Тіл мәдениетінің өлшемдері мен оған қойылатын талаптар
«Ана тілін жақсы білу — әркімнің азаматтық борышы. Егер әр бір сөзді орнымен жұмсай біліп, айтқан ойы мазмұнды, нысанаға дәл тиетіндей ұғымды шығып, тыңдаушысын баурап алардай әсерлі болса, ана тілінің құдіреті сонда ғана сезілер еді. Ал мұндай шеберлік тек тіл мәдениеті жоғары адамдардың ғана қолынан келер жайт» — деп тұжырымдайды М.Балақаев Көптеген зерттеуші, ғалымдардың еңбектерін, мерзімді баспасөз ақпараттарын талдай келе, оқушылардың тіл мәдениеті деңгейін анықтау мақсатында жүргізілген сауалнама, әңгімелесу, байқауларды негізге ала отырып, бүгінгі күнгі оқушылардың сөз саптауы көңіл аударарлық, көпшілігінің тіл мәдениеті төменгі деңгейде деген қорытындыға келдік.
Зерделеудің келесі кезеңінде қазіргі оқушы жастардың тіл мәдениеті деңгейінің төмен болу себебін іздестірдім. Жазушы Ә. Әбішев бұл туралы былай дейді: «Жастар ізденбейді, ағаларын оқымайды, олар қазақ әдебиетін оқымайды… Жастар сөйлемді әтейі бұзып жазады, олар ерекшеліктің белгісі түсініксіз жазу деп ойлайды… Тіл мәдениетінің төмен болуына ғылыми-техникалық прогрестің де әсері бар», — десе, И. Нұғыманов: «Оқушылардың тілінде болатын кемшіліктердің себептері:
1. Ортаның әсері; а) оқушының сөйлеуіне жергілікті тіл немесе басқа тіл әсер етеді, ә) көшенің әсері (дөрекі, былапыт тіл), б) пән тілінің нормаларын жақсы меңгермеген мұғалімнің әсері;
2. Сөйлеу дағдыларының жоқтығы (мектептің тіл дамытуға немқұрайлы қарауы);
3. Жекелеген оқушы тіліндегі кемшілік (сақаулық, быдықтық, мыңғылдық, т.б.)» — деп көрсетеді.
Сондай-ақ М. Балақаев, Т. Қоңыратбаев, С. Қирабаев, Ш. Беркімбаева, Н. Уәлиев тағы да басқа ғалымдардың зерттеулерін негізге ала отырып, оқушы жастардың тіл мәдениетінің төмен болуының себептері деп, төмендегілерді сараладым:
1. Көркем әдебиет оқуға деген оқушылардың қызығушылығының төмендігі. Тіл мәдениетіне жастарды тәрбиелеу көркем әдеби шығармаларын көптеп оқумен байланысты. Көркем әдебиетті аз оқитын адамның сөздік қоры аз болады, соған орай олардың сөйлеу мәдениеттілігі мен өз ойын логикалық баяндауы да төмен екендігі байқалады;
2. Мәдени орталықтарға бару, ол туралы пікірлесудің өте сирек кездесетіндігі;
3. Ата-аналардың балаларының тіл мәдениетіне жете мән бермеушілігі;
4. Тілдік ортаның әсері;
5. Тіл мәдениетін қалыптастыруды тек қазақ тілі сабағына міндеттеп, басқа пәндерді бұл мәселеден мүлдем бөліп тастаушылық;
6. Бастауыш сыныпта казақ алфавитін терең меңгермегендігін ескермей, орыс тілі, шетел тілі пәндерін қосып үйрету. Бірнеше тілді игеру ауыр тиетіндігіне көңіл бөлінбеу;
7. Кей мүғалімдердің өздерінің тіл мәдениетінің төмендігі. Мұғалімнің оқушы алдында сөйлейтін сөзін ешбір оқулықпен айырбастауға болмайды. Оқушы мұғалімді тыңдағанда одан білім алумен қатар сұлу, көркем, анық, түсінікті сөйлей білуге үйренеді;
8. Отбасы тәрбиесінде ұлттық педагогиканың, халық ауыз әдебиеті үлгілерінің тар шеңберде қолданылуы;
9. Мұғалімдердің көпшілігінің бұл мәселеге арнайы көңіл бөлмеуі т.б.
Жалпы тіл мәдениетіне қойылатын талаптар қандай, әрбір мәдсниетті адам мәдениетті сөйлеу, қарым-қатынас жасау үшін нені меңгеруі керек деген сұрақтар туындайды. Зерттеуші М.Балақаев өзінің тіл мәдениетін тереңінен зерттеген еңбектерінде тіл мәдениетінің негізгі принципі деп сөйлемдердің, жеке сөздердін тыңдаушыға, оқушыға бірден түсінікті болу керектігін көрсетеді. Зерттеуші жазуда, сөйлеуде адам ойына қажетті сөз таңдағанда олардың стильдік ерекшелігтерін ескеруді айтады. Тілдік норманы қалыптастыру, сауаттылық, тіл тазалығы, сөздерді дұрыс айтым, дұрыс жазу тіл мәдениетінің басты талаптары ретімде тұжырымдалады.
А. Жапбаров тіл мәдениетінің жоғары болуына мынадай талаптар кояды:
— сөздің жүйелі, анық, түсінікті болуы;
— сөздің тілдегі орфоэпиялық, грамматикалық, лексикалық нормаларға сай дұрыс құрылуы;
— сөздердің қажет еткенде бейнелі, көркем, эмоциялы болуы;
— сөздердің тыңдаушы немесе оқушының жағдайына, ортаның қажеттілігіне сай болуы.
Осы сияқты көптеген зсрттеушілер, ғалымдар, педагогтардың ой-тұжырымдары мен пікірлсрін қарастыра келе тіл мәдениетіне қойылатын талаптарды төмендегідей сараладық:
— сөйлегенде тілдегі дыбыстарды дұрыс, анық айту;
— сөйлеу әуені, қарқыны, дауыс күші мен кідірісті сақтау;
— екпіннің түсуін, үндестік заңын сақтау;
— сауатты, қатесіз жазу;
— жазба мәтіндерде тыныс белгілерін сақтау;
— әріп таңбаларын дұрыс, түсінікті жазу;
— дұрыс айтып, сөздердің тізбегін табиғи заңдылықтарымен дыбыстау;
— сөйлегенде сөз тұлғаларын, түрленуін сақтау, қосымша, көмекші сөздерді дұрыс, өз орнында қолдану;
— сөздерді өз мағынасына қарай қолдану, мағыналарын анық біліп отыру;
— сөйлемдерді, әсіресе, күрделі ойды білдіретін кұрмалас сөйлемдерді дұрыс құрастыру;
— керекті сөзді сөздік құүрамның ішінен іріктеп, әдеби вариантын қолдану, ретсіз енген, баламасы бар кірме сөздерді, жергілікті тілге тән диалектілерді, жаргон сөздерді тұс-тұстан қолданудан қашық болып, реттеп отыру;
— тілдегі ауызекі, ресми іс-қағаздарды, публицистикалық, көркем поэзиялық, ғылыми стильдердің әрқайсысының ерекшелігін сақтап отыру;
— сөйлеу әдебінің сақталуы;
— тілдегі көркемдік құралдар, тіл байлығын, оның мүмкіндіктерін пайдалану;
— сөйлеуде тілдің өз заңдылықтарына қатысты халықтың ұлттық ерекшеліктерін сақтау;
— сөйлегенде ойдың көлемі, мазмұндық құрылымы, хабардың жеткізу жүйесін реттеу
Өз алдыма тіл мәдениетінің даму сатысы қандай өлшемдер арқылы анықталатындығын айқындау міндетін қойғандықтан, ғылыми-педагогикалық әдебиеттерді талдай отырып, тіл мәдениетінің мынадай көрсеткіштерін белгіледім: тілдің тазалығы, дәлдігі, анықтылығы,
ойлылығы, орындылығы, мәнерлілігі, байлығы, әсерлілігі, жүйелілігі, түсініктілігі, мазмұндылығы, нақтылылығы, дұрыстығы, тілдік нормаға сай болуы, мағыналылығы, әдебі. Егер осы айтылған көрсеткіштер адам бойында дамып, жетілсе, онда осы адамның тіл мәдениеті жоғары деп санауға болады. Сондықтан мұғалімдер оқушыларға тілдік тәрбие бергенде тіл мәдениетінің көрсеткіштері мен талаптарын үнемі басшылыққа алып отырулары керек. Жұмыстың келесі кезеңінде тіл мәдениетін қалыптастыру жұмысының негізгі бағыттарын анықтауға тырыстым. Ғылыми-педагогикалық әдебиеттерді зсрттеу, бір жүйеге келтіріп, талдау төмендегідей қорытындыға әкелді.
Тіл мәдениетін қалыптастыру тілді оқыту негізінде жүреді. Тілді оқыту — тілдің дыбыстық құрамын, лексикасын, грамматикасын оқыту арқылы жүзеге асырылады. Сондықтан, оқытуда сөйлеу тілін дамыту тіл білімінің толық саласынан оқушыға білім беру арқылы жүргізіледі. Тіл материалдарын игеру дегеніміз, оны тану ғана емес, сол материалды дұрыс түсіну әрі дұрыс қолдана білу дағдысын игере білу деген сөз. Олай болса тіл мәдениетін қалыптастыру, тіл дамыту тәсілдері мен әдістері, амалдары мен жолдары осыны ескере отырып белгіленуі керек.
Жалпы тәрбие үрдісінің дұрыс бағытта жүруінің кепілі — педагогтар мен ата-аналар арасындағы өзара тығыз байланыстың болуы. Сондықтан тәрбие үрдісінің басым бөлігін ата-аналармен, балалармен бірлесе ұйымдастыру керек. Бұл тіл мәдениетіне де қатысты. Тіл мәдениеті шыңына жету жолы ұзақ әрі қиын. Ол отбасынан, балалар бақшасынан басталады, мектепте ана тілі жүйелі оқытылып, тіл дамыту, сауатты жазу үйретіледі. Оқушының мектептен алатын тіл сабақтары отбасы мен айналаның «тіл сабақтарымен» ұштасып жатуы керек. Мектеп ұжымы жүйелі жоспар құрып, шәкірттермен ақылдаса, ата-аналармен бірлесе жұмыс істеген жағдайда ғана үлкен нәтижелерге ие бола алады.
Достарыңызбен бөлісу: |