Тұжырым. Миф — көне аңыз, әңгіме; тарихи-мәдени сананың ерекше күйі. Ежелгі мифтер мен аңыздар алғашқы адамдар тіршілігінің маңызды бөлігі болып, олардың рәміздік (символдық) мазмұны арқылы адам қоршаған ортаны игеріп, жете түсінуіне ықпал етті. Миф - ақиқаттың да қайнар көзі. Көшпенді халықтардың бір бұтағы саналатын қазақ ұлтының мифі - алғашқы рулық қауымның қасиетті деп саналған құпия әңгімесі мен шежіресі. Оны сол кезде әркімге және әр жерде айта бермеген. Мифте дүниенің жаратылуы мен аспан әлемі жайында, тайпаның тотемдік бабасы, ілкі ата мен жасампаз қаһармандар және олардың іс -әрекеттері фантастикалық сипатта баяндалған. Алайда уақыт озып, адамдардың сана-сезімі жетілген сайын миф бұрынғы «қасиетті» сипатынан айрылып, бірте-бірте хикаятқа, одан ертегіге айналған. Әрине жер шарындағы әр ұлыстың өзінің пайда болу тарихы мен жасаған ортасына қарай туындатқан мифтерінің сарыны, ерекшелігі әртүрлі болған. Құлдық дәуірді бастан кешкен отырықшы елдердің мифтік аңыздары белгілі жүйеге түсіп, циклденген, олардың мифінде көп құдайлар өмір сүрген. Ал рулық-тайпалық деңгейден төте феодалдық қоғамға өткен көшпенді халықтардың мифі салыстырмалы түрде әлі толық жүйеленбей тұрып, ыдырай бастаған немесе ертегіге айналған. Хикая – өмірде түрлі тылсым күштердің, құбыжық пен мақұлықтардың кездесуіне халықты иландыратын әңгімелер. Иландыру мәселесі мұндай хикаялардың ақиқат негізінде құралғанын көрсетеді. Егер жанр «орындаушы – мәтін – аудитория» жүйесіндегі әрбір компоненттің қатысы арқылы сараланатын болса, оқиғаның шындыққа сәйкестігі не сәйкессіздігі осы құрылым негізінде анықталуы керек. Яғни, хикая жанрында айтушының оқиғаны өз басынан өткендей немесе өзі куәлік етіп, үшінші жақтан орындауы және тыңдаушының қабылдауы шындыққа лайықталып, сенім ұялатады. Хикаяның коммуникативті негізі – адамның шындыққа жат түсініксіз құбылыстарға деген қажеттілігін қанағаттандыру. Көбінесе, хикая бірінші жақтан айтылып, куәлік сипатты болып келеді: әңгімеші өз басынан өткен оқиғаны немесе өзге біреуден естіген жайтын хабарлайды.