ӘБДІЛДА ТӘЖІБАЕВ
Әбділда Тәжібаев - туған әдебиетіміздің ірі тұлғаларының бірі. Ол 1909 жылы Қызылорда қаласында дүниеге келген. Атақты ақын Нартай келіп, Әбділданың анасы Айманкүлмен айтысқа түскен. "Сыр елі-жыр елі" атанған Сырда туып-өскен Әбділдаға іргелі ақындардың жыр додасы да өзіндік әсерін тигізсе керек.
Әбділда Тәжібаев "Күй атасы", "Ақын", "Портреттер" аталатын дастандар жазумен бірге, лирикалық поэмалардың қазақ әдебиетінде озық үлгілерін қалыптастыруға да үлкен үлес қосты. Әдебиетті зерттеумен де айналысты. Балалар тақырыбына да қалам тартты.
Әбділда Тәжібаев (1909 ж. т.) - ақын, драматург, әдебиет зерттеуші ғалым. Филология ғылымының докторы, проф., Қазақстан Республикасының халық жазушысы. Оның «Жаңа ырғақ», «Аралдар», «Кешеден бүгінге», «Жартас», «Жаңа өрімдер», «Құрдастар», «Толағай» және 5 томдық жыр жинақтары жарық көрген. «Майра», «Жартас», «Жалғыз ағаш орман емес», «Көңілдестер», «Той боларда», «Дубай Шубаевич» т. б. пьесалары қойылған. «Өмір және поэзия», «Қазақ драматургиясының дамуы мен қалыптасуы», «Жылдар, ойлар» т. б. зерттеу еңбектерін жазған. Т. абайтану мәселесіне де белсене араласып, ақын өлеңдерінің көркемдік ерекшеліктері мен шеберлігі тақырыбын сөз ететін мақалалар жазды. Оның «Абай және қазақ әдебиеті» («Социалистік Қазақстан», 1945, 19 тамыз), «Абай және қазақ совет поэзиясы» («Екпінді», 1940, 17 қазан) мақалаларында ақынның қазақтың жазба әдебиетін қалыптастырудағы рөлі және Абай бастаған реалистік шеберліктің бүгінгі қазақ әдебиетіндегі дәстүрлі жалғасы сөз болады. Күнделікті баспасөзде жарияланған мақалаларында үнемі Абай мұрасын жинау және оны дұрыс талдап, оқырман қауымға жеткізу мәселелерін қозғап отырды. Бұл үшін, алдымен, ақын мұрасын жүйелі зерттеумен айналысатын ғылыми мекеменің қажеттігін, ал ондай орталық Абай музейі бола алатынын арнайы мәселе етіп көтерді. Ғалым-ақынның абайтану ғылымында, әсіресе, «Қазақ лирикасы тарихынан» деген монографиялық еңбегінің маңызы зор. Бұл еңбектің 2-тарауы түгел дерлік Абай лирикасын зерттеуге арналған. Ғалым Абай лирикасын бірнеше тақырыпқа бөліп талдау үстіңде оның жеке шығармаларына тоқталады, ақын шығармашылығының бүгінгі қазақ әдебиетіндегі дәстүрлі жалғасын сөз етеді, Абай поэзиясының әлеуметтік қуатын, қоғамдық жүгін, жаңа поэзиясының бастауы ретінде тудырған жаңалықтарын ортаға салады, оған ілесе шыққан С. Торайғыров бастаған ізбасарларының: С. Сейфуллин, Б. Майлин, I. Жансүгіров, С. Мұқанов т. б. ақындар шығармаларындағы сабақтастықты, үндестікті дәлелдейді. Т-тың өзі Абай шығармаларымен ерте танысып, көп үйренген ақын. Сондықтан да ол Абай өлеңдері тақырыбына қайта-қайта оралып, ақынның әр сезіне үңіле қарау қажеттігін талмай көтеріп келеді. Абай аруағына арнап «Абай мен Мұхтарға қойдық белгі», «Сағындырған Сарыарқа», «Жолдас Абай» өлеңдерін жазды. Оған жыр жинағы үшін Қазақстан Республикасының Абай атынд. Мемлекеттік Сыйлығы берілген.
Әбділда Тәжібаев – осы заманғы қазақ поэзиясының аса көрнекті шебері, ірі драматург және белгілі әдебиет зерттеушісі. Әдебиеттегі алғашқы қадамын өткен ғасырдың 20-жылдарының соңына ала өлең жазудан бастаған ол қазақ сөз өнерінің озық дәстүрлерімен дүниежүзілік әдебиеттің үздік жетістіктерінен үйрене отырып, 30-жылдардың орта шенінде-ақ айтулы ақын, республикада әдебиет ісін ұйымдастырушы қайраткерге айналды. Ә.Тәжібаев – поэзияда лирика мен поэма жанрын қатар алып жүрген ақын. Оның қаламынан туған 30-дан астам поэма мен өте көп сандағы өлеңдері сыршылдық, ойшылдығымен, шыншылдық, оттылығымен ерекшеленеді. Ә.Тәжібаев поэзиясын басқа бірде-бір ақынның туындыларымен шатастыру мүмкін емес . Оның поэзиясы – тың ізденістің, жоғары мәдениеттің, кәнігі шебердің поэзиясы. Ә.Тәжібаев атақты драматург те. Драмалық шығармалар жазуды 30-жылдардың соңына ала бастап, әдебиеттің бұл күрделі жанрында айтулы туындылар берді. Әдебиеттану саласында да жемісті еңбек етіп, Ә.Тәжібаев талантты ғалым екенін танытты. Оның, әсіресе, поэзия мен драматургия саласындағы зерттеулері терең ғылымилығымен, талдауларының нәзіктігімен тәнті етеді. Ә.Тәжібаев ұзақ шығармашылық ғұмырында тынымсыз ізденіп, үздіксіз еңбектеніп, тұтас бір дәуір шындығын жан-жақты, жоғары көркемдікпен бейнелеген өте мол мұра қалдырды.
Ә.Тәжібаев халықтық аңыздар мен сюжеттер негізінде жазылған «Мерген», «Кілемшілер туралы ертегі», «Аққу» «Күй атасы», тағы басқа біршама поэмаларды дүниеге әкелген. 1945-1948 жылдары Қазақ ҚСР Ғылым академиясының Тіл және әдебиет институтының Жамбылтану бөлімінің меңгерушісі қызметін атқарды. 1948-1958 жылдары шығармашылықпен айналысып, 1958-1960 жылдар аралығында «Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы, 1960-1962 жылдары Қазақстан Жазушылар Одағы басқармасының екінші хатшысы, 1962-1984 жылдары М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты театртану бөлімінің аға ғылыми қызметкері, бөлім меңгерушісі қызметтерін атқарған. 1963 жылы Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің депутаты және Қазақ ҚСР Жоғарғы Кеңесі Төралқасының мүшесі болып сайланған.
1964 жылы ақынның «Жүректілер» атты пьесалар жинағы жарыққа шыққан. Бұл еңбекте «Майра», «Жалғыз ағаш орман емес», «Көңілдестер», «Қыз бен солдат», «Монологтар» сияқты драмалық туындылары, «Той боларда», «Дубай Шубаевич» тәрізді комедиялары жинақталған.
Оның «Өмір мен поэзия» «қазақ драматургиясының дамуы мен қалыптасуы» атты монографиялық зерттеулері, көптеген сын мақалалары жарияланған. Ол «Қазақ әдебиетінің тарихы» атты зерттеу еңбекті құрастыруға қатысып, соңғы басылымының редакциясын басқарған.
Қызылорда қаласындағы жетім балалар интернатында тәрбиеленген. Одан кейін Шымкенттегі жеті жылдық мектепте оқыған.
С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетін (әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті), Мәскеудегі М.Горький атындағы Әдебиет институты жанындағы жоғары әдеби курсты бітірген.
Еңбек жолын 1926-1928 жылдар аралығында «Еңбекші қазақ» (қазіргі «Егемен Қазақстан») газетінде пошта тасушы, содан кейін корректор болып бастаған. 1927 жылы «Жұмысшының гудогі» атты тұңғыш өлеңі «Жұмысшы» газетінде басылады. Әрі қарай өлеңдері «Жұмысшы» және «Еңбекші қазақ» газеттерінде шығып тұрған. 1932-1934 жылдары Қарсақбайдағы «Қызыл кенші», «Лениншіл жас» (қазіргі «Жас алаш») газеттерінде редактордың орынбасары қызметтерін атқарған. Жиырма бес жастағы Ә.Тәжібаев 1934 жылы Қазақстан Жазушылар Одағының хатшылығына, ал 1939 жылы оның төрағалығына сайланған.
30-жылдары ақынның «Жаңа ырғақ», «Лирикалар» деп аталған тұңғыш жинақтары жарық көреді. Белгілі «Оркестр», «Абыл», «Толағай» сынды романтикалық поэмалары мен М.Әуезовпен бірігіп жазған «Ақ қайың» деп аталатын тұңғыш пьесасы да сол жылдардың жемісі. Қазақ әдебиетінің сол кездегі маңдай алды таланттарының біріне айналған Әбділданы дарын сырын танығыш көреген М.Әуезов: «Қазақ поэзиясына әсерлі, сапалы көркем бір ағым кіргізіп келе жатқан ақын» деп бағалаған.
Ә.Тәжібаев жазушылығына қоса біраз жылдар М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтында ғылыми-зерттеу жұмыстарымен шұғылданып, өмірінің соңғы жылдарын бірыңғай шығармашылыққа арнаған. Ә.Тәжібаевтің сценарийі бойынша (Н.Погодинмен бірге) «Жамбыл» кинофильмі түсірілген. А.Пушкин, Т.Шевченко, А.Островский, Г.Гейне, тағы басқа қаламгерлердің бірқатар шығармаларын қазақ тіліне тәржімалаған. Ә.Тәжібаевтің көптеген шығармалары шетел тілдеріне аударылған.«Октябрь Революциясы», 2 мәрте Еңбек Қызыл Ту, Ленин, «Құрмет Белгісі» ордендерімен, бірнеше медальдармен марапатталған. Қызылорда қаласында көрнекті жазушылар Ә.Тәжібаев, З.Шүкіров, Қ.Мұхамеджановтарға ескерткіш орнатылған. Қызылорда облыстық әмбебап ғылыми кітапханасы халық жазушысы, көрнекті ақын Әбділдә Тәжібаев есімімен аталады.
ӘБДІЛДА ТӘЖІБАЕВ
(1909-1998)
Болашақ ақын он үш жасына дейін шешесі Айманкүл мен нағашы атасы Далдабайдың тәрбиесінде өседі. Жас Әбділданың өлеңге, әдебиетке деген құштарлығын оятқан да өз анасы мен нағашы атасы болады. Айманкүл араб, парсы тілдерін жақсы білетін сауатты, көзі ашық, көңілі сара кісі екен, Әбділдаға өзі хат танытып, әдебиет үлгілерін оқытып үйретеді. Кейін белгілі халық ақыны болып, өлеңдер жинағы да жарық көрген Әбділдаға шешесі Айманкүл, ол кезде әкесі Далдабай қарттың өтінішімен ауыл адамдарына Шығыстың қиссалары мен қазақтың неше алуан жыр-дастандарын оқып беріп отырған. Соларды қыбыр етпей, құмарта, үнсіз тыңдаушыларының бірі – Әбділда болған. Кейінірек үйлеріне келген қонақтары мен ауыл адамдарына, кішігірім жиын-топта әлгі қисса, дастандарды атасының айтуымен Әбділда оқып беретін болған. Оның үстіне бұл ауылға, әсіресе осы нағашы атасының үйіне Сыр елінің атақты ақын-жыршылары жиі келіп тұрған. Бір жолы Әбділда ауылдарына келген атақты ақын әрі әнші Нартай Бегежановпен Айманкүлдің ұзақ айтысын тыңдап, шешесінің айтқыштық, ақындығына қуанып, тапқыр сөздерін есінде ұстап қалған. Анасы жастай дүниеден қайтқан күйеуін байырғы қазақ салтымен жыл бойы жоқтағаны, шешесінің өзі шығарған ұзақ жоқтау поэмасын дауыстап жатқа айтқанын төсекте жатып тыңдап, мұңды-шерлі әуеніне іштей үн қосатын болған.
Жаңа бір түсіп, шам сөнді,
Ашыла түсіп, гүл солды, –
деген, ол кезде мағынасын өзі жете түсінбеген жолдарын да есінде сақтап қалған. Ал ақылды, мейірбан нағашы атасы 1919 жылдың қысында сүзектен қайтыс болғанша Әбділданы қасынан тастамай, қайда барса да бірге алып жүрген. Әбділда атасына көмектесіп, ау жайысып, тарысын суғарысқан. Той-томалаққа да бірге барып, атасының жанында төрде отырып, үлкендерден қазақтың ескілікті қызық әңгімелеріне қаныққан. Неше түрлі аңыз, ертегілерді көп білетін атасы да тыңдауға құмар жиеніне айтып беруден жалықпайды екен. Ақын кейін өзінің "Еске алу" деген шағын поэмасында отбасының жетім-жесірлік қайғылы тағдырын, беті-жүзін түстеп тани алмай да қалған әкесі туралы жүректе шер боп қалған аңсары жайында:
Есімде жоқ шын суреті,
Әкем менің қандай кісі.
Тек елестей бұлдырайды
Әлдекімнің көлеңкесі, – дейді.
Ол таңғажайып шығыс поэзиясынан да, туған халқының бай да көркем ауыз әдебиеті мұраларынан да таусылмас әсер, ләззат алып өседі. Жалпы, тумысынан дарынды, зерек те сергек Әбділданың ауылда алған әсері бай да құнарлы болған. Оны ақын шығармашылығынан байқау қиын емес. Жоғарыда аталған поэмасының кейіпкері қаладағы оқу орнына аттанғаны туралы:
Қар да құйды жапалақтап,
Тоқтамастан бастым алға.
Тұңғыш ізім бақыт қуған
Тұңғыш жауған түсті қарға, –
дейді. Бұл Әбділданың өзі туралы айтылған сөз еді.
Ақын Әбділда Тәжібаев - жасынан бір Аллаға сыйынған асқақ дарын. Ол кісі өлең жазса да, мақала жазса да араб харпімен «биссмилла рахман рахим» деп бастайтын еді. Күніне бес бет дүние жазып, елу бет материал оқитын.
Тамаша ақын, драматург, ғалым Ә.Тәжібаевтың шығармашылығы жан-жақты. Ол қай жанрда болмасын жемісті еңбек жасады. Алайда, оның ең мықты, ең күрделі саласы - поэзия. Бұл жөнінде Мұхтар Әуезов: «Әбділда шығармашылығының негізгі үлгісі, жанры - поэзия. Бұл жанрдың ішінде айқын ерекшелігі - оның сыршыл лирик ақын болуында», деген.
Ә.Тәжібаевтың екінші бір үлкен ұясы - Абай мектебі. Абай қаламынан төгіліп туған жыр маржандары жас ақынға қанат бітірді, қиялын ұштады. Себебі, Абай поэзиясының ақ семсері найзағайдың отына суарылғандай аса қуаттылығымен өзіне үйіріп, баурап алды.
Әбекең А.Пушкиннің бұрын қазақ тілінде жарық көрмеген «Руслан және Людмила» атты поэмасын, «Сараң сері», «Тас мейман» сияқты драмалық туындысын, «Капитан қызы» атты повесін аударды. Ә.Тәжібаев өз елін қалай сүйсе, оның өнерін де, поэзиясын да, лирикасын да, эпосын да барынша шынайы үйіріле ұнатқаны белгілі. Осы айтылған Г.Гейне, А.Пушкин, Т.Шевченко - үш ұлы ақыннан үйрене отырып, олардың ішкі жан-дүниесін терең зерттеп, өзі де тебірене жыр жазды:
Сүйсе Гейне, анам десе,
Сүйсе сұлу - Рейнесін,
Сырдың суы туған ол да,
Өз ақынын - Гейнесін.
Жазса Тарас Днепрді,
Жазса Пушкин Еділді,
Неге маған жырламаска,
Сырда туған елімді.
Ол жоғарыда айтылған бастаулардан нәр-нақыш ала отырып, дәстүрлі поэзияны ілгері дамытты. Алайда, дәстүрді жалғастыру - көшіріп алу емес, қайта ондағы жоқтың орнын толтырып, көркейту, гүлдендіру. Біз Әбекеңнің ертеректе жазылған бір өлеңіне қарасақ, ауыз әдебиетінің нәзік эстетикасын көріп-танимыз. Енді бірінде кемеңгер Абайдың озық үлгісін байқаймыз. Ал тағы бір туындысында орыс поэзиясының ықпалы бар. Ақын үзбей үйрене жүріп, іздене жүріп, өз жолын тапты, өз стилін танытты. Бірте-бірте оның туындысы шуақ шашты.
Достарыңызбен бөлісу: |