Диплом жұмысы 9-сынып қазақ тілінің стилистикасын оқытудың әдіс-тәсілдері Орындаған: Сауырбаева М


Стилистиканың негізгі ұғым, категориялары



бет2/4
Дата13.08.2017
өлшемі0,77 Mb.
#23543
түріДиплом
1   2   3   4

1.3. Стилистиканың негізгі ұғым, категориялары

Стилистика өзіне тән ұғымдар мен категорияларға ие. Мысалы, стиль, функционалды стиль, стилистикалық бояу, стилистикалық құрал, стилистикалық белгі, стилистикалық мағына, стилистикалық норма, стиль құраушы факторлар, стильдің тілдік жүйелілігі. Бұлардың ішінде стилистикалық бояу, стилистикалық құралдар, стилистикалық мағына бір-бірімен тығыз байланысты ұғымдар.

Тілдік қабаттардың бірліктері (әсіресе, лексикалық қабаттың) өздерінің негізгі мағыналарынан тысқары, әрқилы реңктерге ие болып келеді. Стилистикалық табиғаты жағынан олар бірдей емес. Тілдік құралдар, осындай ерекшелігіне орай, алдымен бейтарап және стилистикалық бояулы болып бөлінеді.

Тіл жүйесіндегі стилистикалық бейтарап, яғни ешқандай қосымша реңксіз құралдар қатынас жасаудың барлық саласында кеңінен қолданылады. Олар стилистикалық бояуға ие болмайды. Мысалы, лексикада үй, қол, адам, тау, оқу, т.б. сөздер. Стилистикалық бояуға ие құралдар осындай стилистикалық бейтарап құралдардың аясында ғана айрықша көзге түсіп тұрады. Сондықтан олар стилистикалық нөлдік деңгейді құрайды.

Стилистикалық бояудың екі түрі ажыратылады: эмоционалды - экспрессивті және функционалды. Бұл жағдайда, стилистикалық бояуға ие тілдік құралдарға өздерінің негізгі атаулық, заттық-логикалық, грамматикалық мағыналарына үстемелей, белгілі бір экспрессивті немесе функционалды мағыналарды қоса білдіретін тілдік құралдар жатады. Тілдің ондай қосымша сапа - қасиеттері әлгі құралдардың қолданылу өрісін шектеп, қарым -қатынастың белгілі бір саласында ғана жұмсауға мәжбүр етеді. Мысалы, жалмауыз, шошқа, сүмелек, шаһар, сөлектеу, желкебай, тыраштану т.б. Бұлар эмоционалды-экпрессивті бояуға ие тілдік құралдарға жатады.

Функционалды бояуға ие тілдік құралдар да болады. Бірақ олардың ара-жігі экспрессивті бояуға қарағанда ондай айқын емес. Экспрессивті-эмоционалды бояу тілдік тұлғаның табиғи қасиеті болса, функционалды бояу тілдік тұлғаны қарым-қатынас жасаудың белгілі бір саласында көп қолданудан барып пайда болды. Соңғы жағдайда тілдік дәстүрдің де рөлі бар. Тілдің тұлға - бірліктерінің мағыналық-стилистикалық жағы мен оларды белгілі салада көбірек қолдану дәстүрі арасында қатаң тәуелділік бар. Белгілі салада тұрақты қолданудың нәтижесінде тілдік құралдың мағынасы белгілі стилистикалық мәнге, бояуға ие бола бастайды да, кейін тұрақты бекітіледі.

Мысалы, ресми стильде қалыптасатын штамптар («жоғары жетістікке жетті», «қаулы қабылдады» т.б.) осындай қолданыстың нәтижесі.

Демек, даму барысында функционалды стилистикалық бояу да бірте-бірте тілдік тұлға-бірліктердің олардың мағыналарына о бастан тән, табиғи қасиетіне айнала береді. Сондықтан функционалды стилистикалық бояу тілдік құралдың мағынасынан бөлініп қаралмайды.



Ескерер бір жай: стилистикалық бояулардың ара-жігі қолдану барысында тұрақты болмай, жылжымалы болып келеді. Стилистикалық бейтарап құралдардың өзі кей кезде белгілі бір контексте стилистикалық өң алады. Ал кейде тілдік құралдың бұрын әбден қалыптасқан стилистикалық бояуы мүлдем басқаша сипат алуы мүмкін. Мысалы, еркелету немесе құптау мағынасы (бояуы) керісінше мысқылды мағынаға (бояуға) айналуы мүмкін, т.б. (Осы жерде «қатын» сөзінің бояуының тарихи өзгеруін еске алуға болады). Сонымен қатар, бір тілдік құрал өзінде әрі эмоционалды-экпрессивті, әрі функционалды бояу сақтауы мүмкін. Мысалы, тілдің публицистикалық (функционалды бояу) құралдары салтанаттылық, поэтикалық, риторикалық немесе ирониялық мазақтау реңктеріне ие болып келеді. Көпшілік жағдайда экспрессивті бояу мен функционалды бояу осылай бірлікте келеді. Енді кей жағдайда тілдік құралда экспрессивті бояу болмағанымен, функционалды бояу бар болып келеді. Мысалы, терминдерде (ғылыми стиль) экспрессивті бояу жоқ, функционалды бояу бар.

Қазақ тілінің стилистикалық құралдары дегенде тілдің стилистикалық бояуға ие тұлға-бірліктерінің жиынтығы негізге алынады. Бірақ стиль тілдің стилистикалық бояуға ие емес, бейтарап элементтері арқылы да жасалатын ескерсек, бұл мәселенің әлдеқайда күрделі екенін түсінеміз. Сондықтан кез келген тілдік тұлға-бірлік (әсіресе, көп мағыналы түрлері) стилистикалық құрал болуы мүмкін.

Белгілі бір тілдік тұлға-бірлікті белгілі сөйлеу жағдайында қолдану дәстүрі, оның белгілі бір қарым-қатынас саласына тәндігі сол тұлға-бірліктегі стилистикалық бояудың көрінісі болады. Тілдік тұлға-бірліктің мағыналық

жағы, ол мағынаның бір қыры функционалдық жағынан белгілі бір салада қолдануға бейім болып келеді. Тілдік тұлға-бірліктердің стилистикалық мүмкіндіктері қызмет ету процесінде ашылады және оның көрінісі белгілі тілдік құралды нақтылы тілдік жағдайда қолдану ерекшелігімен анықталады. Тілдің құрылымдық және функционалдық жақтарының диалектикалық бірлігі мен байланысы осыдан көрінеді.

Стилистикалық бояуының сипатына орай, тілдік құралдар функционалды бояулы және экспрессивті бояулы болып бөлінеді.

Функционалды бояулы құралдар функционалды стильдердің түр-түріне сәйкес өзіндік ерекшеліктерге ие болып келеді. Мысалы, ғылыми стильдегі терминдер, көркем әдебиет стиліндегі троптар мен фигуралардың түрлері, ауызекі сөйлеу стиліндегі қарапайым сөздер мен диалектизмдер функционалды бояулы құралдарға жатады.

Экспрессивті құралдарға тілдің эмоционалды-экспрессивті бояуға ие құралдары жатады. Мысалы, эмоционалды реңкі жағынан олар көтеріңкі салтанаттылықты білдіретін, немесе мысқылды білдіретін, немесе әшкерелеуші реңге ие т.б. құралдар болып қеледі: Бұлар, әсіресе, жекелеген сөздерге тән. Ол бояулар сөздердің контекстен тыс жағдайына да табиғи түрде тән болып келеді. Бұдан грамматикалық тұлға-бірліктерге қарағанда лексиканың эмоционалды-экспрессивті бояуы кең екенін көреміз. Оның үстіне грамматикада лексикадағыдай стилистикалық бояулардың белгілі бір тұлға-бірліктерге тәндігі, айқындығы жоқ. Алайда, бұл грамматикалық құралдардың экспрессивтік мүмкіндігі әлдеқайда шектеулі дегенді білдірмейді. Мысалы, синтаксис бейнелеудің әртүрлі эмоциональды - экспрессивті бояулы мүмкіндіктеріне кеңінен ие. Бірақ онда эмоционалды- экспессивті бояу бір ғана тілдік тәсілге бекітілмеген. Ол көптеген тәсілдердің

жиынтығынан барып құралуы мүмкін (мысалы, сөздердің орын тәртібі, бірыңғай мүшелер, синтаксистік паралельділік).

Стильдік құралдар туралы мәселе синонимия мәселесімен тығыз байланысты. Көптеген зерттеушілердің көзқарасы бойынша, «тілдік құралдардың синонимикасы - стилистиканың орталық мәселесі». Стильдердің өмір сүруінің өзі белгілі мөлшерде синонимдердің бар болуымен белгіленеді. Бірақ стилистиканың ресурстары синонимдермен ғана шектелмейді.

Жалпы, тілдің синонимикалық құралдары мен функционалды стильдердің ара-қатынасы мәселесі - әлі толық зерттелмеген іргелі мәселе. Функционалды стильдерде тілдің синонимикалық байлығы әртүрлі дәрежеде пайдаланылады. Мысалы, көркем стильде синонимдер кең пайдаланылса, ғылыми, ресми стильдерде керісінше аз жұмсалады, тіпті мүлде қолданылмайды десе болады.

Стилистикалық мағынаға келетін болсақ, ол стилистиканың негізгі ұғымдарының бірі.

Сөздің мағынасы оның тек заттық ұғымын ғана белгілеп қоймайды. Онда сонымен қатар сөздің стилистикалық қызметіне қатысты мағыналық реңктері де болады.

Стилистикалық мағына мен стилистикалық бояу ұғымдары бір-біріне жақын. Стилистикалық мағына стилистикалық бояуға қарағанда тұрақты да жалпы.

Стилистикалық мағына - тілдік тұлға-бірліктің мағыналық құрылымындағы оның лексикалық, заттық, грамматикалық мағыналарынан тысқары қосымша белгісі. Бұл қосымша мағына тұрақты болып, тілдік қолданымның белгілі жағдайларында туындап отырады. Сөздің стилистикалық мағынасы оның ұғымдық мағынасына әсер етіп, сөз мағынасын белгілі бір бояуларымен қоса қабылдауға көмектеседі.

Сөйтіп, стилистикалық мағына тілдік тұлға-бірліктің мағыналық құрылымының белгілі бір бөлігін құрайды. Бірақ ол тілдік тұлға-бірліктердің әрқайсысында әртүрлі дәрежеде көрінеді. Экспрессивті бояуға ие құралдарда айқын байқалса, кейбіреулерінде тереңде жатады, тек белгілі контекстік жағдайда ғана анық көрінеді.

1.4. Стилистикадағы «стиль» ұғымы

«Стиль» - стилистиканың негізгі орталық ұғымы. Стилистика ғылымында оның көптеген түсінігі бар. Олай болу себебі, біріншіден, стилистика ғылымының тарихи даму жағдайымен түсіндірілсе, екіншіден, «стиль» ұғымының күрделілігінен туындайды.

Дәстүрлі практикалық стилистикада «стиль» термині тілдің нормативті-стилистикалық ережелеріне сәйкес келу дәрежесін білдіреді (мысалы, «жақсы стиль», «жаман стиль»). Стиль терминінің кең мағынасы - сөйлеу мәнерін білдіріп келсе, тар мағынасы - жеке шығарманың немесе жазушы шығармашылығының тілдік ерекшелігі (көркем әдебиет стилистикасы тұрғысынан алғанда) дегенді білдіреді. Соңғы мағынасында «стиль» термині әдебиеттік стилистикада да қолданылады.

Барлық жағдайда да «стиль» термині тілдік қолданымға байланысты айтылады. Стильді тілдің стилистикалық бояуға ие құралдарының жиынтығы ретінде түсіну тілдік құрылымның стилистикалық белгілеріне арнайы назар аударудан туған түсінік.

Ғылымда «тіл стилі», сөйлеу стилі» ұғымдары да бар. Тіл стильдері мен сөйлеу стильдерінің ерекшеліктері тіл мен сөйлеудің ерекшеліктеріне сәйкес келеді. Тіл — қатынас құралы, сөйлеу — сол құралдың іске асуы, яғни белгілі бір қызметтегі көрінісі. Сондықтан сөйлеу стильдері дегенді тіл стильдерінің іске асуының нәтижесі, іс жүзіндегі көрінісі деп қарауға болады. Сөйлеу стилъдері әр уақытта жанрлармен байланысты болып келеді.

Тіл стильдері, сөйлеу стильдері, сөйлеу жанрлары арасындағы тәуелділікті мынадан байқауға болады. Тіл стильдері сөйлеу стильдерімен сәйкесті болса, соңғыларының нақты көрінісі сөйлеудің әртүрлі композициялық формаларында немесе жанрларында жүзеге асады. Стиль тілді қолданудың нақты үлгісі болғандықтан, онда ұлттық тілдің ерекшеліктері де көрініс табады.

Көне дәуірлерде-ақ шешендер, жазушылар, ғалымдар мынаны байқаған: тілдік құралдардың қайсы бір түрін таңдау қарым-қатынастың шартына, сипатына, тақырыбына, міндетіне байланысты туындап отырған. Тіл құралдары бұл тұрғыдан грамматика заңдарына ғана сәйкес болмай, қарым-қатынастың жағдайлары мен мақсатына да сәйкес болып келуі керек. Соған байланысты тіл құрамында бірте-бірте қолданыстың мақсаты мен саласына сәйкес туындайтын ерекшеліктер қалыптаса бастайды.

Көне Рим қайраткері Цицерон былай дейді: «Адамның қоғамдағы жағдайына, қызметіне, ықпалына, жас ерекшелігіне қарай бірдей стилъ қолданылмайтыны сияқты, кез келген уақыт пен кез келген орында да бірден стильді қолдануға болмайды. Өмірдің бел-белесіндегі сияқты, сөзінің әр бөлшегінде де оның орынды айтылуына көңіл бөлу керек, бұл сөз болатын істің мән-жайына, сөйлеуші мен тыңдаушыға да байланысты болады» [9, 196].

Көне замандарда сөйлеудің (сөздің, стильдің) үш түрін ажыратып қарады: төмен стиль, бұл - өсиет, ақыл айту, бағыт беру үшін; орта стиль, бұл - сөйлесу, әңгімелесу үшін; жоғары стиль, бұл — тыңдаушыға ерекше әсер ету үшін қолданылды.

Көне тіл, стиль теориясының бұл қағидалары Еуропада риторика мен стилистиканың дамуына өз әсерін тигізді.

Мысалы, 18 ғ. француз академиясы стильдерді былай топтастырады: жоғары стиль - классикалық трагедия, ода, ораториялар; қазіргі стиль - роман, повестер; фольклор стилі (қарапайым стиль) - комедия, мысал, әзіл-сықақтар.

Ресейде орыс әдеби тілі стилистикасын дамытуда М.В.Ломоносовтың еңбектері (үш стиль теориясы) зор рөл атқарды. Орыс сөздерін «қарапайым халықтық, төмен» және оқыған адамдардың ауызша сөйлеуде қолданылатын сөздері деп бөлді. Әр стильдің нормасын белгілеп, қолдану аймақтарын көрсетті.

«Функционалды стиль» ұғымы - қазіргі стилистикадағы негізгі ұғым. Функционалды стильдер тілдің қолданысымен, қызмет етуімен тікелей байланысты, яғни шынайы сөйлеуде, мәтінде көрінеді. Функционалды стильдерде әртүрлі тілдік деңгейлердің тұлға-бірліктері мен олардың стильдік бояуға ие түрлері белгілі бір қатынас саласында қызмет ету міндеттеріне сәйкесті түрде бірігеді. Функционалды стильді В.В.Виноградов былай анықтайды: «Стилъ - бұл жалпыхалықтық, жаллыұлттық тілдің белгілі бір саласында тілдік қарым-қатынас құралдарының сұрыпталып тіркесу, қолдану тәсілдерінің қоғамдық тұрғыдан қабылданған, функционалдық тұрғыдан шартталған, іштей біріккен жиынтығы. Ол басқа мақсатқа қызмет ететін, басқалай қызмет атқаратын өзі сияқты бейнелеу тәсілдерімен бір қатарда тұрады» [10, 73].

Функционалды стильдердің қалыптасуына әсер ететін факторлар тілден тысқары (экстралингвистикалық) және таза тілдік болып екі топқа бөлінеді. Функционалды стильдерді сипаттауда олардың екеуі де ескеріледі.

Тілден тысқары стиль құраушы әсерлерге қоғамдық сана формасы және соған тән ойлау түрі, сөздің ауызша не жазбаша көрінісі, сөздің жанрлық ерекшелігі, қарым-қатынастың түрі (көпшілік не жекелік), баяндау түрі (әңгімелеу, суреттеу, ойталқы), жағдаяттық-қоғамдық факторлар (сөздің тоны, сөйлеу актісінің түрі, тыңдаушы ерекшелігі) т.б. жатады. Бұлар объективті факторларды құраса, автор ұстанымы, оның даралығы сияқты субъективті факторлар да болады.

Бұл факторлардың барлығы да сөз сипатына тікелей әсер етеді, бірақ олардың стиль құраушылық дәрежелері бірдей емес.

Тілдің негізгі қатысымдық (коммуникативтік) қызметінен өзге де қызметтері бар екені белгілі. В.В.Виноградов функционалды стильдерді топтастыруда осы қызметтерін басшылыққа алады. «При выделений таких важнейших общественных функций языка, как общение, сообщение и воздействые, могли бы бытъ в общем плане структуры языка разграничены такие стили: обиходно-бытовой стилъ (функция общения); обиходно-деловой, официалъно-документалъный и научный (функция сообщения); публицистический и художественно - беллетристический (функциявоздействия)» [11, 6]. Алайда, тіл қызметтерін бұлай бөлу өте жалпылама және стиль түрлері де олардың ауқымына сыя бермейді. Негізгі стиль құраушы факторлар функционалды стильдердің жүйелілігін қамтамасыз етеді. Стиль жүйелілігінің негізіне оны құрайтын тілдік бірліктердің бір мақсат негізінде өзара тығыз байланысып бірігуі жатады. Мысалы, ғылыми стильде жалпылама, дерексіз мәңге ие бірліктер белсенді рөл атқарса, көркем стильде керісінше, көркем-бейнелі тілдік нақтылыққа ие бірліктер маңызды болады.

Тілдің өзінде, бір жағынан, стильдік тармақтарға жіктеліп дамыған сайын белгілі бір функционалды стильге тән тілдік құралдар тұрақтала түседі. Екінші жағынан, функционалды стильде оны құраушы факторлардың әсерімен тілдік бірліктердің белгілі дәрежедегі өзгерісі, ауысуы жүзеге асады. Соның нәтижесінде бір тілдік бірліктің өзі қай стильде қолданылуына қарай мағынасы жағынан функционалдық сипатқа ие болады.

Мысалы, етістіктің осы шағы барлық стильдерде де қолданылады, бірақ әр қайсысындағы мағынасы бірдей емес. Іс қағаздары стилінде осы шақтың бұйыру, талап ету мәні алдыңғы қатарға шығады («Мәжіліс сағат 10-да басталады», «Мердігер жұмыстың сапасына жауап береді»). Көркем стильде осы шақтың тарихи осы шақтық мәні күшейеді («Қазір Ербол мініп келген семіз көк атқа кәшаба шана жегіп, екі жігіт қатар отырып, сар желдіріп келеді»). Ал ауызекі сөйлеу стилінде қарым-қатынас сол мезетте жүзеге асатындықтан дәл осы шақтық мағына орын алады.

Қазіргі кезде стилистика ғылымында функционалды белгісі жағынан стильдердің бес түрі ажыратылады. Олар: ғылыми, ресми, публицистикалық, көркем сөз және ауызекі тұрмыстық сөйлеу стильдері. Функционалды стильдердің әрқайсысы стилішілік тармақтарға жіктеледі. Мысалы, ғылыми стильдің таза ғылыми, ғылыми-оқулық, ғылыми-көпшілік сияқты тармақтары болса, ресми, іс қағаздары стилінің де ұйымдық, өкілеттік, анықтамалық-ақпараттық сияқты тармақтары бар, сол сияқты публицистикалық стиль де іштей жанрлық ерекшеліктеріне қарай көптеген түрге жіктеледі.

Тілдік қолданыста функционалды стильдердің әр түрінің элементтері араласа жұмсалып, көп қабатты стильдік құбылыстар да пайда болады. Бұл жағдай стильдердің өзара әсері және олардың өз ішінде ұсақ жанрларға жіктелісі нәтижесінде жүзеге асады. Сөйтіп, тілде функционалды стильдік және стилішілік жіктеліс өте күрделі, сан тармақты болып келеді.
1.5. Функционалды стильдердің тілдік сипаттамасы

Функционалды стильдер тілден тысқары (экстралингвистикалық) жағдайлардың негізінде жасалады. Алайда стиль тілдің (сөздің) бір түрі болғандықтан, ол тілдік (лингвистикалық) жағынан да сипатталады, яғни әр стильге тән, оның ерекшелігін белгілейтін тілдік құралдар болады.

Стиль құрайтын тілдік құралдар екі топқа бөлінеді. Біріншісіне тілдің стилистикалық парадигматикасын құрайтын тілдік құралдар (стилистикалық бояуға ие құралдар, стилистикалық синонимдер мен варианттар) кіреді. Екіншісіне функционалды-тілдік құралдар жатады, яғни әр стиль түрінде басым қолданылатын тілдік құралдар болады. Функционалды стильдер стилистикалық бояулы және функционалды-тілдік құралдар мен бейтарап тілдік құралдардың бірігуі арқылы жасалады. Осы тұрғыдан функционалды стильдердің ерекшелігі төмендегідей сипатқа ие болып келеді.

Ғылыми стильдің стилистикалық бояуы бірыңғай сипатқа ие. Олар негізінен жазба тілге тән сөздер, морфологиялық тұлғалар, синтаксистік құрылымдар болып келеді. Функционалды-тілдік құралдардан мағынасы жалпыланған, дерексізденген сөздер мен грамматикалық тұлғалар көбірек қолданылады: дерексіз сөздер, етістіктің уақыттан тыс осы шақтық тұлғасы, есімдіктің көпше түрі (мен емес, біз түрінде қолдану) және соған сәйкес баяндауыш тұлғасы т.б.



Ресми іс қағаздар стилі стильдік бояуы жағынан ғылыми стильге жақын, алайда оған қарағанда біртектес және синтаксисі бірқалыпты болып келеді. Оған қарапайым сөздер, ауыс мағыналы, бейнелі сөздер, теңеу т.б. тән емес. Функционалды-тілдік құралдардан ресми тональділікке ие сөздер, мысалы, кеңсе ісіне тән сөздер, етістіктің тұйық, бұйрық рай тұлғалары т.б. тән.

Ауызекі-тұрмыстық сөйлеу стиліне қарапайым сөздер, эмоциялық бояуға ие сөздер тән. Ауызша сөйлеу оның синтаксистік құрылымына да әсер етеді; толымсыз сөйлемдер, аяқталмаған сөйлемдер көп қолданылады. Функционалды тілдік құралдардан оған нақты мәнге ие сөздер, етістіктің нақ осы шақ тұлғасы т.б. тән.

Көркем сөз стилі функционалды стильдердің ішінде ерекше орында тұрады. Тілдік құралдарының стилистикалық бояуы өте кең, бай және әр түрлі болып келеді. Көркемдік мақсатқа барлық тілдік құралдар қызмет етеді.

Публицистикалық стиль де әртүрлі стильдік бояуға ие тілдік құралдардың кең қолданысымен ерекшеленеді. Олардың ара қатынасы шығарманың жанры мен стиліне байланысты. Мысалы, очерк жанры көркем стильге жақын болса, ақпараттық мақала іс қағаздары стиліне жақын.

Жалпы, бір тілдік құралдың өзі барлық стильде де қолданыла беруі мүмкін, бірақ олардың рөлі әрқайсысында әр түрлі болады. Сондықтан әр стиль басты және қосымша белгілерге ие: мысалы, ғылыми стильдің басты және тұ-рақты белгісі - терминдердің көп қолданылуы болса, бейнелілік -көркем сөздің басты белгісі.

Сөйтіп, функционалды стильдің әрқайсысы өзіндік тілдік құралдарының ерекше жүйесімен сипатталады.

Функционалды стильдерге байланысты айтылғандарды жинақтай келгенде мынадай қағидалар басты назарда болады:

- функционалды стильдер - тілдік құралдардың бейтарап және стилистикалық бояуға ие түрлерінен құралатын жүйелер;

- стильдер тұйықталған емес, өзара байланыста, қатынаста болып, бірінен-біріне өте береді;

- стильдер тілден тысқары (қатынас саласы, сөйлеу жағдайының сипаты, сөйлеу актісіне қатысушылардың саны т.б.) және лингвистикалық факторлардың әсерінен пайда болады;

- белгілі бір стильдің ерекшеліктерін зерттеу тілден тысқары жағдайларды ескерумен бірге әр деңгейдің (фонетикалық, лексикалық, грамматикалық) тілдік құралдарын қарастыруды қажет етеді;

- функционалды стильдер одан әрі ұсақ стильдік (стилішілік) тармақтарға бөлінеді.

1.6. Функционалды стильдердің стильдік белгілері

Әрбір функционалды стильдің өзіндік белгілері болады, олар тілдік бірліктердің белгілі бір түрлерінен және сол стильдің өзіне тән жүйелік ерекшелігінен құралады. Алайда, ол ерекшеліктер көп емес және кейбір жақтарынан бірнеше стильге ортақ та болып келеді.

Функционалды стильдерге тән стильдік белгілерге дұрыстық, дәлдік, бейнелілік, қисындылық, анықтық, мәнерлілік, деректілік, дерексіздік, көп мағыналылық, бір мағыналылық, стандарттылық жатады. Бұлардың кейбірі қай стильге жататынына қарамастан жалпы нормативтік сипатқа ие. Мысалы, кез келген сөз дұрыс, анық, қисынды, дәл, белгілі дәрежеде мәнерлі болуы керек. Бұлар жалпы әдеби тіл нормасына қойылатын талаптар. Бірақ олардың кейбірінің мәні функционалды стильдердің түрлеріне қатысты бірдей сипатта түсіндірілмейді, бір стильдегі бір белгі екінші стильдегі сол белгіге сәйкес келмейді. Басқаша айтқанда, әр стильдің өзінің дәлдігі, өзінің қисындылығы, өзінің бейнелілігі бар, белгілі дәрежеде олар бір-біріне қарама-қарсы да қойыла алады.

Мысалы, көркем сөз стиліндегі дәлдікті іс қағаздарындағы дәлдікпен бірдей деп қарауға болмайды. Көркем сөздегі дәлдік - образды бейнелеудегі дәлдік, бұл тұста ол шеберлікпен астасып жатады. Көркем шығармадағы сөз мазмұнын әр оқырман өзінше түсініп жатуы қалыпты жағдай, тіпті, мұны сол сөздің көркемдігі деуге болады. Ал, іс қағаздарындағы дәлдік - бұл сөздің бәріне ортақ бір ғана мағынада жұмсалуы. Мысалы, заң мәтінінде сөзді өзге мағынада түсіну немесе түсіндіру адам тағдырын шешуде зардабы ауыр жағдайларға әкеліп соқтыруы мүмкін. Сол сияқты ғылыми стильдің де өзіндік дәлдігі бар. Мысалы, белгілі бір ғылыми теорияны әр түрлі

көзқарастағы адамдар әр түрлі түсіндіреді. Ғылымда ғылыми зерттеулердің нәтижелерін сыни көзқараспен қабылдап, оны тәжірибе арқылы сынақтан өткізу, содан кейін ғана бұлтартпас қағида ретінде ұсыну орныққан.

Стильдік белгі ретіндегі қисындылықты да әр түрлі түсінуге болады. Жалпы, қандай сөз болмасын қисынды болу керектігі түсінікті, алайда көркем сөзде бұған қарама-қарсы келетін жағдайлар да болуы мүмкін, мұндағы қисындылық тағы да көркем бейнемен, оның сомдалуындағы қисындылықпен, шеберлікпен («қиыннан қиыстырар ер данасы») байланысты. Ал, ғылыми шығарманың қисындылығы бұлтартпас дәлелге, бірінен бірі туындап отыратын шындыққа құрылатындықтан, ғылыми мәтіннің тілдік құрылымы да соған сәйкес келетін лексикалық, синтаксистік бірліктерден таңдалып, сұрыпталып алынады. Іс қағаздарына келетін болсақ, оның мазмұны талқылауға, дәлелдеуге емес, орындалуы тиіс талап-тілектерге, міндет-тілікке құрылатындықтан, ондағы қисындылық та мазмұды жағынан болсын, бейнелеу тәсілдері жағынан болсын басқаша сипатта болады.

Бейнелілік туралы да осыны айтуға болады. Көркем сөздің бейнелілігі -эстетикалық сипаттағы, дараланған, ешқашан қайталанбас нақты бейнелілік. Ғылым тілінде де бейнелілік жоқ деуге болмайды. Бірақ табиғаты мен қызметі жағынан екеуіндегі бейнелілік екі түрлі.

Ғылыми танымға бейнелілік о бастан тән, бейнелі ойлау ғылыми шығармашылықтың айнымас қасиеті. Алайда, көркем сөздегі бейнеліліктен ерекшелігі - ол типтенген, жалпыланған, дерексізденген сипатқа ие. Қоғам мен табиғаттағы жалпы зандылықтарды ашатындықтан, ғылым тіліне нақтылық, жекелік, даралық сияқты белгілер тән емес, бұл - ғылыми стильдің ерекшелігін құрайды. Әрине, әр түрлі ғылым салалары өкілдерінің ішінде тілі даралық сипатқа ие, бейнелі, көркем тілде жазатын ғалымдардың да болатынын айту керек. Ол ғалымдардың өздерінің мүмкіндіктеріне байланысты.

Әдетте, функционалды стильдер жоғарыдағы белгілердің бірінде бар, бірінде жоқ болуымен, олардың бір-біріне қарама-қарсы қойылуымен сипатталады, соған орай бір-бірінен ерекшелінеді (бейнелі - бейнелі емес, дараланған - жалпыланған, көп мағыналы - бір мағыналы, шаблонды -шаблонды емес). Сонымен қатар, функционалды стильдердің ерекшеліктері стильдік белгілердің иерархиялық қатынасымен, бастапқы және кейінгі, негізгі және қосымша дәрежелі болу сипаттарымен анықталады. Мысалы, іс қағаздарында дәлдік (бір мағыналық), міндеттілік сипат негізгі де алғашқы белгілердің қатарында болса, шаблонға құру, тұрақтылық, маңыздылығы кем болмағанмен, екінші дәрежелі стильдік белгі. Соңғысы қоғамдық сана ретіндегі іс қағазы түрінің өзіңе тән емес, бірақ оның пайда болуының алғышарты ретінде қаралады. Өйткені стандарттылық, тұрақтылық іс қағаздарын жүргізуді жеңілдетеді, сондықтан ол қажеттіліктен пайда болған. Осы жағдай іс қағаздары мәтінінің тілдік ерекшелігін де қалыптастырған.

Жоғарыда айтылған жайлар әр стильге тән тілдік белгілерді, бір жағынан, тілден тысқары жағдайлармен, екінші жағынан, оларды белгілеуші тілдік құралдармен байланыстыра қарау қажеттігін көрсетеді.




Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет