіне жиналып қар сияқты ағарып жатады.
Сор топырақтың өсімдік жамылғысы кедей болады. Онда тұзға төзімді галофит өсімдіктер (кермек, қара жусан, ши) өсіп, оның бетін 20-40%-ға дейін жабады. Кейде олардың үстінде тұзға төзімді астық тұқымдас шөптер өседі, ал өте тұзы көп сор топырақта өсімдік жамылғысы болмайды.
Сор топырақтың А қабаты жұқа болады. Одан кейін жеңіл еритін тұздар жиналған В қабаты орналасады. Осы қабат біртіндеп аналық тау жынысы қабатына ауысады. Құрылысы: А – В - С.
Бұл топырақта қарашірінді мөлшері аз болады, үстіңгі қабатта оның мөлшері 0,5-1,5%, ал астынғы қабаттарда оның мөлшері күрт төмендейді. Азот және басқа қоректік элементтермен аз қамтамасыз етілген. Топырақ ортасының реакциясы сілтілі, алмаспалы сіңген катиондар көлемі 100г топырақта 10-20 м-экв., олардың құрамында Na, Mg иондары басым.
Бейтарап тұздармен сортаңданған топырақтардың физикалық ылғалдылық қасиеттері жаман емес, өйткені, бейтарап тұздар топырақта коагуляция процесінің жүріп, жақсы микротүйіртпек пайда болуына ықпалын тигізіп, топырақтың кеуектілігін және су өткізгіштігін жақсартады. Ал сілтілі тұздармен сортаңдаған топырақтардың қасиеттері өте қолайсыз болады. Сілтілі топырақ реакциясы коллоидтарды бұзып, топырақтың түйіртпексіз болуына әсерін тигізеді. Құрғақ кезде бұл өте тығыздалған кесектерге жарылады, ал ылғалданғанда топырақ беті езіліп кетеді.
Сортаң топырақтар автоморфты және гидроморфты типтерге бөлінеді. Автоморфты сортаң топырақ екі типшеге бөлінеді. Олар: нағыз және тақырланған сортаң. Гидроморфты сортаңдар келесі типшелерге бөлінеді:
- нағыз сортаң
шалғындық сортаң
батпақты сортаң
сор топырақ
жанартаулы - батпақты сортаң
төмпешікті сортаң
Сортаң топырақтар тектерге тұздардың құрамына және тұздардың пайда болу жағдайына байланысты жіктеледі.
Сортаңдар түрлерге, тік кескінінде тұздардың жиналу сипатына байланысты 2-түрге бөлінеді:
үстінен сортаңданған (тұздар 0-30 см үстіңгі қабатта жиналған);
терең сортаңданған (тұздар оның тік кесінінде үстінен бастап терең астынға қабаттарына дейін жиналған (42- сурет).
Сонымен бірге үстінгі қабатының морфологиялық белгілеріне байланысты сортаңдар келесі түрлерге бөлінеді:
қабыршақты (NaCl тұзы әсерінен қабыршақ пайда болады);
үлпілдеген (Na2SO4 тұзы әсерінен үлпілдек кристалдар пайда болған);
ылғалданған (CaCl2 және MgCl2 ылғал жұтқыш тұздары болып, әрқашан ылғалды болады);
қара сортаң (Na2CO3- тұзы әсерінен қарашірінді еріп топырақтың тік кескіні қараға боялған).
Сортаң топырақты жақсартуға өте көп қаражат керек. Сондықтан оларды қазіргі уақытта Қазақстанда жақсартып игермейді. Кейбір аудандарда оның үстінде біршама өсімдік жамылғысы болса - мал жайылымы ретінде пайдаланады.