Егемендi Қазақстандағы жер қатынастары. Қазақстан Республикасының жер қатынастарының нарық талаптарына сай дамуы Төртінші кезең қазіргі кезең. Қазақстан Республикасы өзінің мемлекеттік егемендігін алғаннан бастап, өте қысқа уақыт аралығында жер қатынастары саласы көптеген өзгерістерге ұшырады, яғни жаңа жер құқықтық құрылым пайда болды. Жерге тек қана мемлекеттік меншік құқығы мен тегін жер пайдалану құқығының орнына жерге мемлекеттік меншікпен қатар, жеке меншік құқығы да танылып, жерге ақы төлеу енгізілді және өзге жер құқықтық өзгерістері орны алды.
Қазақстан Республикасы егемендігін алғанна кейін мемлекет аумағында біраз уақытқа дейін ССРО кезінде қабылданған заңдар әрекет етті. ҚазССР-ің 1990 жылы 16-қарашада қабылданған Жер кодексі төмендегідей ережелерді дамытты:
• республика территориясында 5-жылдан астам өмір сүрген азаматтарға, шаруа қожалықтары, бау-бақша және мал шаруашылығы, құрылыс және тұрғын үйге қызмет ету, саябақ құрылыстары, ұлттық әдет-ғұрып кәсіп ету және қолөнер үшін өмірбойы мұрагерлік құқықта иеленуге жер бөліктерін беру туралы;
• азаматтарға берілетін жер бөліктеріне қойылған шектерді алып тастау туралы;
• жер пайдаланушылардың әрекеттеріне мемлекет, шаруашылықтық, ұйым және басқа да ұйымдар тарапынан араласуға тыйым салу туралы;
• жер иелерімен Жер пайдаланушылардың: жерде ерікті шаруашылық жүргізуіне; ауыл шаруашылығымен айналысудан өндірілген өнімдерге және оларды өткізуден түскен меншік құқығын бекіту құқықтарын заңдандыру туралы;
• жерді жалға беру туралы;
• жер қатынастарын реттеуге байланысты жергілікті жерлердегі өкілдер және атқарушы билік ұйымдарының биліктері туралы қаралды;
• жерге төленетін төлем ақы белгіленді;
• жер дауларын шешуде сот органдары билігінің ролі күшейтілді;
• ҚазССР-нің Жер кодексінде алғаш рет “социалистік” немесе “бүкіл халықтық” меншік деген ұғымдар қолданылудан шығарылды.
1991 жылы 28 маусымда Жер реформасы туралы заң қабылданды да, оның мақсаты жер қатынастарын қайта құру болды. Бұл заңның негізгі мақсаттары жерге иелік етудің әртүрлі нысанының нәтижелі әрекет етуіне құқықтық, экономикалық және осы негізде ауыл шаруашылық өнімдерін тұрақты өсіріп тұруға жету болып табылады.
Жер реформасының негізгі бағыттары төмендегідей болды:
• жерді ұтымды қолдану мүддесінен байланысты оны бөлу үшін арнайы жер қорын жасау;
• мемлекеттік ауыл шаруашылық кәсіпорындарының мүлкін жекешелендіру болған жағдайда жерді қайта бөлу;
• ауыл халқы тұратын пункттердің шекарасын анықтау;
• жер учаскелерін пайдалану құқығы құжаттарын рәсімдеу және қайта рәсімдеу.
Азаматтар үшін арнайы жер қорларындағы жерлерден бірінші кезекте шаруа қожалығы және жеке үй шаруашылығын, бағбандық, саяжай және мал шаруашылығын жүргізу қамтамасыз етілді. Ол қор жерді ұтымсыз пайдаланған және нашар жұмыс істейтін ауыл шаруашылық кәсіпорындарымен ұйымдардың есебінен құрылды. Бұл үшін заңда жерді ұтымсыз пайдаланушы субъектілерден жерді алудың құқықтық механизмі бекітілді. Бұл норма жерді ары қарай ұтымды пайдалануды жүзеге асыру мүддесі тұрғысынан бекітілген еді.
Елімізде нарықтық қатынастардың кеңінен қанат жая алмай отыруына, бір жағынан жер нарығының қалыптаспауы әсер етті. Сондықтан да, Қазақстан Республикасы Президентінің 1994 жылдың 24 қаңтарындағы “Жер қатынастарын реттеудегі кейбір мәселелер туралы” және 1994 жылдың 5 сәуірінде жарық көрген “Жер қатынастарын одан әрі жетілдіру туралы” Жарлықтарының жарық көруі, біздің еліміздің тарихында бұрын-соңды болмаған нарықтың жаңа нышандарын енгізді. Бұның өзі егер сол кезеңде жер тек қана мемлекеттің меншігі болғанын ескерсек, төңкерістік қадам болды. Аталған Жарлық бойынша мыналар белгіленді:
• азаматтар, өзіне тиісті өмірлік мұрагерлік жолмен берілген жер учаскелерін сатуға, сыйлауға, жалға және кепілдікке, басқа азаматқа немесе заңды тұлғаға сатуға мүмкіндік алды;
• заңды тұлға (егер олардың меншігі мемлекеттің иелігінде болмаса) өздеріне тиісті жер учаскесін пайдалануға, жалға беруге, сатуға және жер пайдалану және жалдау құқығын басқа азаматқа не заңды тұлғаға жалға, не кепілдікке беруге құқылы;
• азаматтар өздеріне тиісті өмірлік иелену құқығын, ал заңды тұлғалар өздеріне тиісті пайдалану құқығын, сонымен қатар жер учаскесін пайдалану және жалдау құқығын серіктестікке, кооперативке, сонымен қатар, шет елдіктердің қатынасуымен болатын, сондай-ақ, акционерлік қоғамның жарғылық капиталына төлем ретінде беру мүмкіндіктерін алды.
Жер қатынастарының ары қарай дамуы “Жер туралы” Жарлықта көрініс тапты. Азаматтар мен мемлекеттік емес заңды тұлғалардың жеке меншігінде өзінің мақсатына сәйкес үйлер мен ғимараттарды қамтуға арналған жерлерді қоса алғанда, құрылыс салуға берілген (берілетін) немесе өндірістік және өндірістік емес, оның ішінде тұрғын үй-жайлар, үйлер, ғимараттар және олардың кешенді салынған жер учаскелері бола алатыны толық түрде заңдастырды. Дегенмен, Президент Жарлығының ережелерін анализдеу жерге жеке меншікті енгізу жеке мақсат көзделмейтіндігін көрсетеді.
Нарықтық экономикаға өтумен байланысты жерге әртүрлі меншік құқығының пайда болуы, жер пайдаланудың ақылығы, жердің жылжымайтын мүлік ретінде мәртебесінің өзгеруі жер реформасын жүргізудің және жер қатынастарын қайта құрудың объективтік қажеттілігі ретінде танылады. Жер қатынастарын реформалау процессі ұзақ, күрделі және кезеңді дамуды талап ететін процесс болып табылады. Мемлекет тәуелсіздігін алғаннан бастап он алты жылда жер қатынастары айтарлықтай өзгеріске ұшырады. Жер реформасы өзгеріске ұшырай отырып, өз алдына көптеген бағыттар мен мақсаттарды анықтады. Қазақстан Республикасының егемендік алғаннан кейінгі жер қатынастары саласындағы қабылданған заңдарды саралай отырып, келесідей негізгі бағыттары мен мақсаттарын бөліп алуға болады:
1. Жаңа жер құрылымына өту – жер пайдаланудың жаңа жүйесін құру мен қалыптастыру;
2. Жер жылжымайтын мүлкіне құжаттарды рәсімдеу – заңды және жеке тұлғалардың жер учаскелеріне жер-кадастрлық істерін қалыптастыру;
3. Мемлекеттік жер кадастрын құру және жүргізу;
4. Жер нарықтық қатынастарын жетілдіру – жерге ақы төлеудің механизмін қалыптастыру;
5. Жерге ақы төлеудің заңнамалық базасын және ғылыми-әдістемелік қамтамсыз етуді дайындау;
6. Жер мониторнигісін жүргізу, жерді пайдалану мен қорғауға мемлекеттік бақылау жасау;
7. Жер пайдалану мен қорғаудың экономикалық тетіктерін енгізу және оларды тиімді қолдануды жетілдіру;