Осыдан бірнеше жыл бұрын, "Біз өмірден қалай қайтамыз?" деп әңгіме айтып едік. Ол маған сабырлы бейнемен “Алдымен сен қайтасың-ау"деді. Менің төркінім қытай ғой. Қазақ дүниетанымына, мәдениетіне осынша ұзақ уақыт бойы берілсем де, мұндай “жоспар” мені таңғалдырды. Менің таңданысыма көз жеткізген Асқар маған ақырындап түсіндірді: “Қазақтардың мені о дүниеге жақсылап шығарып салатындарын білем, бірақ саған келгенде қалай болатынын білмеймін, сондықтан да мен өз қолыммен сені шығарып салып, бәрін ұйымдастырып болып, бір жылдан кейін сені іздеп барамын…” деп шын айтып отырды.
Бұл әңгімені ол қалжың ретінде бірнеше достарымыздың алдында да қозғаған еді. Осындай ауыр тақырып, адамның көңілін босатады әрі тұншықтырады. Досымыз Гүлнар да қалжыңдасып отырып: “Әрине болады. Бірақ, бәрі табиғи болу керек. Басқаша болмас” дегені бар. Өмірден де, өлімнен де қорқынышы жоқ қазақ халқы ғана осындай “шектен тыс” қалжыңды айта алатын шығар. Қытай ұлты мұндайды қабылдай алмайды, сондықтан мен Асқарға: “Менің ата-анамның алдында бұндай әңгіме айтпа…” деп ескерттім.
Асқар маған қазақша жерлеудің тәсілі жайында да айтып берген: "Тікке төмен қарай қазып, сол жақта бір ақым, оң жақта бір ақым болады. Сол - біздің соңғы қонысымыз" деді. Оның мағынасын аңғармай, мен: “Сондағысы екі бөлме бір зал ма” деп әзілдедім.
2014 жылдың 11-ші қыркүйек күні, Шанхай қаласында Асқардың сырқатына диагноз қойылды. Бұл күн біздің отбасымыздың "9-шы қыркүйегі" еді (11.09.2001ж. АҚШ-та болған теракт меңзеледі). Сол күннен бастап өлім біздің әр қадамымызға ілесіп отырды, ондай күйзеліс пен үмітсіздікті өз басынан кешірген адам ғана түсінеді ғой. Асқар жайшылықта қорқақ еді, кішкентай құрттардан да қорқатын; ұшақтағы турбуленттік жағдай кезінде менің қолымды қатты ұстап алатын. Мен оған күліп: “Басеке, құласақ бірге құлаймыз, мені ұстағаннан пайда жоқ қой!” дейтінмін. Кей кезде мен өзімнің тигенім шынымен “ Қазақтың батыл жігіті” емес пе деп күмәнданатынмын.
Осы сырқатқа шалдыққанда ғана мен Асқардың мықтылығына көз жеткіздім. Барлық емделу барысына Асқар жетекшілік етті. Жапон дәрігерлері жаңылысып қалған жағдайда да ол сабыр сақтап, екі реттік КТ кескіндерінен айырмашылықтарын тауып, жаңа емдеу жоспарын ұсынған еді. Сол табандылығынан құрыш найза, темір сауытты Қабанбайдың ұрпағын таныдым, қазақ халқының осы кең даланы қалай қорғап қалғанын түсіндім!
Асқар әрдайым басқалардың қамын ойлайтын. Ол біз үшін барлық жұмыстарды ұйымдастырып қойды, онсыз қалай өмір сүретінімді үйретті. Өзінің ең жақын досын Пекинге шақырып, бізге қамқоршы болуды тапсырған кезде, Асқар өте әлсіз болды. Сонда да ол менің қолымды ұстап, тік тұрып, досына тапсырысын айтып отырды. Ол ауызын аша салған сәтте мен жылап жібердім. Ол маған наразылықпен қарап, мен тынышталғаннан кейін ғана сөзін жалғастырды. Оның тұла бойындағы бекзаттығы мен абыройлығы мені дүр сілкіндірді.
Емделу барысының он жеті айы, жеті рет химиялық терапия, есепсіз тексерулер мен емдер кезінде, Асқар ешқашан мінезін көрсеткен емес. Күнде жуынып-шайынып, ретті киініп, әрдайым адамдарға сыпайылық танытты. Бір күні, ол менің көзіме қарап: “Бір рет өзімшіл болуға рұқсат бер, мен алдымен кетейін” деді. Мен жасаурап оған келісімімді бердім. Егерде менің өліміммен Асқардың өмірін айырбастауға болатын болса, жүз рет болса да өз өмірімді қиятын едім!
Мен Асқармен оның артынан еріп, мен де о дүниеге аттанатыным туралы шындап талқылаған болатынмын… Асқар менімен келіспеді, олай болса біздің балаларымыз жетім болып қалады, біз ондай өзімшілдікке жол бермеуіміз керек деді.
Асқар өмірінің соңғы сәтінде де кімге хабар беру керектігін тапсырды; міндетті түрде оны Алматыға алып қайту керектігін қайталап тапсырды да, сол жатқан беті орнынан тұрмады.
Жүрек-өкпе тозуының белгісінің бірі қанның оттегімен қанығу дәрежесінің төмендеуі болып табылады. Туыстар емханаға келген кезде, оның қанының оттегімен қанығу дәрежесі 65 ғана болды. Туыстар мен достар Асқардың айналасына жиналып отырып, балалардың жетіп келгеніне дейін шыдауын тіледі. Кенеттен Асқардың “Біз қазақ халқы әнмен келіп, әнмен кетеміз” деген сөзі менің есіме түседі. Сөйтіп бәріміз қазақша өлеңдерді бірінен соң бірін айта бастадық. Таңғаларлықтай көрініс байқалды: қанының оттегімен қанығу дәрежесі 66, 67, 68…80 деп ақырындап көтеріле бастады. Жанымызда бақылап отырған дәрігер де құрылғыға қарап ғажаптанды. “Көк тудың желбірегені” әуені шырқалған кезде қимылсыз жатқан Асқардың көзінен жас ақты… ол сөйлеуге талпыныс жасады, алайда сөздерін түсіну мүмкін болмады. Мен еңкейіп оның құлағына: “Асқар болды, айтпай-ақ қой, демала ғой. Алаңдама, біз балалармен Қазақстанда қаламыз!” деп дауыстадым. Тағы бір ғажайып, ол тыным тапты…
2016 жылы ақпанның 2-cі, таңғы сағат 5:13-те, жүрек ритмі мониторының кескіні кинодағыдай иректен тік сызыққа айналды… Асқар, менің жарым, қазақша әуенмен, досымыздың тоқтаусыз оқыған құран сөздерінің күмбірімен мәңгілікке бізбен қоштасты.
Жылауға да уақыт болмады, біз аурухана және басқа да қатысы бар мекемелермен, Қазақстанның ҚХР-дағы елшілігімен байланыс жасадық; Air Astana-мен хабарластық. Алматыдағы достарымызбен Кеңсайдан жер алу жайында хабарласқан кезде, мен Алмас ағаға екі адамдық қабірлік жер сатып алуды талап еттім. Ол: "Қазақтар жас адамға, тірі адамға қабір дайындамайды" деп көндірмекші болды, мен “айтқаныма көніңіз” деп қайталай бердім.
Тағы да бір таңғаларлық жағдай, баршамыздың ынтамыздың арқасында, қысқа уақытта, 20 сағаттан кейін-ақ, біз Қазақтанға, Алматыға, әрдайым Асқардың жүрегінде жатқан жерге аттанатын болып ұшаққа отырдық. Тек мына рет, Асқар жанымда болмады, турбулент кезінде қолымнан ұстамады.
Асқар кетті. Өзінің айтқанындай, қазақ халқы оны бағалады. Әуежайдан шыққанда, күтіп алуға келген машиналардың шегі де көрінбейді; жерлеген кезде, тау бөктері қоштасуға келген халыққа толы болды. Осыншама халықтың жүрегін ауыртып, осыншама халықты жылатқан Асқар, сенің бұл өмірің бос өтпеген екен!
Асқар кетті. Мені алдымен шығарып салам деген уәдесін орындай алмай кетті. Өмір мен өлімді бастан кешірген мен үшін болашақта мен өлген соң болатын жағдай маңызды болмай қалды.
Асқар кетті. Бұл тоғыз айда тозақтағыдай күйзелісті бастан кешірдім, мен Асқардың алдымен кетуі ол үшін азаттық болған да шығар деп ойлайтын болдым. Иә мен одан бұрын кетіп, оны осыншама азапқа қалдыруға қимас едім.
Асқар жаным, біздің “екі бөлме бір залымыз” дайын болайын деп қалды, мені күт! Балалар ер жетсін, сосын сенің жаныңа барамын! Мәңгілікке бірге боламыз!