Дәрістер. 1 тақырып. Философия, оның пәні мен қоғамдық маңызы


Философиядағы сана мәселесі



бет136/175
Дата24.10.2023
өлшемі2,79 Mb.
#187769
1   ...   132   133   134   135   136   137   138   139   ...   175
Байланысты:
lektsii po filosofii

14.4. Философиядағы сана мәселесі
Болмыстың екінші таңғажайып түрі – ол сана, рух, жалпы алғанда, адамның психикасы. Гносеологиялық (танымдық) тұрғыдан қарағанда, сана – Дүниені бейнелеудің ең биік, тек адамға ғана тән идеалдық формасы. Оны біз болашақ “танымға” арналған тарауда көлемді түрде талдаймыз.
Сана – материя емес, оны қолға ұстап сындырып, я болмаса, ауызға салып дәмін байқап, мұрынға жақындатып иісін анықтауға т.с.с. болмайды. Болмыстық тұрғыдан кең түрде қарағанда, сана – адамның ішкі жан-дүниесі, адам белсенділігінің психикалық деңгейі. Ал оны нақтылай келсек, ол, әрине, адамның ой толғаулары. Бірақ, ол онымен бітпейді. Ойлау, рационалдық таным – сананың өзегі болғанмен, оған адамның сезім толқындары да кіреді: адам қуанады, ренжиді, ашуланады, шаттанады, сүйеді, жек көреді т.с.с. Егер де біз кең түрде адамның психикасын алатын болсақ, оған санамен қатар бейсаналық та кіреді. З.Фрейдтің уақытында ашқан бұл жаңалығының қазіргі өмірдегі маңызы өте зор. Сонымен қатар, санаға тең емес адамның ырқы да (воля) бар. Кейбір жағдайларда адам санаға сыймайтын, оған қарсы нәрселерді жасауы мүмкін. Ф.Ницше уақытында айтқандай “нағыз адам” толқынмен бірге емес, оған қарсы жүзиді.
Адам Дүниені саналы түрде бейнелеп қана қоймай, сонымен қатар, өз ішкі жан-дүниесіне сараптау жасайды – міне, осы сәтте оның рухы оянады. Рух категориясы біздің жақында өткен тарихымызда дінмен байланыстырылып, ал “кеңес тоталитаризмі” соңғыға қарсы болғаннан кейін, философиялық әдебиетте өте аз қолданды. Негізінен алғанда, рухқа ғылымдағы жетістіктер, қоғамдық сана формалары жатқызылды. Тек бүгінгі таңда ғана бұл категорияның маңызы өсуде ( рух жөнінде көлемді түрде қараңыз: “Мырзалы С.К. Модернизация общества: взаимосвязь политики и морали., Костанай, 1988, стр.220-264).
Жалпы алғанда, рух дегеніміз – адамның өзіндік сана-сезімі, өз-өзіне “сырттай қарап” баға беруі, өз өмірінің мән-мағнасы мен қатар, жалпы Дүние жөнінде ойлауы-толғауы, тебіренісі жатады. Бұл тек дамыған адамға ғана тән нәрсе. Қайсыбір жануарды алсақ, ол өз-өзін бұлдыр сезінеді, өзін жағалай ортадан бөлек алып, оған қарсы қойып қарай алмайды. Оған қабілетті – адам ғана.
Жеке адамның рухымен қатар, белгілі бір халықтың рухы жөнінде де айтуға болады. Мысалы, қазақ халқының руханияты, демек, оның өзіне тән дүниесезімі, құндылықтары. Оны әдебиетте “объективті рух” деген категория арқылы береді.
Сонымен қатар, рухтың жетістіктері ғылыми, көркем шығармалар арқылы өмір сүруі мүмкін. Оны “объективизацияланған рух” дейміз. Мысалы, қайсыбір ұлы суретшінің туындысын қабылдағанда, біздің рухани өміріміз үлкен тебіреністе болып, сан-алуан сезімдер мен ойлар жан-дүниемізге келеді. Әрбір адам өзінің рухани болмысына байланысты “Венера” мүсініне әр-түрлі қарайды. Біреуі оны “құдіретті теңдесі жоқ әсемдік” ретінде қабылдаса, тайыз надан адам оған “нәпсілік” тұрғыдан қарауы мүмкін. Симфония, я болмаса, басқа саз формаларын қабылдағанда да соған ұқсас тебіреністе боламыз, т.с.с.
Дегенмен де, рухтың “негізгі үйі” – нақтылы өмір сүріп жатқан тірі адамның ішінде. Оған ақыл-ой, парасат, борыш, ар-ұждан мен ұяттық аяныш, адалдық, махаббат пен сүйіспеншілік, ізгілік пен ақиқат, әсемдік, үміт пен сенім, еріктік пен әділеттілік т.с.с. жүздеген категориялар жатады. Мысалы, Н.А.Бердяевтің айтуына қарағанда, “рух дегеніміз ақиқат, ізгілік, әсемдік, еріктік пен мән-мағна…Рух дегеніміз – адам ішіндегі оның құдайлығы” (қараңыз: Н.А.Бердяев. Философия свободного духа., М.,Мысль, 1994). Расында да, “Сенің осы Құдайың бар ма?”,- деп ашына айтқанымызда – адам руханиятының тайыздығын көрсетпейміз бе? Олай болса, адам руханиятының өзегі неде?,- деген сұрақ пайда болады. Бұл талай ойшылдарды тебіренткен сұрақ болатын.
Орыстың ұлы ойшылы Ф.М.Достоевский “Дүниені сақтап қалатын Әсемдік қана”,- дейді. Әрине, көбісінде, әсемдікке ұмтылған адам зұлымдыққа бармайтыны хақ. Сонымен қатар, біз өмірде “салқын лебі” бар – адамды адамнан алшақтататын - әсемдікті көріп жүрген жоқпыз ба?
Рухты білім, ғылыммен де теңеуге болмайды. Ядролық физиканың жетістіктерін пайдалану жолында адамзат атомдық электр стансаларынан басқа неше-түрлі жан түршігерлік қару-жарақ жасаған жоқ па ? Қазақтың ұлы ойшылы Шәкәрімнің ХХ ғ. басында-ақ ар-ұжданның бақылауынан шыққан ғылымның адам түршігерлік салдарларға әкелуі жөніндегі идеяларын еске алсақ-та болғаны.
Сондықтан, Шәкәрім рухтың өзегін ар-ұжданнан көрген болатын. Бұл пікірді ұстаған философия тарихындағы И.Кант, Абай, С.Л.Франк сияқты ойшылдарды келтіруге болады. ХХ ғ. экзистенциализмнің көрнекті өкілі В.Франкл “ар-ұждан – адамның ішкі Құдайы”,- деген болатын.
Біршама зиялылар рухтың өзегін махаббат, сүйіспеншіліктен көреді. Орта ғасырдағы Августиннің айтқанындай, “сүй, содан кейін не істесең де болады”. Тек қана сүю арқылы басқа адамның жан-дүниесін ақтара ашуға мүмкіндік аламыз. Нағыз махаббат сүйген адамның әлі де болса ашылмаған жақтарын сыртқа шығарып, оны гүлдетіп, шығармашылық жолға итереді. Дүниені тану – тек қана табиғаттың заңдылықтарын ашу ғана емес, сонымен бірге оны шын жүрегіңмен сүюге тең. Бұл танымның онтологиялық терең іргетасы. Тек қана сүю арқылы, өзіңді осы Дүние деген мұхиттың бір құрамдас тамшысы ретінде сезінгенде ғана зерттелетін заттың ішкі сырын ашуға мүмкіндік аласыз.
Оқырман өз дүниесезімінің ерекшеліктеріне байланысты өз руханиятының өзегін табар деген ойдамыз. Ал, қалам иесіне келер болсақ, рухтың өзегі ретінде ар-ұжданды қарайды. Бүгінгі қайшылыққа толы адамзат мәселелерін шешу тек саясаттың қолында емес, - ол әр адамның рухани-адамгершілік жетілуімен байланысты, - деген ойдамыз. “Мұндай қилы заманда тек ар-ұжданын басымқы қойған адамзат өз өмірін сақтап қалады”, - дер едік.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   132   133   134   135   136   137   138   139   ...   175




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет