Пәндік үйірме жұмыстары сабаққа қарағанда бағыты, мазмұны, ұйымдастыру тәсілі мен уақыт өлшемі тұрғысынан өзіндік ерекшеліктері бар. Олар оқушылардың қызығушылығы мен пәндерге бейімділігін дамытуда және тапсырылған жұмыстарды нәтижелі орындауға қолайлы жағдайлар туғызып отырады. Сонымен қатар оқытудың өмір мен байланысын қамтамасыз ету, пән аралық байланысты нығайтуға ықпалын тигізеді.
Оқушылардың пәндік үйірме жұмыстары оқыту процесін жандандырып, оның сапасын көтеруге әсер етеді.
Үлгере алмаушылықты жою үшін жеке немесе бір топ оқушылармен қосымша және консультация сабақтары да ұйымдастырылады.
Сынақ жұмыстарын жоғары сынып оқушыларына енгізудегі мақсат – бағдарламадағы теориялық білімдерді күшейту, бекіту және оқыту процесінде оқушылардың жоғары белсенділіктерін, жауапкершілігін, дербестігін орнықтыру.
Сынақ жұмыстары өзінің ұйымдастыру ерекшелігіне сай оқу жұмысынан тыс оқушылардың өздігінен білім алуын жалғастыруға ықпал етеді.
Сынақ жұмысы, ереже бойынша бағдарламаның негізгі бөлімін, тарауын оқып болғаннан кейін жүргізіледі. Мұғалім оның өткізу мерзімін, тақырыптары мен талқыланатын сұрақтарын оқушыларға алдын ала хабарлайды.Оларға жеке дара тапсырмалар беріп, қосымша әдебиеттерді оқу тапсырылады және қосымша сабақ өткізіледі.
Сынақты ұйымдастыру оқушылардың жеке жауаптары, бақылау және топтық практикалық–лабораториялық жұмыстары, тақырып бойынша шығарма және баяндама жазу түрінде жүргізіледі.
Үйдегі оқу жұмысы
Оқушылардың үйде өз беттерінше орындайтын оқу жұмыстары сыныпта өткен сабақтардың жалғасы ретінде саналады. Сондықтан да оны кей жағдайда оқыту процесінің бір компоненті ретінде қарастырады.
Оқушының үйдегі оқу жұмысын сыныптағы оқу жұмысымен жалғастырып, толықтырып отырса, онда олардың алған білімдері терең және берік болады. Оның маңызы оқыту жұмысын ұйымдастырудың сабақтың басқа түрлеріне қарағанда ерекше. Бұл жұмыстың танымдық қызметімен бірге оның тәрбиелік мәні де зор. Себебі, үй жұмысын күнделікті орындау барысында оқушылардың дербестігі, ойлау қабілеті артып, өздігінен білім алуға жүйелі түрде дағдыланады. Олар өзінің оқу жұмысын жоспарлауға, қажетті оқу материалын жинақтауға дағдыланады, сабақта алған білімдері мен біліктіліктерін өзіндік еңбекте қолдана білуге жаттығады, өзін–өзі бақылау және кітаппен жұмыс істей білу тәсілдерін меңгереді, оқудың әртүрлі амал–тәсілдерін қолдана отырып, өз бетінше баяндама жасауға дайындалады. Соның негізінде білім мен біліктілік өте берік меңгеріледі, оқушының ақыл–ой әрекетінің жеке дара дәстүрі қалыптасады.
Оқушының үйдегі оқу жұмысын дұрыс ұйымдастырудың мынадай шарттары бар:
Үй тапсырмаларын бергенде мұғалім оларды орындаудың қандай тиімді әдіс–тәсілдерін қолдануға болатыны туралы жақсылап нұсқау беруі қажет.
Үйге берілетін тапсырмалар оқушыларды қызықтыратындай болуы және өмірмен, олардың іс–тәжірибелерімен байланысты болғаны жөн.
Үй тапсырмасы оқушының бәріне бірдей бірыңғай мазмұнда емес, мүмкін болған жағдайда бірнеше нұсқада (вариант) болғаны пайдалы.
Үй тапсырмасының мазмұны шығармашылық сипатта болғаны жөн.
Үйдегі оқу жұмысының табысты болуы, көбінесе сабақта мұғалімнің үй тапсырмасын орындау тәсілін оқушыларға тыңғылықты етіп түсіндіруіне байланысты.
Үй тапсырмасының көлемін белгілеуде мұғалім оқушылардың жас ерекшеліктері мен таным қабілеттерін ескергені жөн.
Үй тапсырмасын тексеру және бағалау барысында мұғалім, оның орындалу сапасына айрықша мән беріп, жетістігі мен кемшілігіне оқушылардың назарын аударып отырғаны жөн.
Мұғалімнің берген бағасы әділетті болса, онда ол оқушының ынтасын арттырып, үй тапсырмасын тыңғылықты орындап отыруғы септігін тигізеді.
Мұғалімнің бағалауы оқушылардың өзін–өзі бағалауымен ұштастырып отырса ғана ол жемісті болмақ.
Жоғарыда аталған шарттардың тиянақты орындалуын ескеру мұғалімдер үшін аса қажет болмақ.
Мұғалімдер тарапынан оқушыларға шамадан тыс үй тапсырмасын тапсыруды болдырмау және олардың жас ерекшеліктері мен таным қабілеттерінің мүмкіншілігін ескеру мақсатын көздей отыра, Оқу министірлігінің нұсқауы бойынша әр сыныпта үй тапсырмаларын орындауға берілген уақыт мөлшері мынадай болып белгіленген:
I-II сыныптарда –1 сағат;
III-IV сыныптарда –1,5;
V-VIII сыныптарда –2 сағат;
IX-X сыныптарда –2,5 –3 сағат.
Сонымен қатар, оқушылардың сенбі және жексенбі күндері бос болуы үшін дүйсенбіге тапсырма берілмейді. Үй тапсырмалары мұғалімнің қатысынсыз орындалатын болғаннан кейін, олар ата–аналармен тығыз қарым–қатынаста болып, оларға оқушылардың үйде орындайтын жұмыстарына көмектесіп отырулары үшін үнемі әдістемелік тұрғыдан басшылық жасап отырғаны жөн.
Ол үшін әрбір оқушының үйлерінде тұрақты жұмыс кестесі болуы тиіс. Осы кесте бойынша оқушылар күнделікті үй тапсырмаларын орындап отыруға дағдылануы қажет. Оны ата–аналар ұйымдастырып, бақылап, жағдай жасап отыру тиіс.
Үй тапсырмасын орындар алдында оқушы бір мезгіл таза ауаға шығып демалып, дер кезінде тамақтанып, тынығып және уақытылы ұйықтап тұрса баланың оқу жұмысын жақсы ұйымдастыруға тигізер әсері мол.