7-Дәріс. Көкбай Жанатайұлы. 1. Көкбай Жанатайұлының өмірі мен шығармашылығы.
2. Көкбай Жанатайұлының мұрасы.
Көкбай Жанатайұлы 1861 жылы, қазіргі Семей облысы, Абай ауданында туған. Тобықты ішінде Көкше руынан. Көкбайдың үшінші атасы — Есбай, Көкше ішіндегі жуан ата саналады. Есбайдың бес баласы: Сарымсақ, Сапақ, Жамантай, Көбентай, Бәйтен. Бүлардың бесеуі де, шетінен ділмар, шешен әрі пысық болып, «Есбайдың бес жүйрігі» атанған. Сапақтың баласы — Қаратай щешен, Құнанбаймен тізелес, Көкшенің ру басы адамы. Жамантайдың баласы — Жанатай. Жанатайдан — Көкбай. Жанатай да сөзге шешен, орта дәулетті, пысық адам болады. Ел басқару ісіне араласпайды. Қаратай сияқты Көкшенің ру басылары Құнанбаймен бірде дос, бірде жау болып жүрсе де, Жанатай Құнанбаймен тату болып, оған арқа сүйеп, өмір бойы одан қол үзбеген.
Көкбай он жасынан бастап, он бес жасына шейін, Төлетай деген молладан оқиды. Он бес жасында оқуды тастап, бозбалалық құрып, ойын-сауық, той-думан қуып кетеді. Ән-күйге, өлең-жырға құштар, талапты жас Көкбай, домбыра тартып, ән салып, өлең айтып, ауыл арасының ойын-сауығынан қалмайтын болады. Жас кезінен ширақ, пысық, өткір тілді, өжет әрі тентектеу де болыпты.
Кісінің мінез-қүлқын, жағымсыз қылығын, ұнамсыз жүріс-тұрысын әзіл-қалжың етіп, қолма-қол суырып салып өлең шығаруға жас күнінен бейім болады.
Көкше ішінде Балтай, Қаракүшік дейтін руының биі, атқамінер ақсақалы — Төребай деген адамды әжуа етіп шығарған Көкбайдың бір ауыз өлеңі елге тарап кетеді:
Көкекте күн ұзайды жазға бастап,
Болады сонда Төкең үйден қашқақ.
Үйінде жалғыз турам дәм болмайды,
Барғанда кісі үйіне сондай асқақ.
Осы өлеңді естіп қойған Төребай қолына түскен жерде, Көкбайды сабамақ болып, тісін қайрап жүреді екен. Бір күні аңдаусызда Көкбай Төребайға кездесіп қалады. Төребай оны ұстап алып:
— Қане, маған шығарған өлеңіңді айтшы десе, Көкбай:
— Төке, мен сіз туралы ешбір жаман сөз айтқаным жоқ, біреу-міреу шағыстырған шығар, — деп жалтарады. «Не деп айтсаң да, айт», — деп қысқан соң, Төребайдан құтылу үшін, сол арада суырыпсалып айтқан өлеңі:
Төрекем Қаракүшік, Балтайдағы,
Адамның туған соң бар қартаймағы.
Қырағы қылт еткенді құтқармайтын,
Ақиық алғыр қыран Алтайдағы, — депті.
Сөйтіп, Көкбай ауылда ән салып, өлең айтып жүреді де, он жеті жасында Семей қаласына оқуға кетеді. Оның орысша оқуға Семейге келуіне үлкен себеп болған Әріп еді.
Көкбай Әріппен бала күнінен жақын таныс болатын. Әріптің руы — Сыбан. Сыбанмен Көкше көршілес ел болады. Әріптің шешесі Жаңғақ — Көкше Қаратайдың туған қызы. Сондықтан Әріп Көкбайға жиен есепті болады. Әріп бала күнінен бастап, нағашы атасы Қаратай ауылына үнемі келіп-кетіп жүрген. Сөйтіп, Көкбай Әріппен жас кезінен таныс. Әріп Көкбайдан 3—4-ақ жас үлкен. Көкбайдың суырып салып айтқан өлеңдері көп болған. Ондай өлеңдерін қағаз бетіне түсірмеген. Тек шәкірттерінің жазып алғандары, ел аузында үмытылмай сақталғандары ғана бізге жеткен.
Көкбай, суырып салма-импровизатор ақындық өнерімен қатар әрі қалам қайраткері. Ол ұзақ өлеңдерін жазып шығаратын болған. Көкбай уақиғалы үлкен шығармалар жазған, кең құлашты — эпик ақын. Оның тарихи тақырыпқа арнап жазған үлкен дастаны — «Сабалақ». «Сабалақ» дастанының жазылу тарихын, Абай туралы естелігінде Көкбай былай баяндайды: «Бір жылы менің өзіме: Абылай хан мен Кенесарының қазаққа істеген еңбектерін ұзақ әңгіме қылып айтып беріп, осыны өлең қыл деді. «Абылай да, Кенесары да қазақтын, мақтан қылатын ерлері. Бұлардың еңбегі де айта қалғандай ұмытпастық еңбек. Сондықтан бастарынан кешкен дәуренді жақсы сезбен жыр қылып ел арасына жаю, жақсы өлеңшінің міндеті. Сен үйіңе барып, орнығып отырып, осыны өлең қылып кел», — деді. Содан кейін үйге келіп отырысымен өлең қылуға кірісіп, күндіз-түні тыным алмай жаздым да, 5—6 күнде бітіріп, Абайға қарай қайта жүрдім. Абай бұл уақытта үлкен ауылынан бауырдағы ауылына тоқалынікіне барып, сонда жатыр екен. Кіші ауыл «Аралтөбе» деген жерде. Үлкен ауылы, Ділдә қыстауы, Ақшоқыда. Біздің ауылдан 70 шақырымдай жерде еді.