Дмитрий Менделеев биография
Дмитрий Иванович Менделеев 1834 жылы 27 қаңтарда Ресейдің Тобольск қаласында көпбалалы отбасында дүниеге келген. Әкесі Иван Павлович Менделеев Тобольск гимназиясының директоры және танымал ұстаз болған. Ал анасы Мария Дмитриевна бар өмірін балаларына арнаған мейірімді жан еді. Олар мектептің бөлмелерінде тұратын. Отбасының он жетінші баласы болған Дмитрий Менделеев осы гимназияда дүниеге келеді. Сол жылдары отбасына қуаныш пен қиыншылықтар да қатар келген еді. Себебі әкесі Иван Павловичтің көз жанары нашарлап, жұмыстан шығуына тура келеді. Әкесі жұмыстан кететіндіктен, тұрып жатқан бөлмелерін де өткізіп береді. Оның үстіне ол уақытта Тобольскіде азғантай зейнетақымен күн көру мүмкін емес еді.
Сондықтан бар ауыртпалық анасының мойнына түседі. Осындай қиын сәттерде олардың отбасына анасының ағасы Василий Дмитриевич Корнольев көмектеседі. Ол Аремзян ауылындағы әйнек жасайтын өзінің зауытын басқаруды қарындасы Марияға тапсырады. Сөйтіп, Менделеевтар отбасы Аремзянға қоныс аударады. Зауытты басқарумен қатар, баубақша егіп, үй құстары мен ұсақ малдар ұстайды. Әрине, мұның бәрін жайғастыру тек ақылды әрі ер мінезді әйелдің ғана қолынан келетін еді. Анасы өз бетімен сауат ашқан, өте пысық жан болатын.
Сауатты жазып қана қоймай, кітапты да көп оқыған. Өзінің жеке бай кітапханасы болды. Отбасының қаржылық жағдайының нашарлығына қарамастан, бірде-бір кітабын сатқан емес, керісінше, «Мен бүкіл қуаныш пен жұбанышты осы оқудан табамын» дейтін. Балаларын да төрт-бес жасынан оқуға үйретті. Кешкісін барлығы музыка тыңдап, фортепианода ойнайтын. Көп ұзамай Менделеев әкесі Иван Павлович Менделеев қайтыс болды. Әкесінен ерте айырылуы ұлы ғұламаның балалық шағына қатты әсер етті.
Табиғатқа құмар бала
Менделеев мектепке дейінгі балалық шағы анасының жанында, Аремзяндағы әйнек зауытында өтті. Ол өзі бұл жайында «Табиғаттан, өндірістік жұмыстардан алғаш алғашқы әсерім анам басқарған әйнек зауытынан, яғни Аремзян ауылынан басталды» дейді. Ол өте тентек еді. Анасы өзге балаларына қатал болғанымен, кенжесінің тентектігіне үнемі кешіріммен қарайтын. Зауыта жүріп кішкентай Менделеев жұмысшылардың әйнектің ертіндісін темір тұрбаларға құйып, бөтелке, стақан, банкі жасап шығаратынын көреді. Әсіресе оны әйнектердің әртүрлілігі және пештегі жоғарғы температурада балқып еруі таңғалдыратын.
Балалық шағында көргендері оған кейін өндірістік процесс жүргізгенде химиялық-физикалық қосылыстардың қиын сұрақтарының шешімін табуына көмегін тигізді. Оған көктем мен жаз мезгілі қатты ұнайтын. Ағаштардың бүршік жарып, гүлдердің шешек атуы, құстардың ұшып келуі, орманды жаңғыртып ән салуы оның назарынан тыс қалмайтын. Жаз бойы бақалар мен көбелектердің, шыбын-шіркейлердің әр қимылын бақылаудан жалықпайтын Менделеев үшін қыс мезгілі көңілсіздеу өтетін. Ондай уақытта анасы Марияның қаладан әкелген кітаптарын оқушы еді.
Дарынды оқушы
Кейін гимназияда оқыту үшін Мария ұлын Тобольскіге жіберуді ұйғарады. Анасы оның жақсы оқып кететініне әрдайым сенетін. Себебі ол бес жасында-ақ оқып, өздігінен жаза алатын деңгейге жетті. Менделеевтің әлемге танымал болуына бірде-бір жол салған атасы В.Д.Корнильев болатын. Ол немересін ғалымдардың еңбектері мен көркем әдеби кітаптарын оқуға, білімге ұмтылуға тәрбиеледі. Дмитрий Менделеев гимназияда алдыңғы қатарлы шәкірттердің қатарында болды. Шет тілдерін де мектеп жасынан үйрене бастады. Ол мектепте физика-математикамен бірге, суретті, сызу өнерін өте жақсы көрді.
Он жылдан кейін Санкт-Петербургтегі педагогикалық институтқа оқуға түскен кезінде жаратылыстану пәні жазық дала мен орманда өскен Менделеев үшін таңсық болмаса да, курстары үшін таңғаларлық жаңа дүние болатын. Өйткені бала кезінде ол да жұмыскерлермен бірге зауыттың жылқылары мен сиырларына шөп шауып, пішен орын, одан егістікке сұлы, арпа-бидай жинайтын. Жалпы айтқанда, егістіктегі жұмыстардың барлығы да Митяның көз алдында өтті. Жастайынан табиғатты сүйіп, еңбекке ерте араласты.
Дмитрий Менделеев орман жайында, ондағы өсімдіктердің түрлерін және Солтүстіктің табиғаты қандай екенін жақсы білетін. Себебі ол кішкене кезінде оқығандары мен көргендерін есінде жақсы сақтаған. Оның табиғатты сүйгендігі соншалықы – ағаштар мен бұталардың, шөп пен балқарағай, қайың және самырсынның қай жерде өсетінін жақсы білетін. Жеміс-жидектер мен саңырау құлақтардың да түр-түрін қай жерден табуға болатынын білуші еді. Сондай-ақ ол көршінің балаларымен бірге орманды аралап, ұядағы жұмыртқаларды бақылап, өліп қалған бақа-құмырсқаларды көміп, қаңқасы қалғанша күтіп жүретін.
Дмитрий Менделеев махаббаты
Менделеев өте сыпайы, қарапайым адам болатын. Ешқандай марапат-мадақты, орденді ұнатпайтын. Оған қарапайым халықтың ортасында жүрген, әңгімелескен ұнайтын. Қарапайым киінетін. Шахматты тамаша ойнайтын.Ол үшін әдебиет барлығынан да биік тұрды. Әсіресе Жюль Верннің шығармаларын жақсы көрді. Миын тынықтыру үшін жол үстінде болса да үндістердің өмірі баяндалған Жюль Верннің шығармаларын қызыға оқитын. Сондай-ақ Шекспир, Гете, Шиллер, Байронның шығармашылығын құрметтеді. Өмірінің соңына қарай Жюль Верннің «Путешествие к Северному полюсу» шығармасын оқып беруіне сұрап өтті.
Өкінішке орай Дмитрий Менделеевтің ғылыми жұмыстары, еңбектері, ізденістері әйелі Феозва Никитичнаны қызықтырмайтын. Соның салдарынан отбасында жиі түсініспеушіліктер орын алатын еді. Дмитрий Менделеев отбасында өзін жалғыз әрі бөтен сезінетін. Бірде ол әйеліне «Мен Құдай емеспін, адаммын және сен де періште емессің» деп жазады. Д.Менделеевтің үйіне Урюпинскіден келген дон казагы, суретші қыз – А.И.Попова жиі қонаққа келетін. Ол сол Анна есімді қызға ессіз ғашық болып қалады.
Дмитрий Менделеев пен әйелінің ортасына түскісі келмеген суретші қыз Санкт-Петербурген Италияға кетіп қалады. Бірақ ол кетсе де, Д.Менделеев оны назарынан тыс қалдырмайды. Тіпті жұмыстан шығып, ғашығының артынан кетуге мәжбүр болады. Жұмыстан біржола кетуге рұқсат бермеген ректор оған уақытша демалыс алуға кеңес береді. Сөйтіп, Дмитрий әйелінің ажырасуына келісім бермегеніне қарамастан, ғашығының артынан Италияға аттанады. Ол жақта ғашығы А.И.Поповаға үйленіп, 1881 жылы екеуі Ресейге қайта оралады. Сол жылдың күзінде Анна Люба есімді қызды дүниеге әкеледі. Д.И.Менделеевтің екі некеден алты баласы болады. Ол балаларын өте жақсы көретін.
Дмитрий Менделеев ғылымның әртүрлі салалары бойынша: химиядан, физикадан, метерологиядан, ауыл шаруашылығынан, педагогикадан 400-ден аса еңбек жазды. Оның «Химия негіздері» деп аталатын тамаша оқулығы нағыз химия энциклопедиясы еді. Менделеев оны жаңа ашылған жаңалықтарымен толықтырып, үнемі жетілдіріп отырды. «Химия негіздерімен» айналыс жүріп, ол химиялық элементтердің атақты периодтық кестесін де жасады. Өзінің осы еңбегіне сүйене отырып, Менделеев әлі де белгісіз бірнеше элементтердің бар екенін болжап, олардың аса маңызды қасиеттерін сипаттап берді. Ақыр аяғында бұл элементтердің бәрі де ашылды.
Сондай-ақ ол мұнай кен орындарын, мұнайдың әр алуан құрамын зерттеп көрді. Тіпті ол мұнайды отын ретінде ғана емес, көптеген аса маңызды заттар алудың көзі ретінде де құнды дүние екендігін алғаш тұжырымдады. Жер атмосферасын зерттеді және қорықпастан жалғыз өзі 1878 жылы Париж қаласында А.Жиффар жасаған көлемі 3600 үлкен әуе шарымен көкке ұшты. Ол Арктиканы игеру ісіне де көңіл бөліп, мұзжарғыш кеменің жобасын жасады.
Менделеев ауыл шаруашылығымен айналысы, сауда ісін зерттеді, түтінсіз дәрі құрамын жасап шығарды. Әуеде ұшу ісіне де көңіл аударды. Ол дүниежүзінің көптеген қоғамдарына құрметті мүше болып сайланады.
Дмитрий Менделеев ғылым жолында заттардың ішкі құрылысын, бөлшектерін, байланысу тәртібін, агрегатттық күйін тәжірибе жүзінде зерттеп, теориялық деректер мен дәйектерді нақты дәлелдермен көрсете білді.
Германиядағы Гейдельберг орталығында шетел ғалымдары Р.Бунзен, Г.Кирхгоф, Г.Гельмгольц, Э.Эрленмейер, Дж.У.Гиббсоммен бірге жұмыс істеп, Р.Бунзеннің зертханасында ғылыми зерттеулер жасады. Сонымен қатар ұлы ғалым жалға үй алып, заттарды тазарту және бөлуге арналған жеке зертханасында өз бетінше зеттеулер жүргізді.
Менделеев – 32 рет Германияда, 33 рет Францияда, 10 рет Швейцарияда, 6 рет Италияда, 3 рет Голландияда, 2 рет Бельгияда, 8 рет Австро-Венгрияда, 11 рет Англияда, Испанияда, Швецияда, АҚШ-та, Польша мемлекеттерінде ғылыми зерттеу жасаған ұлы ғалым.
Ол 1907 жылы 20 қаңтарда Санкт-Петербург қаласына дүние салды. Менделеевтің дүние салуы бүкіл елдің қабырғасын қайыстырған ауыр қаза болды. Мыңдаған адам оны ақырғы сапарға аза тұтып шығарып салды. Азалы шеруге қатысушылар өздерімен бірге химиялық элементтердің периодтық жүйесінің үлкен кестесін алып жүрді.
Достарыңызбен бөлісу: |