Ә. БӨкейханов және абай жинағының тағдыры



Дата15.09.2017
өлшемі98,65 Kb.
Найзабаев А.А. Тараз мемлекеттік педагогикалық институты

Тараз қ., Қазақстан alimbay_taraz@mail.ru
Ә.БӨКЕЙХАНОВ ЖӘНЕ АБАЙ ЖИНАҒЫНЫҢ ТАҒДЫРЫ
Абай шығармаларымен қоса, ақын өмірбаянын да хатқа түсіру жұмысы 1917 жылғы Қазан төңкерісінен бұрын басталғаны туралы М.Әуезовтің: «...революциядан бұрын Абай жөнінде ешнәрсе жазылмады, айтылмады деуге болмайды... Абайды танудың басы, алғашқы адымдары революциядан бұрын басталған... Абайдың өмірі мен ортасын, еңбектерінің әралуан сипаттарын, өз шамасынша, көпшілікке мәлімдеп отырған үлкенді-кішілі танытқыш сөздерді, деректерді іске асыруымыз керек» [1.24-бет] – деген аталы сөзінде өзіне дейін де «Абайдың өмірі мен ортасын, еңбектерінің әралуан сипатарын» сөз етушілер болғаны туралы меңзей сөйлегені байқалады.

Мұхтар Әуезовтің сол меңзей сөйлеген аталы сөзіндегі шындықтың бетін ғылыми негізде ашып танытқан М.Мырзахметов:

«Міне, М.Әуезовтің осы пікірінде айтылған ұлы ақын мұрасын танытқан үлкенді-кішілі айтылып өткен ой-пікірлері мен дерек-мағлұматтарды әдеби-ғылыми зерттеу еңбектерімізде көре тұра көрмедік, біле тұра айтпадық.. Яғни бұлардың бәрі де жаңа буын жас ұрпақтың назарынан саналы түрде жасырылды...» [2.9-бет] – деп М.Әуезовтің жоғарыдағы пікіріндегі астары мол бүгулі деректердің көмбесін ашу үшін абайтанудағы ақтаңдақтардың баспасөз беттеріндегі ертеде жазылған еңбектерін Тәуелсіздік алған жылдардың басында (1993 жылы) оларды жеке топтастырып, «Абайды оқы, таңырқа» деп аталатын жеке жинақ шығарды.Төл әдебиетіміздің тарихын жаңаша зерделеуге ден қойған Бауыржан Ердембеков: «Абай ортасы, оның айналасы туралы әңгіменің де бастау бұлағын ақын жайында айтылған алғашқы пікірлердің астарынан іздеген жөн. Ондай ойдың тұңғыш із көрсетуі Ә. Бөкейхановтың мақаласында қылаң береді» [3.15-]-деп Абайтану ғылымы мен әдеби орта мәселесін Ә. Бөкейхановтан бастауының ғылыми негізі бар. Сондықтан да біз бұл мақаламызды шежіре-бастауы мерзім жағынан 100 жылға толған ұлы Абай шығармаларының жинағын шығаруда көшбасшы ретінде танылған Әлихан Бөкейхановтан бастаймыз.

Қазан төңкерісіне дейін Абай өмірі мен шығармашылығы жайлы үлкенді-кішілі пікір білдіріп, деректі мағлұмат берушілер, әрине, ақынның өз шәкірттері екендігінде дау жоқ. Десек те, Абайдың әдеби ортасымен тығыз байланыста болып, ақын шығармалары мен қысқаша өмірбаянын орыс аудиториясына баспасөз бетінде таныту талабын алғаш қолға алып, «Абай (Ибрагим) Кунанбаев (некролог)» атты мақаланы Семейден шығып тұратын «Семипалатинский листок» газетінде 1905 жылы орыс тілінде жариялаған Ә.Бөкейханов болды. Осы мақаланың сарынынан автордың Абай жайындағы деректі мағлұтаттарды біршама естіп-білуімен (1899 жылы әнші Әділхан арқылы) және ақынның немере інісі Кәкітайдан алғандығы аңғарылады.

Ә.Бөкейханов ұлы ақынның шығармаларын алғаш 1899 жылы әнші Әділхан деген өнерпаздың орындауында естіп-білгені туралы былай дейді: «В 1899 году в Коканской волости киргизский певец Адылхан предложил нам послушать «Письмо Татьяны» под аккомпонемент его скрипки. На наше удивление, откуда он знает «Письмо Татьяны», Адылхан не без гордости указал на себя, пояснил, что у русских был такой же, как он, «певец-ахын» Пушкин, который воспел, как Татьяна «слу» (красавица), полюбила джигита Онегина, которому и написала письмо. В тот же вечер Адылхан, знающий много оригинальных стихов Абая, спел нам несколько его переводов из Лермонтова, пояснив при этом, что Лермонтов был недоволен жизнью, а Пушкин относился к ней, как мудрец. Впоследствии автору этих строк пришлось убедиться в том, что в Киргизской степи в разных уездах «ахыны» знали и распевали на балалайке (домбре) переводы Абая из Пушкина и Лермонтова... [4.26-бет]. (Абай №2 1992). Осылай Абай туралы әнші Әділханнан естіп-білген Әлихан 1900 жылы Семей қаласында Абайдың немере інісі Кәкітайды алғаш көреді.Әлихан былай деп жазады : «Әуелі Кәкітайды 1900 жылы күздігүні көрдім. Қасқырдың бөлтірігіндей тоғыздағы баласы Біләлді гимназияға берем деп Семейге келген. Онда заман тыныш, тұңғиық. Біз сынаса алмадық» [5.15-б.]. Осы жерде Әлиханның Кәкітаймен кездескенде Абай жайында « Біз сынаса ( пікірлесе-Ә.Н.) алмадық )» деген іштей өкініші байқалады.

«Дала уалаятының» газеті бетінде 1889 жылғы көктемде жарық көрген «Жаздыгүн шілде болғанда» және «Болыс болды кей кісі» деген өлеңдердің авторы Абай екенін тікелей ақын шәкірті, әрі туысы Кәкітайдан білген болуы да мүмкін.

Әлихан Бөкейханов 1903 жылы Петерборда басылып шыққан «Россия. Полное географическое описание нашего отечество» деген кітаптың 18-томындағы қазақ халқының тарихы мен мәдениетіне арналған беттерінде Абайға ерекше тоқтап: «Наконец, как представителя нового течения в Киргизской поэзии, следует назвать Кунанбаева («Кономбая» деп басылған – К.М.) – автора многих стихотворении изящных по форме и поэтических по содержанию (особенно описания природы). Этому же автору пренадлежат хорошие переводы «Евгения Онегина» и многих стихотворении Лермонтова (который окозался наиболее понятным для киргиз), таким образом у Семипалатинских оленши (певцов) можно слышать, например, «Письма Татьяны» распеваемое, конечно, на свой мотив» (204-бет) [5.54-55 б.], – деп алғаш ғылыми пікір білдіріп, Абайды қазақ поэзиясының жаңа өкілі, көшбасшы ретінде көзі тірісінде-ақ танып, жоғары бағалаған.

1904 жылы 23-маусым күні 59 жасында ұлы ақын қайтыс болды. Абайдың қайтыс болғанын естіген Әлихан: «1904 жылы Абай марқұмның өлеңін кітап қылып басыңдар деп, балаларына хат жаздым» [5.8-бет] дейді. Осы хатты алған соң Кәкітай Абайдың 1896 жылдан бастап жиналған қолда бар қолжазбасын алып, Омбыға келген. Бұл туралы Әлихан: «1905 жылы шілденің аяғында Кәкітай Абайдың қолжазбасын алып, Омбыдағы маған келді... Кәкітай біздің үйде бірер жұма жатты. Абай, Пушкин, Лермонтов сөздерін бірге оқып, мәз-мейрам бірге болдық. Анық таныстық» [5.8-бет] – дейді. Ол 1900 жылы Кәкітайды Семейде көргенде Абай жайында пікірлесе алмағандығына өкініш білдірсе, осы кездесуінде Абай өлеңдерінің төлтумасымен анық танысқандағы қуанышты қалпын сездіріп тұрғаны аңғарылады.

Абай өлеңдерінің сырына қаныққан Әлихан Абайдағы «Зар заман» ақындарынан жалғасып келе жатқан азатшылдық сарынның құлақ күйіне терең бойлап, Абайды қазақ ұлттық ояну дәуірінің бас идеологы деп таныған сияқты. Әлихан осы «бірер жұмадай» ішінде Кәкітайдың айтуындағы өмірбаяндық мағлұматтар мен ақын шығармаларындағы танымдық-тағылымдық мәні зор өмірбаяндық-әдеби фактілерге көңіл бөліп, оны орыс тіліне аударып, тез арада сол 1905 жылы Семейден шығатын «Семипалатинский листок» газетінде жариялатуында мән бар. Осы «Некролог (Қазанама-Ә.Н.)» мақаланы жариялауға императорлық Россияның географиялық коғамының Семей бөлімшесі тікелей араласқан. Оған мақаладағы «Некролог был опубликован решением заседания распорядительного комитета Семипалатинского подотдела Географического общества (Протокол заседания от 27 августа 1905 года) деген осы жолдар дәлел бола алады. Қырағы патша цензурасынан Абай өмірбаянының Кәкітай жазған қазақша және Әлиханның орыс тіліндегі аудармасы табиғи қалпында шықпаған. Оны екі өмірбаянды салыстырып қарағанда отаршылдық пиғылдағы қысқартулар мен аудармада бұрмалау әрекеттері орын алғаны анық аңғарылады. Бір ғана мысал, Кәкітайдың 1909 жылы Петербургтегі Ілияс Бораганскийдің баспаханасынан жарық көрген Абай өмірбаянындағы «Абай ғибадат турасында көрнеу сырты тақуа кісі емес еді, жай уақытта намазын көп оқымаушы еді, рамазан айында ораза ұстап, намазды сонда үзбей оқушы еді» [6.18-б.], – деген құнды мағлұматын, 1905 жылы Семейден шыққан «Семипалатинский листок» газетіндегілер «Здесь следует отметит отношение Абая к обрядностям ислама. Он, бичуя в своих стихах ханжество и лицемерие мулл, не соблюдал мусульманских постов и не исполнял пятикратных молитв в сутки. Этим поступком Абай шел против обрядового мнения настоящей Киргизской степи, поголовного соблюдающей посты, особенно 30-дневный рамазан, и исполняющей пятикратную в сутки молитву» [4.25-б.], – деп Әлихан аудармасының өңін аударып басқанын, орыс миссионерлерінің ислам құндылықтарын терістеу мақсатындағы жымысқы әрекетін танытатын әрекеті деп білдік. Осыдан екі жыл өткен соң, 1907 жылы «Записки Семипалатинского Подотдела Западно-Сибирского отдела Императорского русского географического Общество», – деп аталатын кітапқа Абайдың орыс тіліндегі өмірбаяны фотосуретімен бірге екінші рет басылып шыққан.

Заман талабына орай енді Абай шығармаларын кітап арқылы қалың қазаққа жеткізуді шындап қолға алғанын жоғарыдағы мақаланың аяқжағында: «Оригинальные сочинения Абая и его переводы из Пушкина (отрывок из «Евгения Онегина»), Лермонтова и Крылова собранны его сыном Туракулом и в непродолжителном времени будут изданны Семипалатинским Подотделом им.Р.Географ.Общества под редакцей А.Н.Букейханова», – деп өзінің басшылығымен жақынарада Абай шығармаларының жауһарлары мен баласы Тұрағұлдың жинауындағы Пушкиннің («Евгений Онегин» үзінді), Лермонтов пен Крыловтан аудармаларын жарыққа шығаратынын алдын ала оқырман қауымға хабарлайды. Дегенмен Абайдың асылтөлтумасынан көшірілген шығармалары мен аудармалары жарық көрмей қалған. Жинақтың жарық көрмей қалу себебін Қ.Мұхамедханов айғақты мағлұматтар мен архив деректері арқылы дәлелдеп, түсіндіреді: «Оның себебі, – дейді Қайым – Әлиханның тұтқынға алынып, түрмеге жабылуына байланысты болады. Әлихан былай деп жазады: «В январе 1906 г. В связи с событиями дней свободы, в Семипалатинске был назначен областной съезд. Меня арестовали на пути из Павлодара в Семипалатинск, в пос. Ямышевском, 8-го января» (Алихан Букейханов. «К десятилетию первой государственной думы», Петроград, 1916г., стр.45). Әлихан Павлодар түрмесіне жабылғанда, оның портфелінде, оған Кәкітай тапсырған Абай шығармаларының қолжазбасы да болыпты. Оны дәлелдейтін архив документін келтірейік: «1906 г. Января 10 дня г. Павлодар мне, мировому судье, 2-го участка Павладароского уезда, при посещении сего числа тюрьмы, арестованный по шифрованной теллеграмме ротмистра Рутланда из г. Омска Алихана Нурмухамедович Букейханов, содержащийся в Павладарской тюрьме, заявил, что он просит об аресте его, довести до сведения прокурорского надзора... а также просит принять меры к сохранению рукописи на киргизком языке, имеющейся в арестованном у него в портфеле, содержащей стихотворения, так как она оценивается 5000 рублей. Стихотворения эти принадлежат киргизскому поэту Кунанбаеву» (Госархив Омской области фонд 270, опись 1, дело 200, лист 10)» [5.9-б.].

1905 жылы Әлиханға Кәкітай тапсырған Абай өлеңдерінің қолжазбасының кейінгі тағдыры туралы қазірше нақты дерек жоқ. Мүмкін, Ресей мұрағаттарында шаң басып,тығулы жатқан да болар.

Абай шығармалары 1905 жылдан 1907 жыл аралығында Мүрсейіттің хатқа түсіруімен толығу үстінде болатын. Қолға алған істі аяқтау Әлиханның «... саясат ісінде бір одақ болған» [5.15-б.] досы Кәкітайдың мойнына түседі. Енді жинақтың қалай шыққаны туралы Ысқақ Кәкітайұлының естелігі бойынша баяндайық: «1906 жылы жаз шығып, киіз үй тіккенде Кәкітай Абылайша қос тіккізіп, Мүрсейіт молланы шақыртып алып, сен мына біз жинаған Абай өлеңдерін реттеп жаз деп оңаша қосқа отырғызады. Мүрсейіт асықпайтын, сұлу жазатын адам еді. Біріншісін тұтас екі бетке жазғызып, одан кейін бір жағын ақ тастап қайта көшіртіп, бір ай шамасында дайындатып, Кәкітай Семейге өзі алып жүрді. Жол расхотына сатуға екі семіз ат, екі семіз түйесін әкетті. Кәкітай малын ақшалап алып, Омбы кеттім деп хат жазды. Одан кейін Омбыда бастыра алмадым, Қазан қаласына жүріп кеттім деп тағы хат жазды. Бір жұмадан кейін үйге телеграмма келді. Қазан қаласындағы баспаханалар басуға уақыты болмады. Сондықтан Петербург баспаханаларымен шарт жасастым. Тез 200 сом ақша перевод ет деген. Айтқанындай 200 сом жібердік. Кәкітай бір айда қайта оралды. Корректорлық міндетін өз мойнына алатын болыпты. И. Бораганский баспаханасы бір баспа табақ қағазға басып, Семейдегі Әнияр (Молдабаев-Ә.Н.) үйіне жіберіп тұратын болды. Әнияр Кәкітайға жеткізіп тұрды. Кәкітай оның қатесін түзеп, Қайта Петербургке жіберетін болды, одан тағы басылып келіп қайтып отыратын еді. Осындай сергелдеңмен жүріп, Абайдың бірінші өлең жинағы 1909 жылы, яғни үш жылда зорға жарыққа шықты. Әріп терушілердің қазақтың сөзін ұқпауынан қатесі көп болды, толық түзеуге мүмкіндік болмады. Абайдың өмірбаянын қысқыша ғып Кәкітайдың өзі жазды» [7.218-б.], – дейді Ысқақ Кәкітайұлы.

Ендігі бір ерекше көңіл бөлетін мәселе, Абай шығармаларын жинап бастыру жұмысына Шәкәрімнің қатысы туралы қысқаша тоқтала кеткен жөн болар. Шәкәрім баласы Ахатқа айтқан естелігінде ұзтазы Абайға берген серті (білім қуу: Стамбол, Мекке-Мәдина, Египет) туралы әңгімелей отырып: «Абайдың қаралы үш жылын күту қиын болды. Ақыры ойланып, ел бауырға түскен соң, барлық туғандарды жинап, Абайға еткен уағдамды орындауға сапар жүретінімді айттым. Бұған наразы болғандар: «Жақсы көретін ағасының үш жылын күтпеуі қалай?», – деп баруыма ырза болмады. Ұққандары ырзалығын берді. Наразы болғандардың өкпелерінен гөрі Абайға берген сертімді орындауды артық көрдім. Сүйтіп, 1905 жылдан 1906 жылға қарсы күзде жүріп кеттім» [8.469-470 б.], – дейді. Осы деректі Шәкәрім өзі де: «...Мен пақыр 1905 жылдан 1906 жылға қарай қажыға барғанда тәкиені көрдім» [8.171б.], – деп растайды. Бұдан шығатын қорытынды, 1905-1906 жылдары Абай өлеңдерін жинап, дайындау жұмыстарына Шәкәрім белсенді түрде араласа алмаған. Оның себебі жоғарыда баяндалды. 1906 жылы қажылық сапардан оралған қырық сегіз жастағы Шәкәрім: «Елу жасқа тақаған соң, оңашада жатып, басқа келген ойлардың барлығын қағазға түсіріп кеттім» [9.539 б.], – дейді. Демек, Меккеден көп мағлұматты боп оралған «елу жасқа тақаған» Шәкәрім «оңаша жатып» дін жайындағы ойларын қорытқаны жайлы:

Ноқтасыз оймен тексердім,

Бояулы діннен сескендім.

Дін шатағын көп көрдім,

Қатесін сынап тергенде [8.492 б. ], –

дейді. Осы жерде тағы бір ескеретін жай, Шәкәрімнің Меккеден оралған соң оңаша отырып, шығармашылық жазу жұмысымен айналысу үшін Императорлық Географиялық орыс қоғамы Батыс Сібір бөлімінің Семейдегі бөлімшесінен 1907 жылы мүшеліктен шыққан сияқты. Немесе патша өкіметінің қысымынан шыққан да болуы мүмкін. Әбділда Тәжібаев былай дейді: «Қоғамға мүшелікке алынғанда Шәкәрімнің өзі толтырған анкета, өмірбаян қағаздары сақталуы мүмкін» [9.21б.].

Қазақстан мен Ресейдің мұрағаттарынан Шәкәрімнің қоғамға мүшелікке қабылданған жоғарыдағы құнды құжаттарды бүгінгі күні іздеп табу қажет.

Қорыта айтқанда, Абайдың тұңғыш өлеңдер жинағы мен соңында Кәкітай жазған қазақша ақын өмірбаяны тікелей Әлихан Бөкейхановтың ой салып, басшылық жасауымен және Кәкітай, Тұрағұлдың ыждағатты табандылығының арқасында 1909 жылы Петербургтегі Ілияс Бораганскийдің баспаханасынан жарық көрді. Абай жинағының мұқаба (титул) бетінде: Қазақ ақыны Ибраһим Құнанбай ұғлының өлеңі. Бастырған: Кәкітай, Тұрағұл Құнанбай ұғландары. Спб., «Восточная электропечатня И. Бораганского, 1909», – деп жазылған. Ал Шәкәрімнің қолын осы істен Кәкітай мен Тұрағұл босатқан тәрізді. Себебі Абай көксеген арманды тек қана Шәкәрім орындай алатынын олар ұғып, ырзалығын берген десек орынды болар.


Пайдаланған әдебиеттер:
1 Әуезов М. Абай Құнанбаев, Алматы: «Ғылым» баспасы 1967

2 Абайды оқы, таңырқа» Алматы: 1993

3 Ердембеков Б. Абайдың әдеби ортасы. – Алматы: Информ-Арна, 2008-440б.

4 Абай №2, 1992.

5 Абайдың ақын шәкірттері. Қ.Мұхамедханұлы. – Алматы, РГЖИ. «Дәуір», 1994-336 б.

6 Абай №3, 1992.

7 Ұлы Абайға адалдық. Естеліктер, мақалалар, суретті шежірелер. – Семей, 2005 ж. 304 б.

8 Құдайбердіұлы Ш. Шығармалары: Роман, қара сөздер, мақалалар, аудармалар. 2-том. – Алматы: «Жібек жолы» баспа үйі, 2007.-624 бет.



9 Шәкәрім Құдайбердиев Шығармалары: Өлеңдер, дастандар, қара сөздер. – Алматы: Жазушы, 1988. – 560 бет.
Каталог: sites -> default -> files -> publications
publications -> М. П. Ешимов ф.ғ. к., доцент, Р. С. Нұртілеуова аға оқытушы
publications -> Жаппарқұлова Анар Абусайылқызы ОҚмпи қазақ және әлем әдебиеті кафедрасының аға оқытушысы, ф.ғ. к. Шымкент қаласы. Майлықожа ақынның шығармашылық ықпалы
publications -> Білімнің биік ордасы. Высокий центр знании.)
publications -> Қазақ халқының шешендік өнері Абилбакиева Ғ. Т
publications -> 1903 жылы Санкт-Петербургте «Россия. Біздің Отанымыздың толық географиялық сипаттамасы» деп аталатын көп томдықтың XVІІ томы қазақ халқының тарихына арналып, «Киргизский край» (Қазақ өлкесі) деген атаумен шықты
publications -> Олжастанудың деректі көздері
publications -> Өмірде өнегелі із қалдырған, халықаралық қатынастар факультетінің тұңғыш деканы Гүлжауһар Шағатайқызы Жамбатырова
publications -> С. торайғыров мұрасының ТӘуелсіздік тұсында зерттелуі
publications -> Жамбыл жабаевтың арнау өЛЕҢдері сағынған Назерке Берікқызы
publications -> Ш.Құдайбердіұлы және М.Әуезов шығармашылығындағы тұтастық Нұрланова Әсем Нұрланқызы


Достарыңызбен бөлісу:


©engime.org 2017
әкімшілігінің қараңыз

енгізу | тіркеу
    Басты бет


материалдарды жүктеу